Қазақ әдебиетінде әйел жазушының роман жазуы ХХ ғасырдың ортасында оңай қадам емес еді. Бірақ дәл осы ауыр кезеңде ерлер үстемдік құрған шығармашылық әлеміне батыл еніп, жаңа жол салған тұлға – Сара Мыңжасарова. Орта Азия әйелдері арасынан тұңғыш роман жазған қаламгер, талантты аудармашы, журналист, қазақ баспасөзі мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан қайсар қыз.
1924 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының Қара-Шоқат ауылында дүниеге келген Сара Рахманқызы Мыңжасарова жастайынан әдебиет пен білімге құштар ортада өседі. Анасы Ылайық – сауатты, парасатты ұстаз, орыс және әлем классиктерін еркін оқитын көзі ашық жан болған. Ол кішкентай Сараға әдебиеттің сырлы әлемін таныстырып, эстетикалық талғамын қалыптастырса, әкесі Рахманның қарапайым еңбегі мен адамгершілік қасиеті қыздың мінезіне із қалдырды. Осындай зиялы да тәрбиелі ортада өскен Сараның ой-өрісі ерте қалыптасып, рухани әлемі байи түсті. Білімге ынталы қыз кейін Ақтөбедегі мұғалімдер институтына түсіп, сол жерде кәсіби ұстаздық жолын бастайды. Оқу-ағарту саласына араласуы оның жауапкершілігін, ұйымдастырушылық қабілетін айқын көрсетті. Тек он сегіз жасында Шалқар аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайлануы бір өңірдегі жастар саясатын сеніп тапсыратындай деңгейде елдің оған зор сенім артқанын дәлелдейді. Бұл кезеңде Сараның көшбасшылық болмысы айқындалып, қайраткерлік мінезі көріне бастайды. Дегенмен шығармашылыққа деген іңкәрлік оны уақыт өте өз арнасына бұрып, журналистикаға жетелейді. Сөйтіп ол баспасөз саласына ауысып, «Сталиншіл», «Семиреченская правда», «Коммунизм таңы», кейінірек «Казахстанская правда» газеттерінде жемісті қызмет атқарады. Әр мақаласы, әр сұхбаты ұстанымы берік, ойы жүйелі, талғамы жоғары қаламгердің қолтаңбасын айқын көрсететін. Әріптестері Сараны екі тілде бірдей сауатты жазатын, сөз мәдениетін терең меңгерген, әр ортада пікірін тайсалмай айтатын батыл журналист ретінде құрметтеген. Ол оқиға мәнін дәл танып, қоғамдағы түйткілдерді өткір көтере білген, қаламы жүйрік, ойы анық, көзқарасы айқын қаламгер ретінде қазақ журналистикасына жаңа серпін берген тұлғаға айналды.
1950–1970 жылдары Сара Мыңжасарова қазақ әдебиетіне жаңа тыныс әкелген шебер аудармашылардың қатарынан көрінді. Ол Вьетнам, Абхазия, Чехия, Украина, Тәжікстан және Ресей әдебиетінің таңдаулы туындыларын қазақша сөйлетіп, ұлттық әдебиеттің көкжиегін кеңейткен бірегей қаламгер болды. Әлем қаламгерлерінің рухани әлемін қазақ оқырманына жақындату жолында жасаған еңбегі айрықша еді. Сараның талантты аудармаларының ішінде Нгуен Ван Вонгтың терең философияға толы «Буйвол» повесі, абхаз классигі Иван Папаскиридің әйел жанының шытырман тағдырын бейнелейтін «Женская честь» романы, сонымен қатар чех халқының нақышын беретін «Алтын Прага ертегілері», майдан өмірін жан-жақты суреттейтін «Солдат хаттары» суреттемелер жинағы бар. Бұнымен қоса, ол балалар әдебиетінің көптеген шағын кітапшаларын тәржімалап, жас оқырманның дүниетанымын кеңейтуге де үлес қосты. Сара Рахманқызының аудармалары тек тілдік аударма ғана емес, әр халықтың ұлттық бояуын, сезімдік реңкін, көркемдік ерекшелігін дәл жеткізген шынайы шығармашылық еңбектер болды. Оның арқасында қазақ оқырманына алыс елдердің әдебиеті қолжетімді, түсінікті әрі жақын бола түсті.
