Әдебиетке, жалпы өркениетке жаңа қозғалыстар керек - Ермек Аманшаев

Бөлісу

20.10.2025 4742

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы ұйымдастыратын «Қаламгер ұстаханасы» жобасы сәтті жалғасып келеді.  Өткен жұмада Ұлттық академиялық кітапханада белгілі жазушы, драматург Ермек Аманшаев оқырмандармен жүздесті. Лекция тақырыбы «Қазақ прозасындағы кеңістік пен кейіпкер әлемі» деп аталды.  


«Әдебиет порталы» атынан осы лекцияға барып қайтқымыз келгені – бұрынырақта автордың бір беттік қана «Жындыкөбелек» деген шығармасын оқыған едік. Ол өзі бір қарағанда титтей ғана жындыкөбелек пәруананың отты айнала беретін, айналған сайын отқа жақындай түсетін ессіз ұмтылысын суреттеген суреттеме сияқты көрінгенімен, философиялық ойға құрылған поэтикалық дүние болатын. Яғни жындыкөбелек деп отырғаны – адам рухының, жанның, тағдыр мен еркіндіктің трагедиялық қақтығысы.  Адамның рухы да сондай ғой, дүниені өз ақылымен танып, шарлағысы келеді, өзінің еркіндігін, шындығын іздейді, ғұмыр бойына жарыққа, отқа, бейнелеп айтсақ жоғарыға, идеалға, мәңгілікке талпынумен өтеді. Бірақ сол от пен жарық – оның ажалы да. Ақыры соның отына күйеді.  Бұл – сопылық ілімдегі фәна ұғымына да ұқсайды. Өмірдің мәні – өзіңді жойып, жоғалту арқылы толығу, жанып бітуің арқылы нұрға айналу. Солай рухани тазаруға жету деген сияқты ойға жетелеп кете береді. Автор толғап келіп, «кім білсін» деп қайталап отырады – бұл мән іздеу мен танымның шексіздігіне ишара. 

Лекция алдында жазушы, драматург Ермек Аманшаев жөндеуден кейін ашылып жатқан кітапхана салтанатына көңілі толғандығын білдіріп, «кітапхананы басқаруда үлкен дәстүрді, салтты Күміс Қарсақбайқызы жалғастырып жатыр, Күмісті жақсы көреміз, сенеміз. Көптен білемін, қай жерде  қаншама қызмет істесе де, жақсылықтардың басы-қасында жүреді»,  деп жылы лепесін арнап өтті.   

Бұл – өзіңнің тәрбиең үшін де керек

«Қаланың әкімдігі мен Жазушылар одағының филиалы үлкен шаруа бастапты. Мен өзім инстаграмнан, басқа әлеуметтік желілерден қарап отырамын. Төлен ағамыздың да болғанын көрдім. Тұрсын Жұртбай, Асқар Алтай да болды. Бауыржан менің шәкіртім, ұсыныс айтқан кезде бас тартпай, алдарыңызға келіп отырмын. Мен негізі драматургия саласында көбірек жұмыс істеп жүрмін. Кеше ғана Қ. Қуанышбаев театрында Ақыш Омар деген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерінің кеші өтті. Сонда айтылып жатыр, ең алғашқы шығармам сол «Үзілген бесік жыры» деген драма болатын. Ол сол кезде Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылды. Ол кезде театрдың басшысы, көркемдік жетекшісі, қазақтың ұлы режиссері деп айтайын, профессионалдық сахна өнерінің жарық жұлдызы деп айтайын, Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов болатын. Біз жиырмадан асқан баламыз, Әзірбайжан Мәдиұлы шақырып, кеше Ақыштың кітабындағы естелікте де жаздым, маған былай деді: «Ей, бала», – дейді ғой, – саған дейін мынау театр сахнасында отызға дейінгі бірде-бір қазақ драматургінің пьесасы қойылған жоқ. Сондықтан осы жаңалықпен мен сені емес, сен мені құттықтап қойғаның жөн», – деген сөзі есімде. Содан бері жазған дүниелеріміздің бәрі қойылып келе жатыр. Құдайға шүкір, кино саласында да біраз жұмыс істедік. Драматургияның қанша дегенмен шығармашылыққа көп пайдасы бар ғой. Қазақ киностудиясын жеті жылдай басқардым. Қазақ киносының тарихында қазақ әдебиетіне қатысы бар фильмдердің сапасы қашан да жоғары болған. Ондай мысалдарды да айтып, келтіріп отырамын.  Есімде, осы Дулат Исабеков, Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз бар, көптеген қаламгерлерге хабарласып, шығармаларын экранға шығарайық деген ұсыныстар жасадық. Сөйтіп, бірталай сөйлейтін жерлерге шықтық. Сол кездегі атақты фильм «Жаужүрек мың бала» деген фильмнің сценарийінің тоғыз нұсқасын жасадық. Сол сияқты бірталай фильмдер шықты. Смағұл Елубаевтің да шығармаларын экранға шығардық.  

