Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл

Бөлісу

17.11.2025 6049

Биыл қазақтың даңқты батыры, академик ғалым, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл толды. Осыған орай қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы арда ұлының өмір жолын оқырман жадында жаңғыртып, қысқаша шолу жасамақпыз.


Болашақ батыр, ғалым, ұстаз Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы (анығы – 1916 жылы) 15 қарашада қазіргі Ақмола облысы, Зеренді ауданы аумағындағы Желтау тауының баурайында, шағын ғана Қойсалған ауылында, қарапайым шаруа адамы Ғабдолла мен Әлияның отбасында дүниеге келді. 

Қойсалған – Қанай ұрпақтары мекендеген алты ауылдың бірі. Қанай би Құттымбетұлы – Мәлік Ғабдуллиннің арғы бабасы. Қарауыл Құттымбетұлы Қанайдан Бақы одан Жаубасар одан Еламан одан Тілеу, одан Тілеке одан Аманжол, одан Елемес, одан Ғабдолла. 

Мәлік – Ғабдолланың сегіз ұл, үш қызынан қалған жалғыз тұяқ. Бала жасынан өлең-жырға, жалпы әдебиетке құштар болып өскен бала Мәлік Қойсалғанда мектеп болмауы себепті, көрші жатқан Құлет ауылындағы төрт жылдық бастауыш мектептің табалдырығын аттап, осында білім алады. Бұдан соң Көкшетау қаласында ашылған қазыналық мектепке (қазіргі М.Ғабдуллин атындағы көпсалалы мектеп-гимназиясына) қабылданып оқуын жалғастырады. Үздік оқушы ретінде Алматыда өткен пионерлер слетіне қатысады. Жетіжылдық оқуды бітірген соң 1930 жылы Алматыдағы Жұмысшылар факультетіне (рабфак) оқуға түседі. Бұдан соң ҚазПИ-ге (қазіргі Абай атындағы АлМПУ) оқуға қабылданып, 1936 жылы үздік бағамен аяқтайды. Осы жылы «Лениншіл жас» («қазіргі Жас Алаш») газетінде қызмет істеп жүріп армия қатарына алынып, Ферғанадағы атты әскер құрамасы сапында әскери борышын өтейді. Жауынгерлік сайыстарда мергендігімен көзге түседі. 

Армиядан оралған соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп жүріп, ғылым жолына бет бұрады. «Октябрь балалары» журналында кеңесші болып жұмыс істеді. 1938 жылы Ғылым академиясына кіші ғылыми қызметкер болып орналасып, ҚазПИ-дің аспирантурасына түседі. Халық ауыз әдебиеті саласы бойынша «Қобыланды батыр жырын ғылыми зерттеудің проблемалары» тақырыбында кандидаттық диссертациясына кіріседі. ҚазПИ-де фольклортанудан сабақ береді. Осы жылы майданға аттанады.

Әйгілі майдан журналисі, жазушы, киносценарийші Борис Полевой өзінің Мәлік туралы «Эпостың тууы» атты әңгімесінде былай деп жазады: «Мәлік талантты жас ақын, ауыз әдебиетін жинап, тексеріп жүретін. Қазақстанға белгілі жас, ғылым адамы еді. Ол қазақ эпосы мен қазақ әдебиеті жайында бірталай еңбек істеп, ол еңбектері баспада жарияланған болатын. Елімізге соғыс жарияланар қарсаңында кандидаттық диссертациядан мойнын бұрмай, көзін аудармай отырған кезі еді. Жас ғалымның жүрегіне сонша ыстық тиетін үлкен еңбек аяқталуға да жақын қалған. Институттағы дос-жолдастары, белгілі профессорлар, әдебиетшілер, тіл мамандары Мәліктің еңбегін бірауыздан тегіс ұнатып, енді тек өңдеуі қалған-ды. Бірақ, Мәлік ғылыми еңбегін жинап тастады да партия райкомына келіп, өз астанасы Алматыда құрылып жатқан дивизияға жіберулерін сұрайды.»

