«Құрылтай» сөзінің тарихына шолу

Бөлісу

28.01.2026 5958

ҚҰРЫЛТАЙ сөзінің ежелден бергі төлтума қолданысы қандай? Оған қандай дәйектер мен мысалдар бар? Мақала осы сұрақтарға жауап іздейді…


Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда елді елең еткізген ақпарат – Қазақстан Республикасы Заң шығарушы билігі құрамында жүрілетін өзгеріс болды. Яғни ҚР Парламентін құрамдаушы Сенат пен Мәжілістің қызметін алдағы кезеңде бір палаталы Парламент атқармақ. «Қазір мен Ұлттық құрылтайдың төрінен сіздерге Жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырғым келеді. Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын.» ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайға қатысушылар алдында осылай деп мәлімдеген болатын. 

Қазіргі күні қалың көпшілік арасында, әлеуметтік желілерде құрылтай ұғымын кеңінен талқылап, пікірлер айтылып жатқанын ескере отырып, осы атауға қатысты ұғымдарға қысқаша шолу жасауды мақсат етіп отырмыз. Мемлекет басшысының тұңғыш Ұлттық құрылтайды еске алып отыруы бекер емес. 2022 жылғы 16 маусымда өткен тұңғыш Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы арғы-бергі тарихымыз жүзіндегі құрылтай шақырудың маңызы туралы былай деген болатын: «Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген.

Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. 

Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз Атамекенге шақырылды. Ұлы көш Тәуелсіз Қазақстанға бет алды. 

Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық.»

Осылайша мемлекеттілігіміз тарихында бұрыннан бар Құрылтай атауы белсенді қолданысқа еніп отыр. 

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінде Құрылтайдың ұлт тарихындағы мән-маңызы туралы толық мағлұмат берілгендіктен, ол жөнінде тоқталып жату артық болар. Құрылтай туралы дереккөздер не дейді? Осы туралы қарастыралық. Құрылтай – Ұлы Дала төсінде кезегімен тарих сахнасына шығып, ат тұяғы жеткен жерге дейін дәргейін жүргізген көшпелі мемлекеттердің барлығына дерлік тән ұғым десек қателеспейміз. Яғни құрылтай – түп тарихымызда ежелден бар сөз. Бұған қандай дәлел бар?

Құрылтай сөзінің тіліміздегі қолданысы жөніндегі дереккөз ерте дәуірлерге кететіндігіне түркі халықтарының барлығына ортақ көне жазба ескерткіш «Оғыз-наме» куә бола алады. ХІІІ-ХҮ ғасырлардың туындысы болып саналатын бұл әдеби мұра қазіргі күні Париждің ұлттық кітапханасында сақтаулы тұр. «Оғыз-намеде»: «...Андан соң Оғуз қаған улуғ курілтай чакірді, нүкәрләрін эл күнләрін чарлаб чакірді. Кәліб кәңәшіб олтурді (л) ар..» (Одан соң Оғыз қаған үлкен құрылтай шақырды, нөкерлерін, халықты шарлап шақырды. Келіп кеңесіп отырды.) делінген.

«Көне түркі тілі сөздігінде» де құрылтайға «халық жиналысы» деген анықтамасымен, «Оғызнамеден» мысал келтірілген. 

Құрылтай атауына қатысты сөз болғанда, Шыңғыс қаған құрған Ұлы Монғол мемлекетінің тарихына соқпай өту мүмкін емес. Еуразияның ұланғайыр аумағында Шыңғыс қаған мен оның мирасқорлары құрған көшпелі мемлекеттің ішкі-сыртқы маңызды мәселелері Құрылтай арқылы шешіліп отырған. 

Тарихи дереккөздерге қарағанда Шыңғыс қаған құрған мемлекетте бұл маңызды жиынның Ұлы Құрылтай және Кіші Құрылтай деген екі дәрежесі болған. 

Ұлы құрылтайға қағанның алтын ұрпақ әулетін құрайтын ақсүйектер мен олардың ханымдары, ірі нояндар мен лауазым иелері, Кіші Құрылтайға ел билеушілерімен қатар мемлекет ауқымындағы ықпалды адамдар, танымал тұлғалар  қатысатын тәртіп болған.

1206 жылы Онон өзенінің бастауында өткен алғашқы Ұлы Құрылтайда Шыңғыс қаған басқарған Ұлы Монғол мемлекеті құрылғандығын жариялаған болатын. Бұл турасында: «1206 жылғы Ұлы құрылтайдан соң далалық мемлекет – Еке Ұлыс шаңырағын көтеріп, іргесін бекітті. Бірден-ақ қанатын кеңге жайып, Орталық-шығыс Азиядағы аса қуатты, жаңа бір империя ретінде бой көрсетті», - деп жазады, классик жазушы Мұхтар Мағауин өзінің «Шыңғыс хан» тетралогиясының бірінші кітабында.

