Бозоқ қалашығынан Жошы ұлысы дәуіріне тән бес элиталық кесене табылды

Бөлісу

12.11.2025 5820

Астанада «Жошы Ұлысы дәуірінің мұралары контексіндегі «Бозоқ»: музейлік кеңістіктегі репрезентация мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Халықаралық жиынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы және Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты және Жошы ұлысын зерттеу жөніндегі ғылыми-зерттеу институты бірлесіп өткізіп отыр. 


Конференция жұмысына жетекші отандық және шетелдік ғалымдар, тарихшылар, археологтар, этнологтар, сәулетшілер, суретшілер, дизайнерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, педагогтар және қоғам өкілдері қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара «Көне Бозоқ қалашығының археологиялық қазбалары негізінде ашық аспан астындағы Ұлттық парк құру» жобасының жаңартылған тұжырымдамасын таныстыруға арналған. Сондай-ақ, энеолит дәуірінен қазіргі этнографиялық кезеңге дейінгі дала өркениетінің тарихи-мәдени мұрасы болып отырған Бозоқ музей-қорығының бірегейлігін сақтау және оған Жошы Ұлысы дәуірінің тарихи-мәдени мұра нысандарын енгізу арқылы ғылыми әлеуетін арттыру мақсатын көздейді. Яғни аталмыш халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция осы ежелгі қалашықтың негізінде ашық аспан астындағы Ұлттық парк құру жобасының жаңартылған тұжырымдамасын таныстыруға арналып отыр. 

1999–2014 жж. белгілі археологтар Кемел Ақышев пен Марал Хабдулина жетекшілік еткен Есіл археологиялық экспедициясы Бозоқ қалашығында бірқатар маңызды ашылулар жасады. Зерттеу барысында XIII–XIV ғасырларға жататын ақсүйектер жерлеу орындары, соның ішінде жауынгер әйел «Інжу» жерлеу орны, түрлі тиындар және Жошы Ұлысы дәуіріне тән бес элиталық кесене анықталды. Бұл табыстар Бозоқ қалашығының айқын алтынордалық кезеңін дәлелдейді. Қазақ хандары мен сұлтандарының шежіресі мен генетикалық зерттеулердің нәтижелері де осы бағытты қуаттайды. Олар Қазақстанның Жошы Ұлысының тек аумақтық емес, саяси және мәдени мұрагері екенін көрсетеді. Сонымен қатар, еліміз Еуразия даласы тарихында Жошы Ұлысы ыдырағаннан кейін де Жошы әулетінің билеуші дәстүрін ұзақ уақыт бойы сақтап қалған сирек мемлекеттердің бірі болып табылады. 

«Бозоқ» Ұлттық паркі жобасы қазіргі ғылыми зерттеу үдерісінің маңызды бөлігіне айналды. Жоба археологиялық және этнологиялық зерттеулердің нәтижелерін біріктіріп, кешенді ғылыми бағыт ұсынады. 

2025 ж. 29 тамызда «Бозоқ» музей-қорығының Ғылыми кеңесінің отырысында жобаның құрамына Жошы Ұлысы дәуірінің тарихи-мәдени мұра нысандарын енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл шешім жобаның ғылыми және мәдени әлеуетін едәуір арттырды. Конференция барысында жетекші ғалымдар жаңартылған тұжырымдаманы талқылап, ескерткіштерді зерттеу, реконструкциялау және тарихи-мәдени мұраны мәдениет пен туризм тұрғысынан дәріптеу мәселелерін қарастырады.

Астана қаласының іргесінде орналасқан Бозоқ қалашығы – ежелгі дала өркениетінің жарқын куәгері. Бұл жерде энеолит дәуірінен бастап қазіргі этнографиялық кезеңге дейінгі тарихи-мәдени қабаттар шоғырланған. 

Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазіргі Қазақстанның миссиясын терең түсінуге септігін тигізетін көшпенділер өркениетінің бесігі болу дегеніміз – бұл тек өткенді еске алу ғана емес, ортақ игілік жолында халықтар мен мәдениеттерді, дәуірлер мен кеңістіктерді біріктіру деген сөз. Ұлы Даланың жүрегі ретінде Қазақстан өз тарихи жолын жалғастырып, көне көшпелі дәстүрлерді болашаққа бастайтын қуатты тірегіне айналдыруы тиіс», – деп атап өткен болатын. Бұл сөздер «Бозоқ» жобасының стратегиялық маңызын айқындайды.