316-атқыштар (1941 жылдың 18-қарашасынан 8-гвардиялық панфиловшылар) дивизиясы құрамында соғысқа қатысып, қатардағы жауынгерден подполковник шеніне дейінгі әскери жолдан өтеді. Батарея, рота саяси жетекшілігінен Калинин майданы, сонан соң І Прибалтика майданы саяси басқармасының үгітшісі, одан соң КСРО Қорғаныс министрлігі Бас саяси басқармасының орыс емес ұлттар жауынгерлері арасындағы жұмыс жөніндегі тобының бастығына дейінгі жауапты қызмет атқарды.
 

Бейбіт өмірде қарапайым, биязы жан ретінде сипатталған филолог ғалым қан майданда фашистермен арыстанша айқасты. Мәлік Ғабдуллин бастаған автоматшылар ротасы 1942 жылы 8 ақпан күні Мәскеу маңындағы Бородино деревнясы үшін жеті сағат бойы шайқасып, жаудың төрт реткі шабуылына тойтарыс беріп, 200 фашисті жер жастандырады. Қызу шайқаста Мәліктің бір өзі екі танкті өртейді. 

Бұдан кейінгі бірнеше ұрыста жаудың отыздан астам жүк машинасы мен екі азық-түлік қоймасын басып алады. Тағы бір ұрыста жаудың 1 офицер, 11 солдатын тұтқынға алады. Шайқастағы көзсіз ерлігі, ұрыстан қолы қалт еткен кездегі әр түрлі ұлт жауынгерлеріне өз-өз тілінде жүргізетін жігерлі саяси үгіт-насихаты Мәліктің есімін күллі майданға мәшһүр етті. Майдан газеттері қазақ батырының есімін өзгелерге үлгі ете, жарыса жазды.

Еңбек ері қаламгер Борис Полевойдың деректі әңгімесінің өзі «Эпостың тууы» деп аталуы бекер емес. Себебі, Мәліктің тұлғасы – эпостық туындылардағы батырлар сияқты сипатталды. Әңгіменің соңы былай аяқталады: «...Бұдан кейін Мәлік Ғабдуллинді командование орыстан өзге ұлттан келген жауынгерлердің арасында үгітшілік жұмыс жүргізуге белгіледі. Өзінің ержүректігімен, жауынгерлік ұсталығымен атағы шыққан атақты командир, адамның жаны мен жүрегін жақсы білетін, ішкі сырын айтқызбай ұғатын саяси қызметкер – орысша, қазақша, қырғызша, өзбекше, қалмақша, қарақалпақша, татарша еркін білетін тіл ғалымы – Мәліктен армиялық үгітшіге керекті ең жақсы қасиеттердің бәрі табылады. Осы күні сұқ көзден бүркеп оттың қасында, не болмаса ағаш арасындағы күркеде, тіпті болмайды екен, жаудан босатып алған деревняның қираған бір үйінде аз ғана дем алып отырған, шабуыл жасап бара жатқан бөлімдердің жауынгерлерінің арасына күтпеген жерден Мәлік келе қалса, оның келуі бір үлкен оқиға болады. Мәлік өткізген әңгімелерде жауынгерлердің ойын жеп, шешуі табылмай жүрген мәселелердің бірде-біреуі шешілусіз қалмайды. Мәлік әңгімені аспай-саспай, әрі жеңіл, әрі еркін түрде жүргізеді. Келіп кеткен соң оны ұзақ уақыт әңгіме етіп қалысады. Қазақстанға жазған хаттарында өздерінің геройларымен қалай кездескенін әңгіме етіп жазып жібереді. 

