Пушкиннің «Капитан қызын» қазақ тілінде кім сөйлетті?

Бөлісу

24.11.2025 5202

Александр Пушкиннің әйгілі «Капитан қызы» повесі қазақ тіліне алғаш рет ХХ ғасырдың басында аударылғаны көпшілікке беймәлім. Бұл аударма – қазақ әдебиетінің аударма мәдениетін қалыптастырған алғашқы қадамдардың бірі. 1903 жылы Қазанда жеке кітап болып жарық көрген Молданияз Бекімов нұсқасы қазақ оқырманын әлем әдебиетінің классикалық прозасымен алғаш таныстырған туынды саналады.


Александр Сергеевич Пушкиннің тарихи прозадағы ең маңызды шығармаларының бірі саналатын «Капитан қызы» 1833–1836 жылдары жазылып, алғаш рет 1836 жылы Пушкиннің өз бастамасымен шығарылған «Современник» журналында басылған. Повестің оқиғасы Емельян Пугачев бастаған 1773–1775 жылдардағы шаруалар көтерілісінің нақты деректеріне негізделген. Пушкин бұл тақырыпқа кіріспес бұрын арнайы Орал қаласына барып, Жайық бойын аралап, жергілікті архивтерден құжаттар қараған, көтеріліске қатысқан ескі офицерлермен, шекара бекіністерінде қызмет еткен адамдармен сөйлескен. Осы сапарлар нәтижесінде жазушы көтерілістің барысы, сол кезеңдегі шекаралық аймақ өмірі мен әскери тұрмыс жөнінде мол материал жинайды. Соның арқасында «Капитан қызы» тарихи фактілер мен көркем баяндаудың табиғи үйлесіміне құрылған, Пушкин прозасының ең кемел туындыларының біріне айналды. Шығарма орыс әдебиетіндегі тарихи роман дәстүрін қалыптастырып, кейінгі жазушылар үшін бағыт-бағдар болған классикалық үлгі ретінде бағаланады.

Пушкиннің «Капитан қызы» шығармасын қазақ тіліне алғаш тәржімелеген тұлға – Алашорда қайраткері, офицер, аудармашы әрі бірнеше тілді еркін меңгерген Молданияз Бекімов. Ол бұл шығарманы 1901 жылы орыс тіліндегі ықшамдалған нұсқадан қазақшаға түсіріп, араға екі жыл салып, 1903 жылы Қазан баспаханасында жеке кітап етіп бастырып шығарған. Бұл еңбек қазақ әдебиетінде проза жанрындағы алғашқы аудармалардың бірі ғана емес, сол дәуірдің өзінде қазақ оқырманын әлемдік классикамен тікелей таныстырған ерекше құбылыс ретінде бағаланады. Әдебиет зерттеушілерінің айтуынша, Бекімов аудармасы кейінгі аудармашылық дәстүрдің қалыптасуына, Пушкин прозасының қазақ даласына таралуына, жалпы көркем проза қабылдау тәжірибесінің кеңеюіне ықпал еткен. Ол кезде қазақ әдеби тіліндегі жазба проза әлі жаңа қалыптасып жатқан кезең болатын, ал аударманың ережелері де, мектебі де толық орнықпаған. Осындай жағдайда Молданияз Бекімовтің «Капитан қызын» қазақ тіліне түсіруі ұлттық аударма мәдениетінің алғашқы үлгілерінің бірі ретінде тарихи мәнге ие еңбек саналады. Сол еңбектің аударма жолын тереңірек білу үшін біз Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сүлейменова Дәметкен Досмұханқызы әңгімелескен едік. 

- Дәметкен апай, аударма туралы әңгімелеспес бұрын жалпы шығарманың өзіне тоқталып кетейікші. «Капитан қызы» Пугачев көтерілісі туралы қандай жаңа тарихи көріністер береді? Және Пушкин Пугачевті қандай қырынан көрсетеді?

