Белгісіз хандар мен ұмыт қалған карталар: Қазақ хандығы тарихына жаңа көзқарас
Бөлісу
31.10.20256404
Бүгін Астанада Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институтының ұйымдастыруымен «Қазақ хандығы: этносаяси тарих және сыртқы саясат» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиынға еліміздің жетекші тарихшылары, зерттеушілер мен қоғам қайраткерлері қатысып, хандық дәуір тарихының жаңа архивтік деректері мен сирек кездесетін картографиялық материалдары таныстырылды. Сондай-ақ, спикерлер Қазақ хандығы дәуірінің саяси, мәдени және дипломатиялық тарихын жаңа деректер негізінде талқылап, жаңа ғылыми көзқарастарын ұсынылды.
Конференцияның басты мақсаты – Қазақ хандығының қалыптасу кезеңін жаңа дереккөздер тұрғысынан қарастырып, мемлекеттілік сабақтастығын айқындау. Ғалымдар XVI–XVIII ғасырлардағы архивтік құжаттар мен бұрын ғылыми айналымға енбеген картографиялық материалдарды таныстырып, хандық биліктің құрылымы мен сыртқы саясаттағы бағыттарын жаңаша түсіндіруге ұмтылды.
Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институтының директоры, PhD Жақсылық Сәбитов конференцияны ашып, мұндай жиындардың ғылымдағы диалог мәдениетін күшейтіп, жаңа зерттеулерге серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Жошы ұлысы дәуірі – қазақ мемлекеттілігінің бастауы, ал сол кезеңді кешенді зерттеу арқылы ұлттық тарихтың үзілмеген арқауы қалпына келеді. «Өткенді білмей, бүгінді бағалау да, болашақты болжау да қиын. Біздің тарихымыз – шабыт көзі әрі болашаққа бағыт беретін темірқазық», – деді ол.
Жиын барысында Қазақ хандығының тарихи кезеңдері мен мемлекеттілік дәстүрінің қалыптасуы кеңінен сөз болды. Ұлттық музей директоры, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы Алтын Орда мен Қазақ хандығы дәуірлерін зерттеуде ұзақ жылдар бойы үзіліс болғанын айтып, бүгінде сол олқылықтың орнын толтырудың өзектілігін атап өтті.
Оның айтуынша, мемлекет басшысының бастамасымен дайындалып жатқан «Қазақстанның академиялық тарихының» жеті томдығы – осы бағыттағы іргелі жоба. «Бұл еңбектер Қазақ хандығының халықаралық рөлін жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді. Енді тарих тек жергілікті шеңберде емес, өңірлік және жаһандық контексте зерттелуі тиіс», – деген пікір айтты Б.Әбдіғалиұлы.
Конференцияның ғылыми мазмұнын тереңдеткен баяндамалардың бірі тарих ғылымдарының докторы, шығыстанушы Клара Хафизоваға тиесілі болды. Ол XVIII ғасырдағы қазақ билеушілерінің бірі – Сұлтан Әбілпейіздің дипломатиялық қызметін зерттеу нәтижелерін ұсынды. Ғалымның айтуынша, Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіз Ресей мен Цин империялары арасындағы күрделі саяси жағдайда елдің мүддесін қорғап, шекаралық аймақтардағы тұрақтылықты сақтауға күш салған.
«Сұлтан Әбілпейіз – қазақ дипломатиясының қалыптасқан мектебін көрсететін тарихи тұлға. Оның хаттары мен келіссөздері мемлекеттіліктің өркениеттік деңгейін дәлелдейді», – деді К.Хафизова.
Мәжіліс депутаты, профессор Еркін Әбіл XV-XVII ғасырлардағы Қазақ хандығы мен Сібір ұлысының байланысына тоқталды. Ол бұл қарым-қатынасты дәстүрлі этносаяси кеңістіктің бір бөлігі ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. «Қазақ пен Сібір хандарының қатынасы сыртқы саясат емес, туыстық және династиялық байланыстар жүйесі болды. Бұл – ортақ этносаяси дәстүрдің көрінісі», – деген пікір білдірді ол.
Конференцияда архив деректерінің маңызы ерекше аталды. Тарих ғылымдарының кандидаты Николай Лапин Санкт-Петербург мұрағаттарында сақталған Қазақ хандығына қатысты бұрын белгісіз материалдарды таныстырды. Зерттеуші бұл құжаттардың отандық тарихнама үшін маңызды екенін айта келе, «Ресей архивтерінде біздің тарихымызға қатысты әлі де көп материал бар. Соларды ғылыми айналымға енгізу – тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің жолы», – деп атап өтті.
