Қазақ тарихында тағдыры ерекше, өмір жолы тосын, ал еңбегі әлі күнге дейін толық бағаланбай келе жатқан тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Мақы (Әбділмақыжан) Шыңғысұлы Уәлиханов. Ол Шыңғыс төренің үшінші ұлы, әйгілі Шоқан Уәлихановтың туған інісі, әрі қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби суретші, көпқырлы қолөнер шебері, сирек дарын иесі.
Мақы Уәлиханов 1845 жылы Көкшетау округінде, Сырымбет тауының етегіндегі Айғаным қонысында дүниеге келген. Балалық шағы ауыр сынақпен басталған. Жеті жасында сүзек ауруына шалдығып, есту және сөйлеу қабілетінен толық айырылған. XIX ғасырдағы қазақ қоғамында мұндай тағдыр, әдетте, адамды әлеуметтік өмірден біржола шеттететін. Алайда, Мақының ғұмыр жолы басқаша өрбіді.
Баласының тағдырына алаңдаған Шыңғыс төре сол кезең үшін сирек кездесетін шешім қабылдайды. Петербургте мылқау балаларға арналған арнайы оқу орны бар екенін естіп, ұлын сол жаққа оқуға беруге ұйғарады. 1855 жылы, Қырым соғысының қызу кезінде, Сібір қазақтарының бірқатар аға сұлтандары патшаға жолығу үшін Санкт-Петербургке сапар шеккенде, Шыңғыс төре он бір жасар Мақыны бірге алып барып, мылқау балалар оқитын училищеге орналастырады.
Мақы бұл оқу орнында ұзақ жылдар бойы үздіксіз білім алады. Училище балаларды тек жазу-сызуға емес, нақты өнер мен кәсіпке баулитын мекеме болатын. Осы жылдары ол сурет салуды, сызуды, каллиграфиялық жазуды, түрлі материалдармен жұмыс істеуді терең меңгереді. Оқу орнын тәмамдаған кезде Мақы жай ғана қолөнер шебері емес, кәсіби суретші дәрежесіне жеткен еді. Бұл кезеңде ағасы Шоқан Уәлихановтың ықпалы да айрықша болды. Петербургте жүрген жылдары Шоқан інісінің қабілетін дамытуға жағдай жасап, оны өнер ортасымен таныстырған.
Елге оралғаннан кейін Мақы Уәлиханов негізінен Көкше өңірінде өмір сүрді. Петербургтің ауа райы мен тіршілік салты денсаулығына қолайсыз болғандықтан, ол қалған ғұмырын туған жерінде өткізуді жөн көрді. Соған қарамастан, алған білімін ұмытпай, күнделікті өмірде тұрақты қолданып отырды. Ол қазақтың тұрмыстық мәдениетіне тән бұйымдарды көркемдік деңгейде жасап, күнделікті пайдаланылатын заттарға жаңа сапа енгізді. Ағаштан жасалған бұйымдары, түрлі нақышты заттары қарапайым қолөнер емес, көркемдік оймен орындалған жұмыстар еді. Сонымен қатар ол орысша да, мұсылманша да каллиграфиялық жазумен қолжазбаларды көшіріп, безендіріп отырған.
Мақы Уәлиханов қолөнермен қатар сурет салумен де жүйелі түрде айналысты. Ол әкесінің, балаларының, туыстарының портреттерін салған, сондай-ақ тұрғын үйлердің жобасын сызып, олардың салынуына тікелей атсалысқан. Оның сызбасымен тұрғызылған үйлер Көкшетау, Қызылжар, Саумалкөл өңірлерінде күні бүгінге дейін кездеседі. Бұл деректер Мақының тек суретші емес, кең мағынадағы көркем ой иесі болғанын көрсетеді.
Оның еңбегі замандастары тарапынан да бағаланған. Қолөнер бұйымдары Омбы мен Санкт-Петербургте өткен көрмелерге қойылып, жоғары баға алған. 1876 жылы Санкт-Петербургте өткен шығыс зерттеушілерінің конгресі аясындағы көрмеде Мақы Уәлихановтың еңбектеріне алтын медаль берілуі соның айғағы. Бұл оның өнері жергілікті деңгеймен шектелмей, бүкілресейлік кеңістікте мойындалғанын көрсетеді.
Өмірінің белгілі бір кезеңінде Мақы Уәлиханов мемлекеттік қызмет те атқарған. Архив деректерінде оның Степной генерал-губернатор кеңсесінде, әскери губернатор канцеляриясында, уездік басқармаларда писмоводитель және тілмаш қызметтерін атқарғаны көрсетіледі. 1884 жылы өз өтінішімен қызметтен шығып, қалған өмірін шығармашылыққа арнаған.
