ХХ ғасырдың басындағы ірі саяси өкілдердің бірі әрі бірегейі Мұстафа Шоқай болды. Алаш қайраткерінің биыл туғанына 135 жыл толды. Тұлға мерейтойына орай әр өңірде қайраткер есімі оқыс-оқыс естілді. Алайда,ХХ ғасыр басында оның түркі жұртына жеткен үні кеудесінде жаны бар әр азаматтың құлағына азанның дауысындай анық әрі көркем жетті. М.Шоқайдың саяси ұстанымының қалыптасуына, оның саяси аренаға шығуына ең негізгі себеп, ол-өз халқының көрген қасіреті, шеккен азабы, тартқан зардабы еді.
Түрк баласы
ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін ауыр да, азапты жылдарға толы болды. Азаттық деп арпалысқан Алаш азаматтары азаттықтың ақ туын арқалады. Алаштың ақсұңқарлары адалдықтың, адамдықтың, азаматтықтың ғажап үлгісін көрсете білді. Алаш арыстарының аңсаған арманы көкті тілген қыранның қос қанатындай биік әрі сұлу еді. Ол сұлулықтың көрінісі егемендіктің бастауы. Егемендік алған ұлттың еңсесі биік, рухты болады. Алаш Орда партиясының көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған топ, оның рухани көсемі, ақылшы інісі, ақын бауыры А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы секілді азаматтармен жалғасты. Осы ұлы жалғастықтың отын өшірмеген азаматтардың бірі – Мұстафа Шоқай болды.
1890 жылы 25 желтоқсанда қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылында (Бұрынғы Сырдария облысы Перовск уезі (Қызылорда қаласы) Наршоқы қыстауында) Шоқай бидің отбасында дүниеге келген. Атасы Торғай датқа ел билеген шешен, озық ойлы көсем, ақылпарасаты мол, «ел қамын жеген ерлер» қатарында аталса, əкесі Шоқай да ширек ғасырдай болыс, би болып ел басқарған. Ал анасы Бақтыбике – тарихта Баспақ би Қазбеков деген атпен белгілі Баспақ батырдың туған қарындасы болды. Осындай отбасыда дүниеге келген Мұстафа білімге құштар, талабы анық бала болып өседі. Ол 1899 жылы ауылда төрт жылдық медресені екі жылда бітіріп, аса зеректігімен жұрттың көзіне ерте түседі. 1902жылдың 4 тамызында Ташкенттегі ерлер гимназиясына қабылданады. Гимназияда оқып жүргенде Түркістан аймағының бас қаласы қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, орыс жəне басқа ұлт өкілдері тұратын Орта Азия кіндігі Ташкентке елден келген кісілердің өтініш-арыздарын шешуге қатыса отырып, жергілікті халықтың арасындағы əлеуметтік теңсіздікті көзімен көріп, жүрегімен сезеді. Гимназияны өте жақсы бітірген өзіне тиісті алтын медальды орыс баласына жаздырған өлкенің генерал-губернаторы А.Самсоновтың ұлы державалық шовинизмі де туасы зерек гимназистің бойындағы ұлтшылдық қасиетті күшейте түседі. 1910 жылы гимназияны үздік бітіріп, Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі.