Бозоқ – тек қалашық емес, кешенді археологиялық комплекс. Мұнда VII–XII ғасырлардағы көне түрік дәуірінің іздері, Жошы Ұлысы кезеңіне жататын төрт элиталық кесене, 72 жерлеу орны, XIII ғасырға тән тұрғын үйлер және XX ғасыр қыстаулары табылған. 1999–2014 жылдары Кемел Ақышев пен Марал Хабдулина жетекшілік еткен Есіл археологиялық экспедициясы ақсүйектер жерлеу орындарын, оның ішінде жауынгер әйел «Інжу» жерлеу орнын, түрлі тиындар мен бес элиталық кесенені ашты. Бұл жәдігерлер Бозоқтың алтынордалық кезеңін дәлелдейді.
Сондай-ақ, Қазақ хандары мен сұлтандарының шежіресі және генетикалық зерттеулерде Жошы Ұлысының Қазақстанның саяси-мәдени мұрагері екенін растайды. Яғни Еуразия даласында Жошы әулетінің билеуші дәстүрін ұзақ сақтаған мемлекеттердің бірі – Қазақстан болып отыр.
Белгілі ғалым, «Дешті-Қыпшақ» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сапар Ысқақовтың айтуынша, ДНК талдаулар бүгінде 42 елінде Жошы әулетінің мұрагерлері бар екенін дәлелдеп отыр. Бұл сол дәуірдегі миграциялардың ауқымын және ғұндар мен қыпшақтардың Еуропа мен Африкадағы іздерін дәлелдейді.

«2016 жылы «Бабалар ізімен» деп аталатын ғылыми экспедиция ұйымдастырдық. Еуропа, Азия, Африка, Американың 46 еліне бардық. Сол секілді Жақсылық Сәбитов бастаған ғалымдар тобы Еуропа, Мысыр, Қытай бойынша жүріп өтті. Біз Еуропаның 17 еліне, Африкаға, Таяу Шығысқа, Орта Азияға, Қытайға, Солтүстік және Оңтүстік Америкаға бардық – барлық жерде ата-бабаларымыздың іздері жатыр. Сол секілді Ватикан, Венеция, Парижден көптеген деректер, көне карталар таптық. Оларда Қазақ хандығының шекаралары көрсетілген. Өкінішке қарай, олардың бәріне кіре алмадық. Дегенмен Ватиканға бәріне кіруге рұқсат бермейді. Біз Рим Папасына қазақтың VI ғасырдағы қобызын сыйға тартып жүріп, музейге қол жеткіздік. Түрлі ДНК талдаулар жасадық. Нәтижесінде Мысыр, Сирия, Кавказ, Еуропа секілді әлемнің 42 елінен туыстарымды таптым», - дейді ол. 

Ғалымның бұл сөзін конференцияға келген шетелдік ғалымдар да толықтай қуаттап жатты. Мәселен, Асуан университетінің докторы Абдулазием Гхалваш Мохаммед Риад өз сөзінде Мысыр тарихындағы қыпшақтардың рөлінің жоғары болғанын атап өтті. 

Оның айтуынша, Мысыр орта ғасырларда бірнеше мемлекеттік буынды бастан өткерген.  «Нақты айтар болсақ, тулундар, фатимидтер, аюбидтер және мамлүктер билігі болды. Әр династия белгілі бір күшке сүйенді. Тулун Ахмед – түркі, Аббасидтерден бөлініп, Каирде үлкен мешіт салды. Фатимидтер берберлер мен араб көшпенділерінің қолдауымен билікке келді. Кейін түркі мәмлүктерінің рөлі өсті. 1171 жылы Салах ад-Дин түркілер мен күрділердің көмегімен Аюбидтер династиясын құрды. Салах ад-Дин кезінде Дешті Қыпшақтан мамлүктерді жаппай сатып ала бастады. Мысыр қоғамы үшін мәмлүктер құл емес, соғыс өнерін меңгерген гвардия мүшесі болды. Мәмлүктер әртүрлі ұлттан болды, бірақ жоғары лауазымдарға жетті. Олар 1250 жылдан бастап Мысырды басқарды дейді», - дейді мысырлық қонақ. 

