Ұлттық валютаның тарихы

Бөлісу

07.11.2025 10210

Теңгенің тарихы ҚР Президентінің 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Респуб­ликасы­ның ұлттық ва­­лю­­та­сын енгізу туралы» Заңынан бастау алады. Арада үш күн­ өткенде, 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-сат­тық жасау құралы ретінде төл теңге қол­да­нысқа енді. Ал 1997 жылдан бері Мемлекет басшысының Жарлығымен 15 қараша – төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні ретінде аталып өтеді. 


Тұрақтылық тірегі

Теңге – тәуелсіздіктің экономикалық тірегі, егемендік символы, Қазақстанның жаңа тарихы мен болашағының бір парағы. 2023 жылы Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгеніне 30 жыл толды.

Ұлттық валютаның тарихы

1991 жылы 16 желтоқсан - «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды.

1995 жылы 1 тамыз - Қазақстан теңге сарайынан коллекциялық монеталардың алғашқы тиражы шықты. Серия Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына арналды.

19 мамыр - Ұлттық Банктің Банкнот фабрикасы ашылды.

2006 жылы - Теңге дизайны жаңартылды: айналымға «Бәйтерек» монументі бейнеленген жаңа ақша сериясы шықты.

2022 жылы - Қазақстан Республикасының Президенті Цифрлық теңге тұжырымдамасын бекітті. Ұлттық валютаның жаңа формасы 2025 жылға дейін біртіндеп айналымға енгізілетін болады.

1993 жылы 13 сәуір - Қазақ КСР Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып қайта құрылды.

14 сәуір - Банк қызметі туралы заң қабылданды. Заңда орталық банктің тәуелсіздігіне баса назар аударылды. Ұлттық Банк тек Жоғарғы Кеңес пен Президентке ғана есеп береді.

15 қараша Тәуелсіз Қазақстанның жаңа валютасы – теңге айналымға шықты.

1996 жылы 19 ақпан - Қазақстан теңге сарайы «Жібек жолы» сериясын – алғашқы инвестициялық монеталарды айналымға шығарды.

2011 жылы - Банкноталар қатарына «Қазақ Елі» монументі бейнеленген жаңа серия қосылды.

2023 жылы 8 қараша - KÓKBÓRI атты жаңа инвестициялық монеталар сериясы айналымға шықты.

15 қараша - «Сақ стилі» атты теңгенің жаңа сериясы таныстырылды.

Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық валютасы қалай жасалды?

Мемлекеттік комиссия ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі жұмыс тобын құрды. Топқа Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Дәулет Сембаев жетекшілік етті. 

Алғашқы теңгенің дизайнына танымал суретшілер мен дизайнерлер – Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Досбол Қасымов және Хайрулла Ғабжалилов жауапты болды.

Жұмыс архив құжаттарын зерттеуден басталды, Қазақстандағы ақша өндірісі мен айналымының тарихы туралы мәліметтер қаралды.

Алғашқы ақшалар қандай еді?

Алғашқы банкноталарды бейнелі түрде «Портреттер» деп атауға болады. Алғашқы теңге дизайнына тән ерекшелік – ғылым, өнер, мәдениет және мемлекетті қалыптастыруға зор үлес қосқан әйгілі тұлғалардың бейнеленуі.

Банкноталардың келесі бетінде қазақ жерінің табиғи ландшафты – Бурабай, Іле Алатауы, Балқаш көлі, сондай-ақ атақты мешіттер мен кесенелер бейнеленді.

Қазақстандағы монета өндірісі

1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургиялық зауытында Қазақстан монета сарайы құрылды. 1993 жылы айналымға шыққан алғашқы монеталар осы жерден шығарылды.

Қазақстанның монета сарайы – Монета сарайлары қауымдастығының мүшесі. Бұл қауымдастыққа жетекші монета сарайлары мүшелікке шақырылады. Мәселен, олардың қатарында мың жылдық тарихы бар Англия Корольдігің монета сарайы бар. 

Қазақстандағы банкнота өндірісі

Қазақстан теңгеcінің банкноталары (және монеталары) ел ішінде өндіріледі. 1994 жылдың басында Қазақстанда жаңадан банкнот фабрикасын салу туралы келісімшарт жасалды. Уақыт тығыздығына байланысты жобалау мен құрылыс қатар жүрді. Ал технологиялық жабдықтарды монтаждау жөндеу жұмыстары кезінде басталды. 1995 жылы 19 мамырда Банкнота фабрикасы ресми түрде ашылды. Сол жылы 83 миллионнан астам банкнота шығарылды. Одан кейінгі жылы 104 миллионнан астам банкнота шығарылып, Банкнота фабрикасының өндірістік қуаты жобалаған межеге жақындады. Кейін, 1997 жылы Банкнота фабрикасында негізгі өнімдермен қатар Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорты мен жеке куәлігі де шығарыла бастады. Банкноталар мен монеталардың дизайнын Ұлттық Банк мамандары әзірлейді.

Неліктен теңгені әлемдегі ең жақсы қорғалған валюта дейміз?

Жоғары технологиялық және сапалы өнімдер шығару үшін Банкнота фабрикасы әлемдегі түрлі баспа тәсілдерін, сондай-ақ әртүрлі комбинацияланған баспа әдістерін қолданады. Теңге банкноталарындағы қорғаныс элементтерінің қатарында банкноталар мен басқа да қорғалған полиграфиялық өнімдерді әзірлеуде қолданылатын қорғалған қағаз, бояулар, қорғаныс деңгейлері бар голографиялық фольга, полимер мен пластик негізіндегі субстраттар бар. Мәселен, 2022 жылғы үлгідегі 20 000 теңгелік банкнотада 25 қорғаныс элементі бар.

Қазақстан Ұлттық Банкі жаңа мерейтойлық және ескерткіш банкноталарды шығарған кезде қорғаныс элементтері саласындағы ең жаңа әзірлемелерді қолданып, үздіксіз жетілдіріп отырады.

Цифрлық теңге

Цифрлық теңге – ақшаның үшінші формасы. Ол қолма-қол және қолма-қол емес ақшаларды алмастырмайды, оларды толықтыра түседі. Ол дәстүрлі – қолма-қол немесе банк шотындағы ақшалардың қасиетін біріктіре отырып, мемлекет қаржысы мен халықаралық төлем айналымындағы көптеген мәселені тиімді шешуге мүмкіндік беретін перспективалық инновация саналады. Қолма-қол теңге сияқты Цифрлық теңгені де Ұлттық Банк шығарады. 2021 жылы цифрлық теңге тұжырымдамасын технологиялық тұрғыда іске асыруға болатыны расталды. Ал 2023 жылы Қазақстанда орталық банктің цифрлық валютасындағы алғашқы банк картасы шықты.  Орталық банктің цифрлық валютасы Қазақстанда біртіндеп айналымға енгізіледі.

Дереккөз: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі

Бөлісу