Еке Ұлыстың Ұлы Құрылтайлары бұдан соң 1229, 1235, 1246 жылдары шақырылған екен. «Монғолдың құпия шежіресі» кітабының 269 тармағында мынадай мәлімет бар: «Тышқан жылы (1228) Шағатай, Бату бастаған батыс қанатты иеленген ұлдар, Отчигин ноян, Жэү, Эсүнхэй бастаған сол қанатты иеленген ұлдар, Толуй бастаған орталықты иеленген ұлдар, қыздар, түмен нояндары, мыңдық нояндары барлығы Керліннің Көде аралында жиналып, Шыңғыс ханның өсиеттеген жарлығы бойынша Өгедейді хан көтеріп сайлады».

Ұлы империяның соңғы Ұлы Құрылтайы 1269 жылы Талас өзенінің бойында өтіп, оған Жошы, Өгедей, Шағатай ұлыстарының әміршілері қатысқан болатын. 

«Ата дәстүрі бойынша құрылтайға Шыңғыс ұрпағымен қатар, әр руда жұрт тұтқасын ұстаған ақсақалдар, ұлыстағы түменбегі, мыңбегі батырлар, тіпті, жорық, қауға күндерінде айрықша көзге түскен жалаң қылыш ерлер де келген еді», - деп айқындай жазады, Мұхтар Мағауин «Аласапыран» романында.

Құрылтай атауы – Ұлы Дала төсінде бой көтерген мемлекеттер өмірінде әрқашан қолданыста болғанын көреміз. Бұл әсіресе алтай тілдері тобының түркі-монғол бұтағын құраушы халықтарда, нақтылай айтқанда, бүгінгі қазақтар мен тывалар, монғолдар мен қалмақтар, буряттар мемлекеттік маңызды жиын ұғымында «құрылтай», «құрыл» сөздерін қолданып келді және қазір де қолданып отыр. Атап айтқанда Хальмг Таңһчин Улсин Хурал (Қалмақ Республикасының Парламенті, Монгол Улсын Их Хурал (Монғолия Республикасыының Парламенті), Буряад Уласай Арадай Хурал (Буряд Республикасының Парламенті), Тыва Республиканың Дээди Хуралы (Тыва Республикасының Парламенті).

Жоғарыдағы парламент ұғымында қолданып тұрған «құралдың» құрылтаймен де, тіліміздегі құр, құру, құра, құрау, құрам, т.б. сөздермен төркіндес, мәндес болуы бек мүмкін. Бұл жөнінде тағы да Мұхтар Мағауинге сүйенуге тура келеді: «Ханның, әміршінің қонып отырған орны, тоқтаған тұрағы – «орда» деп аталады (Пэн Да-я, Жувәйни, т.т.), «урга», «хурэ» емес. Ұлыс басшыларының ең үлкен жиыны – «құрылтай» (Жувәйни, Рәшид-әд-Дин, «Қастерлі шежіре», т.б. барлық деректе), «хурал» емес; бұл, ескілікті ешбір деректе ұшыраспайтын «хуралдың» түрки «құрылтайдан» шыққаны тағы көрініп тұр.» 
Мұндағы құр, құру, құра, құрау, құрам сөздерінің әрқайсысына ұзақтан-ұзақ мысал келтіріп талдау жасауға болатындай. Бұл бір шолу мақаланың  аясына сыймас. Біз осы ретте тек ҚҰР  сөзінің тіліміздегі бірер қолданысына тоқталуды жөн көрдік.

ҚҰР – түркі (қазақ) тіліндегі белсенді сөздердің бірі. Лексика-грамматикалық сипаты сан алуан. Солардың ішінен ойтамызық ретіндегі бірнешеуіне ғана тоқталалық.

ҚҰР – «билік құр», «сайран құр», «топ құр», т.б. бұйрық райлы етістік. «Билік құру», «топ құру» т.б. тұйық етістік тудыруға, түрлендіруге болады.

ҚҰР – мәртебе, дәреже деген мағынаны беретін зат есім. Махмұд Қашғаридің «Түркі тілдері сөздігінде» бұл сөз «Менің құрым ұлығ» («Менің дәрежем биік, үлкен») деген мысал арқылы көрініс тапқан. Мұндағы «құрды» тіліміздегі «құрмет» сөзімен және осыдан туындаған «құрметті жиын» ұғымымен сабақтастыруға қақымыз бар. Құрылтайдың өзі «құрметті жиын» немесе «құрметтілер жиыны» емес пе? 

