Түрк қағанатының тарихи тұлғалары

Бөлісу

13.11.2025 5777

Тарихтың тереңінен бүгінге жеткен ұлы сарын бар. Ол  көк түріктің үні. Бұл үн Орхон мен Селенгі арасынан естіліп, ұлттың жадында мәңгілік жаңғырып тұр. Түрк ақыны Мағжан Жұмабай Түрк даласын жырлағанда ежелгі Тұран Отанының тарихына тереңдей отырып, «Түрікке адамзатта ел жеткен бе?», - дейді. VI–VIII ғасырдағы кезеңдер Түрік қағанатының асқақ дәуірі. Бұл кезеңде көк байрақ астында елді біріктіріп, темірдей тәртіп орнатқан тұлғалар тарих сахнасына шықты. Көк Түріктің символы – Көк бөрі болды. Ол – түріктің тектік белгісіазаттықтың, тектіліктің, қайта туу мен өрлеудің архетипі. Түрік аңызы бойынша, жау қырғыннан кейін тірі қалған жалғыз ұлды Көк бөрі асырап, өсіреді. Сол ұлдан жаңа ұрпақ тарайды. Демек, түрік ұлт болмысының өзегі табиғатпен, рухпен, тәңірмен бірлікте өмір сүру болып табылады. 


Бумын Қаған 

Түрік тарихының бастауы – Бумын қаған. Ол VI ғасырда тарих сахнасына шыққан сәттен бастап бүкіл Ұлы Даланың тағдырын өзгертті.
Қытайдың жібек дәуіріндегі үстемдігіне қарсы тұрып, түрік ұлыстарын біріктірді. Бумын – «қаған» атағын алғаш иеленген, Түрк территориясын кеңейткен тұлға. Бумын қаған құрған мемлекет тек саяси құрылым емес, ол рухани жаңғырудың алғашқы қадамы еді. Өйткені сол кезден бастап түрік халқы өзін «Тәңір текті, түрік ұлы» деп таныды.

Білге Қаған

Ұлы Даланың тарихында найзаның ұшымен ғана емес, ақылдың күшімен ел болған кезеңдер бар. Сол дәуірдің шоқтығы биік тұлғаларының бірі – Білге қаған. Білге қаған – Елтеріс қағанның ұлы, Күлтегіннің ағасы. Ол жасынан елдік мұратқа адал, парасатты, сабырлы болып өсті. Таққа отырған кезінде ел ішінде алауыздық, сыртта жау қысымы күшейіп тұрған еді. Бірақ жас қаған сабырмен шешім қабылдап, жұртының бірлігін қайта орнатты. Білге қағанның ұлылығы – ол жеке дара билік құрмаған. Оның жанында елге тірек болған екі тұлға — інісі Күлтегін мен кеңесшісі Тоныкөк тұрды. Орхон жазба ескерткіштерінде Білге хандық құрған кезең жайлы:

«Биікте көк Тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің арасында адам баласы жаралған.

Адам баласы үстіне ата-тегім

Бумын қаған, Істемі қаған отырған.

Отырып, түркі халқының ел-жұртын

Қалыптастырған, иелік еткен», - деген жолдар кездеседі. Білге қаған тұсында Түрік қағанаты ішкі тұрақтылыққа қол жеткізіп, көрші елдермен дипломатиялық байланыстар орнатты. Ол сауда мен мәдениеттің дамуына жол ашып, жазба мәдениетінің қалыптасуына ықпал етті.

Күлтегін 

Күлтегін есімі  – түрік тарихының алтын әріптермен жазылады. Ол Білге қағанның інісі, Түрік қағанатының жас арыстаны. Он алты жасында жорыққа қатысып, ел тағдырын арқалаған баһадүр. Күлтегін – елдіктен айырылып, рухы жадаған жұртты қайта біріктіріп, тәуелсіздік отын жаққан қаһарман. Орхон жазбаларындағы «Түн ұйықтамадым, күн отырмадым, інім Күлтегінмен бірге ел үшін тер төктім», –деген жолдар сол кезеңдегі ел басына төнген қауіптен қалай құтылғанын, Күлтегіннің қырық жасқа дейінгі жасаған ерлігін айшықтай аламыз. 

