«Латын таңбасын не үшін аламыз?» мақаласына талдау

Бөлісу

06.11.2025 5874

ХХІ ғасырда ақпараттық технологиялар дамып, әлем елдерінің көпшілігі латын графикасын қолдануда. Ал «Эркин Тоо» газетінің 1925 жылы 20 маусымдағы №29 санының 2-бетінде жарияланған «Латын таңбасын не үшін аламыз?» атты мақаласы осындай тарихи таңба өзгерістері тұрғысынан пайда болатын мәселелерді қарастырады. Бұл мақалада қырғыз мұғалімдер съезінің латын таңбасын алу туралы қадамына түсінік беру қажеттігі айтылады. Сонымен қатар, мақала қазақ-қырғыз қатынасы аясында Ахмет Байтұрсынұлы жасаған «төте жазу» үлгісі пайдаланылғанын да атап өтеді. 


Құрастырушылардың мақалаға кіріспесінде латын жазуына көшу туралы 1925 жылғы қырғыз мақаласы тарихи жазу эволюциясын түсінуге маңызды дерек ретінде бағаланады. Олар араб графикасының күрделілігін нақты көрсетіп, Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуын ұлтқа бейімделген, ықшам әрі заманауи жүйе ретінде жоғары бағалайды. Бұл мақала бүгінгі жазу реформасына ой салатын тарихи тәжірибе ретінде ұсынылады. 2023 жылы ҚР Ұлттық архиві «Отанына оралған құжаттық қазына» атты желілес еңбектің VI томында осы мақала қырғыз тілінен қазақшаға тәржімаланып жарияланған. Құрастырушылар мақалаға былай деп кіріспе жазады: 

«Өз дәуірінде әр мемлекет, әр ұлт әр түрлі жазу қолданғандығы белгілі, әлемнің, қоғамның дамуына қарай ғасырлар бойы жазу-сызу мәдениеті өзгеріп, дамып отырды. Сол сияқты бізде сонау жартас жазуынан бастап көптеген кезеңдерден өткен ұлттар қатарындамыз. Осыған нақтылы мысал бола алатын қырғыздардың осыдан бір ғасыр бұрын «Латын жазуына көшу» не үшін керек болғандығы туралы түсіндірме баяндамасы бізге көптеген мәліметтерді береді, сонымен қатар бұл жерде араб әліпбиінің қиындығын баса айтады, осы жерде оны қиындатпай-ақ артық үтір-нүктелерін алып тастап, тіпті күрделі әріптердің өзін таңбалап шыққан, әліпби жасап оқулық шығарған данышпан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының еңбегіне еріксіз таңдай қақпай тұра алмаймыз. Не бары 33 әріпке жинақтап әлеммен ақпарат алмасып отыруға ыңғайлап қолданысқа енгізіп, оны баспасөз бетіне келтіру деген оңай шаруа емес екені белгілі. Міне, араб әрпін өз ұлтына ыңғайлай алмаған қырғыз ағайындарымыз оны күрделендіріп 72-ге бірақ апарғандығын ашық айтып отыр, бір жағынан ойласақ оны күрделі етіп көрсетіп, түркі тектес ұлттардың ортақ әліпбиі болған араб әрпін ығыстырудың бір жолы қылған шығар, бәлкім? Тіпті осы «Эркин Тоо» газетінің өзі осы Ахмет Байтұрсынұлы түзіп шыққан әліпбимен шыққандығын ескерсек, оның түк те қиындық тудырмағандығы көрінеді. Ахмет жазуы аталып кеткен төте жазу күні бүгінге дейін шетел қазақтары арасында, тіпті елімізде де ресми болмаса да қолданыста бар, оны жазатын, оқитын адамдар жеткілікті. Қазіргі компьютерлескен заманда пернетақтада бұл әріп сайрап тұр, тілге жеңіл, үйренуге оңай. Жә, соңында айтарымыз «Латын таңбасын не үшін аламыз» деген мақаладан біраз ой туындаттық, қалғанын оқырман зиялы қауым мен зерттеуші-тарихшылар тарата жатар, бастысы «Латын таңбасына не үшін көшу керек» болғандығының жауабын табуға септігін тигізеді деп ойлаймыз».

Енді 100 жыл бұрын жарық көрген мақаланың өзіне көшейік. Мақалада Пішпек мұғалімдер съезінің шешімімен латын таңбасын қабылдау ұсынылғаны баяндалады. Онда араб әліпбиінің техникалық және оқыту тұрғысынан ауырлығы көрсетіліп, латын әліпбиінің баспасөз бен білім беру үшін жеңіл әрі тиімді екені дәлелденген. Авторлар латын графикасын мәдениетті арттырудың, сауаттылықты оңай жолмен тарату тәсілі ретінде қолдайды, бірақ бұл Еуропаға ұқсау үшін емес, өз ұлт әдебиетін дамыту үшін қажет дейді.