Мақы Шыңғысұлы Уәлиханов 1916 жылдың 22 ақпанында, 71 жасында дүниеден өтті. Осы жылы «Қазақ» газетінде тұлғаға қазынама жазылды. Әбухурайра Юсіпұлы тұлға болмысына тереңдеді. Ол қазынамада «Мархұм өзге сақаулар секілді бажылдап тұрмайтын еді, саусақ арқылы харіппен сөйлесетін еді. Саусақ хәріптерін білмегендермен орысша не мұсылманша жазып, сөйлес қылатын еді. Мархұмның мінез-құлқы, тақуалық тазалығы басқа кісіде сирек табылатын еді. Ағасы Шоқан қандай еске түссе, бұл кісі де сондай еске түсетін адам. Жұрт тілі барын оқыта алмаған кезінде ана Шоқанмен бірге жарыстырып, Мақыны оқытқан атасы Шыңғыс төреге көрген, білген, естіген адамдар алғыс айтуға міндетті. Тек тәңір әрқайсысының топырағын жеңіл қылып, орнын жәннатта қылсын! Мархұмның артында ержеткен үш баласы бар. Үлкені Ідіріс мырза Тройск медресе «Расулияны» бітіріп шығып, бүгінде өз ауылында мұғалімдік етеді», - деп жазды.
Мақы Уәлихановтың өмірі қазақ қоғамында білім мен өнердің мүмкіндігі шектеулі адам үшін де жол аша алатынын көрсететін нақты тарихи мысал. Ол қазақтың кәсіби бейнелеу өнері мен қолданбалы өнерінің қалыптасуында ерекше орын алады. Бүгінде оның мұрасы ұлт мәдениетінің маңызды, бірақ әлі толық зерттелмеген қабаты ретінде қарастырылуы тиіс.
Мақы Шыңғысұлы Уәлихановтың рухани мұрасы тек өз еңбектерімен шектеліп қалған жоқ. Оның өнерге, тәртіпке, ішкі мәдениетке негізделген өмір салты әулет ішінде жалғасып, кейінгі буынға әсер етті. Сол сабақтастықтың айқын көріністерінің бірі – немересі Шота Мақыұлы Уәлихановтың телегей теңіздей таланты. Шота Уәлиханов Мақының туған немересі, Мақының ұлы Ыдырыстың бір бұтағы. Шота қазақтың көрнекті сәулетшісі, Қазақстандағы кәсіби архитектура мен мемлекеттік рәміздер қалыптасуына тікелей үлес қосқан ірі тұлға.
Шота Уәлиханов кеңестік кезеңде сәулетші ретінде қалыптасып, ұзақ жылдар бойы Қазақстандағы ірі архитектуралық жобаларға жетекшілік етті. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, КСРО Архитекторлар одағының мүшесі болды. Шота Уәлихановтың шығармашылығы функционалдық талап пен көркемдік шешімді ұштастыруымен ерекшеленеді, оның жобаларында кеңістікті ұйымдастыру, символдық мағына және қоғамдық ортаға жауапкершілік негізгі орын алады.
Шота Уәлихановтың ең белгілі еңбектерінің бірі – Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументі. Бұл ескерткіштің жобасын жасаған авторлар тобына жетекшілік еткен дәл осы Шота Уәлиханов болатын. Монумент 1996 жылы Республика алаңында орнатылды және Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуын бейнелейтін басты символдық нысандардың біріне айналды. Композициялық шешімінде тарихи сабақтастық, мемлекеттілік идеясы және ұлттық рәміздік жүйе тұтас құрылым ретінде берілген.
Сонымен қатар Шота Уәлиханов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторларының бірі болды. Елтаңба жобасы 1992 жылы қабылданып, оның негізгі идеялық-көркемдік тұжырымдамасын жасаған авторлар құрамында Шота Уәлихановтың орны айрықша. Елтаңбадағы шаңырақ бейнесі, кеңістікке ашықтық, бірлік пен тұтастық идеясы сәулетшіге тән кеңістіктік ойлаумен тікелей байланысты.
Шота Уәлиханов тек жекелеген нысандардың авторы ғана емес, Қазақстандағы сәулет мәдениетінің дамуына ықпал еткен ұйымдастырушы тұлға болды. Ол ірі жобаларда жетекші ретінде жұмыс істеп, сәулетшілердің бірнеше буынына кәсіби ықпал етті. Оның қызметінде декларативті ұраннан гөрі нақты форма, құрылым және мағына басым болды.
Шота Уәлихановтың шығармашылығы әулеттік сабақтастық тұрғысынан да назар аударарлық. Атасы Мақы Уәлиханов тұрмыстық кеңістік пен қолданбалы өнер арқылы көркемдік ойды дамытса, Шота Уәлиханов сол дәстүрді ХХ ғасырдың сәулет тіліне көшіріп, мемлекеттік деңгейдегі нышандарға айналдырды. Бұл – Уәлихановтар әулетінде өнер мен ғылымның бірнеше буын бойы үзілмей жалғасқан дәстүр сабақтастығы екендігін көрсетеді.