Ұлтшыл жігіт
Мұстафа Шоқайдың қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасуына Петербургте оқып, қызмет жасап, осында келіп-кетіп жүрген отандастарының да үлкен ықпалы болды. Әсіресе, 1905 жылдан бастап қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын басқарған, Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, қазақ ұлттық «Алаш» партиясының негізін қалаған, оның бағдарламасының авторларының бірі, кейін Алашорда үкіметінің басшысы болған Әлихан Бөкейханның ерекше ықпалы болғанын айта кету керек. 1939 жылдары Мұстафа Шоқайдың «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді» [1,12] , – деген ғибратты ұстаз сөзін еске алуы жайдан-жай болмаса керек. 1912 жылдан бастап Мемлекеттік Думадағы түркі халықтарының өкілдерімен араласа бастайды. Оның саясаткер ретінде алғашқы көзге түсуі 1912 жылы Түрік – Балқан соғысы кезі болған. Соғыс бұрқ ете қалғанда, Санкт-Петербургтегі қазақ, татар, өзбек, башқұрт және әзербайжан студент жастары арасында Түркияны қолдау қозғалысы өріс алды. Оның арасында М. Шоқай да болды. 1916 жылғы 1 қарашада Əлихан Бөкейханның ұсынысымен Ресей IV Мемлекеттік Думасы Мұсылман фракциясы Бюросының хатшысы қызметіне тағайындалады. М.Шоқайдың анық беделі мен саясаттағы Қоқан автономиясының жұмыстарына келгенде байқалады. Оның Түркі жұртының басын қосып, үлкен мемелекет құру бала күнгі арманы еді. Осы арман жолында ол басын бәйгеге тігіп, түркі жұртының игілігі үшін аянбай күрес жүргізеді. 1917 жылғы 27 қарашада (жаңаша 10 желтоқсан) Қоқан қаласында Түркістан мұсылмандарының IV Төтенше құрылтайында Ресей құрамында болатын Түркістан (Қоқан) автономиясы жарияланғанда Үкімет Премьер-министрі – əуелі М. Тынышбаев, кейін 1918 жылы 2 қаңтарда М. Шоқай тағайындалады. 1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынборда Екінші жалпықазақ құрылтайына қатысып, Түркістан автономиясы туралы баяндама жасап, екі автономияның қосылуы туралы мəселе қояды. Бұрыннан Түркістан автономиясын ойластырып жүрген Мұстафа Шоқай бастаған топ осы оқиғадан кейін, 1917 жылы 28 қарашада Қоқан қаласында өткен аймақ мұсылмандарының IV Төтенше сиезінде Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтардың саяси тәуелсіздігін қамтамасыз етуді мұрат тұтқан жұрт өзін-өзі басқаруға ерікті, Түркістан аймағы Ресей демократиялық республикасымен бірлікте, бөлек жасауға ерікті территориялық автономия етіп жариялайды. Бұл, шын мәнінде, Түркістан республикасы болатын. Оның басшылығына алғашында Мұхамеджан Тынышбаев сайланып, екі аптадан соң оны Мұстафа Шоқай ауыстырады. Қоқан (Түркістан) автономиясының өмірге келуі Түркістан халықтарының саяси, экономикалық және рухани дербестікке ұмтылысының көрінісі еді. Бірақ Мұстафа Шоқай автономияны жүзеге асырудың аса қиын екендігін, кадрдың жоқтығын, жалпы мүмкіндіктің жетімсіздігін, әскердің құрылмағанын және тағы басқа толып жатқан жетіспеушіліктердің барлығын сиезде сөйлеген сөзінде жан-жақты айтады. Дегенмен сол кездегі баспасөз материалдарына қарағанда, сиездің жұрттың шын көңілін, нақ тілегін басқаны анық байқалады. Автономия жарияланғаннан кейін іле-шала басылған Түркістан мұсылмандарының жалпы сиезінің шешімдері туралы «Түркістан автономиясы» атты редакциялық мақалада: «Автономия иғлан (жарияланған – автор) болғаны Түркістан барша шаһарларын шаһар халқы һәм дала ұлы болып қуаныш қылып, манифестация жасап, Түркістан автономиясына һәм сиез сайлаған Уақытша үкіметіне ант ішіп, мойынсұнып жатыр» [2,42], – деп жазылды.
