Алаш идеясындағы әйел теңдігі

Бөлісу

05.11.2025 5707

ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік-саяси модернизация үдерісі «әйел мәселесін» жаңа қырынан көтерді. Алаш қозғалысының қайраткерлері саяси партия құрумен қатар, қоғамдық реформаларды, соның ішінде әйелдердің құқықтары мен отбасы-құқықтық қатынастарды жаңарту қажеттілігін басты назарға алды. 


1911 жылы жарық көрген «Айқап» журналы, кейін ұлт мінберіне айналған «Қазақ» газеті баспасөз бетінен әйелдерге орын беріп, әйел хақын, құқығын негізге алып, әйел теңдігін ұлт деңгейінде көтерді. Әйел мәселесін алғаш баспасөз бетінде Сақыпжамал Тілеубердіқызы, Өтеген Күләйімқызы, Мәриям Сейдалы, Нәзипа Құлжанова, Аққағаз Досжанқызы сынды қазақ қыздары көтеріп, ұлттық мінберден алғаш рет әйел дауысы естілді. Бұл ойды Алаш қайраткерлері қолдап, үнемі әйел теңдігі мәселесін басты назарда ұстады. 1919 жылы «Сарыарқа» газетінде «Қ» бүркеншік есімімен жарық көрген «Әйел туралы» жайлы мақалада «Расын айтқанда бізде «әйел мәселе» сі әлі жоқ. Еркіндігін жоқтап, адамшылыққа лайық әмір іздеп, ойланған, талпынған әлі қазақтың бір әйелі жоқ. Себебі біздің әйел осы күнде ғылымнан қашық, пікірі әлі ойанған жоқ, бұлай болса, әйел қамын жеп, сөз жазу ерте емес пе?», – деп, автор риторикалық сұрақ қойғанымен, оның ерте емес екендігіне өзі жауап беріп, негізгі кедергілерді атап өтеді. Әйел теңдігін ұлт деңгейінде көтерілмеуінің негізі себебі «қалың мал» мәселесі екендігін айтып, «Бұлай болғанда әйел мәселесі «қалың мал» түрінде қазақ денесіне шыққан «мерез». Бұл мерезді емдейтін кім болмақ? Әрине «Алаш орда» болуға лайық заман жайланып автономиа іске асқан күнде «Алаш орда» әйел теңдігін мақсаддарын жақтамаған күнде де әйел басына бостандық беріп, бұл бостандық қағаз бетінде қалмай, іске асуына шұғыл кірісер деген сенім зор», – деп, Алаш қайраткерлерінің негзігі мақсат-мүдделерін айшықтайды. Сондай-ақ, «Рух көзімен қарағанда әйелдердің құқығы еркектікімен тең болу керек. Өйткені балаларды асырап, өнеге, үлгі тәрбие беретін әйел бұл бір, екінші – ақыл, қайрат, сезім әйелмен еркек екеуі ұйымдасып қосылғанда ғана толығады», – деп автор негізгі ұстанымын батыл түрде жеткзеді.  Расымен, автор айтқандай, бұл мәселені негізі жолға қойған Алаш Орда үкіметі, оның ішінде Алаш қайраткерлерінің өлшеусіз еңбегі еді. 1917 жылы бастау алған әр өңірде өткен Жалпықазақ сиездерінде әйел теңдігі мәселесі күн тәртібіне енгізіліп, негізі талқылауға түседі. Семейде өткен сиезден қазақтың ағартушы әйелі Нәзипа Құлжанова «Әртүрлі рудың көсемдері бас қосқан сиезде қазақ әйелдерін де қорлықтан құтқарып, адам санына қосу шараларын қарастырар деп дәмеміз зор. Бостандыққа қарық болған Россияда қазақ әйелдерінің кісендеулі күйінде тұруы келіспейді. Еркекті асырап сақтап, азатшыл, арлы, намысты азамат қатарына қосу күңдіктен құтылған, адам санына қосылған әйел қолынан келеді. Алаш баласының әйел дегенде ақылы адамшылық жолынан адаспай саралануын тілейміз», –  деп үлкен үміт күтеді. Алаш партиясының сиездерінде әйелдердің қоғамдық-саяси мәртебесі, еркек-әйел теңдігі, дауыс беру хақы, ар-намысы қозғалды. Қызығы, Алаш қайраткерлері еркек-әйел деген ұстанымды қолдайды, екі сөзді бөліп қарастырмайды, керсінше, біріктіре отырып, біртұтас ұғым қалыптастырып, бір контекстте қарастырады. 

