Қазақтың тұңғыш библиограф ғалымы – Міржақып Дулатұлы

Бөлісу

21.11.2025 6170

Қазақ жазба мәдениетінің қалыптасуында, ұлттық ғылым мен рухани ойдың оянуында Міржақып Дулатұлының орны айрықша. Ол – жазушы, публицист, ұстаз, қоғам қайраткері ғана емес, сондай-ақ, қазақ библиографиясының негізін қалаған тұңғыш ғалымдардың бірі. ХХ ғасыр басындағы ұлт руханияты, баспасөз, әдебиет тарихы, кітап мәдениеті жөніндегі деректерді жүйелеу, реттеу, талдау ісін ғылыми деңгейде бірінші болып қолға алған тұлға ретінде Міржақыптың библиографиялық қызметі ұлттық ғылым тарихының бірегей кезеңін құрайды. 1926-1927 жылы жарық көрген «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші» еңбегі қазақ библиографиясының теориялық және практикалық негіздерін қалыптастырды, ұлттық әдеби мұраны сақтаудың жаңа әдістерін ұсынды. 


Өткен апта Алматы қаласы, Ұлттық Кітапханада Міржақып Дулатұлының «Қазақ тілінде басылған кітаптарды көрсеткіш (1926-1927)» және «Қазақстан библиографиясы мен кітапхана ісі», «Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорындағы дәстүрлі картотекалық ақпараттар (1921–2001): библиографиялық шолу анықтамалығы»  еңбектерінің тұсауы кесілген болатын. Аталған еңбектердің ішінде М.Дулатұлының «Қазақ тілінде басылған кітаптарды көрсеткіш (1926–1927)» еңбегі бүгінгі қаріпке қайта аударылып, оқырман қолына жетті. Бұл еңбекті қазіргі қаріпке аударып, түсініктемесін жазған ҚР Ұлттық кітапханасы,  Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері, Абай атындағы ҚазҰПУ PhD докторанты Ертай Біләл. Жас ғалым жыл басында «Ақиқат» журналына шыққан «Ұлттық библиография және Міржақып Дулатұлы (Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткішінің» тарихи маңызы )» атты мақаласында кітаптың жалпы құрылымы мен мазмұнын жан-жақты талдаған еді.  Жас ғалым аталған еңбекті қазіргі қаріпке аудару барысында пікірлескенімізде «Жалпы кітаптың түпнұсқадағы көлемі – 112 бет (ені – 16, ұзындығы – 23,5 см).  2000 данамен жарық көрген. Төте қаріпте басылған. 111 беттен тұрады.  Бастырушы – Қызылорда қаласындағы «Казгосиздат» баспасы.  Көрсеткіште барлығы 272 кітап. 14 мерзімді әдебиеттің (3-журнал, 11-газет) библиографиясы берілген», - деген болатын. 

Көрсеткіштің бүгінгі ғылыми айналымдағы маңызы бірнеше өлшем арқылы бағалануға лайық. Біріншіден, ол ХХ ғасырдың 1920 жылдарындағы қазақ баспа ісінің нақты жағдайын айғақтайтын тарихи дереккөз ретінде қызмет етеді. Көрсеткіш мазмұнын талдай отырып, сол кезеңде жарық көрген кітаптардың тақырыптық таралымы, авторлық құрамы, жанрлық бағыттары мен баспа ұйымдарының белсенділігі туралы кешенді түсінік қалыптастыруға болады. Бұл ақпарат қазақ оқырман сұранысының, қоғамдағы рухани басымдықтардың және ағартушылық үдерістердің сипатын анықтауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, көрсеткіш Міржақып Дулатұлының библиограф ретіндегі әдіснамалық ұстанымдарын айқындайтын дербес ғылыми құжат болып табылады. Онда кітап материалдарын жинақтау принциптері, жіктеу тәсілдері, құрылымдық ұйымдасуы секілді кәсіби библиографияға тән элементтердің ерте кезеңде-ақ қалыптасқанын байқауға болады. Бұл қазақ библиографиялық ойының дербес ғылыми жүйе ретінде орнығуының алғашқы нышандарының бірі.

Үшіншіден, қазіргі кітапхана ісі мен библиография тарихын зерттеушілер үшін бұл көрсеткіш салыстырмалы талдау жасауға мүмкіндік беретін іргелі база болып табылады. Қазақ библиографиясының бастауында тұрған еңбектерді салыстырғанда, Міржақыптың көрсеткіші өз құрылымы, деректерді топтау принциптері және ақпаратты ұсыну форматы жағынан алғашқы толыққанды үлгі ретінде ерекшеленеді. Сондықтан да ол ұлттық библиографияның қалыптасу кезеңін зерттеуде негізгі методологиялық тірек ретінде қарастырылады.

Осы тұрғыдан алғанда, Міржақып Дулатұлы құрастырған көрсеткіш тек белгілі бір тарихи кезеңнің библиографиялық тізімі емес, қазақтың рухани мұрасын жүйелеу мәдениетінің бастауын айқындаған, ұлттық деректану мен кітаптанудың дамуында ұйытқы болған еңбек екені айқын.

Бөлісу