Үржар ханшайымының тарихы

Бөлісу

03.12.2025 6290

Шығыс Қазақстандағы Үржар өңірінен табылған көне қорған қазақ археологиясындағы ең ірі жаңалықтардың бірі саналады. Ғалымдар бұл жерден б.з.д. IV–III ғасырларға жататын ақсүйек текті жас әйел мүрдесін тауып, оны ғылыми орта «Үржар ханшайымы» деп атады. Бұл жаңалық Қазақстан тарихын жаңа деректермен толықтырып қана қоймай, ежелгі көшпелілер қоғамындағы әйел мәртебесі, жерлеу дәстүрлері мен көркемдік танымына тереңірек үңілуге мүмкіндік берді.


Үржар ханшайымының тарихы қарапайым жағдайдан басталады. 2011 жылы Таскескен – Бақты автожолын жаңарту кезінде Алтыншоқы ауылының маңындағы белгісіз төбешік көзге түседі. Жергілікті тұрғындар тарапынан көп мән берілмеген бұл төмпешікке археологтердің назары ауып, нысан алдын ала тексеріледі. Амантай Исиннің айтуынша, «Алтыншоқы» атауының өзі бұл жердің ертеден-ақ қасиетті, құнды мәдени қабаттарды жасырған мекен екенін аңғартқан. Арада екі жыл өткен соң, жол құрылысын жалғастыруға байланысты қорғанды толық зерттеу қажеттігі туындап, 2013 жылы Темір Смағұлов бастаған Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының экспедициясы қазба жұмысын қолға алады. Экспедиция құрамында тәжірибелі ғалымдармен бірге Семей педагогикалық институты мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері, жас археологтар болды. Қазба жұмыстары таңсәріден бастап күн батқанша тоқтаусыз жүргізілді. Жұмыс барысында қорғанның құрылымы күрделі екені байқалды. Бір жарым метрлік тас үйінді мен бірнеше қабаттан тұратын қорым археологтерден мұқияттық пен кәсібилік талап етті. Әрбір тас, әрбір топырақ қабаты суретке түсіріліп, өлшеніп, белгіленіп отырды. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде қазба тобы бірнеше мың жыл бойы бұзылмай сақталған тас саркофагты анықтап, оның ішінде б.з.д. IV–III ғасырларға тиесілі ақсүйек әйелдің мүрдесін тапты. Бұл – тек Үржар өңірі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан археологиясы үшін аса маңызды оқиға болды. Ханшайымның сақталған киімі, бас киімі, қасында жатқан тұрмыстық және діни бұйымдар ғылыми тұрғыдан бағалы деректер беріп, археологтерге сақ дәуірінің әлеуметтік құрылымы мен жерлеу дәстүрлерін тереңірек зерттеуге жол ашты.

Қазба жұмыстары барысында қорғанның астында екі бөлек жерлеу кешені бар екені анықталды. Оның бірінде ер адамның сүйегі жатқан, бұл қабір бастапқы нысанға қосымша жерлеу ретінде қарастырылады. Ал екінші, негізгі бөлігіндегі қалың әрі ауыр гранит тақталардың астынан шамамен 30–35 жас шамасындағы әйелдің сүйектері табылды. Саркофагтың бүтін сақталуы – археология үшін зор табыс. Өйткені мүрде мен оның айналасындағы барлық заттар бастапқы қалпында жеткен. Әйел жерленген қабір шұңқырынан сол дәуірге тән салт-жоралғыларды айғақтайтын бірнеше құнды бұйым шықты. Олардың ішінде ағаш және керамикалық ыдыстар, қойдың жамбасы салынған қазан, құрбандық тасы және алтыннан жасалған сырға бар. Бұл заттар жерленген адамның қоғамдағы мәртебесін анық көрсетеді. Археологтердің пікірінше, құрбандыққа арналған тас пен алтын әшекейлер жас әйелдің текті әулеттен шыққанын, ал салтанатты түрде дайындалған ас тағамы оның ерекше құрметпен жерленгенін дәлелдейді.

