Қозғалыс пен митингтің айырмасы қандай?

Бөлісу

17.12.2025 7476

Қоғамдық өмірде халықтың қарсылығы әрдайым бір формада көріне бермейді. Бір дәуірде ол көтеріліске (қозғалысқа) енді бір кезеңде митингке айналады. Бұл қоғамның саяси мәдениеті мен билікке деген сенім деңгейін айқындайтын көрсеткіш. Сондықтан көтеріліс пен митингті тек әрекет ретінде емес, әлеуметтік-тарихи ұғым ретінде қарастыру маңызды


Саяси ғылым мен тарихнамада көтеріліс (insurrection, rebellion) ұғымына бірнеше қырынан анықтама берілген.Француз тарихшысы Жорж Лефевр көтерілісті «әлеуметтік әділетсіздік ұзақ уақыт бойы жиналып, билікпен диалог үзілген сәтте пайда болатын халықтық қарсылықтың радикалды формасы» деп сипаттайды. Мұнда көтеріліс – соңғы амал, жүйені мойындамаудың көрінісі.

Ал неміс социологы Макс Вебер көтерілісті биліктің легитимдігіне қарсы әрекет ретінде қарастырып, оны «заңды үстемдікке ашық түрде қарсы шығу» деп анықтайды. Бұл анықтамада көтерілістің басты сипаты – билікті заңды деп танымау. Осы тұжырымдарды жинақтай отырып, көтеріліске мынадай анықтама беруге болады:

Көтеріліс – халықтың немесе оның белгілі бір бөлігінің әлеуметтік, ұлттық немесе саяси қысымға қарсы биліктің легитимдігін жоққа шығара отырып, ашық әрі радикалды қарсылық көрсетуі.

Қазақ тарихындағы Кенесары Қасымұлы көтерілісі (1837-1847) осы анықтамаға толық сай келеді. Бұл қозғалыста тек жекелеген талаптар емес, мемлекеттілікті қалпына келтіру, отарлық жүйені түбегейлі жою идеясы алға шықты. Мұнда халық билікпен келіссөз емес, тарихи таңдау жасады.

Митинг болса жаңа дәуірдің, азаматтық қоғамның тілі. Бұл ұғым ХХ ғасырда саяси теорияда кеңінен талдана бастады. Америкалық саясаттанушы Сидни Тарроу митингті «азаматтардың билікке қысым жасаудың бейбіт әрі ұжымдық формасы» деп түсіндіреді. Яғни митинг – жүйені құлатуды емес, оны тыңдатуды көздейді.

Ал неміс философы Юрген Хабермас митингті қоғамдық кеңістіктегі пікір алмасудың бір формасы ретінде қарап, оны қоғамдық пікірді қалыптастыру құралы деп бағалайды. Бұл жерде басты құрал – күш емес, сөз. Митингтің басты ерекшелігі – оның заңдылыққа, жариялылыққа және сөз еркіндігіне сүйенуі. Мұнда билікке қарсы қару емес, аргумент қойылады; қақтығыс емес, диалогқа ұмтылыс алдыңғы қатарға шығады.

Көтеріліс пен митинг – бір түбірден тарағанымен, тарихи функциясы әртүрлі құбылыстар. Егер көтеріліс – жүйенің өзін жоққа шығару болса, митинг – сол жүйе ішіндегі өзгеріске ұмтылыс.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – митингке берілген анықтаманың тарихи дәлелі. Алматы алаңына шыққан жастар қарулы қақтығысқа емес, әділетті талапқа жүгінді. Олар республиканы басқару ісінде ұлттық мүдденің ескерілуін талап етті. Бұл Тарроу мен Хабермас айтқан азаматтық қарсылықтың классикалық үлгісі. Желтоқсан алғаш митинг ретінде басталды. Бірақ биліктің күш қолдануы, сөзге жауап бермеуі бұл оқиғаны трагедияға айналдырды. Осы тұрғыдан алғанда, Желтоқсан – митингтің көтеріліске айналу шегінде тұрған тарихи сабақ. Желтоқсан – Кенесары көтерілісінен кейінгі қарулы емес, бірақ рухани тұрғыдан қуатты қарсылық. Бұл отаршылдыққа қарсы күрес формасының өзгеруі, бірақ мазмұнның өзгермеуін көрсетеді. 

Бөлісу