«Шерхан Мұртаза мұрасы: «Егемен Қазақстаннан»-Ұлттық Архивке» атты жазушының құнды мұраларын архивке табыс ету рәсімі өтті

Бөлісу

24.10.2025 5861

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның бірегей шығармашылық және зерттеу еңбектерінен құралған құнды құжаттарын Республика күні қарсаңында «Егемен Қазақстан» газеті Ұлттық архивке ресми түрде табыс етті. 


Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза (1932-2018) – қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1984) және халық жазушысы (1992). Оның шығармалары поэзия, проза, драматургия және публицистиканы қамтиды. Жазушының алғашқы еңбегі – «Құрылысшы Дәку» (1958) очерктер жинағы. Кейінгі шығармаларында соғыс жылдары мен замандас адамдардың өмірі, олардың қажырлы еңбегі көрініс тапты: «Табылған теңіз» (1963), «Бұлтсыз күнгі найзағай» (1965), «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974). Әлеуметтік және өндірістік тақырыптарды қозғаған маңызды романы – «Қара маржан» (1976), ол 1978 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Сонымен қатар Т.Рысқұлов өміріне арналған роман-трилогиясы («Қызыл жебе», 1980­-1984) жарық көрді. Шерхан Мұртаза драматургия саласында да белсенді болды: «Қызыл жебе» (1987), «Сталинге хат» (1988), «Бесеудің хаты» (1989) пьесалары сахналанды. Сондай-ақ ол «Қара алқа», «Қызыл садақ» романдары мен бірнеше әңгімелер жинағының авторы болып табылады. Ол ғұмырын  бөлігін журналистика саласына арнап, 1989-92 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 

Іс-шараның маңызы мен мазмұны жайлы модератор,  «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы: 

«Құрметті зиялы қауым, қадірлі қонақтар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!  Бүгін біз қазақ әдебиеті мен руханиятының алыбы, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Шерхан Мұртазаның баға жетпес мұраларын Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне ресми түрде тапсыруға жиналып отырмыз. Бұл - елдің рухани-мәдени өмірінде үлкен оқиға. Бұл - Тарих пен Тұлғаны табыстыратын, Шерхан Мұртазадай көрнекті тұлғаның өнегесін мәңгілікке сақтауға бағытталған тағылымды сәт. Шерхан Мұртаза – архивке тек жазушы ретінде емес, ұлттық сана мен тарихи жадтың көрнекті өкілі ретінде еніп отыр. Бүгін архивке тапсыратын құжаттар қатарында - «Қызыл жебе» романының түпнұсқа қолжазбалары, Тұрар Рысқұлов туралы зерттеу еңбектері, әйгілі «Бесеудің хаты» драмасының қолжазбасы, сондай-ақ бұрын-соңды жарияланбаған сирек фотосуреттері мен жеке жазбалары бар. Бұл  - болашақ ұрпаққа рухани байлық, зерттеушілерге мол дерек көзі. Шерхан ағаның аманатына адал болу - баршамыздың ортақ парызымыз», – деп атап өтті.

Қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов Шерхан Мұртазаны еске алып, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесін атап өтті. Ол Шерхан Мұртазаның шығармаларының қоғам өміріндегі орны ерекше екенін, талантты жазушы ретінде жастарға үлгі болып, рухани қазына болып қалғанын айтты. Сонымен қатар, Қуаныш Сұлтанов Республика күніне орай ой бөлісіп, бұл мерекенің тек саяси ғана емес, сонымен бірге ұлттық бірлік пен мәдениетке, тарихқа құрмет көрсету күні екенін ерекше атап өтті.

Сенат депутаты, «Егемен Қазақстан» акционерлік қоғамының экс-басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Шерхан Мұртаза жайлы ескеліктерді ақтара отырып, жазушының ғұмырының соңғы кезеңі жайлы былайша атап өтті: 

«Ағаны Алматыға арнайы іздеп бардым. Ағаның 80 жас мерейтойына орай «Егемен Қазақстанға» жарық көрген кейінгі шығармалары мен материалдарын біріктіріп, «Шындықтың шырақшысы» деген кітапты шығардық. Кітапты көргенде кеудесіне басып, көзінен жас шықты. Қатты тебіренді, себебі соңғы көріп тұрған кітабы еді. Соңғы кітабы арқылы ол ризашылығын білдірді. Кейін ағаның мұраларын зерттей бастадық. Мұралар музейде сақталған жоқ, сол кездегі Жуалыдағы үйінде болды. Одан кеткеніне бес жылдай уақыт өткен, сол жерде қалдырған жазбалар мен жинаған құжаттары бүгін бізге тапсырылды», – деді. 

Архив қорына өткізілетін материалдардың ішінде Шерхан Мұртазаның әйгілі «Қызыл жебе» романының түпнұсқа қолжазбалары, Тұрар Рысқұлов туралы жүргізген зерттеу жазбалары, сондай-ақ, кеңестік билікке қарсы шыққан қазақ зиялыларының қайраткерлігін бейнелейтін «Бесеудің хаты» атты екі бөлімді драмасының тағы басқа да бірнеше шығармасының қолжазбасы да бар. Бұған қоса, архивке жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған сирек фотосуреттер, жеке хаттары, жазба дәптерлері мен басқа да тарихи-мәдени маңызы зор құжаттар тапсырылған.

Мемлекет және қоғам қайраткері, «Егемен Қазақстан» газетінің экс-президенті Сауытбек Абдрахманұлы: 

«Жұлдызын жандырған, бірнеше жас талантты аспанға шығарған, екі жүз мың тиражға жеткен «Жұлдызды» – әдемі Шерхан Мұртаза атындағы мектепке барғанда біз оны ерекше атап өттік. Екі жүз мың журнал шығару сол кездегі феноменалды оқиға еді. Совет Одағында әдеби журналдардың ішінде тек «Новый мир» сол деңгейге жеткен. Ал Қазақстан халқының саны екі есе көп, өзбек халқы өз тілінде оқитын әдеби-көркем журналы «Шарқ»-тың таралымы  «Жұлдыз» журналынан үш есе кем болды», – деді. 

Мемлекет және қоғам қайраткері, «Егемен Қазақстан» экс-бас редакторы Қалижанов Уалихан, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы да өз сөздерінде Шерхан Мұртазаның ұлттық мәдениет пен әдебиеттегі рөлін, оның шығармаларының ұрпаққа қалдырған мол мұрасын атап өтті.

Қорытындылай келе, бұл іс-шара Шерхан Мұртазаның шығармашылық мұрасын сақтап, оны болашақ зерттеушілер мен жаңа ұрпақ үшін қолжетімді етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Жазушының шығармалары мен архивтік құжаттары еліміздің рухани қазынасы ретінде ұлттық тарихқа және мәдениетке қосқан баға жетпес үлесін көрсетеді.

Бөлісу