Үржар ханшайымының қабірінен табылған ең бағалы олжа – өсімдік тектес өрнектермен және қиял-ғажайып жануарлардың бейнелерімен безендірілген сүйір алтын бас киім. Жоғарғы бөлігінің оқ тәрізді ұшы алтын сымдарды шиыршықтап жасау тәсілімен дайындалған, ал төменгі жағы ежелгі зергерлер қолданған кедір-бұдыр ілмектермен әсемделген. Бұл техника сол дәуір қолөнерінің жоғары деңгейде болғанын айғақтайды. Бас киімнің жалпы пішіні мен сәндік шешімі қазақтың дәстүрлі сәукелесін еске түсіреді. Мұндай салтанатты бас киімдер тек ерекше әлеуметтік мәртебеге ие әйелдерге тән болған. Оның Есік қорғанынан табылған Алтын адамның бас киімімен стильдік сәйкестігі сақ қоғамындағы эстетикалық түсініктің ортақтығын көрсетеді. Зерттеушілердің пайымынша, сәндік элементтердің байлығы мен бас киімнің салтанатты сипаты ханшайымның Тигрохауд сақтарының билеуші әулетіне жақын тұлға болғанын дәлелдеуі мүмкін. Бұл – оның қоғамдағы орны жоғары болғанын көрсететін маңызды археологиялық белгі.

Қорғанның жоғарғы қабатынан табылған тағы бір адамның сүйегі зерттеушілердің назарын ерекше аудартты. Оның басы мен оң қолы әдейі бөліп алынғаны анық байқалады. Мұндай жерлеу тәсілі ол адамның ханшайыммен бірге құрбандыққа шалынған қызметші немесе күң болғанын айғақтайды. Археологтердің айтуынша, бұл – сақ дәуіріндегі жерлеу салттарының қаталдығын көрсететін сирек кездесетін дерек. Билік өкілі немесе ақсүйек ортасындағы адам дүниеден өткенде, оның мәртебесін сақтау мақсатында кейде қызметшілерінің бірін құрбан ету дәстүрі болған. 

Үржар ханшайымы табылғаннан кейін археологтер алдында мүрдені бүлдірмей, бастапқы қалпында сақтау деген маңызды міндет тұрды. Осы мақсатта Қырым Алтынбеков жетекшілік еткен реставраторлар тобы ерекше әдіс қолданды. Олар ханшайым жатқан саркофагты топырағымен қоса, монолит күйінде алып шықты. Бір тоннадан асатын ауыр құрылымды кран арқылы көтеріп, Алматыдағы арнайы зертханаға жеткізді. Бұл тәсілдің арқасында ханшайымның киімі, бас киімі және қасындағы жерлеу бұйымдары еш зақымданбай, өз қалпында сақталды. Дәл осы әдіс кейінгі ғылыми зерттеулерге жол ашып, ежелгі сақ мәдениетінің бірегей элементтерін толық қалпына келтіруге мүмкіндік берді.

Зертханалық кезеңде антрополог Рамазан Жанұзақ бастаған мамандар әйел сүйегіне кешенді талдау жүргізді. Оның бас сүйегінен нәресте кезінен бесікке таңу дәстүріне тән жалпақталу байқалды.  Сонымен қатар қалыпқа келтіру нәтижелері Үржар ханшайымының бет пішіні қазіргі қазақ әйелдерінің келбетіне өте жақын екенін көрсетті. Бұл жайт – 4 мың жылға жуық морфологиялық дамудың бірізділігін дәлелдейтін аса құнды ғылыми дерек. Осылайша, ханшайымды толық күйінде сақтау барысында жасалған кешенді реставрация мен антропологиялық зерттеулер ежелгі сақ қоғамының мәдениеті, сыртқы келбеті және дәстүрлері туралы бұрын болмаған жаңа мәліметтер берді.

Үржар ханшайымы – Есік қорғанынан табылған Алтын адамнан кейінгі ең ауқымды әрі маңызды әйел тұлғасы. Ол сақ қоғамындағы әйелдердің орны ерекше болғанын дәлелдейді. Ханшайымдардың билікке араласуы, салтанатты әрі күрделі зергерлік әшекейлермен безендірілген киім киюі, ерекше құрметпен жерленуі – сол дәуірдегі әлеуметтік құрылымның жоғары деңгейін көрсетеді. Археологтер Үржар ханшайымын ұлттық тарихқа қосылған аса құнды мұра деп бағалайды. Оның табылуы сақ мәдениеті, жерлеу дәстүрлері, зергерлік өнері және әйелдердің қоғамдағы рөлі туралы тың ғылыми деректер ұсынды. Бүгінде ханшайымның қалпына келтірілген бейнесі музей экспозициясында ерекше орын алып, мыңдаған келушіге көне дәуірдің сұлулығын, көшпелілер өркениетінің биік рухын танытып тұр. 

Бөлісу