- «Капитан қызы» – халық өмірінің шежіресі іспетті шығарма. Онда Емельян Пугачев бастаған халық көтерілісінің себептері, оның қарқын алып өрбуі, қолбасшының қасындағы серіктерінің іс-қимылдары көркем түрде баяндалады. Романда Пугачевтің адамгершілігін, әділдігін, кедей-кепшікті қорғайтын қасиетін көрсететін көптеген эпизодтар бар. Пушкин оны ақылды, тапқыр, әділет іздеген, қанаушы жүйеге қарсы жан-тәнімен күрескен тұлға ретінде суреттейді. Шығармада Пугачевтің халыққа жақындығы, қарапайым адамдардың оны құрметтеп, сенім артқаны да әсерлі берілген. Мысалы, көтеріліс басшысы жолға шыққанда халық алдынан тұз бен нан алып шығуы – оның беделін көрсететін символдық көріністердің бірі. Пугачев тұрған жерде адамдар оның соңынан ілесіп жүгіргені туралы деректер де бар. Ал Петр Андреевич Гринёв Пугачевтің өлім жазасына кесілген сәтте қасында болып, оған бас иіп кешірім сұрағаны – көтеріліс басшысының жеке тұлғалық болмысын айқындайтын маңызды эпизодтардың бірі.

- Молданияз Бекімовтың Пушкиннің «Капитан қызы» шығармасын қазақ тіліне аударуы сол кезең үшін қандай мәдени және әдеби оқиға болды?

- Молданияз Бекімов – Батыс Алашорданың белсенді мүшелерінің бірі. 1917 жылы Орынборда өткен Жалпықазақтың Екінші съезіне қатысып, кейін Алаш Орда ұлттық әскерін ұйымдастыру ісіне атсалысқан тұлға. Оның қоғамдық-саяси қызметі белгілі болғанымен, ұзақ жылдар бойы назардан тыс қалған қыры – аудармашылық еңбегі. Сол еңбектің ішіндегі ең маңыздысы – Александр Сергеевич Пушкиннің «Капитан қызы» романын қазақ тіліне алғаш аударуы. Шығарманың ықшам нұсқасын Молданияз Бекімов тәржімалағаны жөнінде Мұхтар Жанғалин еңбегінде айтылады. Сондай-ақ Пушкиннің қазақша таңдамалы шығармалары жинағының алғысөзінде де осы аударма туралы қысқаша мәлімет берілген. Мәселе Қазақ Ғылым академиясының 1949 жылғы №4 хабаршысында жарияланған Фетисов пен Кенжебаевтың «Капитан қызының қазақ тіліне алғашқы аударылуы» атты мақаласында жан-жақты талданады. Ғалымдар бұл аударманы қазақ әдебиеті үшін назар аударарлық құбылыс деп бағалайды. Себебі дәл сол кезеңде қазақ оқырмандары Пушкин прозасымен, оның классикалық кейіпкерлерімен алғаш рет осы аударма арқылы танысу мүмкіндігіне ие болды. Молданияз Бекімов романды ықшамдап, кей тұстарын қайта сұрыптап жазғанымен, мәтінді қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізе білген. Сондықтан оқырман оны жеңіл қабылдап, қызыға оқығаны айтылады. 

- Молданияз Бекімовтің бұл жұмысы қазақ әдеби тілінің қалыптасуына қандай үлес қосты деп ойлайсыз?

