Көп елдің арасында менің туым желбірегенде еріксіз жыладым - Өзтүрік
Бөлісу
24.11.20255280
23 қараша әлемге аты танылған, жат жұртта туып-өссе де жүрегі қазақ деп соққан Мұстафа Өзтүріктің туған күні. Қазақ және түрік таеквондо мектептерінің негізін қалаған, 7-дан қара белбеудің иегері, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Қабенұлы Әбдірахман тірі болғанда 71 жасқа толар еді, деп хабарлайды E-history.kz порталы El.kz-ке сілтеме жасап.
Алтайдан Анадолыға созылған тағдыр жолы
Мұстафа Өзтүрік 1954 жылы 24 қарашада Түркияның Кайсери қаласындағы Мұсаходжалы ауылында дүниеге келген. Ал оның ата-бабалары 1930-жылдардың ауыр кезеңінде Қытайдың Алтайына көшіп, одан әрі Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткен қазақ диаспорасының өкілдері болатын.
Бала кезінен білімге құштар, спортқа бейім болып өскен Мұстафаның қара күші оны жекпе-жек әлеміне жетеледі. 16 жасында Ыстамбұлдағы мектепті тәмамдап, арнайы бағдарлама бойынша Тайваньға білім алуға аттанды. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінен дарынды жастарды жинаған ерекше жоба еді.
1975-1980 жылдары ол Тайбэйдегі Халықаралық саясат университетінде «журналистика» мамандығын оқыды. Дәл осы жылдары Мұстафа өз өмірін өзгерткен корейдің жауынгерлік өнері – таэквондомен танысып, сары-жасыл белбеу деңгейіне жетті.
Еуропадағы мектептер, алғашқы чемпиондар
Оқуды бітірген соң Мұстафа Өзтүрік Мюнхен қаласында әскери қызметкерлер мен полицияға шығыс жекпе-жегін үйретумен айналысты. Кейінірек Кельн, Мюнхен және Ыстамбұлда өз таеквондо мектептерін ашты. 1980-жылдардың басында оның шәкірттері әлемдік жарыстардан медаль ала бастады.
Атажұртқа оралып, қазақ таеквондосының іргетасын қалады
1990 жылы Қазақстан билігінің шақыруымен Мұстафа алғаш рет тарихи отанына табан тіреді. Сол жылы Алматыға қоныс аударып, қазақ жастарын таеквондоға баули бастады. 1991 жылы Қазақстан таеквондо федерациясын құрды.
Ол әр сұхбатында тіл, дін, дәстүр – ұлттың тұтас болмысы екенін ерекше айтатын. Оның жанайқайы қазақ руханиятының қадірін ұғындырғандай:
Елге келген уақыттың ішінде көптеген жерді араладым, бауырларымызбен кездестім. Сөйтсем, көптеген бауырым тіл білмейді екен. Біз тіл білмейміз, Қазақстанға келіп тіл үйренеміз деп жүрсек, осы жердегі қазақтардың өздері тілден айырылып қалыпты. Ендеше біз кімнен үйренеміз? Тіл өте күшті нәрсе. Тіл жоғалса, ел жоғалады. Дін де сондай. Дінімізді жоғалтып, Құдайымызды танымасақ, мұсылмандықтың шарттарын ұмытсақ, онда біз әкемізді де, шешемізді де сыйламаймыз. Дәстүр ұмытылса, осы дәстүрді бізге жеткізген бабалар да ұмытылады. Тіл, дін және дәстүріміз бір болуы керек, – деген еді Мұстафа Өзтүрік.
Кейінгі сұхбаттарының бірінде ол қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанған тектілік тәрбиесіне де тоқталған:
Әр қазақ жеті атасын білуі керек. Бізді ата-бабаларымыз соған баулыды. Бірақ бөлінуге болмайды – бәріміз бір қазақпыз, – деген болатын.
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жалауын көтерген сәт
1992 жылы Қазақстан Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (WTF) мүшелігіне қабылданды. Сол жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан азаматтығын алды. Оның шәкірттері алғаш рет халықаралық жарысқа қатысып, Түркияда екі алтын медаль жеңіп алды.
Кейін әлеуметтік желілерде кең таралған бейнежазбада Мұстафа Өзтүрік сол тарихи сәттегі толқынысын жасыра алмағанын еске алады:
Кейде ер адам да жылайды… Бірінші – елін сағынғанда, екінші – жақынынан айырылғанда. Ал үшіншісі – біз алғаш рет Қазақстан командасын құрып, көк туымызды халықаралық аренада көрген күн болды. Көп елдің арасында менің туым желбірегенде еріксіз жыладым. Бұл Алланың берген қуанышы еді, – деген еді ол толғанып.
Бұл сөздердің өзі оның ұлтына деген шексіз махаббатын дәлелдейді.
Қысқа ғұмыр, мәңгілік мұра
1995 жылы Мұстафа Өзтүрік жаттықтырған қазақстандық спортшылар әскери таеквондодан өткен әлем чемпионатында тек Оңтүстік Кореяға жол беріп, күміс жүлде алды.
Алайда сол жылы, 15 наурызда, Мұстафа Өзтүрік Алматы қаласында жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Оның денесі туыстарының шешімімен Ыстамбұлдағы Гүнешлі ауданындағы қазақтар көп тұратын зиратқа, әкесінің қасына жерленді.
Әкесі – Әбдірахман Төлебайұлы (түрікше аты – Кабен) Түркиядағы қазақтар арасында ең сыйлы тұлғалардың бірі болған, ал нағашы атасы Қайысбай Иісұлы – Баркөл мен Мори өңірлерінде аты шыққан әйгілі балуан.
Халық жүрегіндегі мәңгілік есім
Мұстафа Өзтүріктің қысқа ғұмыры аққан жұлдыздай жарқ етіп, қазақ спорты мен ұлттық руханиятында өлшеусіз мұра қалдырды. Оның еңбегі мәңгілік халық жадында:
2000 жылы Алматыда бір көшеге батырдың есімі беріліп, ескерткіш тақта қойылды.
2004 жылы Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында Мұстафа Өзтүрікке арналған ескерткіш ашылды.
2014 жылы Астана мен Алматы қалаларында оның 60 жылдығы кең көлемде аталып өтті.
Оның өмірі туралы бірнеше деректі фильм түсірілген.
Мұстафа Өзтүрік – жалын жүректі, халқын шексіз сүйген, таеквондо арқылы қазақ жастарына жаңа жол ашқан ұлы тұлға. Сол үшін де қазақ елі ерте кеткен есіл азаматын ешқашан ұмытпайды.