Қазақтың үйлену салттары тым көп айтылғандай көрінгенімен, әлі күнге дейін жұрт білмей жүрген көне ғұрыптар аз емес. Солардың бірі – қалыңмалы төленіп, ұрын тойы өтетін күні жүзеге асатын, қыз бен күйеу жігіттің алғаш жүздесуімен тығыз байланысты «қыз қашар» дәстүрі.
Қазақ дәстүрінде күйеудің қалыңдық еліне алғашқы келуі «ұрын келу» деп аталған. Ал қыздың атастырылған күйеуін алғаш рет көруі – «қыз қашар». Бұл рәсім ұрын той үстінде өтеді. Ұрын той – ауыл жастары көп жиналатын, көңілді де думанды жиын. Жас жеңгелер, бойжеткендер мен жігіт жақтың жолдастары бас қосып, ойын-сауық пен әзілі жарасқан ерекше орта қалыптасқан. Осы тойда күйеуден әртүрлі кәделер қол ұстатар, шаш сипатар, қыз құшақтар, арқа жатар, көрпе қимылдатар секілді сый-сияпаттар сұралады. Бұл кәделердің әрқайсысы жас жұптың жақындасуы мен туыстық байланысты бекітуге бағытталған.
«Қыз қашар» кезінде екі жастың алғаш рет оңаша сөйлесіп, бір-бірін шын мәнінде танып-білуіне жағдай жасалған. Егер қалыңдық жігітті ұнатса, оған орамалын сыйға тартып, өз ықыласын білдіреді, ал күйеу жігіттің іні-қарындастарына да ұсақ сыйлықтар береді. Бұл – қыздың жаңа әулетке іштей ризылығын көрсететін ишара. Дәстүрдің құқықтық жағы да маңызды. Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылса, бұл қазақ заңында өте ауыр іс саналған. Егер жігіт жағы себепсіз айнып қалса, бұрын берілген қалың мал қайтарылмай, үстіне айып төлейтін болған. Ал батаны қыз жағы бұзса, қалың мал толық қайтарылып, қосымша айыпқа жығылған. Мұның өзі құдалықтың жеңіл-желпі уәде емес, екі әулетті байланыстыратын жауапты келісім екенін көрсетеді.
Кей деректерде «қыз қашар» атауы қыз ұзату алдындағы тағы бір ерекше рәсіммен байланыстырылады. Қалыңмалы түгел төленген соң, қалыңдықтың әкесі құдаларға күйеу жігіттің қыз ұзату тойына қай күні келуі керегін алдын ала хабарлатқан. Сол сапарында күйеу жігіт құдалықта келісілген соңғы сый-сияпаттарын той малы мен жыртысын, отаудың түндік-туырлығын, тойға арналған кәделерін ала келген. Ауылға жеткенде ол әдеттегідей сыртта тоқтап, қыз-келіншектер оған арнап жолым үй немесе уақытша шатыр тігіп, қонақ қылған. Дәл осы күні қалыңдықты жеңгелері атқа мінгізіп, көрші ауылдағы туыс не таныс үйге әкеткен. Бұл әрекет «қыз қашар» деп аталған. Артынша күйеу жігіттің жолдастары қызды іздеп тауып, сол жерде қалыңдық үшін тартыс басталған. Тартысқа екі жақ та шын ниетпен кірісіп, кейде киім жыртылып, мұрыннан қан кететіндей ыңғайсыз жағдайлар да болып тұрған. Көңіл-күйі ойын-оспаққа құрылғанымен, бұл – символикалық бәсеке, күйеу жағының жігері мен жомарттығын сынайтын сынақ іспетті болған. Кей өңірлерде мұндай тартыс бірнеше күнге созылып, соңында жігіт жағы сыйлықтар беріп, қарсы жақты біртіндеп өз жағына шығарып, қалыңдықты ауылына қайта алып келген. Осылайша, «қыз қашар» жай ғана «ойын» емес, ұрын тойдың шарықтау шегіне айналған, екі әулеттің қарым-қатынасын, жастардың өзара ықыласын және құдалықтың беріктігін айқындайтын салт. Бүгінде бұл дәстүр кең таралмаса да, оның мазмұны қазақ қоғамындағы отбасының, сөздің, уәденің қадірін және жастардың отбасылық өмірге қадам басуын ерекше бейнелеп береді.