- Молданияз Бекімов жасаған бұл тәржіма – қазақ тіліндегі алғашқы прозалық аудармалардың бірі саналады. Ол «Капитан қызының» ықшам нұсқасын 1901 жылы аударып, 1903 жылы Қазан қаласында жеке кітап етіп бастырып шығарған. Сол кезеңде Пушкин шығармаларын қазақ тіліне тәржімалау былай тұрсын, жалпы көркем прозаны аударып басу тәжірибесі қазақ әдебиетінде әлі қалыптаспаған еді. Тіпті Абайдың орыс классиктерінен жасаған аудармаларының өзі сол уақытта тек ауызша айтылып, кітап күйінде жарық көрмеген болатын. Осындай ортада Молданияз Бекімовке ешкім арнайы әдістемелік талап қоя алмаған, аударманы бағалайтын сын ортасы да қалыптаспаған. Соған қарамастан, зерттеушілер оның бұл еңбегін толық мәнінде оңды орындалған алғашқы көркем тәржімалардың бірі деп бағалайды. Бұл оның жалғыз аудармасы емес. Молданияз Бекімов түрлі балаларға арналған ертегілерді тәржімалаған, онда халыққа жақсылық әкелетін, зұлымдықты жеңуге үндейтін сюжетті көбірек таңдағаны байқалады. Сонымен бірге қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы материалдар жинап, оларды тек орыс тіліне ғана емес, татар және башқұрт тілдеріне де аударған. Оның мақсаты – қазақтың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын өзгелерге таныстыру болғаны аңғарылады. Молданияз Бекімов бір ғана тілді меңгерген адам емес. Ол араб тілін білген, башқұрт және татар тілдерін үйренген, қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген полиглот тұлға болған. Сондықтан ол бір тілден екінші тілге еркін аударып, қазақша мәтіндерді өзге тілдерге, ал орысша шығармаларды қазақшаға түсіріп, кең таратып отырған. Бұл қасиеті оның аудармашылық және ағартушылық қызметінің ауқымын айтарлықтай кеңейткен.

- Молданияз Бекімов аудармасына қатысты ең негізгі сын-ескертпелер қандай болды?

- Фетисов пен Кенжебаевтың мақаласында 1903 жылы жарық көрген «Капитан қызының» қазақша нұсқасына қатысты айтылған әртүрлі сын-ескертпелерге де назар аударылады. Авторлардың пайымдауынша, Молданияз Бекімов романды өз бетінше қысқартып, ықшамдаған, осының салдарынан Петр Андреевич Гринёв пен Мария Миронованың танысуы, арадағы сүйіспеншілігі мен үйлену желісі кеңірек баяндалып, шығарманың әлеуметтік-тарихи мазмұны екінші қатарға ығысқан. Сонымен бірге зерттеушілер аударма мәтінінде қолданылған бірқатар атаулар мен терминдердің дұрыстығын мойындай отырып, Батыс Қазақстан аймағында жиі кездесетін кей сөздерді «диалектизм» ретінде көрсеткен. Молданияз Бекімовтің бұл еңбегіне қатысты пікір білдірген өзге әдебиетшілердің де көзқарастары біржақты болмай шықты. Мәселен, Сейділ Талжанов 1962 жылы жарық көрген «Көркем аударма туралы» атты кітабында Бекімовтің тілін «шала орысша, шала татарша, шала қазақша» деп сынайды. Ал Әбден Сатыбалдиев «Рухани қазына» монографиясында және Төкен Әбдірахманов өз зерттеулерінде Фетисов пен Кенжебаевтың пікірлерін қайталап, аудармада кейіпкерлердің мінез-құлқы мен психологиялық болмысы толық ашылмай қалғанын атап өтеді. Сондай-ақ Сатыбалдиев аударманың тіліндегі татаризмдер мен руссизмдерді кемшілікке балайды. Дегенмен, Сатыбалдиев бұл тілдік ерекшеліктердің тарихи себептерін де нақты көрсетеді. Оның айтуынша, сол кезеңде қазақ халқының рухани әдебиеті мен баспасөзі негізінен татар тілі арқылы дамыған. Қазан мен Уфада араб әрпімен басылған қазақ кітаптарынан татар тілінің элементтерін кездестіру – заңды құбылыс, ал Ташкентте басылған кітаптарда өзбек және шағатай тілінің белгілері байқалуы табиғи жағдай. Бұған қоса, кітап қазақша жазылғанымен, оны редакциялау, терім жасау, түзету жұмыстары өзге ұлт өкілдерінің қолынан өткенін ескерсек, аудармадағы тілдік ауытқулардың объективті себептері болғаны анық. Десе де, Сатыбалдиевтің тұжырымдауынша, Пушкин прозасының ең көрнекті туындыларының бірі – «Капитан қызының» сол кезеңде қазақ тіліне аударылып басылуы қазақ әдебиеті үшін тарихи оқиға болды. Ол бұл аударманы ұлттық әдебиеттің және аударма мәдениетінің даму тарихында арнайы атап өтерлік елеулі белес деп бағалайды. Ғалымның пікірінше, бұл еңбек қазақ әдеби тілінің қалыптасу жолын көрсететін тарихи деректер қатарындағы маңызды ескерткіштің бірі саналады. «Қазақ әдеби тілінің тарихы» еңбегінің авторларының бірі Жанпейісов те осы көзқарасты қолдап, «Капитан қызы» қазақ тіліндегі алғашқы көркем проза үлгілерінің бірі ретінде қарастыруға толық негіз бар екенін айтады.

