Қазақтың құқықтық-әдеттік мәдениетінде кез келген әрекет пен ишараның терең мағынасы бар. Солардың ішіндегі ең ауыр, ең кесімді шешімдердің бірі – «ат құйрығын кесу» дәстүрі. Бұл – араздасқан адамдардың бір-бірімен қайта табысу мүмкіндігінен түбегейлі бас тартқанын білдіретін, елден безу мен туыстық байланыстан ажыраудың символдық рәсімі.
Көшпелі өмір салтында ат – тек көлік немесе күнкөріс құралы емес, ер-азаматтың серігі, жолдасы, тіпті оның намысы мен беделінің айнасы болған. Сондықтан атқа қатысты жасалған әрбір әрекет иесінің ішкі күйі мен ниетін бейнелейтін белгі ретінде қабылданған. Сол белгілердің ішінде ең қатал да, ең қайғылысы – «ат құйрығын кесу». Ел ішінде түрлі жағдайда әділетсіздікке ұшыраған, жақындарымен мүлде келісе алмаған немесе ауыр реніштің құрсауында қалған адам туған ауылынан біржола кетуге бел буғанда, өз атының қыл құйрығын шорт кесіп, қолын төбесіне қойып елден шығып кеткен. Бұл әрекет оның енді қайтып оралмайтынын, ағайыннан, қоғамнан разы болмай кетіп бара жатқанын білдіретін ең соңғы ишара саналған. «Ат құйрығын кесіп кетті» деген тіркес қазақ тілінде өліммен пара-пар ауыр қоштасу мағынасын иеленуі сондықтан .
Бұл рәсімнің өзіндік тәртібі болған. Екі жақтың арасындағы дау өршіп, тіпті ақсақалдар кеңесі де бітістіре алмайтындай жағдай туындағанда, тараптар көпшілік алдында өз уәжін айтатын. Реніштің түп себебі, кімнің қандай қателік жібергені айқындалатын. Егер бір тарап өзін мүлде жәбірленген, намыстан тапталған сезінсе немесе қарсы жақ ата-баба жолынан ауытқыған әрекет жасады деп шешсе, ең түпкілікті шешім ретінде ат құйрығын кесуге бел буатын. Бұл – бұрынғы барлық байланыстың, мәртебенің, туыстықтың, тіпті бірге туғандай жақындықтың тоқтағанын білдіретін ауыр қадам еді. Көп жағдайда мұндай амалға барған адам басқа ауылға, басқа өңірге көшіп кететін, кейде бөтен руға сіңіп кететін.
Ат құйрығын кесу әрекеті «ат кекілін кесу» салтынан да ауыр саналған. Ат кекілін кесу уақытша ренішті білдіруі мүмкін болса, ат құйрығын кесу қайтып бірігу мүмкіндігін жоққа шығарады. Бұл – адам мен қауымның арасындағы психологиялық және моральдық көпірдің біржола бұзылуы. Қазақтың «ат құйрығын кеспе», «төбеңе қолыңды қойма» деген тыйымдары да осыдан қалған. Мұндай белгілер ойын-күлкіде, тұрмыста орынсыз қолданылмайды, себебі ол үлкен жамандықтың ишарасы саналған.
Бұл дәстүрдің әдебиетте көрініс табуы да кездейсоқ емес. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» дастанында Қалқаман батыр өзін оққа байлаған еліне қатты налыған сәтте ат құйрығын кесіп, туған жұртынан безіп кетеді. Бұл эпизод арқылы ақын ат құйрығын кесудің – намысқа тиетін, көңілді жаралайтын шешім екенін айрықша айтады.
Сонымен қатар, қазақтың ынтымаққа ерекше мән бергенін байқауға болады. Мейлінше ауыр жағдай туындағанда да ауыл ақсақалдары, ара ағайын адамдарды бітімге шақырып, жанжалдың ушығуына жол бермеуге тырысқан. Тарихи деректерде көп даулардың ақырында татуласумен аяқталғаны айтылады. Қазақ қоғамы қандай ауыр жағдайда да туысқандық байланыс үзілмесін, реніш түбегейлі араздыққа ұласпасын деген қағиданы берік ұстанған.
Дегенмен бәрі бірдей келісімге келе бермеген. Кей жағдайларда адамның өзін-өзі елден алыстатуы, отбасымен бірге басқа аймаққа қоныс аударуы қоғамның да, жеке тұлғаның да тағдырында терең із қалдырған. Сондықтан ат құйрығын кесу – қазақтың құқықтық мәдениетіндегі ең драмалық, әрі сирек орын алған, бірақ мағынасы өте терең салттардың бірі.