Ұлттың генетикалық жады немесе архетип

Бөлісу

11.11.2025 5082

Ғылым балалары адам санасының сан түрлі қатпарларын шексіз сүйіспеншілікпен ақтара түсіп, түрлі қараңғы бөлмелерге нұр шашты. Адам табиғатын, жадын, арғы болмысын, тіпті бастау қайнар көзін зерделей отырып, зер салып, зерттей түсті.  Сондай сан түрлі қатарлардың бірі –адамның генетикалық жады. Ғылым балалары оған «Генетикалық жады (ағылш. genetic memory–  бұл организмнің немесе ұлттың ұрпақтан ұрпаққа тек биологиялық жолмен ғана емес, тәжірибе мен бейімделу үлгілерін де беру қабілеті», деп анықтама береді. 


Биология мен нейроғылымда генетикалық жадыны туа біткен инстинктер, реакциялар, қорғаныс механизмдері (мысалы, бала жаңа туған кезде еметінін біледі; құс ұя салады). Яғни, бұл эволюциялық кодталған бейімделу деп атаса, психологияда Адам ұжымдық бейсанасында (архетиптік деңгейде) сақталған тарихи-мәдени тәжірибені мұра етіп алады. Бұл ұлттың рухани жады, символдар мен мінездің берілу формасы ретінде зерттеледі. 

Кембридж және Гарвард ғалымдары өз зерттеу жұмыстарында «эпигенетикалық мұрагерлік» деген саланы қарастырады. Бұл ұрпақтың санасына белгілі бір стресс, қорқыныш немесе тәжірибе ДНҚ құрылымына тікелей әсер етпесе де, оның экспрессиясын өзгертетіні анықталды.
Яғни, бұл әсер келесі ұрпаққа берілуі мүмкін.
Мысалы, адамдар тәжірибе арқылы тышқандарға бір иіс арқылы қорқыныш тудырады. Кейін тышқандардың ұрпақтары да сол иіс шыққанда қорқады. Бұл  генетикалық жадтың тәжірибелік дәлелі. Бұл тәжірибе адамдардың, ұлттардың, ұлыстар мен халықтардың да санасында бекіп, кодталып қалады. 

Бірақ бұл жад тек жеке адамның естелігімен өлшенбейді. Ол ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттың генетикалық коды, архетиптік жад түрінде ұжымдық санада өмір сүреді. Ұлтты ұлт ететін оның өткенді ұмытпау қабілеті, ал сол ұмытпау – тек сөзбен емес, рухпен, бейнелермен, архетиптермен беріледі.

«Архетип» ұғымын алғаш ғылыми айналымға кең салада енгізген Карл Юнг болатын. Ол архетипті адамзаттың ұжымдық бейсанасында сақталған алғашқы бейнелер, түпнұсқалық модельдер деп түсіндірді. Әрбір халықтың өзіне тән архетиптері болады: ана, батыр, жол, су, тау, киелі мекен – бұлардың бәрі тек көркемдік символ ғана емес, ұлттық болмыстың генетикалық іздері.

Ғылым тілімен айтқанда, генетикалық жад дегеніміз – ұрпақтан ұрпаққа берілетін мінез-құлық, тәжірибе, сезімдік бағдарлар. Ал мәдениет пен әдебиет тұрғысынан бұл – рухани жалғастық, яғни өткеннің энергиясы мен символдары бүгінгі санада қайта жаңғырып отырады.
Қазақ баласы бесік жырын естіген сәттен бастап, ұлттық кодты қабылдайды. Ол бесіктегі тербелістен бастап, даланың сарынына дейін бойына сіңіреді. Бұл жай ғана дәстүр емес, рухани трансмиссия, яғни ұлттың өзін сақтау механизмі. Жалпы генетикалық жадтың тамыры ұғынықты болуы үшін төмендегі кесте арқылы түсіндіруге  болады: 

Кеңес дәуірі мен отарлық кезең бұл жадты үзуге тырысты. Бірақ ұлттың жадында жатқан архетиптерді өшіру мүмкін болмады. Олар арғысы Түрк кезеңінде, жыраулар поэзиясында, халық әнінде, мақал-мәтелдер мен мифтерде өмір сүріп қалды. Бұл жасырын код, ұлттың иммундық жүйесі секілді. Сол себепті де қазақ қоғамында азаттық, тәуелсіздік, намыс ұғымдары әрдайым тірі күйінде сақталды. Бейсана – жеке адамның емес, тұтас ұлттың өмір сүретін кеңістігі. Ұлттың ұжымдық бейсанасында тарихтың, діннің, мәдениеттің, мифтің, тілдің энергиясы тоғысады. Мәселен, қазақтың кез келген шешендік сөзінде «жерге адал болу», «ата-баба рухын сыйлау», «құрмет көрсету» сияқты мотивтер қайталана береді. Бұл жай риторика емес,  архетиптің қайталануы.

Сол бейсана арқылы біз кім екенімізді сезінеміз. Егер адам генетикалық тұрғыдан ата-анасына ұқсаса, халық та рухани тұрғыдан өз бабаларының архетиптерін қайталайды. Ұлттың архетиптері – бұл тарихи естеліктердің көркем бейнеге айналған түрі. Олар біздің ойымызды, мінезімізді, эстетикалық талғамымызды, тіпті қоғамдағы құндылықтар иерархиясын қалыптастырады.

Генетикалық жады мысалдары

Мысал

Түсініктеме

Қазақ баласының ерте жаста жылқыға жақындығыЭтнотарихи тәжірибе – ата-баба өмірінің бір бөлігі болған жылқы мәдениеті бейсаналық деңгейде қалыптасқан.Ұлттық музыкаға табиғи іштей елігуДыбыс пен ырғақ ұлттық кодпен байланысқан (қобыз, домбыра, әуен құрылымы).Қасиетті жерлерге тағзым етуБұл  «ата-баба рухы» архетипінің көрінісі, генетикалық жадтың мәдени формада сақталуы.

Сондай-ақ, қазақ халқының жадында кең дала – еркіндіктің өлшемі, ана – мейірім мен тіршіліктің бастауы, ата-баба рухы – борыш пен намыстың символы. Бұл ұғымдар кітаптан емес, ұрпақтан-ұрпаққа бейсаналық түрде берілген рухани кодтан туындайды.

Ұлттың жад дегеніміз – ұжымдық санада ғасырлар бойы қордаланған рухани, тарихи және мәдени тәжірибенің тұтас жүйесі. Ол көзге көрінбейтін, бірақ ұлтты біріктіріп тұрған ішкі энергетикалық өріс, халықтың өзін-өзі тану және сақтау механизмі. Ұлттың жад – тілде, фольклорда, өнерде, салтта, жер мен мекенге деген қатынаста сақталады. Ол ұлттың моральдық-этикалық иммунитетін қалыптастырады. Қай қоғам өз жадынан ажыраса, сол қоғам рухани бағытынан жаңылады. Ұлттың жадында тек есте сақтау ғана емес, таңдау, сұрыптау және қайта ұғыну қабілеті бар. Сол арқылы ол өз болмысын заманға бейімдейді. Яғни, жад – қозғалыс, тірі жүйе.

Бөлісу