«Бұл той басқа тойдан өзгерек» дегендейін, Астанада өткен Жадыра Ғазиздың (Шамұратова) «Қисық дүние» кітабының тұсаукесері сондай бір ерекше, еркін форматта өтті. Сондықтан ақпаратты да оқырманға ілтипатты жанрмен жеткізгіміз келіп отыр.
Әу баста бұл автордың қалауы еді. Мүйізі қарағайдай қаламгерлерді, шенді-шекпендерді жинап ұзын-сонар әңгімемен кітапханалар мен жарқыраған жиын залдарында кітабын таныстыруды Жадыраның жаны сүймейтін. Олай өткізуге де шамасы келеді, бірақ осыған дейін «Секундтар арасындағы шексіздік» (2021 ж.), «Айтылмаған сыр» (2022 ж.), «Сандық» (2023 ж.) сияқты проза жинақтарын өмірге әкелген қаламгер төртінші кітабын шығарғанына 1-2 ай өтсе де үн-түнсіз отырды. Баспадан шыға салып жан ұшыртып жалпақ жұртты жинап жанталаспады. Соған қарамастан «Қисық дүние» көп адамның қолына жетіп, оқырманын сүйсіндіріп жатты. Соны көріп көңіліміз көркейіп, мақтанышпен марқайып Жадыраның жанында біз де жүрдік. Тыныш жатқымыз келмеді. Кітаптың тұсаукесерін өзгеше етіп өткізсек деп қолқа салдық. Сөйтіп Жадыраның жанындағы, бір кабинетте отыратын әріптестері, достары ретінде жұмыла кеттік.
Ең алдымен, тұсаукесерге тек автордың замандастары, құрбылары мен құрдастары, ізін басқан жастар жиналды. Біз ұсынған бір-бір шыны-аяқ кофе еркін әңгімеге сүйреді. Қонақтарымыз әдебиеттің, соның ішінде әйелдер прозасының бүгінінен бастап, автор шығармаларының артықшылығы мен сипатына, шеберлігіне тоқталды. «Қисық дүниені» жата-жастанып оқыған жастар әр оқиға мен кейіпкерге дейін талдап, автордың өзін таңғалдырды. Жаңа кітаптан алынған куиз сұрақтарына таныстырылымға келген жұртшылық таласа-тармаса жауап берді. Жаңа кітаптың тұсаукесерінің тағы бір ерекшелігі – Жадыраның әріптестерінің арасында, өз жұмыс орнында өтуі.
Алғаш болып сөз алған Qazconten АҚ төрағасы Айна Задабек былай деді:
«Құрметті кітап сүйер қауым, әдебиетті жақсы көретін және қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосып жүрген қауым, «Қазконтентке» қош келдіңіздер! «Қазконтенттің» басқа медиа компаниялардан ерекшелігі – бізде «Әдебиет порталының», «Тарих порталының» болуы. Осындай салалық сайттарды да қамтып отырған медиа компаниялар біздің елде жоқтың қасы шығар. «Әдебиет порталының» миссиясы өте үлкен. «Әдебиет порталы» – қазақ әдебиетінің дамуына, өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, жас журналист, жазушыларды бағыттап, шығармашылығын шыңдауға үлес қосып жүрген мықты ресурс, алтын қор. Сондай-ақ біз осы порталдың авторларымен, тілшілерімен мақтанамыз. Соның бірі – әріптесіміз Жадыра. Өткен аптада бір кітабын өзі келіп сыйлап кетті. Шыны керек, қазіргі кезде заманауи әдебиет жоқ деп жататындар кездеседі. Бірақ іздеген кісіге табылады. Жадыраның төртінші кітабы соның дәлелі. «Қисық дүниедегі» повестер мен әңгімелерге арамызда жүрген адамдардың тағдыры арқау болған. Көп дүние маған таныс болды. Ергежейдің эмоциясы, Саяның бастан кешкендері, Әселдің шетелге барып күн көріп, бала-шағасын асырауы сияқты әйелдің образдары ғажап ашылған. Оқып отырып автордың тереңдігі мен көрегендігіне қайран қалдым: әрбір кейіпкердің ішкі жан дүниесіне терең ене білген, кейіпкердің ішкі монологын шебер көрсеткен. Сондықтан осы бір кітабыңызға көп рақмет! Бұл бүгінгі қазақ әдебиетіне қосылған үлкен үлес. Жадыраның журналистикадағы шеберлігін де жоғары бағалаймын. Бір ғана мысал – Жадыраның Фариза апаның ұлы Алмас Оңғарсыновпен сұхбаты. Бұны мен Алмас ағаның мінезін, болмысын жақсы білетін адам ретінде айтып отырмын. Өйткені ол кісінің образын ашу оңай емес. Жадыра сол сұқбатта сондай бір күрделі адам ды да, ол арқылы Фариза апамызды да аша түскен. Жадырадай әдебиет саласындағы сақшылардың, жауынгерлердің болуы – қазақ әдебиетіндегі үлкен қазына, мол байлық. Мұнай емес, атом энергиясы емес, жер емес, біздің ұлттық кодымызды, мәдени кодымызды сақтап, ұстап тұратын ол – біздің әдебиетіміз. Сондықтан қолдау, әлбетте, бір-бірімізге өте керек. Бір-бірімізді қолдайық».
