Қазақ қоғамындағы неке институты: дәстүр мен заманауи өзгерістер

Бөлісу

29.10.2025 4865

Неке – адамзат қоғамының ең көне әрі ең маңызды әлеуметтік институттарының бірі. Ол тек екі адамның арасындағы келісім ғана емес, тұтас ұлттың мәдени коды мен дүниетанымының көрінісі. 


Қазақ қоғамында неке мәселесі ұлттың рухани және әлеуметтік өмірімен, туыстық құрылымымен, рулық-тайпалық жүйесімен тығыз байланысты болған. Уақыт өткен сайын неке формасы мен мазмұны да өзгеріп, заманауи үрдістерге бейімделді. 

Қазақ халқының дәстүрлі түсінігінде неке – тек ер мен әйелдің одағы ғана емес, екі рудың, екі әулеттің, тіпті кейде екі елдің арасындағы әлеуметтік келісім еді. «Қыз  – жат жұрттық», «қыз мұраты – кету» ұғымы арқылы қазақ қоғамы некенің саяси, әлеуметтік, экономикалық қызметін айқындаған. Неке арқылы туыстық байланыстар нығайып, рулар арасындағы ынтымақ сақталған. Қазақ қоғамындағы неке түрлерінің бірнеше сипаты төмендегідей мазмұнда кездескен. 

Бел құда және бесік құда

Бұл қазақ қоғамындағы ең көне неке түрлерінің бірі. Екі әке өздерінің балалары дүниеге келмей тұрып немесе сәби кезінде-ақ уәде байласқан. Мұны «бел құда» немесе «бесік құда» деп атаған. Бұл дәстүрдің түпкі мақсаты – туыстық байланыс орнату және екі әулеттің достығын нығайту. Қыз бен ұл есейген соң, сол уәде негізінде неке қиылған. Көп жағдайда патриархатты қоғамда бұл неке түрі көп орын алған. Кейде күйеу жігіт жағы қыз есейгенде бір жақ құлағына сырға салып, шартты түрде бұл некенің орын алуына осындай алғышарттар жасаған. 

Құда түсу және қалың мал дәстүрі

Қазақ қоғамында неке орын алмас бұрын басты рәсімі – құда түсу болды. Бұл рәсім арқылы екі жақтың туыстары ресми түрде танысып, келісімге келген. Құдалық рәсім қалың мал төлеумен бекітілетін. Қалың малдың мөлшері әлеуметтік деңгейге қарай әртүрлі болған. Байдың қызына – көп, кедейдің қызына – аз берілген. Қалың мал тек әйелдің бағасы емес, әулетаралық келісім мен құрметтің белгісі болған.

Әмеңгерлік

Күйеуі қайтыс болған әйелдің қайнысына немесе ағайынына тұрмысқа шығуы қазақ қоғамында кең тараған. Бұл әмеңгерлік дәстүрі (левираттық неке) – жесір әйел мен оның балаларының әлеуметтік қорғаусыз қалмауы үшін ойластырылған дәстүрдің бір түрі. Мұндай неке түрі арқылы әйел мен балалары әке шаңырағында қалып, мүліктік және әлеуметтік тұрақтылық сақталған. Әмеңгерлік – тек неке емес, туыстық жауапкершілік пен моральдық борыштың көрінісі. Қазақ қоғамында ол «жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған» елдік қағиданың символына айналды. Қазіргі уақытта әмеңгерлік сирек кездеседі және негізінен этнографиялық құбылыс ретінде қарастырылады. Дегенмен ол қазақ халқының отбасылық мәдениетінде адамгершілік пен ұрпақ сабақтастығын бейнелейтін тарихи дәстүр ретінде өз маңызын сақтап келеді.

«Қашып кету» және «жартылай еркін» неке

Кейде әлеуметтік теңсіздік, ата-ананың қарсы болуы сияқты себептерден қыз бен жігіт өз бетімен қосылып кеткен. Мұндай жағдайлар «қашып кету» деп аталған. Бұл еркіндікті аңсаған жастардың әлеуметтік қарсылық түрі еді, дегенмен қоғам тарапынан әрқашан қабылдана бермеген.  Мысалы, ауыз әдебиетінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек – Төлеген», «Еңлік-Кебек» секілді эпостар арқылы қоғамдық принциптерге бағынбаған жастардың махаббаты жартылай мойындалған неке не махаббат түрі болып есептеледі.  

