Алаш арыстары ақталған күн

Бөлісу

04.11.2025 6243

1988 жылдың 4 қарашасы –  қазақ тарихындағы ұлт рухының қайта жаңғыру күні. Бұл дата ресми түрде Алаш арыстарына тағылған «қылмыстық» айыптардың күшін жойып, олардың есімдерін халқына қайтарған сәт ретінде есте қалды.


Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды тұлғалардың істері қайта қаралып, «қылмыстық әрекет табылмағандықтан, тергеу тоқтатылсын» деген үкім шықты. Осы шешім  қазақ ұлтының тарихи әділеттілікке деген алғашқы нақты қадамы еді.

Құқықтық терминологияда ақтау – адамды кінәсіз деп тану, оған тағылған айыпты алып тастау процесі. Бірақ Алаш қайраткерлеріне қатысты бұл сөздің мағынасы күрделі әрі көпқабатты. Себебі олар ешқандай қылмыс істеген жоқ, тек өз халқының бостандығы мен болашағы үшін күресті.

Алаш арыстарының атын қайта жаңғырту ісі оңай басталған жоқ. 1980 жылдардың соңында қоғамда саяси жылымық басталған тұста Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің шешімімен арнайы комиссия құрылды. Оның төрағасы академик Жабайхан Әбділдин, ал мүшелері М. Қозыбаев, Р. Бердібаев, З. Ахметов, С. Қирабаев, Ә. Кекілбаев, М. Қаратаев, Ә. Әлімжанов сияқты елге белгілі ғалымдар мен жазушылар еді. Комиссияның мақсаты Алаш тұлғаларының еңбектерін қайта қарап, олардың қызметінде кеңес өкіметіне қарсы пиғыл болмағанын дәлелдеу, еңбектеріндегі адамгершілік, оқу-білім, ұлттық рух мәселелерін алға шығару болатын.

Академик Ж.Әбділдиннің айтуынша, жұмыс ең алдымен Шәкәрім Құдайбердіұлынан басталған. Кейін Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек, Әлихан істері қолға алынды. Бұл оңай процесс болмаған, әрбір есімнің артында том-том тергеу ісі, жалған айыптар мен өрескел бұрмалаушылықтар жатқан.

Қайта қарау процесіне Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы Т.К. Аймұхамбетов, сот мүшелері К.Т. Кенжебаев, Е.Л. Грабарник, және Бас прокурор Ғ.Б. Елемесов тікелей қатысқан. Олар 14 томдық тергеу материалдарын мұқият зерделеп, заңсыздықтардың, жалған куәліктер мен бұрмалаулардың көп болғанын анықтаған. Соның нәтижесінде 1988 жылғы 4 қарашада ресми «Олардың іс-әрекеттерінен қылмыстық сипат табылмағандықтан, тергеу тоқтатылсын» шешім шығарды. Алаш арыстарының есімдері ақталған соң қоғамда ерекше қозғалыс туды. 1988 жылдан кейін Қазақстан жастары арасында «Алаш» идеясын қайта зерделеу, ұлттық тарихқа бет бұру үрдісі жанданды. Университеттер мен мектептерде Алаш тақырыбына қызығушылық артты. Әдебиет пен журналистикада, ғылым мен өнерде осы бағыттағы ізденістер көбейді. 

Бүгінгі тарих ғылымы бұл үрдісті әлі де зерттеуді қажет етеді. Архивтер толық ашылған жоқ, көптеген құжаттар шетелдік қорларда сақтаулы. Ал ұлт жадында Алаш мұрасы әлі де толық орныққан жоқ. Бүгін арада 37 жыл өткенде, біз сол 4 қарашаның мәнін басқаша бағамдай аламыз. Бұл уақыт тек өткенді еске алу күні емес, әділеттіліктің, ар-ожданның, ұлт санасының қайта жаңғырған кезеңі. Алаш арыстарының негізгі мақсат-мұраты мәңгілік тәуелсіз мемлекет құру, ұлттың тілін, ділін, рухын сақтап, жаңа қадамдарға бастау еді. 

Бөлісу