Міржақып киген тайжақының тарихы

Бөлісу

08.12.2025 6561

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 2025 жылғы 5 наурызда «Торғай Жангелдин музейлер кешені» КММ-мен бірлесіп, Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған «Қазақ рухын оятқан тұлға» атты көрме және дөңгелек үстел бастау алған еді. 


Жыл бойы қайраткер мерейтойына орай бұл көрме елдің әр өңірінде жалғасты.  Ұлттық музей ұйымдастырған көрме Міржақып Дулатұлының ұлт рухын оятудағы рөлін, оның шығармашылық және қоғамдық қызметін кеңінен насихаттаудағы бір көрінісі еді.           

Ұлттық музейде көрме  үш ай сақталды, шамамен 14 мың  408 адам көрмені тамашалаған. Бұл мәдени мұраны ұлықтау және болашақ ұрпаққа ұлы тұлғаның есімін кеңінен таныстыру мақсатының жүзеге асқандығы деп айшықтап айта аламыз. Сондай-ақ, көрме Торғай өңірінде, Қостанай облысында бірнеше ай ашық түрде өткізіліп, өңір бойынша көрмені тамашалаған көрермендер саны едәуір артты.

Бұл көрме еліміз тәуелсіздік алғалы 34 жыл ішінде Міржақып Дулатұлына арналған алғашқы республикалық деңгейдегі көрме болды. Көрмеге ақынның отбасы қолданған 100-ден аса жеке заттар, фотоқұжаттар, әйелі Ғайнижамал мен балалары Әлібек пен Гүлнәрдің жәдігерлері қойылды.

Жалпақ жұртқа «Оян, қазақ!» деп жар салған ұлы тұлғаның рухы қайта оянғандай болды.

Көзіңді аш, оян қазақ көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер басты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп, 

Қарағым енді жату жарамас-ты, - деп ұрандаған.                                        

  Міржақып Дулатұлы (1885–1935) – Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, ақын, жазушы, публицист, қоғам қайраткері және қазақ әдебиетіндегі алғашқы роман «Бақытсыз Жамал» (1910) авторы. Ол «Оян, қазақ!» (1909) кітабы арқылы ұлтты оянуға шақырды, «Қазақ» газетінің дамуына зор үлес қосты, Алашорда үкіметінің бағдарламасын жасауға қатысты. Сонымен қатар, 1921–1922 жылдардағы ашаршылық кезінде Жүсіпбек Аймауытовпен бірге 15 мың бас ірі қара жинап, халыққа көмек көрсетті. Ол «Жанар» жәрдем қорын ұйымдастырушылардың бірі болды. Түрмеде болса да шығармашылығын тоқтатпады, бірақ Кеңес өкіметі кезінде оның есімі мен шығармаларына тыйым салынды. 1991 жылы шығармаларының толық жинағы жарық көрді. Шығармалары  «Оян, қазақ!» (1909, Қазан). «Бақытсыз Жамал» (1910, Қазан) – қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман. «Азамат» (1913, Орынбор). «Терме» (1915, Орынбор). «Есеп құралы» (1922, Ташкент). «Балқия» пьесасы жазған қайраткер-жазушы болды.                                                                                                             

Астана қаласында қойылған көрмені тамашалау барысы

Көрмені ұйымдастырушыларға Қостанай облысы әкімі орынбасары Арман Әбенов облыс әкімінен алғыс хат табыс ету сәті. 

Тайжақының тарихы

Көрмеге қойылған құнды жәдігердің бірі Ұлттық музейдің «Киім және кесте» қорында сақталған тай терісінен тігілген тайжақысы.  Бұл тайжақы – ұлттық мәдениетіміздің маңызды бір бөлігі болып саналады әрі Міржақып Дулатовтың мұрасын сақтаудың жарқын үлгісі. Тайжақы (ішік)  – Міржақып Дулатовқа тиесілі ерекше тарихи жәдігер. Бұл ішікті Орынбордан Қызылордаға көшіп келген еврей іскер тігінші арнайы қолмен тіккен. Ішік жас тай терісінен тігілген, астары мақта-матадан жасалған және ілгекті түймелері бар. Тарихи маңыздылығы Міржақып Дулатов бұл ішікті 1925-1928 жылдар аралығында жауапты қызмет атқарған кезде киген. Оның жары Ғайнижамал Баймұратқызы 1940 жылға дейін ішікті жел-күнге тигізбей, көздің қарашығындай сақтаған. Кейін қызы Гүлнәр бұл жәдігерді бүлдірмей сақтап, әкесінің көзіндей көріп, бүгінгі күнге бүтін қалпында жеткізген. 2009 жылы Тайжақы Қазақстан Республикасының Президент Мәдени орталығына тапсырылды. 2014 жылы ҚР Президент Мәдени орталығынан Ұлттық музейдің есебіне алынып, «Киім-кешек және кесте» қорына түсті.

Міржақып киген тайжақы

Маржан Шүкіржанқызы,

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің 

Ғылыми-әдістемемелік жұмыстар қызметі,

Қазақстан тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері

Бөлісу