ХХ ғасырдың басында театр көп жерде ойын-сауық ретінде қабылданғанымен, қазақ жұрты сахна қойылымдарын басқа мақсатқа жаратты. Көбіне-көп қазақ даласында қойылған спектакльдің қаржысы игі мақсатта жұмсалды.
Мысалы, 1918 жылы «Жас азамат» газетінің жастары «Бірлік» ұйымы мен қатар «Тәліп» жастар ұйымын құрып, өңірде спектакль қойып, жиналған ақшаны оқудағы жастарға, кейде газет шығару ісіне, Алаш орда үкіметіне жылу есебінде беріп отырған. Сондай спектаклдердің бірі татар театры қойған «Зылиха» драмасы болған. Бұл кеш өнер көрсету үшін ғана емес, ел басына түскен ауыр жағдайды айту, халыққа көмек ұйымдастыру ниетімен өткен. Ол жайлы аталған газеттің №13 санында жан-жақты баяндаған.
Газетте жазылған деректерге қарағанда, «Зылиха» пьесасында миссионерлердің шоқындыру саясаты жүргізілген кезеңдегі татар халқының көрген қысымы ашық көрсетіледі. Сахнадағы оқиға бір ұлттың ғана емес, сол дәуірдегі мұсылман жұртының ортақ тағдырын елестетеді. Сондықтан спектакль көрерменге жеңіл тимегені анық. Қойылымды Қызылжар татарлары атақты артист Ғабдолла Кариевтің қатысуымен жоғары деңгейде алып шыққан. Көрермен ықыласы ерекше болып, пьеса авторы Ғ. Ысқақ пен артист Кариевке естелік-сыйлықтар тапсырылған. Бұл спектакль Қызылжардағы бұрын өткен «Чех кешінен» кейінгі ең көп қаражат түскен мәдени шаралардың бірі болған. Кіріс нақты есеппен жүргізілген. Сатылған билеттерден 3022 сом, лотереядан 506 сом, гүл сатудан 200 сом, конфеттен 60 сом, сіріңкеден 35 сом, киоскіден 100 сом, программадан 90 сом, поштадан 50 сом түскен. Сонымен қатар қымыз бен жент сатудан 132 сом 40 тиын, қосымша қойылған орындықтан 58 сом 45 тиын жиналады. Жалпы кіріс көлемі 4258 сом 85 тиынды құрайды.
Шығындар да ұсақ-түйегіне дейін көрсетіледі. Үй ақысына 500 сом, военный налогқа 567 сом 75 тиын, киім алуға 120 сом, жүк тасушыға 112 сом, гүлге 100 сом, конфетке 30 сом, қағаз бен конвертке 12 сом 70 тиын, программа бастыруға 120 сом, билет бастыруға 15 сом, қымыз бен жентке 138 сом 20 тиын, лентаға 35 сом, шаштараз шығынына 75 сом, қызметшілерге 36 сом, жабыстырушыға 10 сом, түйреуішке 5 сом жұмсалған. Барлық шығыс 729 сом 30 тиынды құраған. Спектакль жалпы кезеңде жәрмеңке сықылды өтетін болған. Келген көрермендерге гүл сату, қымыз бен жент т.б дүниелерді сату арқылы ішке шығындарды ұйымдастырушылар өтеп отырған. Яғни, сол кезеңде бұл қазақ даласында енді қалыптасып келе жатқан мәдениеттің бір түрі болған. Сондай-ақ, кіріс-шығындарды ашық түрде газет бетіне тиынына дейін есептеп, халыққа есеп беріп отырған. Автор жалпы кіріс-шығындарды қоса есептегенде 2341 сом 70 тиын таза пайда қалды дейді. Бұл қаржының жұмсалу бағыты спектакльдің шын мәніндегі мақсатын көрсетеді. Жиналған қаржыдан Жетісудағы аштыққа ұшыраған қырғыздарға 500 сом берілген, Қызылжарда оқып жүрген Мұхтар мен оқушы Ғабдолла Байтас баласына 100 сомнан көмек көрсетілген. Қалған қаржының бір бөлігі «Тәліп» қауымы атынан ұсақ қарыз кассасына салынған, ал 400 сом екі пайызбен айналымға қалдырылған. Нәтижесінде 1211 сом 70 тиын жастардың қоғамдық істеріне бағытталған.
Бұл деректер Қызылжардағы театр ісінің жай мәдени шара болмағанын айқын аңғартады. Спектакль есеппен ұйымдастырылып, нақты мақсатқа қызмет еткен қоғамдық жұмыс болды. «Тәліп» жастары өнер арқылы қаржы жинап, оны халықтың өз мұқтажына жұмсауды азаматтық борыш деп білді. Ұйымдастырушылардың арнайылап Мұхтар мен Ғабдолла Байтасқа қаржы жолдауының маңызы зор еді. Қос студент кейінгі жылдары Алаш қозғалысының екінші буынына айналып, әдебиетке ерекше қалам сермейді.
Ғабдолла Байтас бастаған студенттер театрдың халыққа қызмет ете алатынын, өнердің қоғамдық іске айнала алатынын ол нақ осындай кештерден көріп өсті. Қызылжардағы «Зылиха» спектаклі сол кезең жастарының ұлт ісіне қалай қарағанының нақты мысалы ретінде көрінеді. Мұндай тәжірибе сол кезеңде басқа жерлердегі ұйымдар мен жастарға да үлгі боларлық іс болып, осы реттілік бойынша өңірлерде жүзеге асты.