Сара Мыңжасарованың қазақ әдебиетіндегі дара орны ең алдымен оның прозалық туындыларымен айқындалды. Ол шығармашылыққа бірден қиын әрі жауапты жанр роман жазудан кірісіп, әйел жазушылар арасында батыл қадам жасаған санаулы қаламгердің бірі болды. Оның әдеби мұрасы қазақ прозасына жаңа леп, жаңа көзқарас әкелді. Жазушының негізгі романдары: «Қыр қыздары» (1970), «Әйел бақыты» (1981), «Төзім шеңбері» (1984). Алғашқы романы «Қыр қыздары» жазылған кезде бір емес, бірнеше баспа оны шығаруға жүрексініп, қолжазбаны қайта-қайта қайтарған. Жас Әбдіжәміл Нұрпейісов шығарманы оқуына уақыт жетпегенін айтып кері бергенімен, дәл осы сәтте Сараның әдеби тағдырын басқа тұлға шешті. Ахмет Жұбанов роман қолжазбасын алып, сол түні таңғы төртке дейін ұйықтамай оқып шығып, ертесінде: «Қолыңнан жазу келмейді дегенге ешқашан сенбе. Жаза бер!» – деп ақ батасын берген. Бұл сөздер Сараның әдеби жолына қуат беріп, оның шығармашылық сенімін нығайтып, жазушылыққа біржола бет бұруына себеп болған тағдырлы сәт еді.
Сара Мыңжасарованың прозасы – қазақ қоғамындағы әйелдің ішкі әлеміне үңілген, олардың жан дауысын, арман-үмітін, тағдыр талқысын терең бейнелеген ерекше көркем әлем. Оның кейіпкерлері – өмірден алынған, шынайы, мінезі толық сомдалған, күрделі характерлер. Жазушы әйел бейнесін тек нәзіктік пен сезім аясында ғана емес, қоғамдағы орны, еркіндігі, еңбекке адалдығы, рухани биігі тұрғысынан көрсетеді. Оның кейіпкерлері тағдырдың сынына мойымай, ауыртпалықты еңсеріп, өмірден өз орнын табуға ұмтылған өр рухты жандар.
1971–1983 жылдары Сара Мыңжасарова Қазақ КСР Байланыс министрлігінің мерзімді баспасөз тарату басқармасын басқарып, елдің ақпараттық кеңістігін дамытуда ерекше тарихи рөл атқарды. Бұл кезең қазақ баспасөзінің жаңғыруымен, таралымның бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсуімен ерекшеленеді. Сара Рахманқызы аталған қызметке келген сәттен-ақ қазақ тіліндегі басылымдардың жағдайын жақсартуды, олардың таралу аясын кеңейтуді басты міндет санады. Оның табандылығы мен кәсіби біліктілігінің арқасында небәрі бірнеше жылда қазақ газеттері мен журналдарының таралымы күрт өсіп, республикадағы оқырман санының артуына жол ашылды. Сол уақытқа дейін кей редакторлар арасында кең тараған «қазақ баспасөзі өтпейді» деген сыңаржақ көзқарасқа да Сара нық қарсы тұрды. Сара басқарған жылдары елдегі баспасөз 19 миллион данамен таралып, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл сол кездегі Қазақстан халқы санынан да көп көрсеткіш болатын. Мұндай жетістік басылымдардың әрбір ауылға, әр отбасыға жетуіне мүмкіндік тудырып, ақпарат алмасу мәдениетін күшейтті.
Бұл кезең – Сара Мыңжасарованың ұйымдастырушылық қабілетінің, стратегиялық ойлау жүйесінің және қазақ баспасөзіне деген шынайы жанашырлығының айқын дәлелі. Ол тек баспа өнімін көбейткен жоқ, қазақ тіліндегі баспасөздің беделін көтеріп, ұлттық ақпарат кеңістігінің нығаюына тікелей ықпал етті. Оның еңбегі арқасында әдебиет, мәдениет, ғылым, қоғам мәселелерін көтеретін қазақ газеттері өз оқырманын тауып, бүкіл республика көлемінде кеңінен тарала бастады. Сараның бұл қызметі қазақ журналистикасы тарихындағы ең маңызды белестердің бірі болып қалды.