Бүгінгі Қазақстандағы неке түрлері

Қазіргі Қазақстан қоғамында неке институты дәстүр мен модернизацияның тоғысында тұр. Қоғамның құқықтық жүйесі, діннің рөлі, әлеуметтік құндылықтар мен жастардың өмір салты бұл институттың жаңа формаларын тудырды. Солардың ішінде үш негізгі түр кең тараған: азаматтық (ресми) неке, діни неке, және азаматтық серіктестік (ресми тіркелмеген, бірге тұру некесі). Әрқайсысының әлеуметтік, моральдық және құқықтық сипаты әртүрлі.

Азаматтық неке

Азаматтық неке – Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес АХАТ бөлімінде тіркелетін заңды неке түрі. Оның басты ерекшелігі – мемлекет алдында ресми танылуы және ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін нақты айқындауы. Мұндай неке тіркелгеннен кейін жұбайлар ортақ мүлікке тең иелік етеді, мұрагерлік, алимент және бала тәрбиесіне қатысты құқықтары заңмен қорғалады. Азаматтық неке – зайырлы қоғамның ажырамас бөлігі, ол діни не рулық келісімге емес, заң мен мемлекет алдындағы теңдікке негізделеді. Бұл форма отбасылық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ер мен әйелдің әлеуметтік жауапкершілігі мен ата-аналық міндеттерін реттейді. Қазіргі уақытта некені тіркеу онлайн түрде де жүргізіледі, бұл цифрландыру дәуірінде рәсімдердің қолжетімділігін арттырды. Көптеген жұптар діни неке қиюмен қатар ресми тіркеуді де отбасылық дәстүрге айналдырып келеді.

Діни неке

Діни неке – мұсылман қауымында молданың қатысуымен мешітте немесе үй жағдайында өткізілетін, ер мен әйелдің некелік келісімін (никах) шариғат бойынша бекітетін рухани рәсім. Оның мәні Алланың алдында адалдыққа ант беру және отбасылық өмірді рухани тұрғыдан бекіту. Неке қию кезінде екі жақтың келісімі алынып, куәлар қатысады және мәһр белгіленеді. Бұл рәсім ислам қағидаларына сай болғанымен, Қазақстан заңнамасы бойынша діни некенің заңдық күші жоқ. Ресми тіркеуден өтпеген жұптар ортақ мүлікке, алимент пен мұрагерлікке қатысты құқықтарынан айырылуы мүмкін. Сондықтан ҚМДБ мен мемлекеттік органдар діни неке қиюдан бұрын азаматтық некені тіркеуді ұсынуда. Қазіргі қоғамда діни неке жастар арасында кең тараған. Бұл діни сенім мен рухани құндылықтарға бетбұрыстың көрінісі. Алайда тек діни неке қию кей жағдайда әйел мен баланың құқықтық тұрғыдан қорғалмауына әкеледі.

Азаматтық серіктестік немесе тіркелмеген неке

Азаматтық серіктестік немесе тіркелмеген неке – ресми не діни рәсімсіз, ерлі-зайыптылардай бірге өмір сүру түрі. Бұл қазіргі қоғамдағы ең даулы неке формаларының бірі саналады. Көп жағдайда мұндай қатынас жастар арасында некеге дейінгі «сыналу кезеңі» ретінде немесе еркіндік пен тәуелсіздікке ұмтылудан туындайды. Азаматтық серіктестіктің басты мәселесі – оның заңмен қорғалмайды. Серіктестердің бірі қайтыс болған жағдайда екіншісі мұрагер бола алмайды, ортақ мүлік тең бөлінбейді, ал бала туған кезде әкелік тану рәсімі бөлек жүргізіледі. Сондықтан бұл эмоционалды байланыс болғанымен, құқықтық кепілдігі жоқ қатынас түрі. Қазақ қоғамында мұндай бірге тұру моральдық тұрғыдан теріс бағаланып, отбасылық жауапкершіліктен қашу ретінде қабылданады. Дегенмен, урбанизация мен батыстық мәдени ықпалдың әсерінен тіркелмеген неке формасы қала жастары арасында кең таралып келеді.

Қазақ қоғамындағы неке түрлері – халықтың тарихи, діни және әлеуметтік дамуымен тығыз байланысты күрделі құбылыс. Байырғы дәстүрлер  әмеңгерлік, құда түсіп үйлену, қалыңмал беру – әлеуметтік тұрақтылық пен отбасылық жауапкершілікті сақтауға бағытталса, заманауи неке түрлері – азаматтық, діни және азаматтық серіктестік – қоғамның рухани, мәдени және құқықтық өзгерістерін айқын көрсетеді. Бүгінгі таңдағы некенің негізгі мақсаты – дәстүрлі құндылықтар мен заңдық нормаларды үйлестіре отырып, отбасын сүйіспеншілік пен өзара сыйластыққа негізделген берік әлеуметтік институт ретінде сақтау.

Бөлісу