- Ғалымдар аударманың әлеуметтік-тарихи маңызын несімен түсіндіреді?

- Әдебиетші және тілші ғалымдардың барлығы дерлік Молданияз Бекімовтің «Капитан қызы» секілді әлеуметтік-тарихи мәні зор, халықтық сипаты айқын, патшалық езгіге қарсы азаттық идеясын көтерген шығарманы қазақша сөйлетудегі еңбегін ерекше атап өтеді. Ғасырдан астам уақыт бұрын жарық көрген бұл аударма кейінгі кеңестік дәуірдегі көпұлтты әдебиеттердің қарқынды даму кезеңінде де зерттеушілер назарынан түспей, әдебиеттанудың жеке объектісіне айналды. Осы күнге дейін бұл туындыны тереңірек зерттеп, кең оқырманға қайта таныстырудың қажеттілігі атап көрсетіледі. Аударманы тану және зерттеу саласы бойынша, ұлт тіліне көшірілген кез келген шығарманың идеялық мазмұны, көркемдік ерекшелігі, кейіпкерлер бейнесі, автордың ұстанымы мен жазу мәнері сияқты құрамдас бөліктерін талдау – тәржімашы еңбегін бағалаудың басты талаптары саналады. Бұл талаптар «Капитан қызы» тәрізді туындыларды өзгетілдік ортада сөйлеткен кез келген аудармашыға да қойылады. Сонымен қатар аударылған шығармадағы оқиғалардың жаңа тілдік ортадағы халықтың тарихымен, тұрмыс-салтымен, қоғамдық ерекшелігімен қаншалықты үндес келетіні де назардан тыс қалмауы тиіс.

- Сол аударманың кейінгі халықтық-азаттық мазмұндағы шығармалардың тууына әсері байқала ма?

- Зерттеулер көрсеткендей, Молданияз Бекімов Александр Сергеевич Пушкиннің «Капитан қызы» романының ықшамдалған нұсқасын өзгелерден бұрын қазақ тіліне тәржімалап, оны алғашқы болып қазақша сөйлеткен. Аударманың кемшіліктері болғанымен, бұл еңбек қазақ әдебиеті тарихында елеулі орын алады. Себебі ол орыс әдебиетінің тарихи әрі көркемдік мәні жоғары классикалық туындысын қазақ даласына алғаш жеткізіп, азаткерлік идеяларды насихаттайтын төл шығармалардың пайда болуына жол ашқан. Зерттеушілердің пікірінше, Бекімовтің еңбегі Қазақстанның батыс аймағында және туыстас башқұрт жерінде XVIII–XIX ғасырларда өрбіген патшаға, хандарға, жергілікті билік өкілдеріне қарсы халық қозғалысын жырлаған тарихи туындылардың тууына да жанама әсер еткен. Молданияз Бекімовтің аудармашылық еңбегінің тарихи маңызы осында. Ол тек «Капитан қызын» тәржімалап қана қойған жоқ, қазақ ертегілерін, жазба үлгілерін басқа халықтардың фольклорымен салыстырып зерттеген, қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін жинақтаумен де айналысқан. Осы қырлары арқылы ол аудармашы ғана емес, ғалым, офицер, туған халқының рухани әлеміне жанашыр азамат ретінде танылды.

