Өмірден кім өткенін білесіз бе?

Бөлісу

21.11.2025 5554

Қытайдағы қазақ баспагерлігі мен аудармашылық мектебін қалыптастырған, 40 жылдан аса Шыңжаң Халық баспасында тер төккен, қытайша-қазақша сөздіктер кешенінің негізін қалаған белгілі аудармашы, қаламгер, көпшілікке С.Найман деген атпен танылған Найманғазы Сапанұлы Алматыда өз шаңырағында, 85 жасында дүние салды. Бүгін марқұмның жаназасы өз үйінде сағат 14:00-де оқылады. 


Майлы таудан басталған ғұмыр

Найманғазы Сапанұлы 1941 жылдың тамызында Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Толы ауданындағы Майлы тауының Нарынсуатты бұлағы бойында, қорушының қосында дүниеге келген. Таулы өңірдің қоңыр тіршілігі мен қазақы ауылдың қарапайым болмысы оның балалық шағына ғана емес, кейінгі қаламына да өшпес із қалдырды.

1956 жылы Толы ауданында орта мектепті бітірген жас талап Үрімжіге жол тартып, Мұғалімдер институтының қытай тілі факультетіне оқуға түседі. Жас кезінен-ақ кітапқа үйір, сөзге құмар жігіттің өмір бағытын кейін дәл осы тіл мен әдебиет айқындап берді.

1960 жылдың күзі. Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман Шыңжаң Халық баспасына жұмысқа жіберіледі. Сөйтіп жолдамамен басталған қарапайым еңбек жолы тұтас бір буынның баспагерлік тарихына айналды. Ол әуелі саяси, ғылыми аудармамен шұғылданса, уақыт өте келе әдеби аударманың да жүгін арқалады.

Классиканы қазақша сөйлеткен буынның бел ортасында

С.Найман аударған шығармалардың қатарында Чарльз Диккенс, Ханс Кристиан Андерсен, Эрнест Хемингуэй, Карл Маркс, Михаил Шолохов сынды әлемдік классиктердің туындылары бар. Сонымен бірге Қытай әдебиетінің көрнекті өкілдері Го Моро, Бажин шығармаларын да қазақша сөйлетті.

Оның «Ленин туралы әңгімелер», «Арайлы аспан» (2 томдық), «Уақыт белгілері», «Гитлердің зауалы», «Андерсеннің балалар ертегілерінен», «Дэвид Копперфильд», «Балалар ертегілерінің бәйтерегі», «Шал мен теңіз» секілді он томға жуық аударма еңбегі жарық көрді. Бұл кітаптардың бір бөлігі Қытайдағы қазақ мектептерінің оқулықтарына, әдеби оқу хрестоматиясына кірді.

Өзі айтқандай, ол бұл жолға романтикалық қиялмен емес, заман талабымен, қоғам сұранысымен келген. Бірақ еріксіз басталған аудармашылық кейін оның өмірлік миссиясына айналды.
«Аудармашы болмасам, ақын болар ма едім?..» – деп күліп еске алатын ол, ақындыққа да бір табан жақын еді. Прозалық, ғылыми еңбектердің арасында қолы қалт етсе өлең жазып, қазақ өлеңінің өрнегін қытай классикасымен шебер ұштастыруға ұмтылды.

«Оқуда емес, тоқуда» – өмірлік ұстаным

С.Найманның өмір жолында ұзақ оқу емес, ұдайы ізденіс алдыңғы орынға шықты. Өзіне тән кішіпейілділікпен «менің білімім – техникум деңгейі» деп айтқанымен, оның шын мектебі – кітапхана, шын аудиториясы – қазақ классиктерінің шығармалары еді.

Мектепте жүріп Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Қасым Аманжолов сынды қаламгерлерді оқып тауысқан жасөспірім кейін аудармашы, редактор, лексикограф болғанда сол оқылымдарының жемісін көрді. Ол сұхбатында:

«Әңгіме оқуда емес, тоқуда екен. Кітапты қызығып оқи беріппін, ал кейін сөздік жасағанда, аудармада солардың бәрі миымнан өздігінен шығып отырды», – деп еске алған еді.

Шынында да, кейін ол аудармашы ғана емес, кітап атауы мен адам есімін, жер-су атын қате жібермеуге тырысқан қырағы редактор, қазақ тілінің қыртысын қопарып, жаңа ұрпаққа жол сілтеген сөздікші ретінде танылды.