Алдыңғы абзацтарда автор, бұл шешімді мұғалімдер түсінгенімен, көпшілік, әсіресе газет оқырмандары, бұл мәселенің мәнін әлі толық ұғынып үлгермегенін атап өтеді. Сондықтан мақала авторы оқырманға осы шешімнің мәнін түсіндіруді өз міндеті санайды. Бұл жерден біз реформаның тек элита арасында емес, халық арасында да жан-жақты түсіндірілуі тиіс екенін көреміз.

«Жақында Пішпек қаласында болып өткен мұғалімдер съезінде «Латын таңбасын аламыз» деген тоқтам шығарылды. «Латын таңбасы» біздің қырғызға жаңа жанасатын мәселені съездегі мұғалімдер бұған түсініп қайтса да газет оқушыларымыз әлі түсінген жоқ. Газет бетіне басылған тоқтамдарды оқығандар таңырқап қалулары мүмкін. Сондықтан оқушыларымызға «Латын таңбасы» жөнінен түсіндіріп отыруды міндет деп санаймыз».

Автор заман талабы ретінде мәдениет пен өнерді бірінші орынға қояды. Қазіргі уақытты «мәдениет заманы, өнер заманы» деп сипаттап, қандай да бір істе табысқа жету үшін жеңілдік пен тиімділік қажет екенін алға тартады. Осы орайда жазу да – мәдениеттіліктің негізі ретінде – жеңіл әрі түсінікті болуы керек дейді. Бұл жерде латын таңбасын енгізудің басты дәлелі ретінде – оның оңай оқылуы мен жазылуы көрсетіледі. Автор жазудың оңтайлылығы арқылы жалпы мәдениеттің де дамуына жол ашылады деген тұжырым жасайды.

«Әзіргі заман мәдениет заманы, өнер заманы. Мәдениетті, өнерлі болу үшін әрбір іс жеңілдік түрін тілейді. Қаншалық жолың төте және жеңіл болса, соншалық мәдениетті болмақшысың. Ал енді мәдениеттің түбі (негізі) әдебиет баспасөз болса, баспасөздің әдебиетті түрін жеңілдету талассыз мәселе». 

Келесіде автор латын таңбасын қабылдаудың басты себебі ретінде оның практикалық тұрғыдан тиімділігін алға тартады. Жазу, оқу және техникада қолдану жағынан жеңіл болуын негізгі уәж етіп көрсетеді. Ол өз пікірін басқа көзқарастармен салыстыра отырып, кейбір азаматтар латын әліпбиін «қожа-молданың» ықпалынан құтылу үшін немесе батысқа жақындау мақсатында қажет деп есептейтінін, алайда мұндай көзқарас теріс түсінік екенін айтады. Автор латын графикасын енгізумен бірден батыс елдеріндегідей мәдениетті не техникалық дамуды меңгеріп кету мүмкін емес екенін, бұл үшін алдымен ана тілі мен ұлттық әдебиетті дамыту қажет екенін ескертеді. Латын таңбасы – тек құрал, ал мақсат – сауаттылық пен мәдениетті арттыру, халықты жеңіл жолмен оқуға, жазуға, техникалық өрлеуге жетелеу. Сондықтан да автор бұл мәселені идеологиямен емес, ұлттың білім мен мәдениеттегі қажеттілігімен байланыстырады.

«Міне, «Латын таңбасын» осы жеңілдік жағынан ғана аламыз. Латын таңбасын алғандағы біздің дәлеліміз осы ғана. Латын таңбасын алу туралы бізден бір-екі жыл бұрын мәселе көтерген жұрттың қай бір азаматтары мынадай дәлел тауыпты: «қазақ-қырғыз еңбекшілерінің өсіп-өнуі, мәдениетті болуы күншығыстың ақ салмасында (ақ сәлдесінде), қожа-молдасында емес, күншығыстың өнер-білім тактикасымен пайдалануда. Күнбатыспен байланысуда» деседі. Бұл түпкі дәлел болып табылмайды. Біз Латын таңбасын күншығыстық қожа-молдасын жоғалту үшін алмаймыз. Латын таңбасын алғанымызбен де французша сөйлеп, француздай өнерлі бола қоймаймыз. Дұрыс, біз күнбатыстың тактикасына зәруміз. Бізге телеграм да, типография да, жазба машина да керек, біз оныменен пайдаланамыз. Бізге аэропланда және басқалары да. Бұларды біз дыбыс-таңбамызды ауыстырумен ғана жүргізе қоймаймыз. Біз ана тіліміз бен түптелген әдебиет арқылы, ұлт мәдениеті арқылы ғана бұларды іске асыра аламыз. Бізге Латын таңбасы жеңілдің жолында ғана керек. Рас, таңбамыз күнбатыс елінің таңбасымен ұқсағандығы жөн, біз олардан оқымай мәдениет топтай алмаймыз. Сондықтан көпке ортақ болған «Латын таңбасына» көз салып отырмыз. Бірақ, бұл екінші басқыштағы мәселе».