Йоллығ тегін

Егер Күлтегін – рухтың қылышы болса, Йоллығ тегін – сол рухтың дауысы. Ол Орхон жазбаларының авторы, көне түрік сөз өнерінің негізін қалаушы. Оның қолымен тасқа қашалған әрбір жол –  көне түрік өркениетінің әдеби, философиялық коды. "Иоллығ" сөзі "жол иесі" дегенді білдірсе, "тегін" лауазымы қағанаттың билеуші топ өкілдеріне берілген. Йоллығ тегін – Білге қағанның ұлы, Түрік қағанатының көрнекті жазушысы, шежірешісі. Әкесі қайтыс болғаннан кейін қағанаттың келісімімен таққа отырған Йоллығ тегін ел басқарумен қатар, тарих пен руханияттың тұтастығын сақтауға күш салды. Ол Қытаймен арадағы қатынасты бейбіт арнада ұстауға тырысқанымен, қытай мәдениетінің түрік қоғамына етене сіңуіне қарсы болды. Йоллығ тегін халқын сыртқы әсерден сақтандырып, рухани тәуелсіздікке шақырды:

«Түрік халқы, сен, олардың әдемі сөзіне, қымбат тастарына қызықпа… Зұлым елдер осылай үйретер еді. Кім алыс тұрса – жаман ақыл естиді, кім жақын өмір сүрсе – әдемі ақыл естиді… Ал сен, адамдар, сөзге сеніп, қаншамаң қырылдың», – деп жазды ол.

Йоллығ тегін өз халқын соғыс пен жат ықпалдан сақтандыруды көздеді. Ол түріктердің тағдырлы жолын суреттеп:

« Сен… түрік елінің халқы, әр жерде кезіп, өзіңді соғысқа өміріңді қидың. Сіздер, ол кезде тірі болсаңдарда, бүкіл жерді шарладыңдар, бірде тірі болып, бірде өлі күйде», – деп, елдің бірлік пен тәуелсіздіктің қадірін ұғындыруды мақсат етті.

Қытайлықтарды ол «табғаштар» деп атап, олардың саясатына сынмен қарады:

«Табғаш елінің халқы, біздерге есепсіз берген алтын, күміс, күріш, дәндерді, сөздері сондай сүйкімді, олар өздеріне сол жерде өмір сүрген әртүрлі халықтарды тарта білді. Олар өздері тартып алған жерлерінде тығыз орналасып, қажетсіз нәрселерді жасауы», – деп, елін Табғаштардан  сақтандырды.

Йоллығ тегін – Күлтегін мен Білге қағанның ерлігін тасқа жазып, ұлт жадын мәңгілік еткен тұлға. Ол түрік халқының бірлік пен рух тұтастығын армандады және өз сөзінде ұлтты сақтандырды:

«Кімде-кім түрік халқына тиіссе, егер аспан айналаса, егер жер астынан айналса? Түрік халқы сен, онда жоқ боласың! Онда сен алға, не артқа қашасың. Сен сонда жаңа жерден не аласың? Қаның өзен болып ағып, сүйегің бір төбе болады. Ал сенің ұрпағың өмір бойы құл болып, әйел-қыздарың күң болады», – деп, ұрпаққа мәңгі өсиет қалдырды.

Йоллығ тегіннің ерекшелігі – ол тарихты тек баяндап қана қоймай, оны жыр етіп өрген. Сондықтан Орхон жазулары – бір мезетте әрі шежіре, әрі эпос, әрі өсиет болады. Оның: «Көк түрік халқы үшін түн ұйықтамадым, күн отырмадым», – деген сөзі бүгінгі түркі дүниесінің рухани ұранына айналды.

Тоныкөк

Ол Бумын қаған дәуірінен бастап түрік мемлекетінің кеңесшісі, ақылшысы болған.
Қағанаттың ішкі бірлігі мен сыртқы саясатын ұйымдастырған – осы Тоныкөк еді. Ол билік пен рухтың тепе-теңдігін сақтаған тұлға.
Тоныкөк – түрік философиясының алғашқы негізін қалаған ойшыл.
Оның сөздерінде қазіргі заманның мемлекетшілдік идеясы, ұлттық стратегия ұғымдарының бастауы жатыр. Екінші Шығыс Түркі қағанатының негізін қалаушылардың бірі – Тоныкөк. Ол Оғыз тайпасынан шыққан, түркі халқының рухани және саяси тарихында өшпес із қалдырған тұлға. Тоныкөк өмірін ел бірлігі мен мемлекеттің тұтастығына арнады. Ол өз заманында үш бірдей қағанға  Құтлық, Капаған және Білге қағандарға уәзір болып қызмет атқарды. Әрбір кезеңде даналығымен, көрегендігімен, стратегиялық шешімдерімен көзге түсті.

Түрік рухының бастауы тек тарихи батырлардан емес, мифтік кеңістіктен де тамыр тартады. Қорқыт, Көк бөрі, Ер Төстік, Алпамыс, сияқты кейіпкерлер – Түрк санасының символдары. Түрк дәуірі – ұлт рухының ұйытқысы, ерлік пен даналықтың тоғысқан алтын ғасыры. Бумынның бірлігі, Тоныкөктің даналығы, Күлтегіннің ерлігі мен Білгенің әділдігі – түркі өркениетінің мәңгілік тұғыры. Бұл тұлғалар қалдырған мұра – бүгінгі Түрк жұртының рухани тамыры мен елдік өнегесінің бастауы.

Бөлісу