Мемлекетіміздің, ұлтымыздың үлкен-үлкен тұлғалары бар, солар жөнінде бірталай галерея ашып, әрқайсысы жөнінде жарты сағаттан, бір сағаттан толтыра бердік. Бүгін Бауыржан айтып жатыр ғой, «сол кезде жазып алмай қалыппыз, соның орнын толтыру үшін орындап жатырмыз» деп, сол кезде бірталай қайраткерлерімізді арнайы фильмге түсіріп шықтық. 

Мысалы, Мұхтар Мағауин. Ол үшін Ғалым Доскен Прагаға дейін барды. Әбіш ағамыз бар. Әзірбайжан  Мамбетов пен Ғазиза Жұбанова, Камал Ормантаевқа дейін тыңдадық. Төрегелді Шарманов, Салық Зиманов, яғни үлкен-үлкен көрнекті деген ғалымдарымыз, қайраткерлеріміздің біртұтас шоғырының фильмдерін  шығардық. Кейін уақыт өткенде түсінесің, оның барлығы өте қажет екен. Тек қана өзіңнің жеке бір тарихыңа емес, өнер тарихына, өзіңнің тәрбиең үшін де. Кейбіреулер өнегесімен мысал келтіру үшін де керек екен.  

Менің ұстаздарым 

Менің ұстазым, әдебиеттану ғылымындағы әйгілі тұлға, кәдімгі Зейнолла Қабдолов деген кісі болды. Мен сол кісінің қарамағында, кафедрасында болдым. Өзім жиырма төртте болсам да Ер-аға деп қасынан тастамай жүрді. Сол Зекеңнің тәрбиесін, тәртібін көрдім. Мен үшін бір бақытты жылдар болды. Сол кезде екі жерде жұмыс істеугетура келді. Түске дейін жаңағы Зейнолла Қабдолов кафедрасында боламын, түстен кейін Мұхтар Әуезов атындағы театрдамын, Әзірбайжан Мәмбетов шақырып, әдебиеттану бөліміне қызметке  орналастырған. Бұл кісілер біздің адам ретінде қалыптасуымызға, шығармашылық тағдырымыздың қалыптасуына үлкен әсер еткен тұлғалар дер едім. Шамам келгенше жұма сайын сол кісілерді, ұстаздарды еске алып отырамын.  

Әбіш ағамыздың өмірінің бірталай кезеңінде қасында болдым деп айта аламын. Қуанған кездерінде де, әр түрлі қиыншылықтар болған кезде де қасында болдым. Олардың өмірдің әр түрлі кезі, әр түрлі жағдайларды басынан өткергендегі реакциялары  қалай болды, соның барлығын жүрегіне қабылдағанын өз көзімізбен көрдік, сезіндік. Оның бәрі біз үшін қайтарылмайтын қымбат естелік дүние болды. 

Одан кейін студент кезімнен бері ерекше табысқан үлкен жазушы ағам, аға-досым – Оралхан Бөкееев болды. Ол кісімен алғаш танысқан кезімде «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болып істеп жүрген. Алғашқы мақаламды өзі сұратып алып, «Қазақ әдебиетіне» жариялап, кейіннен университет бітірген кезде «Алматыға қалмайсың ба» деп соған мұрындық болған ағалардың бірі.

Мен үшін ағаларымның әрқайсысының орны бөлек. Төлен ағамыз, құдайға шүкір, ортамызда жүр. Әсіресе, кино саласына барған кезде Сатыбалды Нарымбетов ағамызбен біраз араластық. Бір ерекше тұлғалар. Олардың барлығы өмірден өтіп кетті. Бірақ, мәдениетімізде, әлеуетімізде сондай өшпес із қалдырған ерекше тұлғалар еді.   