Жақын арада СССР Жоғарғы Советінің Президиумы гвардия майоры Мәлік Ғабдуллинге Советтер Одағының Батыры деген атақ берді. Бірақ, генерал келіп, оның кеудесіне Алтын Жұлдызды қадаудан бұрын-ақ Мәлік өз дивизиясының ерекше сүйетін геройы, ақындар өлең шығарып, жырларына қосып жатқан қазақ халқының батыры еді. Жаңа эпос, Ұлы Отан соғысының эпосы осылай туады.» Қарт жырау Жамбылдан бастап, Мәліктің ерлігін жырға қоспаған ақын кемде-кем. Тіпті Жамбыл облысы Шу ауданында тұратын халық ақыны Жақсыбай Жантөбетов (1888–1958) «Мәлік батыр» атты эпикалық дастан да жазды.

Мәлік Ғабдуллин – Кеңес Одағының батыры атағына ие болған тұңғыш қазақ азаматы. Бұл атақ 1943 жылы 30 қаңтарында Мәлік Ғабдуллинмен қатар, оның ерлікпен қаза тапқан қарулас бауыры Төлеген Тоқтаровқа берілген болатын.

Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының батыры атағы берілуіне шын қуанған жанның бірі – майдандас аға-досы Бауыржан Момышұлы болды:

Ел күйзелген кезінде

Ерлік еткен бауырым.

Жау жағадан алғанда,

Батырлық еткен бауырым.

Ел намысын құрметтеп,

Ер намысын ізеттеп,

Құтты болсын айтамын,

Шын жүректен, Мәлігім! - деп Мәліктей інісін құттықтайды. Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлының арасындағы тонның ішкі бауындай аға-бауырлық қатынасқа олардың майдан уақытында жазысқан ондаған хаттары куә. 

Мәлік Ғабдуллин Бас саяси басқармаға қызметке ауысқан соң, ол жақта жүргенде де көптеген жауынгерлердің, соның ішінде қазақ ұл-қыздарының ерлігі лайықты бағалануына атсалысады. Соғыс уақытында түрлі проблемаға ұшырап сергелдеңге түскен қаншама адамға көмек қолын созады. Тіпті кезінде сонау Ферғанада жүргенде өзіне қысастық көрсеткен орыс командирі де құжаттарын жоғалтып алдына келгенде «тас пен атқанды аспен ат» деп көмек жасауы – үлкен адамгершіліктің белгісі еді. Невель түбінде қаза болған қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының батыры атағын бергізуге де Мәлік Ғабдуллиннің үлкен ықпал-жігері болғаны естеліктерде айтылады. Мәлік інісінің осындай ілкімді істеріне риза болған Бауыржан Момышұлы 1944 жылы 8 ақпанда майданнан былай деп хат жазады: «Қарағым, қара тентегім – Мәлігім!

Сені Мәскеуде деген хабарды «ұзын құлақтан» естіп, Қаныш ағай арқылы осы хатты жазып отырмын. 

Мен туралы Мәскеудегі жігіттерден естіген боларсың. Алматыдағы істелген аз ғана қызметті Қаныш ағай толығынан айтар саған. 

Бұл жердің елі, азаматтары саған риза. Солардың ішінде мен де бармын ғой деймін. 

Риза болғандығы – «Болар елдің баласы бірін бірі батыр дейді» деген бабаның дәстүрін толық ұғып, «Жақыныңды құрмет ет, жат түңілер болсынды» бажырайта көрсете білгендігің,  «біз кім едік», «біз – біз едік Панфиловтың кезінде» деген менің бір өлеңімді оқымасаң да тап солай етіп елді ұғындырғаның. «Жаман ағаңның дәптеріндегі мына нәрсені де әділдікпен айтыпсың:

«Жалғыз батыр жалғыз жан,

Майданға тұлға болмайды.

Азынап жалғыз арыстан

Орманды билеп ала алмайды.

Жалғыз батыр болғанша 

Жалпы батыр болсайшы.

Ел сипаты – ер сыны,

Әрине, батыр батыр ғойБастаған батыр ер пірі.» 

