Алаш қыздары және жылу жию дәстүрі

Бөлісу

18.11.2025 5250

Алаш қозғалысының тарихында ұлттың саяси оянуы мен мәдени жаңғыруына тек ер азаматтар ғана емес, қазақ әйелдері де белсенді үлес қосты. 


ХХ ғасыр басындағы ағартушылық пен қоғамдық-саяси серпіліс кезеңінде қазақ қыздары қайырымдылық, білім, медицина, мәдениет, қоғамдық ұйымдар жұмысына араласып, ұлттық мұратты іс жүзінде қолдады. Алаш қайраткерлері ХХ ғасыр басында елге қайтадан жылу жию дәстүрін жаңғыртып, әртүрлі формада насихатта түсті. Жылу жию дәстүрі тек қана ашық көмек сұраумен шектелмей, түрлі іс-шаралар, әдеби-мәдени кештер арқылы өрбіді.  Осындай тарихи құбылыстың нақты көріністерінің бірі – 1918 жылдың 17 желтоқсанында Алаш қаласында өткен, Жұмаділдің қызы Күлән ұйымдастырған ойын-сауық пен қайырымдылық жиыны.

Бұл жайлы «Сарыарқа» газетінде Аққағаз Досжанқызы былай жазады: «1918 жылы 17 декабрде Алаш қаласында Жұмаділдің қызы Күләннің ойынында (қыз қашар ойыны болғанда) Жетусудың аш-жалаңаштарының пайдасына ақша жиналды. Жетім-жесір бауырларыңа деген соң шыдай алмай ақшаның көбін берген әйелдер болды. Жәрдәм берген әйелдер: Жауһар Бірімжанова, Қази Өкбаева, Ғафипа Жамбекова, Қадим Биқобова 50 сомнан; Бибіх Аңдамасова, Аққағаз Досжанова 20 сомнан;  Мәміш Әбдрахимова 15 сомнан; Жәмила Кәрімбаева, Ораз-бибі Құдиарова, Айтбөпеш Беллгібаева, Тнекеш Белгібаева, Ғайша Ғаббасова, Қапста Бикова 10 сомнан; Өрік Ғалиева, Мариа Сәрсенева, Бибі Омарова, Фатима Жұтбаева 5 сомнан; Ғауипа Бектаева 4 сом; Сапура, Ғапура Салпауизова 3 сомнан; барлығы 385 сом. Еркектерден 215 сом. Жиындысы 600 сом. Бұл ақша маған тапсырылып еді жылы камиетіне беруге, мен оны Жетісу кеткен жылу камитетінің предсидателі Мұхамеджан Тынышбаевқа бердім, барған соң үлестіріп беріңіз деп». 

1918 жылғы Күлән ойыны кезінде ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы – Алаш дәуіріндегі қоғамның әлеуметтік жауапкершілігінің нақты көрінісі. Бұл оқиға әйелдердің қоғамдық белсенділігі айқындалған, ел ішіндегі қиын жағдайға бейжай қарамағанын көрсетеді. Қазақ қыздарының өз мүмкіндігіне қарай қаржы жинап, оны Жетісудағы мұқтаждарға жолдауы – сол кезеңдегі әлеуметтік ынтымақтастықтың қалыптасқанын, азаматтық сана деңгейінің артқанын дәлелдейді. Осы дерек Алаш қозғалысының тек саяси бағдар ғана емес, сонымен бірге қоғамды өзара қолдау, ортақ мәселеге бірлесе үн қосу мәдениетін қалыптастырған кең әлеуметтік құбылыс екенін көрсетеді.

Бөлісу