Сондай-ақ ол өз сөзінде Қазақстанда өз үйінде жүргендей болғанын айтады. 

«Қазақстан – бай тарихы, терең дәстүрлері, ашық адамдары бар ел. Бірінші минуттан бастап шынайы қонақжайлылықты, жылулықты сезіндім, рахмет. Біздің қарым-қатынасымыз, идея алмасу, ғылыми ынтымақтастық екі ел арасындағы достықты нығайтып, жаңа зерттеулерге жол ашады деп сенемін», - деп атап өтті Абдулазием Гхалваш Мохаммед Риад. 

Бозоқ және Жошы ұлысы 

Бозоқ – 5 мың жылдық тарихы бар үлкен кешен. «Бозоқ» музей-қорығының ғылыми қызметкері Төлеген Қажымұраттың айтуынша, қалашықтың тарихы VII–XII ғасырларды қамтиды. «Жалпы Бозоқ туралы алғашқы жазбалар 1816 жылғы Шангиннің қолжазбасында айтылған.  Сондай-ақ, XIX ғасыр карталарында да кездеседі. Бозоққа қатысты алғашқы қазба жұмыстары 1998 жылы басталды. Оны Кемел Ақышев бастаған археологтар тобы жүргізді. Қазба жұмыстары барысында Жошы Ұлысы кезеңіне тән 4 элиталық кесене, 72 жерлеу орны, XIII ғасырға тән тұрғын үйлері мен XX ғасыр қыстаулары кіреді», - дейді ол. 

Осылай деп атап өткен ол Бозоқтың кешенді сипатын ашып берді:

2018 жылдан бастап көне қалашық орнында ашық аспан астындағы музей жобасы жүзеге асырылуда. Мақсаты – Қазақстан тарихын жанды музей ретінде көрсету, экспериментальды археология және мұра менеджменті арқылы реконструкция жасау. 
Бүгінде 412 гектар аумақ қоршалып, Дешті Қыпшақ және Сарыарқа қақпалары салынып жатыр. Визит-орталық Қазақ хандығы қалаларының архитектурасы негізінде жобаланды (дизайнер – Алмас Ордабаев).

Жоспар бойынша ол жерде Ботай мәдениетінен бастап тұрғын үй реконструкциялары;
Қола дәуірі (металлургия, қыш өндірісі);
Ғұндар қаласы;
Елеке сазы ғибадатханасы (әлемдегі жалғыз көне түрік ғимараты);
Бозоқ қалашығы реконструкциясы (қаған сарайы, керуен-сарай);
Жошы Ұлысы хан ордасы (киіз үйлер, шатырлар);
Меңгірлер аллеясы.
Құрылыс жұмыстары 2035–2037 жылдарға дейін жалғасады. Бозоқ көлі абаттандырылады. Жоба қазақ архитектурасын қалпына келтіріп, болашақ ұрпаққа мұра етуді мақсат етеді.

«Бозоқ» Ұлттық паркі жобасы қазіргі ғылыми зерттеу үдерісінің маңызды бөлігіне айналды. Жоба археологиялық және этнологиялық зерттеулердің нәтижелерін біріктіріп, кешенді ғылыми бағыт ұсынады. 2025 ж. 29 тамызда «Бозоқ» музей-қорығының Ғылыми кеңесінің отырысында жобаның құрамына Жошы Ұлысы дәуірінің тарихи-мәдени мұра нысандарын енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл шешім жобаның ғылыми және мәдени әлеуетін едәуір арттырды. Конференция барысында жетекші ғалымдар жаңартылған тұжырымдаманы талқылап, ескерткіштерді зерттеу, реконструкциялау және тарихи-мәдени мұраны мәдениет пен туризм тұрғысынан дәріптеу мәселелерін қарастырады.
Іс-шара соңында «Бозоқ» тарихи-мәдени жобасының жаңартылған тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат өз кезегінде «Бозоқ» музей-қорығының ашық аспан астындағы Ұлттық парк құру бағдарламасының әрі қарай жүзеге асырылатына жол ашпақ. Сонымен қатар, ол Қазақстанның Еуразия даласының тарихи және мәдени орталығы ретіндегі стратегиялық бағытын айқындайды.

 

Бөлісу