Дау емес менің айтқаным – мыңның бірі болған соң,

Менің «менім» мен емес, мыңның мені болған соң,

Сенің «сенің» сен емес,  түмен сені болған соң...»

Бұл жерде айта кетерлігі – Мәлік Ғабдуллиннің бір ерекшелігі: майдан даласында жүргенде де, бейбіт өмірде де адамдармен аса көп хат алмасқан және оларды сақтап отырған. Өзінің айтуынша олардың көбісі майданда бомба түсіп, жойылған. Майдандас, қаруластары туралы тамаша естеліктері кезінде «Менің майдандас достарым» деген атпен кітап болып жарық көрген. Өзінің майдан жазбаларын болашақ шығармаларына материал үшін тылдағы қаламгерлерге де қол тартпастан беріп отырған.

Соғыс аяқталғаннан соң Мәлік Ғабдуллиннің алдында екі жол тұрды. Бірі – Мәскеуде қалып, қазірдің өзінде тамаша қалыптасып үлгерген әскери қызмет жолын жалғастыру, екіншісі – елге қайтып білім-ғылым жолына оралу. Ол екінші жолды таңдады. Елге оралды. Майданға кетерде Сәбит Мұқановқа аманаттап тапсырып кеткен диссертациялық жұмысын сәтті қорғап, филология ғылымдарының кандидаты болды, кейінірек доктор атанды. Профессор, академик болды. Әдеби, ғылыми еңбектер жазды, әдістемелік оқулықтар, академиялық жинақтар құрастырды, әлденеше рет халық қалаулысы атанды. 1946-1951 жылдары Тіл және әдебиет институтын, 1953-1963 жылдары Қазақ педагогикалық институтын басқарды. 1963 жылдан Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімі меңгерушісі қызметін атқара жүріп, 1973 жылы 2 қаңтар күні 58 жасында өмірден өтті. 

Міне, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де Мәлік Ғабдуллиннің майдандағы ерлігі, ғылымдағы еңбегі, педагогика саласындағы іс-тәжірибесі, өмірдегі адами тұлғасы жайлы үздіксіз айтылып, жазылып келе жатыр. 

Бір басында Кеңес Одағының батыры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, ҚазПИ-дің директоры (ректоры), Жоғарғы Кеңес депутаты, т.б. атағы мен дәрежесі болғанына қарамастан, Мәлік Ғабдуллиннің өмірде, қызмет бабында өзін қарапайым ұстағаны аңыз болып айтылады. ҚазПИ-ді басқарған кезінде жатақханаға келіп студенттермен шахмат ойнап, олардың қара шайын ішетіні, оларға вокзалдан билет алуға баратыны, шетелден келіп оқыған қазақ студенттерін ерекше қамқорлағаны, майданнан жаралы оралған Құмаш Нұрғалиев сынды қаншама жауынгердің білім алуына ерекше қолдау жасағаны, т.б. айтылатын жылы естеліктер Мәлік Ғабдуллиннің мейірімге толы үлкен жүректі азаматтық тұлғасын танытады. Мәлік ұстазының қарапайым да кішіпейіл мінез қалпы шәкірті, академик Серік Қирабаев былай деп естелік қалдырған екен: «Осындай үлкен атақ-дәрежесі, биік мансабы бола тұрса да, Мәлік адамгершілігі жағынан тіптен қарапайым, өте кішіпейіл жан еді. Оны біз қашан да екі қабат есігі бар, кірген адам жүрексініп тұратын үлкен кабинеттің төрінен емес, халық ортасынан табатын едік. ҚазПИ-дің ректоры кезінде студенттер жатақханасына жиі баратын Мәлік олармен шахмат ойнап, ұзақ отырып та қала беретін. Ректор алдында жасқанып тұратын студенттермен қалжыңдаса сөйлесіп, оларды өзіне ілезде-ақ тартып алатын. Кісі көңілін  қалдырғысы келмейтін Мәліктің әркімнің шаруасы үшін жалықпай жүретінін талай көріп таңданушы ек. Соның бәрі де қарапайым адамдарға қол ұшын беруге ұмтылатын үлкен жүректің ісі екенін енді ғана, Мәліксіз қалғанда ғана ұққандаймыз.»