- Сіздің пікіріңізше, Молданияз Бекімов Пушкин шығармаларының ішінен неліктен дәл «Капитан қызын» аударуды таңдады?

- Александр Сергеевич Пушкиннің «Капитан қызы» романын Молданияз Бекімовтің қазақ тіліне аударуы кездейсоқ таңдау емес. Бұған бірнеше нақты тарихи себеп әсер еткен. Біріншіден, XVIII ғасырдың екінші жартысында Ресейде басыбайлы жүйені қорғаған патшалық әкімшілікке қарсы шаруалар қозғалысы күшейіп, оған орыс шаруаларымен бірге қазақ, қалмақ, татар, башқұрт секілді халықтардың өкілдері де қатысқаны тарихтан белгілі. Емельян Пугачев бастаған бұл көтеріліс Жайық бойынан басталып, Орынбор өлкесі мен Орал тауының өндіріс орындарына, Еділ бойындағы аймақтарға тараған. Тарихи деректерге сүйенсек, Орал, Орынбор, Ақтөбе өңірлерінде өмір сүрген Шекті, Шөмекей, Байбақты, Табын, Жағалбайлы руларының жүздеген адамы қарулы жасақ құрып, Пугачев қозғалысына қосылған. Халық бұл оқиғаларды ұзақ жылдар бойы аңыз-жыр ретінде айтып келген. Сол себепті Батыс Қазақстандағы көтеріліске қазақтардың қатысқаны «Капитан қызында» да көрініс табады. Молданияз Бекімов бала кезінде арабша, орысша бастауыш мектепте оқып жүргенде ауыл ақсақалдарынан осы көтеріліс жайындағы әңгімелерді жиі естіп өскен. Сондықтан Пугачев қозғалысы туралы деректер оның жадында берік сақталған. Екіншіден, Молданияз Бекімов Оралдағы әскери-реалды училищеде оқып жүрген кезінде Пушкин шығармаларымен, әсіресе өзі бала кезден естіп жүрген Пугачев туралы аңыздарды көркем бейнелеген «Капитан қызымен» танысады. XIX ғасырдың соңында Оралда мәдени орта қалыптаса бастаған еді. 1894 жылы 3 сәуірде Хохлачев есімді тұрғынның үйінде жергілікті интеллигенцияның бастамасымен халықтық оқу үйі, кітапхана ашылған. Сол жылдың 11 желтоқсанында дәл осы оқу үйінде Пушкиннің «Капитан қызы» романы көпшілікке дауыстап оқылғаны айтылады. Тыңдаушылар өте көп болып, залға сыймағаны жазылған. Мектеп оқушылары да көп болып қатысқан. Мұндай қоғамдық оқулардың бірінде Молданияздың өзі де отырған болуы әбден мүмкін. Соған қарағанда, ол шығарманы аударуға іштей ерте дайындалғаны сезіледі. Үшіншіден, кітаптың титул бетінің келесі парағында Молданияз Бекімов аудармасын сүйікті ұстазы Дмитрий Николаевич Григорьевке арнағаны жазылған. Григорьев – қазақ жаяу әскер юнкерлер училищесіндегі бірінші ротаның командирі, Қазан гарнизоны офицерлерінің экономикалық қоғамының төрағасы болған, білімді әрі ілтипатты офицер. Пугачев көтерілісі басталған Орал облысынан келген жас шәкіртіне «Капитан қызын» қазақшаға аудару туралы кеңес берген де, шамасы, осы Григорьев болса керек. Молданияз Бекімов романның 1901 жылғы орысша ықшам басылымын қазақ тіліне аударып, авторлық мәтінге өз бетінше өзгеріс енгізбеген. Яғни түпнұсқаны өз қалауымен бұрмалауға бармаған. Романның ықшам нұсқасын аударуына оның Оралдағы Хохлачев үйіндегі кітапханада талай рет дауыстап оқылған нұсқаны естігені ықпал етуі мүмкін. Қазақ халқы Қазан революциясына дейін негізінен сауатсыз болды, ал ел ішінде хисса-жырлар мен аңыз-әңгімелерді дауыстап оқу кең тараған. Мұны Молданияз бала күнінен көріп өскен. Кейде өзі де үлкендерге кітап, хикаяларды дауыстап оқып беріп отырған. Сондықтан оның Пушкин шығармасын дәл осындай көпшілік тыңдауға лайық формасында аударуы заңды құбылыс. «Капитан қызының» ықшам нұсқасын аударуы да ең алдымен дауыстап оқуға ыңғайлау мақсатынан туған болуы мүмкін.