Сондай-ақ автор араб жазуының практикалық тұрғыда қаншалықты күрделі екенін нақты дәлелдермен сипаттайды. Алдымен, әріптердің өзара ұқсастығы мен оларды ажырату үшін қосымша белгілер қолдану қажеттігі оқуға да, жазуға да үлкен қиындық тудыратыны айтылған. Бұл әсіресе балалар мен жаңа үйренушілер үшін машақатты жұмыс екенін көрсетеді. Екінші мәселе – әріптердің жазылу түрлері: әрбір әріп сөздің басында, ортасында және соңында түрліше жазылады. Бұл ерекшелік бір дыбысты үш түрлі таңбамен көрсетуге мәжбүрлейді, нәтижесінде 24 дыбысқа 72 таңба қажет болады. Мұның өзі үйрету мен теруге де, баспа процесіне де көп уақыт пен күш жұмсауды талап етеді. Үшінші кемшілік – араб әріптерінің бір-біріне тіркеліп, ұзын-қысқа түрлерінің болуына байланысты, олар техникалық құралдармен (баспа машиналары, терім станоктары) үйлеспейді. Техниканың талап ететін стандартты біркелкілік араб жазуында жоқ, бұл да кедергі келтіреді. Автор үтір, нүкте сияқты қосымша белгілер де араб графикасында оқуды ауырлатып жіберетінін баса айтады. Осы барлық себептерді алға тарта отырып, автор латын жазуына көшу қажеттігін тек техникалық және әдістемелік жағынан жеңілдігімен дәлелдейді.

«Енді араб таңбасының ауырлығын көрсетсек:

1. Араб таңбасында белгілер көп, араб таңбалары біріне бірі ұқсас болғандықтан оларды ажырата алу үшін белгілермен толтырған, бір сөзді жазғанда тұтасымен таңбаны салып келіп қайырылып әрбір таңбаға белгі салудың қаншалық машақат келтіретіні әр кімге анық және ұқсас таңбаны балаға үйретуде көп қиыншылық тудырады.

2. Араб таңбаларының әрбірі үш түрде жазылады, басында, ортасында, аяғында. Қырғыз тіліндегі 24 дыбыс-таңбасы (қазақ тілінде 33 дыбыс-таңбасы бар) араб таңбаларымен жазғанда 24 емес, жетпіске барады. Орта есеппен арабтың әрбір таңбасы үш түрде болып жазылса, біздің таңба 72 таңба болып көбейеді. 24 таңба 72 таңба орнына оқытуда да, жазуда да, басуда да көп уақыт алары әбден анық. Сондықтан баспаханадағы жақсы машина болған таңбатергіші 6 мыңнан 8 мың таңбаға дейін бір күнде терсе, мұсылманның таңбасын теретін машина 2 мыңнан 3-4 мыңға дейін ғана тере алалы. Баспаханадағы кедергісі бұл. Және араб таңбасын баспаға тергеннен кейін атын өзгертіп негізгі атын оңдаудың өзі қаншалық машақат.

3. Араб таңбасы бір-біріне тіркеліп жазылады және бәрі бірдей емес, бірі ұзын да, бірі қысқа, техникада жеңіл болу үшін керек. Бәрі бірдей болуы шарт және тұруы керек, техника машина осыны тілейді. Араб таңбасының бір ғана түрін алсақ та жеңілірек қылмайды. Баспада біраз жеңілдік қылғанменен жазбада болмайды. Және үтірлер кедергі қылады. Жазбада 72 түрі үтірлерімен бұрынғысындай дәуірін сүреді-дағы, осыларға ұқсаған сансыз-есепсіз ауырлықтары бар. Міне, сондықтан біз Латын таңбасын жеңілдік жағынан қарап аламыз».