Тағы бір мысал: «Мен қазір Мәскеудемін. Маған тиісті наградтарды алдым. Бұл жерде жазушы, суретші дегендер басымды қатырып болды. Мазаны алады, ананы айт, мынаны айт деседі. Шынында есі бар адам өзі туралы әңгіме айтып мен мынадаймын деуі қиын ғой...», - деп жазады, 1943 жылы бір хатында. Майдан Мәлікқызы өз естелігінде әкесі 9 мамырда, өзге уақыттарда өтетін салтанатты іс-шараларға, кездесулерге батырдың «Алтын жұлдызын» мақтанышпен тағып баруды құп көрмегенін айтады.

Педагог ғалымның «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты кітабы 1966 жылы жарық көрді. Мектеп оқушыларымен кездесулер өткізу, ашық сабақтар мен ғылыми-тәжірибелік эксперименттерге қатысу, оқулықтар құрастыру т.б. мектеп педагогикасына қатысты мәселелермен кеңінен таныс ғалымның бұл кітабында қызықты ұсыныстар көп. Қазақ тілінің қолдану аясы тарыла түскен, ұлттық оқыту жүйесі, жас ұрпақты ұлттық педагогика ауқымында тәрбиелеу деген ұғымдардың толық қалыптаспаған тұсында жарық көрген бұл кітаптың маңызы зор еді. 

Бұл кітапта жас ұрпақты патриотизмге, елі мен жерін сүюге баулу мәселесі кеңінен қарастырылады. «Ертедегі ата-аналар өздерінің балаларын жастайынан еңбекке баулып тәрбиелегенде, олардың еңбек сүйгіш, еңбекқор және тұрмыс-тіршілікке икемді, қолынан іс келетін ер-азамат болуын көздеген.

Бала тәрбиелеудегі бұл мақсатына жету үшін олар тәрбие құралының бірі етіп халықтың ауыз әдебиетін, ән-күйін көп пайдаланған», - деп ғалым тақпақ, жұмбақ, жаңылтпаштардан бастап, батырлар жырына дейінгі халық ауыз әдебиеті түрлерін жас ұрпақ тәрбиелеу, қалыптастыруға қолдану жолдарын көрсетеді. 

Бұл педагог ғалымның дәуірлеп тұрған коммунистік идеялар аясында ұлттық құндылықтарды ұмытпай, жас ұрпаққа насихаттау жолындағы әрекеті еді. «Бұл кітап жаңа дәуірге, советтік оқыту педагогикасына не үшін керек?» - деген сұрақ та туындауы мүмкін еді. Осыған автор былай деп жауап береді: «Халықтың ертедегі батырлар жыры сол кезде жас ұрпақты тәрбиелеуде айтарлықтай қызмет атқарды деуімізге байланысты өткендегі батырлар жырының совет жастарын патриоттық және батырлық-ерлік рухта тәрбиелеу үшін пайдасы бар ма? деген сұрақ тууы мүмкін.»

Бұл ойын Мәлік Ғабдоллаұлы пролетариаттың бас көсемі В.И.Лениннің ойымен дәйектейді. Осылайша күмән-күдіктің алдын алады: «Бұл сұрақтың жауабын біз ұлы көсеміміз В.И.Лениннің еңбектерінен іздейміз. Өткендегі мәдени мұраның пайдасы қандай және ол мұрадан нені аламыз, қалай аламыз деген мәселе жайында В.И.Лениннің данышпандықпен айтқан пікірлерін бәріміз білеміз. Мәселен, комсомолдың үшінші съезінде (1920 жыл) сөйлеген сөзінде В.И.Ленин ескі мәдени мұраны сын көзімен қайта қарап, оның ішінен пролетариат үшін пайдалысын, ең таңдаулысын қалай сұрыптап алу керектігін көрсетіп берді. Сондай-ақ, ол осы сөзінде: «Жастардың үйренуі, тәрбиесі және білім алуы бізге ескі қоғамның қалдырған материалынан басталуы тиіс», - дегендігін алға тартады. 

