Тарихты тонауға тосқауыл қойылмақ

Бөлісу

09.01.2026 6833

Қазақстан үшін тарих – өткеннің естелігі ғана емес, ұлттық болмыстың өзегі, мемлекеттіліктің рухани тірегі. Сондықтан тарихи-мәдени мұраны қорғау мәселесі жекелеген саланың шеңберіндегі тақырып емес, елдің стратегиялық дамуымен тікелей байланысты. Соңғы жылдары археологиялық ескерткіштердің жойылуы, заңсыз қазба жұмыстары, бақылаусыз құрылыс пен рұқсатсыз іздестіру әрекеттері қоғамда орынды алаңдаушылық туғызды.


Бұл түйткілдің кездейсоқ емес екенін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрағасы, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желілердегі жазбасында да аңғартты.

«Тарих факультетінің студенті кезімде археология дәрістерін тыңдап, кейін қазба жұмыстарына қатыса жүріп, ең алдымен қаншама құнды тарихи ескерткіштердің жоғалып кеткеніне қынжылатынмын», – деп жазды ол.

Осы жеке тәжірибе мен кәсіби алаңдаушылық уақыт өте келе нақты заңнамалық бастамаға ұласқанын бүгін көріп отырмыз.

Президенттің саяси ұстанымы және тарихи жады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырыстарында да, Жаңа жыл қарсаңындағы халыққа арнаған сөзінде де тарихи сананы жаңғыртуға айрықша мән берді. Президенттің «тарихты саясаттың емес, ғылымның өлшемімен тану» жөніндегі ұстанымы археология саласына қатысты қабылданған жаңа заңның да идеялық негізіне айналды.

Аймағамбетовтің айтуынша, дәл осы тапсырмадан кейін тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауға арналған арнайы заң жобасын әзірлеу туралы шешім қабылданған.

Археологиядағы бұрынғы бейберекетсіздік

Тәуелсіздік жылдары археология саласында маңызды ғылыми жаңалықтар ашылғанымен, құқықтық реттеудің әлсіздігі көптеген келеңсіздікке жол ашты. Мерзімсіз лицензиялар, кәсіби талаптардың болмауы, жер телімдерін алдын ала сараптамасыз бөлу – соның салдарынан тарихи ескерткіштер қайтымсыз жойылды.

«Бұған дейін археологиялық және реставрациялық жұмыстардың барлық түріне бір ғана мерзімсіз лицензия берілетін. Бұл жеткілікті құзыреті жоқ ұйымдардың да жұмыс алуына жол ашты», – деп атап өтеді депутат.

Жаңа заң: жүйелілік пен жауапкершілік

Қабылданған заң ең алдымен лицензиялау жүйесін түбегейлі өзгертті. Археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстар енді бөлек лицензияланады және 5 жыл мерзімге ғана беріледі. Штатта ғылыми дәрежесі мен тәжірибесі бар мамандардың болуы – міндетті талап.

«Заңбұзушылық анықталған жағдайда лицензияны тоқтату немесе кері қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылған», – дейді Аймағамбетов.

Бұл – археологияны әуесқойлықтан кәсіби ғылыми қызмет деңгейіне көтеретін маңызды қадам.

Жер және превентивті археология

Екінші үлкен өзгеріс – превентивті археологияның енгізілуі. Бұдан былай жер телімдері тарихи-мәдени сараптамасыз бөлінбейді.

«Бұрын жер телімдері тиісті сараптамасыз бөлініп, кейін ол аумақта қорғандар бар екені анықталатын жағдайлар жиі кездесетін», – деп жазады заң авторы.

Бұл норма көне қорымдар мен қоныстардың құрылыс астында қалуына тосқауыл болмақ.

Заңсыз қазбаға нақты тыйым

Жаңа заң қоғамда көптен бері талқыланып келген металлоіздегіштерді қолдану мәселесіне де нүкте қойды.

«Металлоіздегіштер мен басқа да іздеу техникасын ескерткіштер бар жерлерде қолдануға тек археологиялық жұмыстарды жүргізуге арналған лицензия болған жағдайда ғана рұқсат етіледі», – делінген жазбада.

Бұл – тарихи мұраны тонаумен тең заңсыз қазбаның жолын кесуге бағытталған шешім.

Жәдігер – жеке меншік емес, ұлт қазынасы

Заңда табылған археологиялық олжалардың тағдыры алғаш рет нақты айқындалды. Жәдігерлер музейлік құндылықтар және ғылыми маңызы бар жаппай материалдар болып бөлінеді.

«Ғылым үшін маңызды, бірақ музей экспозициясына қажет бола бермейтін материалдар үшін арнайы Ұлттық депозитарий құрылады», – дейді Аймағамбетов.

Сондай-ақ жеке коллекцияларда сақталған құндылықтар Мемлекеттік музей қорының каталогына енгізіледі. Мемлекет ел аумағындағы мәдени байлықтың қайда және кімнің қолында екенін білуі тиіс.

Цифрландыру және ашықтық

Археология саласында Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе енгізіледі. Онда археологтар тізілімі, қазба есептері, табылған жәдігерлер, музей қоры мен қорғау аймақтарының шекаралары қамтылады.

Бұл қадам деректердің жоғалуын ғана емес, «қос есептілік» пен бейберекетсіздікті де жояды.

Ұлттық археологиялық қызмет

Жаңа заңның ең маңызды институттарының бірі – Ұлттық археологиялық қызмет.

«Бұл құрылымды құру жөнінде пікірталастар көп болды, алайда біз оның қажеттілігін дәлелдеп, талап еттік», – дейді депутат.

Қызмет қазба жұмыстарын бақылап, есептерді талдап, ғылыми сараптама жүргізеді. Бұл салада бұрын болмаған орталықтандырылған бақылау жүйесін қалыптастырады.

Ғалымдар еңбегінің заңдағы жалғасы

Заң жобасын әзірлеу барысында ғалымдармен ондаған кездесу өткізілген. Аймағамбетов бұл процесті ерекше мәнмен еске алады:

«Факультетіме барып, бізге археологиядан дәріс оқыған профессорлармен кездескенде, тыңдаған дәрістер қабылданған заң нормаларында өз жалғасын тапқанын айттым. Осы тұрғыдан алғанда, олар да бұл заңның тең авторлары».

Бұл заң – тек археология саласын реттейтін құжат емес. Бұл – Қазақстанның тарихи жадына, мәдени егемендігіне, ұлттық болмысына деген жаңа көзқарастың көрінісі.

Тарихты сақтау – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа аманат. Енді сол аманаттың заңды кепілі бар.

Бөлісу