Қуғындағы ғұмыр
1918 жылы 31 қаңтарда Кеңес өкіметі 64 күн өмір сүрген Түркістан автономиясын қарулы күшпен құлатты. Ал большевиктер Мұстафа Шоқайдың басын жеткізген адамға 1000 рубль сыйақы тағайындалды. Бұл М.Шоқайдың басының құны патша қоғамы үшін қымбат екендігін білідері. Оның қалай тұсап ұстаудың жолын білмеген орыс билігі, қазақ қоғамының арасына іріткі салып, қазақ халқын өз ішінен іріткісі келгенді ақиқат. Мұстафа Шоқай большевиктер өкіметінің Орталық Азияда бірнеше кеңестік республика құрғанын тұтас Түркістан мемлекетін орнатудың түбіріне балта шабу деп қабылдады. Большевиктердің ұлт саясатының арғы мәнін дәл Мұстафа Шоқайдай әріден барлап, бұл саясаттың түркі халықтарын орыстандыруды көздеген түпкі мүддесін әшкерелей айтқан қайраткер ол тұста болған жоқ десек, артық айтқандық емес. Осы мәселеде тарихшы Мәмбет Қойгелдиев мынадай ой қорытады: «М. Шоқайұлының тарихи тәжірибені сарапқа сала отырып жасаған тұжырымы мынаған саяды. Біріншіден, Россияда 1917 жылғы Ақпан революциясынан соң орнауға тиіс болған федеративтік мемлекеттік құрылыс шеңберінде орыс демократиясына сүйене отырып ұлттық автономия алу тәуелсіз ұлттық мемлекет құруға деген сенімнің аздығынан туындаған ортақ қателік болатын». «Кейінірек құрылып, аз уақыт өмір сүрген түрлі ұлттық тәуелсіз үкіметтердің (мәселен, Алашорда, Түркістан (Қоқан) автономиясы – М.Қ.) тәжірибесі Россиядағы бұрынғы отарлық тәуелдікте болған елдердің зиялыларының «орыс төңкерісшіл» демократиясына деген сенімінің «жаңсақтығын дәлелдеді». Басқаша айтқанда, «оңшыл» және «солшыл» топтарға бөлінетін орыс демократиясы аз ұлттарға тәуелсіз мемлекеттік емес, тіптен шын мәніндегі автономиялық еркіндікті де қиюға даяр емес еді», – деп жазады. Мұстафа Шоқай өзінің «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» деген туындысында: «Біз бұл тұста 1917 жылғы революция ұлттық мемлекет құруымызға мүмкіндік береді деп үміттеніп, сеніп едік. Бұл үмітіміз бен сеніміміз ақталмай, алданып қалдық» [3,14] , – деп өз өкінішін жазады.
1919 жылдың сәуір айында Тбилисиге келіп, 1921 жылы ақпан айының ортасына дейін осы жерде тұрған Шоқай әуелі Солтүстік кавказдықтар шығаратын «Вольные горцы» атты апталық газетте және грузиялықтардың «Борьба» газетінде жұмыс істейді. 1919 жылдың 1 қарашасынан бастап Түркістан және Украина Ұлттық орталығының көмегімен орыс тілінде «На рубеже» атты тәуелсіз айлық журнал шығара бастайды. Бас редакторы болған бұл журналда М. Жанай және Жәлел деген бүркеншек атпен мақалалар жариялады. 1920 жылы Мұстафа Ахмет Салиховпен бірге түркістандықтардың ұлттық мүдделерін қорғайтын «Иені Дүния» атты апталық газет шығара бастады. Мұстафа Шоқай сол жылы алдымен аптасына бір, кейіннен екі рет шығарылған, негізгі идеясы Түрік ұлт-азаттық күресін қолдайтын «Шафақ» (кейбір деректерде «Шафик») газетін шығарады.
«На рубеже» Грузия үкіметінің материалдық көмегі арқылы шығып тұрды. Түрік тілінде шыққан «Шафик» («Шофақ») Тбилисидегі түрік қоғамының жәрдемімен жарияланды. Шоқайұлы «На рубеже» арқылы Грузия үкіметінің Кеңес билігіне қарсы ұлт-азаттық күресін қолдаса, «Шафик» газеті арқылы Анатольяда Мұстафа Кемалдың жетекшілігінде одақтас мемлекеттерге қарсы жүргізіліп жатқан ұлт-азаттық күреске қолдау көрсетті.
