Қазақ телевизиясының қарлығашы – Зұлқия Жұматова

Бөлісу

28.11.2025 5756

Қазақ телевизиясының тарихында Зұлқия Жұматованың есімі мәңгілікке алтын әріппен жазылды. Ол – Қазақстандағы алғашқы теледиктор ғана емес, ұлттық экран мәдениетінің бастауында тұрған дара тұлға. Қазақ тіліндегі ең алғашқы тікелей эфирдің дауысын жеткізіп, миллиондаған көрерменді жаңа медиамен алғаш таныстырған, тележурналистиканың қазақ жеріндегі алғашқы мектебін қалыптастырған қарлығаш.


Зұлқия Мұқанқызы 1920 жылы 20 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Оның балалық шағы қиындыққа толы болды. Он бес жасында анасынан айырылып, жеті бауыры мен сал болып қалған әкесінің бар жауапкершілігін өз мойнына алды. Ашаршылық, жоқшылық, соғысты көрген сол кезеңнің әр күні күреспен өтті. Бірақ Зұлқия Мұқанқызы қиындыққа мойымай, еңбекқорлығы мен қайсарлығының арқасында бауырларын аман сақтап, аяқтандырды. Ел басына күн туған шақта ол Павлодардағы әскери зауытта жұмыс істеп, тылдың қастерлі еңбегіне өз үлесін қосты. Жастайынан өмірдің сынын көп көрген Зұлқия Мұқанқызы осы ауыр жылдарда шыңдалып, кейіннен үлкен өнер жолына түсуіне негіз болған табандылық пен төзімнің нағыз мектебін өтті.

1958 жыл Зұлқия Жұматованың өміріндегі ғана емес, қазақ телевизиясы тарихындағы да ең жарқын кезеңдердің бірі болды. Бұл жылы Қазақстанда тұңғыш рет телеарна ашылып, жаңа медианың бетін ашатын дикторларды іріктеу басталды. Бір орынға 750 адам таласқан үлкен конкурста Зұлқия Мұқанқызы табиғи дауыс ырғағымен, анық дикциясымен, қазақ сөзін әсем жеткізе білу шеберлігімен бірден ерекшеленді. Қабылдау комиссиясының құрамында Шәкен Аймановтың өзі болып, оның өнеріне жоғары баға берген. Осы байқаудан кейін Зұлқия Жұматова қазақ теледидарының тұңғыш дикторы атанды. 1958 жылдың 8 наурызында ол тарихта алғаш рет тікелей эфирге шығып, бүкіл қазақ даласына жүрек жылуындай естілген «Кеш жарық!» деп сәлем жолдады. Бұл сәт қазақ телевизиясының жаңа дәуірге қадам басқан тарихи белесі еді.

Телевизияның алғашқы жылдарында жұмыс істеу бүгінгідей жеңіл де, жайлы да болған жоқ. Жүргізушілерге арналған арнайы құралдар да, алдын ала жазылған мәтін де болмады. Эфирдің бәрі тікелей жүргізілетін. Сондықтан әр хабардың мәтінін жатқа айту, әр сөйлемді мінсіз жеткізу диктордың басты міндеті еді. Зұлқия Жұматова күннің алғашқы сәулесінен түн ортасына дейін студияда отырып, хабарды бір сәт те кідіріссіз жүргізді. Қазақ тіліндегі хабарларды дәл, анық, әуезді тілмен жеткізген ол орыс тілінде эфир жүргізген Нелли Омаровамен бірге алғашқы тележүргізушілер жұбы ретінде тарихқа енді. Сол кезеңдегі көрермендер оларды ерекше құрметтеп, сүйіспеншілікпен «дикторлар» деп атайтын. Екеуінің тікелей эфирдегі кәсіби мәдениеті мен жауапкершілігі қазақ телевизиясының алғашқы мектебін қалыптастырды. Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде ол КСРО Орталық телевидениесінде Юрий Левитан, Нина Кондратова сияқты аңыз дикторлармен бірге жұмыс істеді. Бұл тәжірибе оның кәсіби деңгейін одан әрі шыңдады. Телевизиядағы он екі жылдық еңбегі қазақ журналистикасы мен эфир мәдениетінің бастауына айналды.

Зұлқия Жұматованың өмір жолы тек телевизиямен шектелмейді. Ол шығармашылыққа да ден қойып, балаларға арналған өлеңдер мен ертегілер жазды. «Бөбегім» атты бесік жырына сазгер Бақытжан Байқадамов ән жазып, оны әйгілі әнші Жамал Омарова орындады. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Мараттың таңдауы» атты кітабы 200 мың данамен жарық көрді.

Өмір жолы қаншалықты ауыр болса да, ол үнемі адамгершілік пен махаббатты ту етті. Бірінші күйеуі соғыста қаза тауып, екі баламен жесір қалған Зұлқия Мұқанқызы кейіннен Ауыл шаруашылығы институтының ректоры Әубәкір Жұматовқа тұрмысқа шықты. Екі отбасы бір шаңырақ астында ұйысып, сегіз баланың ата-анасы атанды. Күйеуі ерте дүние салған соң, Зұлқия Мұқанқызы барлық ауыртпалықты өз мойнымен көтеріп, ұлын-қызын оқытты, өмірге бейімдеді.

Бүгінде Зұлқия Жұматова 105 жаста. Ол – қазақ телевизиясының қарлығашы ғана емес, ұлттық экран мәдениетінің қалыптасуына жол ашқан дара тұлға, тұтас бір дәуірдің куәгері. Оның дауысы арқылы қазақ халқы алғаш рет телехабар тыңдап, жаңа медианың мүмкіндігін сезінді. Зұлқия Мұқанқызының өмір жолы – табандылықтың, еңбекқорлықтың және рухани беріктіктің үлгісі.

Бөлісу