Жетісу облысында археологтар б.з.д. IV–III ғасырларға жататын алтын әшекейлерді, қола және сүйек бұйымдарын, сондай-ақ керамикалық заттарды тапты. Құнды олжалар Қаратал ауданындағы Дауылбай жотасының етегінде орналасқан аттас қорымда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде анықталды, деп хабарлайды e-history.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметінше, археологиялық зерттеулер 2023–2024 жылдары тарих ғылымдарының докторы Досбол Байғұнақовтың жетекшілігімен жүргізілген. Барлық табылған артефактілер Мұхамеджан Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырылып, жақында ғана толық реставрациядан өткен.
Қорым аумағында археологтар алтын әшекейлердің фрагменттерін, моншақтар, сырғалар, сүйек түймелер, қола түйреуіштер, белдік тоғалары мен әртүрлі керамикалық құмыраларды тапқан. Әсіресе алтын пластиналар мен мәртебелі адамдардың ғұрыптық және салтанатты киімдеріне тағылатын «варворка» атты әшекей ерекше құндылық ретінде бағаланды. Сондай-ақ зерттеушілер сүйектен жасалған «жылан-айдағар» бейнесіндегі ерекше артефактқа назар аударған. Ол көне діни жоралғыларда қолданылған болуы мүмкін.
Музей қорының сақтаушысы Максат Олжібектің айтуынша, Дауылбай қорымында қазба жұмыстары 1960-жылдардан бері жүргізіліп келеді, алайда соңғы экспедициялар ғылыми тұрғыдан аса маңызды жаңалықтар әкелген. 2023 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары бірнеше қорғанды зерттеп, олардың ішінде билеуші әулеттерге тиесілі элитарлық қорғандар бар екені анықталған. Солардың бірі диаметрі шамамен 40 метр, биіктігі 3–4 метр болатын ірі қорған болып табылады. Қорған ішінен ер адамның сүйегі табылып, оң жағынан сақ жауынгерлеріне тән темір қылыш – акинак, ал жанынан алтын пластиналар мен варворка шыққан. Бұл адамның қоғамдағы мәртебесінің өте жоғары болғанын дәлелдейді.
2024 жылғы зерттеу нәтижелері одан да қызықты жаңалық әкелді. Археологтар әйел мен баланың бірге жерленген сирек кездесетін қосарлы қабірді анықтады. Мұндай жерлеу дәстүрі бұл өңірде алғаш рет кездесуінің ғылыми мәні зор. Баланың бойы шамамен 95 см болғаны, ал бас тұсынан алтын сырғалар табылғаны белгілі болды. Сонымен бірге, қазба барысында сақтардың аң стиліне тән бұғы бейнесі салынған қола пластиналар анықталды. Бұл артефактілер 2024 жылдың қарашасында музейге өткізіліп, 2025 жылы «Ғылыми-эксперименттік қолданбалы археология» ЖШС мамандары тарапынан толық реставрациядан өтті. Металл бұйымдар коррозиядан тазартылып, сүйек және керамикадан жасалған заттар қалпына келтірілгеннен кейін олар музейдің жаңа экспозициясына қойылды.
Археологтардың дерегінше, Дауылбай жотасы – Қазақстандағы әлі толық зерттелмеген аймақтардың бірі. Жотаның 100 шаршы километрден асатын аумағында 190-нан астам археологиялық нысан тіркелген. Олардың ішінде 150-ге жуық қорым, 20-дан аса тұрақ пен көне қоныс, сондай-ақ әр дәуірге жататын 20 петроглифтер шоғыры бар. Ғалымдар әсіресе элитарлық қорғандар арқылы өңірдің ежелгі билік жүйесін, әлеуметтік құрылымын және салт-дәстүрін зерттеуге ерекше мән беріп отыр. Жаңа табылған бұл олжалар Жетісу өңірінің көне тарихын тереңірек танып-білуге зор мүмкіндік беріп, Қазақстан археологиясының маңызды жаңалықтарының біріне айналды.