Және де бұл ойды бүкілодақтық староста М.И.Калининнің ой-пікірімен бекіте түседі: «Соғыс жылдарында М.И.Калинин совет жастарына арнап сөйлеген сөздерінде, мақалаларында жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде әрбір халықтың батырлар жырының мәні бар екендігін ескертеді.» Міне Мәлік Ғабдоллаұлы осылайша ол советтік қызыл көз сақшылардың күдіктенуіне орын қалдырмайды. Шынында да өткен ғасырдың 70-80 жылдары орта мектептің 8-сыныбында оқытылған «Қазақ әдебиеті» оқулығы мен оның хрестоматиясы ғажап болатын. Бұл – академик Мәлік Ғабдуллиннің халық ауыз әдебиетін мектепте оқыту жөніндегі тұжырымдамасы мен оның жүзеге асуының нәтижесі еді. Осы арқылы қазақ мектебінде оқыған шәкірттер халық ауыз әдебиетін бар нәр-сөлімен оқып тұтынғаны анық еді. Бұл да болса бірнеше буын ұрпақтың ұлттық жадысының тіні сетінемеуіне, қазақылығының қаймағы жұқармауына игі ықпал етті. Мәлік Ғабдуллиннің халқына қызметі көзі тірісінде жасап кеткен еңбегі арқылы, өмірден өтсе де жалғаса берді, қазір де жалғасуда.

«Өлгеннің бәрі жақсы», «өткеннің артынан жаман сөз айтпа» деген түсінік аясында, кейде әркімді орынды-орынсыз мақтап, мадақтап жататын әдет баршылық қой. Алайда сол мақтаудың тұзы татымай жататыны да болады. Ал Мәлік Ғабдуллин еңбегіне қатысты айтылғанда, мұндай «татымай қалу» оған мүлде жат екендігіне, осынау тұлғаның өмірі мен іс-қызметіне аз да болса көз жүгіртіп, парықтап-парақтағанда көз жеткізеріңіз анық. «Ұлық болсаң, кішік бол», «Жемісі көп ағаштың бұтағы төмен», «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол!» деген сөздердің мағынасы осындай ұлы жүректі жандардың ізгілік ескен іс-әрекеті мысалында ашыла түсетіндей. 

Сөзімізді академик Серік Қирабаевтың 1975 жылы Мәлік Ғабдуллинің 60 жылдық мерейтойына орай жазған «Мәлік туралы сөз» мақаласының түйінімен түйіндемекпіз: «Мәлік өмірі – кім үшін болса да, үлгілі өмір. Ол жастай көзге түсті. 16 жасында институтқа түсті. 20 жасында қатардағы азаматтық қызметін атқарды, жазушылық, журналистік, ғалымдық жолға түсті. Батырлық, ғалымдық  атақтарды да ерте алды. Бірақ ол соның бірде біріне мастанып, асып-таспады, қарапайым қалпын бұзбаған күйінде дүниеден аттанды.

Оның алпыс жылдығы өзінсіз өтті. Иесінсіз өткен той – әрине, көңілді де емес. Бірақ Мәлігін – батырын, ғалымын, ұлын сүйген халық ағылып-төгіліп келіп, оны тағы да еске алды. Бұл – ер есімінің өлмегені. Сондықтан елі бар жерде Ердің аты ұмытылмайды, халық батыр Мәлігін, ғалым Мәлігін әрқашан есте сақтайды.»

Бөлісу