Жазушылық лаборатория дейміз ғой, бұл жайында жаңағы ұстазым Зейнолла Қабдолов айтатын. Ол кезде КазГУ-дың филологиясында оқимыз. Сол Қабдоловтың лекциясына тек қана филология факультетінің студенттері ғана емес, журналистика, тарих факультетінің студенттерінен бөлек,  Абай атындағы филология факультетінің студенттері жамырап келіп, Зекеңнің лекциясына қатысатын еді. Әрбір лекция келесіде қайталанбайтын. Ерекше құбылыстар еді. Зекең бір лекциясын бастаса, мысалы, ол кезде қырық бес минут қой, бір жеріне келгенде қоңырау соғылады, сосын «жақсы» деп үзіп тоқтатып кетіп қалады. Келесі лекция үш күн, төрт күннен кейін болуы мүмкін. Сонда дүйсенбіде тоқтатқан жаңағы лекциясын жұмада келіп дәл сол жерінен жалғастыратын.

Бірде З. Қабдолов емтихан алып жатыр, академик Мұхтар Әуезовтің сүйікті шәкіртінің бірі болған Жаңабек Шағатаев деген прозаигіміз бар ғой. Емтихан тапсыруға келіп отырмыз. Академик Қабдолов өзі алып жатыр. «Билетті ал» деді. Билетті алды. Сөйтсе сұрақ повесть жанры жөнінде екен. Зекең айтады: «Ал, енді повесть жанры жөнінде не айтасың» деп. Анау енді түні бойы қыдырыңқырағанын білеміз ғой,содан ойланып тұрып-тұрып қойнынан қағаз алып Зекеңнің алдына сарт еткізіп қойды да: «повесть деген мынау»,  – деді. 

«Мынау не нәрсе?» десе, «осы кеше ғана пәтерде жаңадан жазып бітірген жаңа повесім» дейді. Зекең енді ерекше кісілер ғой, қарап, бес-он бетін асықпай оқып, «ай, жарайсың, жүре бер», – дейді. Сондай да кезеңдер болды. 

Ұстазым, кандидаттық диссертацияның жетекшісі болған академик, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рымғали Нұрғалиев мен филология факультетіне келгенде деканымыз болған. Бірде Рымғали ағамыз шақырып алып: «енді бітіріп жатырсың, жазып жүрсің, шығып жатыр, ауылға барғанда не бітіресің? Сен одан да неге қалмайсың?», – деді. Мен Оралхан ағамыз «Қазақ әдебиетінен» жазып берген,  ол кезде жолдама ғой, «егер қалатын болса, біз жұмысқа қабылдаймыз» деген қағазды көрсеттім. 

Әбіш ағамызбен таныстырған да Рымғали ағамыз еді. Сонда есімде, осы үлкен адамдардың арасындағы сыйластық деген ерекше болады екен. Рымғали  ағамыз құрдасы, досына:  «Әбіш ағаңа бар, сөйлескенде қалжыңдаса да беруі мүмкін, бірақ, сен оған қарама, қазақтың ұлы жазушысы, қайраткеріміз ғой. Мына көйлегіңді ауыстыр, ақ көйлегің болса, соны киіп, дайындалып бар, амандас, үлкен мәдениеттің, өркениеттің адамы бол» деп жіберген. Сол кісілердің алдын, тәрбиесін көрдік.  

Қазақ прозасындағы «екіұдайлық»

Шүкір, бүгінде қазақ әдебиетінде үлкен-үлкен тұлғалар бар. Олар жөнінде біздер жазуымыз керек. Қазақ прозасындағы «екіұдайлық» деген тақырып қозғағымыз келіп отыр. Оны кезінде Мағауин «екіұдайылық емес, екідайлық» деп жаз дейтін, «раздвоение личности» дейді ғой. Сондай дүниеге өз басым Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуын» жатқызар едім. Әуезов көрнекті классик жазушымыз ғой. 

