Тасаттық дәстүрінің тарихы мен мәні

Бөлісу

19.12.2025 7845

Қуаңшылық қыспаққа алған шақта қазақ халқы табиғатпен тілдесудің, Жаратқаннан медет сұраудың өзіндік жолын қалыптастырды. Сол жолдардың бірі  ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан тасаттық дәстүрі. Бұл ғұрып  тек жаңбыр тілеу рәсімі емес, халықтың дүниетанымы, имани сенімі мен қоғамдық бірлігін айғақтайтын мәдени құбылыс.


Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқы үшін табиғат тіршіліктің негізгі өзегі болды. Жауын-шашынның мол немесе аз болуы малдың күйіне, жайылымның шөбіне, егіннің шығымына ғана емес, тұтас қауымның күнкөрісіне тікелей ықпал етті. Сондықтан қуаңшылық жылдары табиғаттың тосын мінезін сыртқы күшке теліп, соған табыну емес, керісінше, Жаратқан Иеден медет сұрау, тәубеге келу және қоғам болып ниет түзеу басты ұстанымға айналды. Осындай жағдайда ел-жұрт бірігіп, жаңбыр тілеу мақсатында тасаттық жасаған. Бұл ғұрыптың түпкі мәні – Аллаға жалбарыну, садақа беру арқылы рухани тазару және қиындықты бірлесе еңсеруге деген сенімді бекіту еді. 

Тасаттық – жеке адамның емес, тұтас қауымның атынан орындалатын діни рәсім. Оған ауылдың үлкен-кішісі түгел қатысып, ортақ алаңға жиналады. Құрбандық шалынған соң Құран аяттары оқылып, елдің амандығы, жердің берекесі, жауынның жаууы үшін дұға жасалады. Бұл рәсім арқылы қазақ қоғамы әрбір сынақтың тек бір адамның емес, бүкіл елдің жауапкершілігі екенін ұғындырған. 

 Ғалымдар мен дінтанушылардың тұжырымынша, «тасаттық» атауы араб тіліндегі «тасаддуқ» сөзінен тараған. Бұл ұғым Алла разылығы үшін берілетін садақа, қайырымдылық деген мағынаны білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда, тасаттық – жай ғана ғұрып емес, адамдардың ниетін түзеп, жүректі жұмсартуға, қоғамды қайырымдылыққа үндейтін діни амал. Оның өзегінде материалдық құрбандықтан гөрі шынайы ықылас, тәубе мен ізгі ниет басым.

Қазақ арасында тасаттық дәстүрінің бастауын түсіндіретін аңыз-әңгімелер де кең тараған. Солардың бірі Нұх пайғамбардың ұлы Жаппасқа қатысты мифологиялық сюжетпен байланыстырылады. Аңыз бойынша, Жаппас сапар барысында дұға жазылған қасиетті тастың көмегімен жауын жаудырып, табиғи апаттың алдын алған. Кейін бұл тас халық жадында «жады тасы» деген атаумен сақталып, қуаңшылық жылдары адамдар сол орынға барып, жаңбыр тілеу үшін дұға жасаған деген сенім қалыптасқан.

Бөлісу