1920 жылы Мәскеуде башқұрт ұлтшылдарының идеологы Зәки Уәлиди мен А. Байтұрсынов, Ә. Ермеков, Т. Рысқұлов, Н. Төреқұлов, Ә. Бөкейханов және татар ұлтшылдары – оралшылар (Идель-Орал) Сұлтанғалиев және Мұса Бегеев арасында, Ташкентте – Халел және Жаханша Досмұхамедов,Т. Рысқұлов, С. Қожанов, Файзулла Ходжиев, Убайдолла Ходжаев, Миновар-Кары Абдрашитов, Иомудский хан, Бориев және басқалар арасында арнайы келіссөздер жүргені көрсетілген. Келіссөздер нәтижесінде Орта Азия, Қазақстан, Башқұртстан және Татарстан ұлтшылдары пантюркизм тұғырнамасы негізінде блок құруға келісімге қол жеткізіп, белсенді астыртын күрес жүргізу туралы шешім қабылдайды.
Сонымен бірге, арнайы органның материалдарында 1920 жылы Германиядан Кеңестік Ресейге «Иттихадве-Таракки (Бірлесу және прогресс) ұлттық партиясы мен «жастүріктер» қозғалысының ұйымдастырушылары мен басшыларының бірі Энвер (Әнуар – ред.) Пашаның келгені көрсетіледі. 1920 жылы Рысқұлов, Жанұзақов және басқа да көрнекті қайраткерлер Бакуге, Шығыс халықтарының сиезіне барады. Осында Рысқұлов пен Энвер Паша арасында құпия келісім жасалып, біртұтас мұсылман мемлекетін құру жайында Орта Азиядағы антикеңестік қозғалыстарды біріктірудің жоспары жасалады. 1921 жылы Энвер Пашаның Шығыс Бұқараға келу қарсаңында Зәки Уәлидидің басшылығымен ұлттық ұйымдардың «Ортаазиялық комитет» деп аталатын бірыңғай орталығы қалыптасты.
Энвер паша осы «орталықтың» мүшесі ретінде «Ұлы Ортазия мемлекетін» жариялап, осы мемлекеттің басшысы ретінде РКФСР үкіметінен, бұл мемлекетті мойындап, одақтық шарт жасауды ұсынады.
Құжаттарда Зәки Уәлидидің ұлтшыл ұйымдардың көмегімен Түркияға эмиграцияға кеткені және сол жақта М. Шоқаевпен, Г. Идрисовпен байланысып, Стамбұлда Орта Азия мен Қазақстан ұлтшыл ұйымдарының жаңа шетелдік орталығы «Орта-Азиялық Комитет» құрылғанын және бұл комитеттің Париж, Берлин және басқа қалаларда бөлімшелері барлығы жазылған [4].
Эмиграциядағы еңбек
Стамбулда жүрген кезінде Еуропадағы саяси эмиграция туралы іздене бастаған Мұстафа Шоқай Парижде А. Ф. Керенский тобының «Rue de La Pompe» газетін шығарып жатқанын біліп, олармен хат алыса бастайды. 1923 жылы демократияның орталығы ретінде эмигранттар топтасқан Парижді өз ісін жалғастыруға қолайлы деп тапқан Мұстафа Шоқай Францияға кетеді. Мұстафа Шоқай 1929 жылдың желтоқсан айында өзі Францияның астанасы Парижде отырып, Германияның астанасы Берлинде әйгілі «Жас Түркістан» журналын шығара бастады. Мұстафа Шоқайдың бас редакторлығымен ай сайын үздіксіз түрде 1939 жылдың тамыз айына дейін 117 саны шыққан сол «Жас Түркістан» журналында Мұстафа Шоқай қыруар тақырыпта жазылған, әлі де құндылығын жоймаған көптеген мақалалар басылып тұрды. Ол оны тікелей өз атымен және басқа да аттармен жазды.
Мұстафа Шоқай сонымен қатар, дәл сол кезде Францияның «Ориент ит оккидент», Англияның «Азиатис ревиев», Польшаның «Вошход» журналдарына, сондай-ақ Парижде шығатын «Ла ревви де Прометкее» журналына да мақалалар жазып тұрды.