Дегенмен, сол дәуірдегі қоғамдық санада әйелдің саяси-құқықтық белсенділігі туралы пікірталастар да орын алған еді. Мәселен, Ахмет Баржақсыұлының әйелдерден депутат алмағаны жайлы мақаласын «Қазақ» газеті басуға рұқсат етпей, басқарма «Бірінде Орынбордағы жалпы қазақ сьезінің кемшілігін айтасыз, ол кемшілік әйелден депутат атамағандық. Сіздің пікіріңізше қазақ алты миллион, үш миллионы әйел екен. сондықтан депутаттың жартысы әйел болу керек екен. орыстар 80 әйелді атап тұр екен. олар кімдер, ойладыңыз ба? Бришео-Бришковская, Вера Фигнбер, Мария Спридонова, Вера Шулич секілділер емес пе. Солардай әйеліміз болса, біз де сайлармыз», – дейді. Басқарма атаған тұлғалар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресейдегі әйел эмансипациясы мен саяси күрестің алдыңғы шебінде болған. Мысалы, Екатерина Брешко-Брешковская – халықшыл қозғалыстың көрнекті өкілі, «халық анасы» атанған революционер әйел. Вера Фигнер – «Халық еркі» ұйымының мүшесі, патша үкіметіне қарсы күрестің символына айналған қайраткер. Мария Спиридонова – эсер партиясының жетекші тұлғаларының бірі, 1905 жылғы революциядан кейін әйелдердің саяси еркіндігі жолында күрескен белсенді. Ал Вера Шулих – әйелдердің азаматтық және еңбек құқықтарын қорғаған қоғам қайраткері болған. Осы аталған әйелдер Ресей империясының саяси өмірінде батылдық пен еркіндік символына айналды. Дегенмен, қазақ қоғамында олардың деңгейіндегі қоғамдық белсенді әйелдер әлі шықпағанын сол кездегі баспасөз де мойындады. «Қазақ әйелі түгіл, еркегін дұрыстап сайласа да кемдікте қалмас» деген пікір бұл жағдайды айқын сипаттайды. Бұл сөйлем сол дәуірдегі қоғамдық шындықты білдіреді. Қазақ даласында әйелдердің саяси сахнаға шығуының алғышарттары енді ғана қалыптаса бастаған, ал Империя ішіндегі азаматтық қақтығыстар бұған толық мүмкіндік бермеген еді. 

1917 жылы 21-26 шілде де Орынборда өткен сиезде «Мемлекет билеу түрі. Қазақ облыстарында автономия. Жер мәселесі.       Халық милицсиясы. Земства. Оқу мәселесі. Сот мәселесі. Дін мәселесі. Учридительное собранисайлауына даярлану     һәм   қазақ облыстарынан депутаттар.        Бүкіл Россия мұсылмандарының кеңесі (Шорай ислам). Қазақ саяси патриясы. Жетісу облысының оқиғасы. Киев Шаһарында болаын бүкіл Россия федиралистерінің сьезіне һәм Петроградта болатын оқу камиссиясына қазақтан өкіл жіберу» мәселелерімен бірге «әйел мәселесі» де талқыланды. Сиездің қаулысы бойынша әйел мәселесіне байланысты мынадай негізі алғышарттар жарияланды: 

1) Әйелдер саяси құқықта ерлермен тең болсын. 

2) Күйеуге тию еркі әйелдің өзінде болсын.

 3) Қалыңмал жоғалсын. 

4) 16-ға толмаған қызға құда түсу болмасын. 

5) 16-ға толмаған қызға һәм 18-ге толмаған жігітке молла неке оқымасын. 

6) Молла неге оқырда әйел мен еркекті қарама-қарсы қойып ризалықтарын біліп оқысын. 

7) Тұл қатын сүйгеніне тисін, әмеңгерім деп зорлық қылу болмасын. 

8) Екінші қатын аламын деген кісі бұрынғы қатынының ризалығымен алсын. Егер бұрынғы қатыны риза болмай, кетемін десе, басқа байға тигенше бұрынғы байы оны бағып-қақсын.

 9) Жеті атаға келмеген жерден қазақ қыз алмасын. 

Бағдарламада ең алдымен әйелдің саяси құқықтарының ермен тең болуы талап етілді.  Бұл Алаш идеясының демократиялық сипатын айқындайды. Екіншіден, неке еркі әйелдің өз еркінде болуы патриархалдық дәстүрлерге қарсы тұрып, әйелдің жеке таңдауы мен еркіндігін мойындау еді. Қалыңмалдың жойылуы, әмеңгерлікке тыйым салу, кәмелетке толмаған қыз бен жігітке неке қиюға шектеу қою, некеде екі жақтың да ризалығын алу сынды баптар әйелдің адамдық қадірін қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, екінші әйел алу тек бірінші әйелдің келісімімен жүзеге ассын деген тармақ бүгінгі көзқараспен қарасақ, гендерлік теңдік пен отбасылық әділеттілікті көздеген прогрессивті қағида. Жеті атаға дейін қыз алыспау туралы бап та ұлттық биологиялық және моральдық тазалықты сақтауға арналған.

Алаш қайраткерлерінің әйел теңдігін тек әлеуметтік реформа емес, ұлттың мәдени жаңғыруының өзегі деп түсінгенін көрсетеді. Олар үшін әйелдің азаттығы – ұлттың азаттығының кепілі еді.

Бөлісу