ЕҰУ профессоры Айболат Құсқұмбаев хандық дәуірдегі әскери құрылым мен қорғаныс жүйесіне тоқталып, XV–XVII ғасырлардағы соғыс өнерінің ерекшеліктерін талдады. Оның айтуынша, Қазақ хандығының әскери ұйымы тек қорғаныс емес, елдің ішкі тұрақтылығы мен саяси бірлігін сақтаудың басты тетігі болған. Ал тарихшы Радик Темірғалиев хандық билік шежіресіндегі даулы мәселелерге тоқталып, Қазақ хандарының тізімі әлі де толық жасалмағанын айтты. «Кейбір билеушілердің есімі ғылыми айналымға енбей қалған. Бұл – тарихи деректердің үзік жетуінен. Жаңа көзқарас пен мұқият зерттеу ғана сол бос кеңістікті толтыра алады», – деді ол.
Тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес өз баяндамасында Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымы мен саяси жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталды. Ғалымның айтуынша, хандық дәуірдегі басқару жүйесін зерттеу мемлекеттілік ұғымының терең мағынасын түсінуге мүмкіндік береді.
Ол “елдік” пен “мемлекеттілік” ұғымдарының түбірі бір екенін атап өтті: «Ел мен мемлекет – бір ұғымның екі қыры. “Мемлекет” сөзі араб тілінен енсе, “ел” – түркілік түп-тамырымыздан бастау алады. Сондықтан да қазақтың елдік санасы – мемлекеттіліктің басты көрсеткіші», – деген пікір айтты тарихшы.
Оның айтуынша, Қазақ хандығы кезеңіндегі билік жүйесі тек саяси институт қана емес, халықтың өзін-өзі басқару дәстүрімен біте қайнасқан құрылым болған. Ол хандық биліктің негізінде әділдік, рулық теңдік пен ел бірлігін сақтау қағидалары тұрғанын атап өтті. Осы дәстүрлер кейінгі ғасырларда қазақ қоғамының рухани және саяси тұтастығын сақтап қалуда шешуші рөл атқарған.
Радик Темірғалиевтің конференциядағы баяндамасы қазақ хандарының билік хронологиясына арналды. Ол өз сөзінде хандық билік тарихында әлі де толық зерттелмеген тұстар көп екенін атап өтті.
Темірғалиевтің айтуынша, Қазақ хандарының толық тізімі әлі жасалмаған, кейбір есімдер ғылыми айналымға енбей қалған. «Қазақ хандығы тарихында әлі де ашылмаған талай құпия бар. Біз хандардың толық тізімін білмеуіміз мүмкін, кейбір есімдер назардан тыс қалып отыр. Сол себепті дереккөздермен мұқият жұмыс істеп, жоғалған тарихи сабақтастықты қалпына келтіру аса маңызды. Әсіресе аға және жоғарғы хандардың рөлін айқындау – хандық биліктің дамуын терең түсінудің кілті», – деген пікір айтты зерттеуші.
Ғалым жаңа архивтік материалдар мен ресми дереккөздерге сүйене отырып, Қазақ хандарының билік тізбегін нақтылау қажеттігін дәлелдейтін аргументтер келтірді. Оның пайымынша, мұндай конференциялар тарихшылардың күшін біріктіріп, отандық ғылымның дамуына жаңа серпін береді. «Хандық дәуірді зерттеу тек өткеннің саяси процестерін түсіну үшін ғана емес, мемлекеттіліктің бастауын ұғыну үшін де маңызды. Мұндай басқосулар – кәсіби диалог пен дерек алмасудың тиімді алаңы», – деп түйіндеді Радик Темірғалиев.
Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты Тимур Козырев конференцияда Қазақ хандығының тарихи дамуы мен түркілік кеңістіктегі өзара байланысын саралаған баяндамасын ұсынды.
Ғалымның айтуынша, Қазақ хандығының қалыптасу үдерісін тек саяси тұрғыдан емес, мәдени және өркениеттік байланыстар тұрғысынан да қарастыру қажет. Ол бұл контексті “Ортақ тарих пен біртұтас кеңістік” ұғымымен байланыстырды. Козырев “қазақ даласы мен оған іргелес өңірлердің – Еділ мен Ертіс, Сібір мен Жоңғарияның тарихы – өзара сабақтас үдеріс екенін түсіну маңызды” деп атап өтті.
Оның пікірінше, қазіргі таңда Қазақ хандығы тарихын тек аумақтық немесе этникалық шеңберде шектеу дұрыс емес, өйткені бұл – тұтас өркениеттік кеңістіктің тарихы. «Бұл – тәуелсіз Қазақстанның нарративі, ұлттық субъектілікті қалыптастыратын тарих. Оны еуразияшылдықтың көлеңкесінде емес, өз мемлекеттілігіміздің іргетасы ретінде түсіну қажет», – деген тұжырым айтты зерттеуші.
Тарих ғылымдарының кандидаты, Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институтының бас ғылыми қызметкері Исмурзин Жәнібек Аллаярұлы конференцияда Ресей мұрағаттарындағы қазақ тарихына қатысты XVIII ғасырдың 20-40 жылдарындағы деректерді зерттеу нәтижелерін таныстырды.