Мұстафа Шоқай саяси қуғын-сүргін мәселесіне «Түркістан босқындарының қасіреті», «Түркістандағы ұлттық террор», «Түркістандағы саяси қырғын», «Саяси қырғынның» құрбандары», «Түркістандағы саяси кісі өлтірушілік», «Түркістандағы қанды террор», «Идеология майданындағы күрес», «Түркістандағы партияны тазартудың қорытындыларынан», «Түркістандағы өлім жазасына кесу» және т.б. мақалалар жазған. Автор бұл еңбектерінде Түркістанда неге саяси қуғын-сүргін болды? Мұның саяси-әлеуметтік себептері қандай еді? деген сұрақтарға жауап береді. Ол Мұстафа Шоқай пікірінше, ең бірінші Кеңес өкіметінің ұлттық мәселе қатысты саясатының Ресейдің отаршылдық саясатымен сабақтастық сипатынан, кешегі патшалық Ресейді бүгін кеңестік Ресей немесе пролетарлық Ресей деп атағанмен, біздің ұлттық мәдениетіміз тұрғысынан қарағанда, ештеңе өзгермегенін, большевиктер атамекеніміз Түркістанда ұлтымыздың өзіне тән рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнатпақ болып отырғанынан. «Орыс тепкісіндегі Түркістанның ұлттық қозғалыстарынан. Жеңілмес ұлтшылдық» атты мақалада былай деп жазылған еді: «Дүние жүзінде Түркістаннан басқа да көптеген елдер бар. Ол жерлерде де үстем ұлттың озбырлығынан жәбір шеккендер аз емес. Алайда дәл орыстың отаршылдық саясатындай сұмдықтарды тарих әлі көрген жоқ» [5,58].
«Менің Мұстафам»
Мария Шоқай өзінің ері жайлы естеліктерін 1941 жылы Мұстафа қайтыс болғаннан кейін жаза бастаған. Жазғандарын бұрын 1929 – 1939 жылдары Мұстафа Шоқай шығарып тұрған «Жас Түркістан» журналының секретары әрі бөлім меңгерушісі доктор Абдуоқап Оқтайға жіберіп отырған. Қолжазбаны орыс тілінен түрікшеге Сабыр Түркістанлы (химия оқытушысы) аударады. Оқтай аударма бітпей жатып дүние салады да, бұл жұмысты Оқтайдың жұбайы доктор Саида Оқтай жалғастырады. Естелік 1963 жылы жазылып бітіп, Мұстафа Шоқайдың өлгеніне 30 жыл толуы қарсаңында баспадан шығады (1972 жыл, Ыстамбул). Кеңес билігі Мұстафа Шоқайға қатаң саясат ұстанды, одан асқан «жау» болған жоқ.
Тұғыры биік тұлғаның ғұмыры қазақ халқының тәуелсіздік алғанға дейінгі жылар секілді талас-тартыспен, қиын-қыстау кезеңдермен өтті. Мұстафа өз жеріне жете алмай, туған жер топырағын сағынып, шет мекенде құса болды. Оның тұла бойындағы қайсар мінезі, болмысы, кеңес билігіне қарама-қарсы еді.
Әдебиеттер тізімі:
1. Бəкір Ə.Қ. Б Мұстафа Шоқай: өмірі мен қызметі, шығармашылығы туралы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2020. – ххх бет.
2. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Желтоқсан 1917 ж. мамыр 1920 ж. Т. 2. Алматы: «Алаш», 2005. 496 б.
3. Шоқай М. Таңдамалы шығармалар: Үш томдық. 3-т. Алматы: «Қайнар» баспасы. 2007, 384 б.;
4.Мұстафа Шоқай. Мария Шоқай. Естеліктер. Ыстанбул, 1977. – 55, 56-бб.
5. Есмағамбетов К. Л. Әлем таныған тұлға. (М.Шоқайдың дүниетанымы және қайраткерлік болмысы). – Алматыв: Дайк-Пресс, 2008. – 504 бет + 28 бет жапсырма.