«Жазушы – ғалым да, тарихшы да емес, ол ассоциативті ойлаудың өкілі» - әдебиеттанушы

Бөлісу

06.11.2025 5780

Әдебиет порталының «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасының кезекті шығарылымы тарихи шығармаларға арналды. Бағдарламада әдебиеттанушылар тарихи проза мен көркем шындықтың арақатынасы, ұлттық жадты сақтау және жас ұрпаққа тарихты жеткізудің жаңа жолдары туралы ой қозғады, деп хабарлайды e-history.kz.


Қазақ әдебиетінің кеңістігінде тарихи тақырып ешқашан өзектілігін жоғалтқан емес. Себебі, өткенге үңілу – ұлттың өзін тануының ең басты кілті. «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасының кезекті шығарылымы осыны тағы бір дәлелдегендей болды. Бұл жолы бағдарламада тарихи шығармалар сөз болып, олардың ұлт жадындағы рөлі мен әдебиеттегі көркемдік миссиясы талқыланды.

Бағдарлама қонағы, әдебиеттанушы Ләйлә Мұсалы тарихи прозаның табиғаты мен авторлық ұстаным туралы пікірін былай жеткізді:

«Кейде мені осы тарихи шығармалар ойландырады. Біз оларды не үшін оқимыз? Тарихи жадты ұмытпау үшін бе, әлде болашақ ұрпаққа сол зердені сіңіру үшін бе? Біздің жазушылар кейде тарихшылардан да көп еңбектенеді. Бірақ жазушы – ғалым емес, ол ассоциативті ойлаудың адамы. Сондықтан көркем туындыны дереккөз ретінде емес, автордың шығармашылық сүзгісінен өткен рухани дүние ретінде қабылдау қажет».

Ғалымның пікірінше, әдебиет пен тарихтың шекарасын ажырата білу – қазіргі оқырман мен зерттеушіге ортақ міндет. Өз сөзінде ол Мұхтар Әуезовтің “Абай жолын” мысалға келтіре отырып:

«“Абай жолы” – көркем шығарма. Ол тарихи фактілерге сүйенгенімен, жазушының қиялы мен ішкі сезімінен туған әлем. Әуезов Абайдың өмірін жай дерек ретінде емес, тұтас бір дәуірдің рухани айнасы ретінде көрсетті. Сол арқылы ол тарихты емес, сол заманның жан дүниесін сөйлетті», – дейді.

Ал журналист Назым Дүтбаева тарихи прозаны оқырманға тарихты танытудың ең әсерлі жолы деп бағалайды:

«Соңғы жылдары қолға алынған “100 кітап” жобасы – оқуға деген ниетті қайта оятудың бір тамаша бастамасы. Ұлттың өзін тануы тарихынан басталады. Бірақ қазір тарихи фактілерді әсіре жеткізу, кейіпкерлерді тым әсірелеу немесе көмескілеу жиі кездеседі. Бұл көркемдік пен шындықтың шекарасын бұзады. Дегенмен, тарихи көркем шығармалар – тарихқа қызықпайтын, бірақ ұлттың болмысын түсінгісі келетін оқырман үшін таптырмас құрал. Себебі, тарихты эмоциямен беру – оны жүрекке жеткізудің ең тиімді жолы».

Бағдарлама жүргізушісі Елдос Тоқтарбай да бұл пікірлерді сабақтай келе, тарихи проза қазақ әдебиетінің өзегіне айналғанын атап өтті. Ол өз сөзінде Мұхтар Мағауиннің “Аласапыран” романын мысалға алды:

«Мағауиннің “Аласапыраны” – ұлт әдебиетінде сілкініс жасаған шығарма. Ол кеңестік кезеңде жазылғанымен, ұлттық рухты сақтап қалудың көркем жолын тапқан туынды. Оразмұхаммед ханның тағдыры арқылы жазушы тарихи оқиғаны терең философиялық деңгейде көтерді. Бұл – көркем шындықтың тарихпен үндескен сәті».

Шынында да, тарихи роман тек өткенді баяндап қана қоймайды, ол – ұлттың рухани жады мен болмысын сақтайтын құбылыс. Әдебиет тарихтың орнын баспайды, бірақ оны толықтырады. Көркем шығармалар оқырманға фактілерден гөрі сезімді, логикадан гөрі рухты жеткізеді.