Еркін әңгімеде екінші болып сөз алған әдебиеттанушы Асылбек Байтан:
«Әдебиет – өмірдің айнасы» дейді ғой. Кейде ол қисық айна болуы да мүмкін. «Қисық» дегенде есіме түсіп отыр, «әйел еркектің қисық қабырғасынан жаралған, түзетем десең сынып қалады» дейді ғой. Сол сияқты соның бәрін ишаралап отырған Жадырамыздың шеберлігі. «Біз мақтамаймыз, мақтанамыз» деп Зейнолла Қабдолов атамыз айтқандай, біз мақтамаймыз, мақтаудан жүрексінеміз. Өйткені Жадыраның мінезін білеміз. Батыстың қыздарының жақсы мінезі сол –турасын айтады, маймөңкелеп тұрмайды. Сондықтан осындай жақсы мінезіңменен өмірдің жақсы айнасын көрсетіп жүре бер. Табыскер еркектің артында бір мықты әйел тұрады деген сияқты, шығармашыл, жарқырап жүрген интелектуал, жан-жақты Жадыраның артында Меңдолла замандасымыз тұр. Сіздер сондай бір шығармашылық жұпсыздар. Сол тандемдеріңіз ұзаққа созыла берсін! Аз жазсаңыз да саз жазатын қазақтың мықты бір жазушысыз. Бәрібір де мақтауымыз керек. Әдебиетшілер ешікм байқай бермейтін қарапайым нәрседен ой түйетіндей бір шығарма шығарады. Сізде сол қабілет, қасиет бар», – деп ағалық ыстық ықыласын білдірді.
Бұндай кеште әнсіз мән бола ма? Әріптесіне ақ тілегін арнап, жылы лебізін жеткізген әдебиеттанушы, дәстүрлі әнші Ықылас Ожай қоңыр домбырасын қолға алып әннен шашу шашты.
«Астана ақшамында» әріптес болған, қаламдас құрдастары Қалиақбар Үсемханұлы мен Аманғали Қалжанов та автормен және оның шығармаларымен етене таныс жандар ретінде ой ортақтастырып, ақжарма тілектерін білдірді.
«Әр дәуірдің өз жазушысы бар. Біздің дәуіріміздің жазушысы – осы Жадыра әріптесіміз. Жадыра қазірге дейін төрт кітап берді. Сонау «Сандықтан» алып, бүгін қолымызға тиген «Қисық дүниесін» оқып отырсақ, Жадыраның тақырып қойғанынан тартып адам жанын ашуға дейінгі барыста үлкен байланыс бар. мәселен, кітаптың атын «Қисық дүние» қоюының өзінде болмыс жатыр. Жадырадағы тағы бір ерекшелік – бұрынғы дәстүрлі жазушылардағы, Әбіш Кекілбай, Тынымбай Нұрмағамбетовтегі, яғни бұрынғы қазақ әдебиетінің дәстүрін осы замандық үлгімен шебер байланыстыра білетіні. Жадыраның қазіргі жас жазушыларды баурайтын себебі де осында. Жадыраның тағы бір ерекшелігі – бір қарағанда әдеби тақырыпты жеңіл-желпі қоя салған сияқтанады. Мысалы, «Нөлінші қабатта кездесу» деген сияқты. Әу баста жай ғана қойлған тақырып сияқтанғанымен, шығарманы оқып болған кезде сол тақырыпты не үшін қойғанын, бұл қоғам үшін қандай пайда-зиян бергенін ашып көрсетеді», – деп ойын өрді журналист Қалиакбар Үсемханұлы.
