Астанада өткен Ұлттық құрылтай секцияларының отырысы елдегі саяси реформалардың жүйелі түрде іске асып жатқанын тағы бір мәрте айқындады. Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жыл қорытындыларына тоқталып, мемлекет дамуының негізгі бағыттары бойынша нақты нәтижелер бар екенін атап өтті. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Оның айтуынша, экономика тұрақты өсім көрсетіп отыр: жаңа кәсіпорындар іске қосылып, тұрақты жұмыс орындары ашылуда. Әлеуметтік нысандардың құрылысы жанданып, көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып келеді. Бұл – соңғы жылдары қолға алынған реформалардың өміршеңдігін көрсететін маңызды көрсеткіштер.
Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде Президент бастамашылық еткен парламенттік реформаның мәніне де кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бұл өзгерістер «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген саяси жаңғырудың логикалық жалғасы.
«Ұсынылып отырған реформа заң шығарушы билікті қайта жаңғыртуға әрі оның тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл ретте саяси бастама Парламент қызметін өзгертумен ғана шектелмейді, елдің конституциялық құрылымының іргелі негіздерін де қамтиды. Негізгі заңның кемінде 40 бабына өзгерістер енгізіледі деп күтіліп отыр. Аталған реформа 2022 жылғы конституциялық өзгерістермен кешенді түрде бірге жүзеге асырылады және мүлде жаңа саяси модельге көшуге жол ашады», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Сондай-ақ Ерлан Қарин Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтылған бастамалардың іске асырылу барысына назар аударды. Осы мақсатта 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар қабылданып, түрлі бағыт бойынша 10 заң жобасын әзірлеу көзделген.
Ұлттық құрылтай бастамалары аясында бірқатар маңызды тұжырымдамалық құжаттар да қабылданды. Атап айтқанда, ішкі саясаттың негізгі қағидаттарын айқындайтын құжат әзірленіп, 2026–2028 жылдарға арналған Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Сонымен бірге 2025–2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданды.
Мәдени-гуманитарлық салада да елеулі жобалар жүзеге асырылып жатыр. «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы мен «Асыл мұра» аудио жинағы – соның айғағы. Ал «Хандар шежіресі» қолжазбасының ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіліміне енгізілуі – ұлттық мұраның халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.
Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтай бастамаларын жүзеге асыру жұмысы алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Қазіргі таңда балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған барлық шараларды біріктіретін «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар ғылыми қалашықтар құру, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін реттеу, ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау сияқты бағыттар бойынша заңнамалық нормалар дайындалуда.
Бұл мәселелер Ұлттық құрылтайдың «Азаматтық қоғам», «Әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму», «Білім және ғылым» атты жұмыс секцияларында жан-жақты талқыланды. Секцияларға Президент көмекшісі Арман Қырықбаев, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова модераторлық етті.
Секция жұмысы барысында Ұлттық құрылтай мүшелері Президент бастамаларының жүзеге асырылуын қолдап, жекелеген бағыттар бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Барлық ұсыныстар Хатшылықта жинақталып, келесі отырыста қарау үшін мүдделі мемлекеттік органдармен талқыланбақ.
Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың V отырысын келесі жылы Қызылорда қаласында өткізу жоспарланып отыр