Судың бастау тарихы: Адамзатқа дейінгі кезең

Бөлісу

31.10.2025 5831

Жердің геологиялық, химиялық және биологиялық жүйелерін біріктіретін әмбебап табиғи элемент – су. Ғалымдар судың бастау тарихын тек геофизикалық тұрғыдан ғана емес, ғаламдық эволюция процесінің өзегі ретінде қарастырады. 


Адамзаттың табиғатты тану жолындағы ең іргелі сұрақтарының бірі судың қайдан және қашан пайда болғаны. Бұл сұрақтың жауабы ғаламның, Күн жүйесінің және Жердің эволюциялық дамуын терең түсінуге мүмкіндік береді.

Ғылыми тұрғыдан алғанда, судың шығу тегі бірнеше факторлармен байланысты: космостық синтез процестері, протопланеталық диск эволюциясы, геохимиялық реакциялар және гидросфераның тұрақтануы. Бұл эволюциялық процесттер судың бастау көзін тануға адамға мүмкіндік береді. 

Космостық зерттеулер нәтижесі бойынша су молекуласы ғаламның ерте даму кезеңінде, шамамен 13,5 миллиард жыл бұрын алғашқы жұлдыздар мен тұмандықтарда түзіле бастаған. Радиоспектроскопиялық деректер судың ізін кометаларда, метеориттерде және галактикалық бұлттарда анық көрсетеді.

Эренфренд және Чарнли сынды ғалымдардың пікірінше, судың түзілу процесі сутек пен оттектің қосылу реакциясына негізделген. Бұл реакциялар төмен температурадағы жұлдызаралық шаң бөлшектерінде жүреді. Яғни су  ғаламның алғашқы химиялық өнімдерінің бірі. 

Күн жүйесі шамамен 4,6 миллиард жыл бұрын пайда болған кезде, оны қоршаған кеңістікте ұсақ шаң-тозаң мен мұз бөлшектері болған. Сол мұз түйіршіктері мен минералдар кейін бірігіп, планеталарды, соның ішінде Жерді құрды. Яғни, судың алғашқы бөлігі сол кездегі ғарыштық мұздардан келген. Ғалымдар метеориттердің құрамын зерттеп, олардың ішіндегі сутек пен оттек мөлшерінің Жердің мұхиттарындағы суға өте ұқсас екенін анықтаған. Бұл дегеніміз Жердегі судың бір бөлігі өз ішінде ғана түзілмей, ғарыштан келген мұзды метеориттер мен кометалар арқылы да жеткен деген сөз.

Жер алғаш пайда болған кезде, оның беті балқыған тас пен отты магмадан тұрған. Сол кезде планетаға метеориттер жиі соғылып, атмосфера да тұрақсыз болған. Бірақ уақыт өте келе Жердің беті суи бастаған. Температура төмендеген сайын ауадағы су буы қоюланып, жаңбыр түрінде жауып, алғашқы мұхиттар мен көлдер пайда болған.

Ғалымдар Канада мен Гренландия жерінен табылған өте көне циркон тастарын зерттегенде, олардың құрамында судың әсерінен түзілген химиялық іздер бар екенін анықтаған. Бұл зерттеу Жер бетінде шамамен 4,3 миллиард жыл бұрын-ақ су болғанын дәлелдейді. Ғалымдардың көпшілігі тіршіліктің пайда болуын судың ерекше қасиеттерімен байланыстырады. Себебі су  әмбебап еріткіш, яғни ол түрлі заттарды ерітіп, олардың бір-бірімен әрекеттесуіне жағдай жасайды. Осы қасиет тірі ағзалардың пайда болуына қажет химиялық процестердің жүруіне мүмкіндік берген. 1953 жылы Стэнли Миллер мен Гарольд Юри атты ғалымдар судың жалпы процессін бақылайтын тәжірибе жүргізді. Олар сол кездегі Жердің жағдайына ұқсас орта жасап, оған су буы, метан, аммиак және сутек қосты. Кейін бұл қоспаға жасанды найзағай тәрізді электр разряды әсер етті. Нәтижесінде өмірдің негізгі құрылыс материалы болып саналатын аминқышқылдары пайда болған. Бұл тәжірибе тіршіліктің алғашқы химиялық кезеңінде судың ерекше рөл атқарғанын нақты дәлелдеп берді.

Ғалымдардың қазіргі замандағы бір пікіріне сүйенсек, алғашқы тіршілік теңіз түбіндегі ыстық су көздерінде, яғни гидротермалды вулкандардың маңында пайда болған. Ондай жерлерде жер астынан шыққан ыстық су мен әртүрлі минералдар өзара әрекеттесіп, күрделі органикалық заттарды түзген. Бұл заттар уақыт өте келе өздігінен реттеліп, тіршіліктің алғашқы түрлеріне айналған деп есептеледі. Осылайша, су тек өмірді қамтамасыз ететін орта емес, тіршіліктің ең алғашқы «бесігі» болған. Сонымен қатар су Жердің жалпы дамуына үлкен әсер етті. Ол планетаның температурасын теңестіріп, атмосфера мен климатты тұрақтандырды. Мұхиттар мен мұздықтар Күн сәулесін шағылыстырып, Жердің қызуын реттеп отырды.

Су тек климатқа емес, жер бедерінің қалыптасуына да ықпал етті. Ол тауларды мүжіп, өзен аңғарларын жасап, континенттердің пішінін өзгертті. Сондай-ақ су арқылы литосфера мен атмосфера арасында үздіксіз химиялық және физикалық алмасу жүріп отырды.

Бүгінде ғарыштағы зерттеулер судың тек Жерде ғана емес, басқа планеталарда да бар екенін дәлелдеп отыр. Мысалы, Марс бетінде мұз қабаттары табылған, ал Юпитердің серігі Европа мен Сатурнның серігі Энцеладта мұздың астында үлкен мұхиттар бар екені анықталған. Бұл жаңалықтар тіршілік ғаламның басқа жерлерінде де болуы мүмкін деген ғылыми болжамды күшейтті. Судың адамзатқа дейінгі тарихы – ғалам эволюциясының терең қабаттарын қамтитын көпсатылы процесс. Ол жұлдызаралық тозаңда басталып, планеталық жүйелер арқылы Жердің бетінде тұрақтанды. Судың арқасында климаттық тепе-теңдік орнап, тіршілікке қолайлы орта қалыптасты.

Су табиғаттағы ең тұрақты әрі ең өзгермелі субстанция. Оның тарихын зерттеу арқылы біз тек геологиялық шындықты емес, өмірдің мәнін, тіршіліктің бастауларын түсінеміз. Қазақ халқының танымында да су әлемнің жаратылысы мен өмірдің бастауымен тығыз байланысты. Ежелгі мифологиялық түсініктерде «дүниенің басында тек су болған» деген ұғым бар. Бұл көзқарас шығыс халықтарының космогониялық нанымдарымен де ұштасады. Қазақ халқы суды тіршіліктің бастауы, өмірдің негізі деп таныған. «Су – тіршілік көзі», «Судың да сұрауы бар», «Су ішкен құдығыңа түкірме» сияқты мақал-мәтелдер халықтың суға деген терең құрметін көрсетеді.

Бөлісу