Мақала латын таңбасына қатысты туындауы мүмкін күмән мен қарсылықтарға нақты әрі сенімді жауап береді. Кейбір адамдардың «латын жазуына көшсек, таңба саны артып, қиындық көбейеді» деген уәжіне қарсы, автор латын әліпбиінде мұндай күрделілік болмайтынын айтады. Ол 24 дыбыстың латынша да сол күйінде қалатынын, ал қажет болған жағдайда тек екі кірме дыбысты қосу арқылы 26 таңбамен шектелетінін түсіндіреді. Сонымен қатар, латын әріптері баспа мен жазбада бірдей қолданылатындықтан, жазуда да, оқуда да қосымша ауыртпалық болмайтыны баса айтылады. Осылайша, латын таңбасының қарапайымдылығы мен тиімділігі нақты дәлелмен көрсетіледі.

«Сұңқарың кетіп күйігің қалдыма»? «Латын таңбасы баспада басқа, жазбада басқа және үлкен-кішкене парықты емес пе, 24 таңбамыз 72 болса, Латын таңбасын алғанда 96 болмай ма? Мұның жеңілдігі қайсы»? – дейтін жолдастарда болар, бұл съез тоқтамында ашық көрсетілген. Біздің алған таңбамыз 72 болмайды, 96 болмайды, 24 таңба баспада да, жазбада да бір ғана 24 болады. Шеттен кірген екі дыбыс таңбасын қоссақ 26 ғана болады».

Қорытынды абзацта автор латын таңбасын енгізудің түпкі мақсаттарын айқын әрі әсерлі түрде түйіндейді. Ол латын әліпбиіне көшу дінмен күресу немесе батысқа еліктеу үшін емес, өз ұлттың әдебиеті мен мәдениетін жеңіл жолмен өркендету үшін қажет екенін баса айтады. Автор «латын болу» немесе «француз болып кету» емес, өзіміздің ұлттық рухани мұрамызды жетілдіру, сауаттылық пен техникалық даму жолына түсу басты ниет екенін анық жеткізеді.

Сонымен қатар, басқа елдердің, әсіресе әзербайжандардың тәжірибесін мысалға келтіріп, олар араб жазуынан қашып, шектен тыс таңба санына тап болып, қиындық көргенін ескертіп отыр. Автор қырғыздар ондай жағдайға тап болмай, алдын ала ойластырылған, нақты 24 таңбалық қарапайым, жеңіл жолды таңдауы тиіс екенін айтып, бұл реформа халықты сауатсыздықтан құтқарып, мәдениетке жетелеу үшін жасалатынын ерекше атап өтеді. Публицистикалық пафоспен жазылған бұл абзац идеялық тұрғыда мақалаға нүкте қойып, латын таңбасын ұлттық өрлеудің құралы ретінде көрсетеді.

«Әрбір оқушы жақсы түсінулері керек. Латын таңбасын алғандағы мақсатымыз – күншығыстың ақ сәлделі қожа-молдасын жоқ қылу үшін емес, жеңіл жолмен әдебиетімізді, мәдениетімізді жасау. Латын таңбасын алып, латын, иә француз болып кету емес, мақсатымыз солдан оңға жазып, мәдениетті елді тору емес, біздің мақсатымыз: жеңіл, төте жолмен ұлт әдебиетімізді түптеп, осы әр түрлі еуропадай өнерлі болу, осылардың техникасындай техникалы болу. Орыстар сияқты жүзден ашық таңбаға ұрынбай, 72 таңбадан қашам деп, 120 таңбаға душар болған Азербайжандардың кебін кимей «шабан үйрек бұрын ұшар» дегендей 24 таңбамен төте, жеңіл жолға түсіп, мәдениет дариясына құлаш ұру. Неше жүз жылдан бері езілген қырғыз енді тақыр кедейлерін надандық құрсауынан құтқарып, мәдениет майданына жетелеп шығу керек».

1925 жылы қазақтар әлі араб графикасындағы төте жазуды кеңінен қолданса, латынға көшу мәселесі тек талқылау деңгейінде тұрған еді. Бұл кезеңде Ахмет Байтұрсынұлы реформалаған төте жазу жүйесі қазақ қоғамында орнығып, баспасөз бен білім беру саласында белсенді пайдаланылып жатқан болатын. Ол латын графикасына қарсы болғанымен, жазу жеңілдігі мен дыбыстық дәлдікке ерекше мән берді, бұл тұрғыда қырғыз мақаласындағы кей ойлармен үндестік байқалады. Ал қазіргі таңда төте жазуды қолдайтын тіл мамандары оны қазақ фонетикасына барынша бейімделген жүйе деп бағалап, латынға көшу барысында Байтұрсынұлының ұстанымдарын ескеруді ұсынады. Демек, «Латын таңбасын не үшін аламыз?» мақаласы жазу реформасы туралы бүгінге дейін өзекті болып келе жатқан ой-пікірлердің бастау бұлақтарының бірі саналады.

Бөлісу