Ғалым өз сөзінде бұл құжаттардың қазақ билеушілерінің саяси шешімдері мен сыртқы қатынастарын нақтылаудағы маңызы зор екенін атап өтті. «Қазіргі таңда Сәмеке хан дәуіріне қатысты архивтік материалдар толық зерттеліп болған жоқ. Біз осы бағытта жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізіп жатырмыз», – деген пікір айтты Ж.Исмурзин
Ол сондай-ақ Ресейдің мемлекеттік мұрағаттарында сақталған құжаттар тек әкімшілік сипаттағы дерек емес, сол кезеңдегі дипломатиялық қатынастардың шынайы көрінісін де көрсететінін жеткізді. «Қазақ хандары мен орыс әкімшілігі арасындағы хаттар – тек дипломатиялық хаттама емес, сол дәуірдің саяси мәдениетін сипаттайтын маңызды тарихи куәлік», – деп атап өтті зерттеуші.
Жәнібек Исмурзиннің пайымынша, мұндай құжаттар қазақ мемлекеттілігінің даму динамикасын, оның халықаралық қатынастардағы орнын және билік дәстүрінің сабақтастығын нақты түсінуге жол ашады.
Жалпы, конференция барысында ғалымдар Қазақ хандығы тарихының көптеген тұстарын, соның ішінде хандардың билік хронологиясын, көрші елдермен дипломатиялық байланыстарды және мемлекеттілік құрылымын қайта зерделеудің қажеттілігіне тоқталды. Әсіресе архивтік деректер мен картографиялық материалдарды қатар талдау – хандық дәуірдің саяси бейнесін қалпына келтіруде жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.
Конференцияның қорытынды бөлімінде Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институты соңғы екі жылда жүзеге асырған ірі ғылыми жобаларының нәтижесі ретінде дайындалған «Қазақ хандығының тарихы», «XVI-XVIII ғасырлардағы Еуропа карталарындағы Қазақстан территориясы», «Из истории Казахского ханства (1730-е – 1740-е гг.)» қатарлы бірнеше еңбектің тұсаукесері өтті.
Жиын қатысушылары мен шақырылған қонақтар назарына Қазақ хандығы тарихына арналған архивтік құжаттар жинағы мен жаңа ғылыми монографиялар ұсынылды. Бұл еңбектердің ішінде Санкт-Петербург, Мәскеу және Қазақстан мұрағаттарындағы сирек материалдар негізінде дайындалған жинақтар, сондай-ақ Қазақ хандығының этносаяси дамуы мен дипломатиялық қатынастарына арналған зерттеулер бар.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, мұндай басылымдар отандық тарих ғылымын дерекпен байытып қана қоймай, зерттеу мәдениетін жаңа деңгейге көтереді.
Негізінде конференцияның жұмысы қазақ мемлекеттілігінің бастауларын ғылыми тұрғыдан қайта зерделеуге, тарихтағы үзілістер мен ақтаңдақтарды нақты деректер арқылы толықтыруға арналды.
Жиында жасалған баяндамалар мен талқылаулардан Қазақ хандығының этносаяси тарихы мен сыртқы саясатындағы үзілмеген сабақтастық айқын көрінді. Ғалымдар айтқандай, мемлекеттілік — бір сәттік құбылыс емес, ғасырлар бойы қалыптасқан рухани және саяси тәжірибенің жемісі.
Конференция барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар Қазақстан тарихының жаңа кезеңін кәсіби деңгейде зерттеуге серпін бермек. Бұл бағытта Жошы ұлысын зерделеу ғылыми институтының атқарып отырған қызметі ерекше. Президенттің тапсырмасымен құрылған бұл институт Жошы ұлысының тарихи мұрасын жүйелі түрде зерттеу және оның отандық тарихтағы орнын айқындау бағытында жұмыс істеп келеді.
Мекеме ортағасырлық кезеңнің негізгі оқиғаларын нақтылау және тарихи сабақтастықты қалпына келтіру бойынша ауқымды ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. 2024 жылдың қарашасында институт ғалымдары Шағатай, Хайду және Моғолстан ұлыстарының тарихына арналған зерттеу жобасын аяқтады. 2025 жылы Қазақ хандығы тарихы, ұлттық жады және мемлекет құру саясаты тақырыптарында кешенді зерттеулер жүргізіліп жатыр. Ал 2026 жылы Алтын Орда тарихына арналған іргелі ғылыми жоба тәмамдалмақ.
Сонымен қатар, институт Алтын Орда дәуірін қамтитын «Қазақстанның академиялық тарихы» атты көптомдық еңбектің үшінші томын дайындауға да қатысып отыр. Осы жұмыстардың барлығы — ел тарихының тамырын тереңнен танып, ұлттық сананы жаңғырту жолындағы жүйелі әрі нақты қадамдардың айғағы.
Жиын қорытындысында конференция материалдары жеке ғылыми жинақ түрінде жарық көретіні хабарланды. Онда архив құжаттарымен қатар, жаңа зерттеу бағыттары мен аналитикалық мақалалар енгізілмек.