«Айқап» журналының шыққанына 115 жыл

Бөлісу

12.01.2026 6942

Биыл қазақтың тұңғыш журналы «Айқаптың» жарық көргеніне 115 жыл толды. 1911 жылы 10 қаңтарда Троицк қаласында алғашқы саны шыққан «Айқап» қазақ қоғамындағы рухани жаңғырудың символы болды.


Ол кезең қазақ халқы үшін күрделі уақыт еді.  Орталықта мекендеген көшпелі халық өз дәстүрін сақтап тұрса да, отарлық езгі мен мәдени қысымға ұшыраған болатын. Ресей империясының саясаты қазақ даласындағы білім, мәдениет және қоғамдық өмірге қатаң бақылау орнатты. Мектептерде орыс тілі мен орыс мәдениеті үстемдік етсе, қазақтың өз тілі мен әдебиеті шектеулі түрде ғана дамытылды.

Осы тұста қала білімін алған жастар халықтың артта қалып келе жатқанын көріп, санасын жаңартуды мақсат етті. Олар өз тәжірибесін пайдаланып, білім мен жаңалықты қазаққа жеткізудің тиімді жолын іздеді. Осылайша, газет-журнал ісі ұлттық сананы ояту құралы ретінде маңызды рөл атқара бастады.

«Айқап» журналының шығарушы редакторы Мұхметжан Сералин журналдың мақсатын былай түсіндірді: «Журналымызға «Айқап» деп есім бердік. Бұл сөзге түсінгенде болар, түсінбегенде табылар. Біздің қазақтың «Айқап» демейтұғын қай ісі бар?! …Журналымыз өкінішке лайық өткен істеріміздің бәрін көрсетеді» деген мазмұнды асыл сөз айтқан-ды. Мұнда басты мақсат – халыққа білім беру, қоғамдық мәселелерді талқылау және ұлттық сананы ояту болды. 

«Айқап» журналы қазақ қоғамына әдебиет пен мәдениет саласында жаңа тыныс әкелді. Мұнда өлең, әңгіме, повесть, драма, роман жанрлары жарық көріп, қазақ жазушыларының шығармашылығы жарияланды. А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Жұмабаев, С.Торайғыров сияқты қаламгерлердің еңбектері журнал бетінде кеңінен насихатталды. Сонымен қатар, қазақ әйелдерінің құқықтары мен теңдігі мәселесі де көтеріліп, Сақыпжамал Тілеубайқызы, Мариям Сейдаллина, Күләйім Өтегенқызы сияқты авторлар өз ойларын білдіріп, алғаш рет әйел дауысы осы журналдан естілген-ді. 

Журналдың негізгі тақырыптары  халықты білімге шақыру, адалдықты насихаттау, әйел теңдігін көтеру, ұлттық сана мен мәдениет мәселелерін талқылау болды. «Айқап» қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына елеулі үлес қосты. 

«Айқап» қазақ қоғамындағы отарлық қысым мен әлеуметтік теңсіздікті де сөз етті. Журнал мақалалары арқылы қазақ даласындағы көшпелі өмірдің қиындықтары, ауыл-аймақтардың білімге жету мүмкіндігінің шектеулігі, мәдени және тілдік қысым мәселелері жарияланды. Мұндай талдау жастарға өз халқының жағдайын түсінуге және ұлттық сана қалыптастыруға көмектесті.

Журналдың жалпы 88 нөмірі жарық көрді. 1911 жылы 12, 1912 жылы 14, 1913 және 1914 жылдары 24 нөмірден, 1915 жылы 14 нөмірден тұрады. «Айқапқа» шығармаларын ұсынған қаламгерлер арасында М.Дулатұлы, Б.Ержанов, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ғ.Тоқтарбеков, Ж.Тілеулин, Б.Майлин, С.Торайғыров және тағы басқа авторлар болды.

Анығын айтқанда, «Айқап» журналы қазақ баспасөзінің негізін қалау ғана емес, ұлттық сананы ояту, халыққа білім беру және мәдениет арқылы ұлтты біріктіру миссиясын атқарды. Ол қазақ қоғамының отарлық қысымға қарсы тұруына, көшпелі халық өмірінің қиындықтарын жариялауға, әрі халықтың білімге және өркениетке ұмтылуына ықпал етті. «Айқаптың» жарыққа шыққаны қазақ мәдениеті мен әдебиет тарихындағы ірі белес, бүгінгі ұрпаққа өткеннің сабақтарын жеткізетін маңызды тарихи дерек ретінде сақталады. 

 

Бөлісу