ҚҰР – жыраулардың алқалаған әлеуметтің сұраныс-талабымен кешқұрым мен таңсәрі арасында көпшілік алдында сый-құрметпен өнер көрсетуін құрға жырлау атайды. Құрға жырлау – кейбір өңірлерде әлі де болса сақталған дәстүр. Мұндағы іс-әрекет те көпшіліктің сөз құдіретіне ұюы ғой.
ҚҰР сөзінің қолданысына қатысты қысқаша қайырғанда осылай. Мұндағы басты айтпағымыз - ҚҰР сөзінің сакральдік және көпшілік ұғымдарындағы қолданыстарына назар аударту еді.
Құрыл, құрылтай - түркі, монғол халықтарына ортақ екендігін жоғарыда атап өттік. Монғол тіліндегі құрыл (хурал) сөзі де жиын ұғымында қолданылады. Яғни құрылға (хурал) негіз болған құрақу (хураах) етістігі де «жинау» мағынасында тұр. Демек түркі (қазақ), монғол тілдеріндегі ұғымдар бір-біріне мәндес. 

Қазақ тіліндегі құр-у, құр(а)у етістігіне қатысты ұғымдардың бәрі де жиналу, топталу мағынасында тұр. Мысалдар келтірелік: 

Тәңірінің күні жарқырап,

Ұйқыдан көңіл ашар көз. 

Қуатты ойдан бас құрап, 

Еркеленіп шығар сөз. (Абай «Шығармалар жинағы»), «Жер ошақтың басында үш-төрт адамның басы құралып қалды. Бірдеме есітіп бастарын шайқасып отыр.» (Б.Майлин «Айт күндері»),

«Керек, - деді, ел бір жаңбыр ту далаға,

Желөкпе жел, бұлтымды қудалама.

«Бұлттың басы құралып келеді!» - деді ол,

Сүбіхан-Алла!.. Сүлеймен!.. Су жағала!.. (Светқали Нұржан «Жаңбыр сұрау»)

«Бір күні жинақ кітапшасын қолыма алып қарасам, ақшамның басы құралып қалыпты». (Байбота Қошым-Ноғай «Бір түрлі кісі»).

Ал ҚҰРЫЛТАЙ сөзінің өзі парламент ұғымында қолданылып келгеніне дәлел болатын дереккөздер баршылық. Ана тіліндегі тұңғыш басылымдардың бірі «Қазақ» газетінде «Қазақтың тарихы» атты танымдық мақалада «Түрік баласы» лақап есімді автор былай деп жазады: Майқы би Шыңғыс ханның уәзірі еді. Шыңғыстың құрылтайында (парламентінде) сөз иесі еді. «Сөйлер сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген сонан қалған сөз. Майқы бидің туған жылы анық болмаса да, әйтеуір Әніспен екі арасы бес жүз жыл бар. Майқының Әністен сегізінші бала болуын сонша заман сыйғыза ма?»

Алаш арыстары сонау 1913 жылы ҚҰРЫЛТАЙ сөзін парламент ұғымында қолданып отырғаны анық. 

«Түрік баласы» лақап есімі Міржақып Дулатұлына тиесілі екенін ескерсек, өзінің кейінгі кезеңде жазған мақалаларында да Алаш арысы ҚҰРЫЛТАЙ сөзін осы мәнде қолданғанын көреміз: 

«5-13 декабрьде екінші жалпы қазақ-қырғыз сиезі болды. Бұл сиездің кезінде Россияда екінші өзгеріс болып, Уақытша үкімет жоғалып, құрылтай құрылатыны анықталып, большевик дәуірі басталған ед.і» (М.Дулатов, Шығармалар жинағы.).

Алаштың келесі бір көрнекті тұлғасы Мағжан Жұмабаев та өз туындысында ҚҰРЫЛТАЙ сөзін былайша қолданады: 

Әділ хан аз болады Назардайын, 

Алашқа Есім ханның жолы дайын. 

Тәукедей данышпан хан құрған екен, 

Басында Күлтөбенің құрылтайын (М.Жұмабаев, Шығармалар жинағы).

Кеңес заманындағы жазушылар да өз туындыларында ҚҰРЫЛТАЙ сөзін төл ұғымында қолданғанын көреміз: « Махамбеттің жасы он тоғызға толғанда жалпақ жазирадағы биік төбелердің бірінде иісі қазақ бас қосқан ұлы құрылтай болды (Ә.Әлімжанов, Махамбет.).

Жазбамыздың тобықтай түйіні – ҚҰРЫЛТАЙ – Ұлы Дала төсінде сан ондаған ғасырлар жүзінде жасап келе жатқан халқымыздың төлтума сөзі, қоғам өмірінде қолданып келген дәстүрлі ұғымы. Жаңа ғасырдың екінші ширегі басында тәуелсіз Қазақстанның Заң шығарушы билігінің атауы ретінде қолданысқа қайта енуін мемлекет басқарудың ежелгі дәстүрлерін қайта жаңғыртудың, ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастық  жалғасуының нақты нышаны деп түсінуге болады.

Бөлісу