Сондай-ақ таныстырылымға жиналған Жадыраның әріптес-достары, «Айқын» газетінің тілшілері Гүлзина Бектасова мен Көктем Қарқын да авторға ақ тілегін арнаса, «Шолпы» кітап клубының жетекшісі, кітап жанашыры Сымбат Зекенғалиева желтоқсандағы клубтың «ай кітабы» осы «Қисық дүние» болатынын айтып қуантты.
«Кітапты аша салған бетте мына бір сөз ерекше әсер етті: «махаббатқа сеніп бақытқа талпынған қазақ әйелдеріне арналады» деген. Естеріңізде болса Мұхтар Мағауиннің «Әйел махаббатында» «бұл өмірде әйелдер ғана шын сүйе алады» деп тоқымашы әйелдің сөзі ретінде береді ғой. Шығарманың өн-бойында соны кекесінмен берген сияқты көрінеді. Бұл кітап соған бір жауап ретінде жазылғандай көрінді маған. Әсіресе қазақ әйелінің сүюін биік деңгейді суреттейтін, қазақ әйелінің болмысының махаббатқа толып тұрғанын көрсететін осындай шығармаларыңыз көп болсын! Жұмыс, бала-шаға, жармен қатар осындай кесек дүние жазу үлкен ерлік дер едім», – деген әдебиеттанушы, этнопедагог Құндыз Оралжанқызы ауыр жүк пен міндет арқалаған XXI ғасыр қазақ әйелінің әрбірінің оқуы керек кітап екенін айтты.
Қаламгердің ізін қуған інілері Egemen Qazaqstan газетінің тілшісі Абзал Мақаш, жас ақын Дәулет Жадырасында осы басқосуға көрік сыйлағандай болды.
«Бұл кісі ізінен ерген қаламдас бауырларына, сіңлілеріне аса қамқорлықпен қарайды. Естеліктерден Фариза Оңғарсынова апамыздың Маралтай, Қалқаман ағаларға сондай бір қамқорлық жасағанын білеміз. Біз де Астанаға келгенде сондайды көреміз бе деген арзу-арманымыз болатын. Сол арманымыздың үдесінен Жадыра апай шығарды. Және де бұл кісі осындай жаңа форматқа құштар. «Әдебиет порталының» жұмысы көп көрінбеуі мүмкін. Бірақ мен сіздерге алғыс айтқым келеді. Мектепте жүріп осындағы кісілермен кездескім келетін. Соның әсерімен филологияға оқуға түсіп, бүгінде еліміздің бас газетінде еңбек етіп жүрмін», – деген журналист Абзал Мақаш «Перизат» әнін авторға арнап шырқады.
Жадыраның «Қисық дүниесі» – бүгінгі қазақ прозасының тынысын танытқан туынды ғана емес, үнсіз жүріп үлкен дүние жасайтын әйел қаламының қуатын дәлелдеген еңбек. Оның жаңа кітабы төңірегінде ұйымдастырылған осынау еркін, шынайы басқосу да соны айғақтады. Жазушыны жас қаламгерлердің ортасына алып келген кеш – әдебиетке деген ықыластың, сөзге деген құрметтің, шығармашылыққа деген адалдықтың көрінісі іспетті.
«Қисық дүние» басқаның салтанатты жиынын қайталамады, керісінше өзіне тән табиғи қалпымен, жан жылуымен, жасампаз рухымен жүректерді жылытты. Әр пікір, әр ән, әр тілек автордың ғана емес, қазіргі қазақ әдебиетінің беталысына жасалған ізгі сәлемдей болды.
Әдебиеттің айнасы кейде қисық, кейде бұлдыр көрінер, бірақ соның өзінде адам жанының ең шынайы қалпын көрсетеді. Жадыраның кітабы – дәл сондай айна. Ол өз оқырманын таба білді, енді өз дәуірінің үнін жеткізетін жас қаламгерлерді де тоғыстырып отыр.
Сөзге адал, жүрекке жақын мұндай шығармалардың, өзгеше кештердің көптігін тілей отырып, біз де «Қисық дүниенің» жолы ақ, оқырманы мол болсын демекпіз. Әдебиетке осындай тыныс, осындай үн қажет-ақ...