Академиялық көптомдықта Қазақ хандығына арналған дербес том бекітілді

Бөлісу

19.12.2025 8644

Қазақстанда соңғы жылдары ұлттық тарихты қайта зерделеу, оны ғылыми негізде жүйелеу бағытында іргелі жұмыстар қолға алынып келеді. Соның ең маңызды нәтижелерінің бірі – «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты көптомдық академиялық басылым. Осы ауқымды жобаның аясында жуырда ерекше тарихи әрі ғылыми мәні бар шешім қабылданды. Редакция алқасы «Қазақ хандығы» деп аталатын 4-томның қолжазбасын бірауыздан бекітті. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Facebook-тегі парақшасында жариялады. 


Бұл – отандық тарих ғылымы үшін елеулі оқиға. Өйткені Қазақ хандығының тарихы алғаш рет көптомдық академиялық еңбекте жеке том ретінде, әрі біртұтас, кешенді ғылыми зерттеу деңгейінде қарастырылып отыр. Бұған дейін Қазақ хандығы түрлі кезеңдермен, жекелеген тараулармен немесе тақырыптық шолулар аясында ғана зерделеніп келгені белгілі.

Ұлттық мемлекеттіліктің ғылыми тұғырнамасы

Ерлан Қарин өз жазбасында атап өткендей, Қазақ хандығы – ұлттық тарихымыздың ең негізгі, өзекті кезеңі. 

– Қазақ хандығының тарихы алғаш рет көптомдық тарихи жинақта бөлек том әрі біртұтас іргелі еңбек ретінде қарастырылып отыр. Қазақ хандығының отандық тарих ғылымындағы маңызы зор. Бұл – ұлттық тарихымыздың ең негізгі кезеңі. 4-томда қазақ мемлекеттілігінің бірнеше ғасырға жалғасқан қалыптасу, даму, гүлдену кезеңдері толық қамтылған, – деді ол.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, авторлар археологиялық және мұрағаттық деректерге сүйене отырып, Қазақ хандығының ішкі құрылымы, басқару жүйесі, құқықтық дәстүрлері мен дипломатиялық байланыстары жөнінде тұжырымдамалық деңгейде жаңа ғылыми пайымдар ұсынған. Мұның өзі отандық тарихнамада бұрын-соңды болмаған сапалық серпіліс деуге негіз бар.

Хронология кеңейді, тарихи тұлғалар жүйеленді

Бұл томның тағы бір маңызды жаңалығы – Қазақ хандығының хронологиялық аясын кеңейтуі

– Отандық ғылымда алғаш рет Қазақ хандығының хронологиялық аясы кеңейтілді. Алғаш рет барлық қазақ хандарының билік құрған кезеңдері жүйелі түрде айқындалды, – деді Е.Қарин.

Сонымен бірге сұлтандардың, билердің, батырлардың ел ішіндегі тұрақтылықты нығайтудағы, қорғанысты ұйымдастырудағы, дипломатиялық қатынастарды дамытудағы және құқықтық нормаларды қалыптастырудағы рөлі кеңінен ашылған. Бұл тұста Қазақ хандығының тек әскери-саяси құрылым емес, толыққанды өркениеттік жүйе болғаны айқын көрінеді.

Әлем архивтеріндегі қазақ тарихы

4-томды әзірлеу барысында ғылыми айналымға алғаш рет енгізілген бірегей жазба деректер мен жәдігерлердің пайдаланылуы – еңбектің құндылығын еселей түседі. Ресей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстанмен қатар Венгрия, Италия, Ұлыбритания, Франция, Үндістан, Жапония, Швейцария, Швеция секілді елдердің архив қорларынан табылған материалдар Қазақ хандығы тарихының халықаралық дереккөздер арқылы да дәлелденетінін көрсетеді.

Жалпы, томға жаңадан анықталған 187 сирек құжат енгізілген. Соның 180-і шетел архивтерінен алынған. Бұл деректер Қазақ хандығы тарихының тек ұлттық емес, жаһандық тарихи кеңістікте қарастырылуына жол ашады.

Ғылыми мектеп пен жауапкершілік

4-томның авторлар ұжымына белгілі академик Меруерт Әбусейітова жетекшілік етсе, басылымды үйлестіру жұмысын академик Зиябек Қабылдинов атқарған. Рецензенттер қатарында тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл, тарих ғылымдарының кандидаты Күлгазира Балтабаева, «Қазақ тарихи қоғамының» басқарма төрағасы Радик Темірғалиев бар. Олардың кәсіби сараптамасы мен редакция алқасы мүшелерінің орынды ескертулері томның ғылыми деңгейін айқындай түскен.

Редакция алқасының 4-томды бірауыздан бекітуі – бұл еңбектің ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланғанын көрсетеді. Сонымен қатар алқа отырысында 5-томның қолжазбасы да талқыланып, көптомдықтың келесі кезеңіне жол ашылды.

Тарихқа тағзым – болашаққа бағдар

Ерлан Қариннің бұған дейінгі жазбаларында да жиі айтылып жүрген басты ой – тарихты идеологиялық емес, ғылыми шындық тұрғысынан зерделеу қажеттігі. «Қазақ хандығы» атты 4-том осы ұстанымның нақты нәтижесіне айналып отыр. Бұл еңбек – өткенге тағзым ғана емес, ұлттық сананы нығайтатын, болашаққа бағыт беретін ғылыми негіз.

Қазақ хандығының тарихын осындай деңгейде жүйелеу – тәуелсіз Қазақстанның тарихи жады мен ғылыми егемендігін айқындайтын маңызды қадам.

Бөлісу