- Ал Орал қаласының Пугачев көтерілісі тарихындағы орны қандай және бұл өңірдің рухани ортасы Бекімов тұлғасының қалыптасуына қалай ықпал етті?

- Орал қаласында Емельян Пугачев бір ай тұрған үй бүгінгі күні арнайы музей ретінде жұмыс істейді. Онда көтеріліс басшысының пайдаланған заттары, қылышы, киімдері және өзге де жәдігерлері сақталған. Пугачев тұтқынға түскен орын да Оралда белгіленген. Қазіргі сквер аумағында ол темір тордың ішінде үш күн бойы халықтың көз алдында ұсталғаны туралы тарихи дерек бар. Осы жер кейін Пугачев есімі берілген көшеге айналған. Тұтқындаудан кейін ол арбаға отырғызылып, Мәскеуге жеткізіліп, сол жерде жазалау үкімі орындалған. Осы тарихи оқиғаларға бай Орал – Қазақстанның терең тамырлы, шежірелі өңірлерінің бірі. Ал дәл осындай ортада білім алған Молданияз Бекімовтің «Капитан қызы» шығармасын қазақшаға аударып, халқына танытуы – оның білімдарлығын, зиялылығын және аудармашылық қабілетін айқын көрсететін маңызды еңбек.

- Молданияз Бекімовтің әскери қызметі мен Алаш қозғалысына қатысуы оның тұлғалық болмысын қалай сипаттайды? 

- Молданияз Бекімовтің өмір жолына қарасақ, соғысқа қатысқан әскери адамның дәл осындай уақыт тапшылығына қарамастан қазақ халқына құнды әдеби мұра қалдыруы расында да үлкен ерлік. Оның аудармашылық еңбегінің салмағы осы тұстан да айқын көрінеді. Мұндай тұлғаларды лайықты бағалауымыз қажет деп ойлаймын. Жуырда Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы Молданияз Бекімовке қатысты архивтік құжаттар табылып жатқанын айтқан еді. Алайда бұл материалдар әлі қолыма тиген жоқ. Олар зерттеушілерге жеткен соң, тұлғаның өмірбаянын тереңірек зерделеуге мүмкіндік туары сөзсіз. Себебі оның қазасы бүгінге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Бекімов Алаш әскерінің қатарында болды, Алаш қызметін қолдады. Кейін кеңестік билік жағына өткен. Осыдан кейін оның Қытай шекарасына жіберілуі, артынша конвоймен кері шақыртылуы әлі нақты түсінік беруді қажет ететін сұрақтар. Оның қай жерде, қандай жағдайда қаза тапқаны белгісіз. Тіпті туған-туыстары да оның өлімінің жай-жапсарын білмейді. Қаратөбеден шыққан жақындарының айтуынша, Молданияз өте тұйық, көп адаммен араласпайтын, сабырлы мінезді болған. Осының барлығы Молданияз Бекімовтің өмірі мен қызметі әлі де толық зерттелмегенін көрсетеді. Оның есімі мен еңбегі әлі де тың деректерді қажет ететін тарихи тұлғалар қатарына жатады.

- Бізбен сұхбат құрып, керемет ойларыңызбен бөліскеніңіз үшін көп рақмет!

Бөлісу