Ол кісі белгілі бір ойды айту үшін, кейіпкерлердің мінезін, табиғатын тереңдей ашу үшін әртүрлі шығармашылық тәсілдерді, түстерді қолданған. Соның ішінде, әсіресе Мұқаңның, кейіпкерлердің өмірінде болып жатқан оқиғалардың мағынасын аша түсу үшін табиғаттың суреттерін беру шеберлігі маған қатты ұнайды. Мысалы, Мұхтар Әуезовтың алғашқы әңгімелеріндегі боранның бейнесі. Жолындағының бәрін жайпап келе жатқан боран. Мына тіршілік атаулының бәрін ықтырып келе жатқан боран. Сол боранның аясындағы кішкентай бір тіршілік. «Қорғансыздың күніндегі»  үйдегі үш әйелдің қорғансыздығын бергенде боранды құртақандай терезе көздерінің қуыстарынан өтіп кіріп тұрғандай суреттейді. Әйелдердің қорғансыздығын көрсетуге осындай тәсілдерді қолданған. 

Онда жалғыз ғана бір кішкентай қыз Ғазиза немесе оның шешесі, әжесінің қорғансыздығы емес, жолындағының бәрін жайпап тықсырып келе жатқан боран мен үскірік аяздың алдындағы тіршіліктің қорғансыздығы бар. Әлемдік деңгейдегі жазушылар осындай әдістерді көп қолданды.

  

«Қаралы сұлуда» бас кейіпкер қаралы әйел ғой. Жазушы әуелі табиғаттың суретінен бастайды. Жаңадан оянып дүр сілкінген табиғат. Мынау сылдырап аққан бұлақтар, ауылдың адамдары. Ерекше бір көңіл-күймен далаға шыққан қыз-бозбала атқа мініп жарысқан. 

Осылай табиғатты әбден жандандырып келеді де, басты кейіпкерінің тағдырына көшеді. Қаракөздің тарихына келген кезде жаңағы қызыл-жасыл әлем табиғат күрт өзгереді. Лезде қап-қара, қараңғы түстерге ұласады. Түн мен таңның арасындағы уақытты  бейуақ дейді ғой, сол бейуақтағы Ғазизаның көңіл-күйі бар, сырттағы тіршілікте осы екі ендіктің ортасында Ғазизаның тағдыры сөз болады.

Бір жағынан жаңағыдай құлпырған, жанданған табиғат, екінші жағынан өзінің жанымен арпалысқан кейіпкер, осы екеуі екі түстің, екі әлемнің шарпысуын көрсетіп, кейіпкердің мінез-құлқын, табиғатын беру үшін бір дүниенің екіге бөлінуін береді.  

Оралхан Бөкейдің «Атау-кересі» бір ерекше шығарма болды. Оралхан Бөкеев басында экстремалды кеңістік немесе шекаралық ситуация болып көрінсе, «Атау кереде», мысалы, сол табиғат адамның өзінің дүр сілкініп жарылатын негізіне айналады. Яғни, адасып жүрген өте дарынды Таған деген кейіпкер табиғат аясында өмірге қайта оралып түлеп келе жатыр. Жалпы Оралхан шығармаларында ізгілік, шындық, үйлесімділік деген абстрактілі ұғым ретінде өмір сүріп келген. Мысалы, ана кетіп бара жатқан пойызды орамалын желбіретіп бұлғай шығарып салып тұратын қыздар, яғни осы сұлулық деген мына реалды өмір емес, нақты жаңағы поездтың іші емес, басқа емес, айдалада, сондай абстактілі идеяда өмір сүреді. Оралханмен араласқан адамдар біледі. Оның тағдырында әртүрлі жағдайлар болды. Жеке тағдыры мен шығармашылығы арасында алшақтықтар көп емес. Соңғы жылдары жазған шығармаларда оптимистік сарындар пайда болған. Сол кезде шынымды айтқанда, оны көріп біз қуанғанбыз. Бұл оның өмірінде  бір жақсылықтар болып жатқанының белгісі еді.  

Қазақ прозасының жетістіктері көп

Жаңағы «екіұдайлық» дегенге қайтадан айналып келе жатырмын. Әбіш ағамыздың «Шыңырау» повесі ерекше. Кезінде Акутагава бір ғана шығармасымен жапон әдебиетінің тарихында қалып, үлкен атаққа ие болды ғой. «Мұрын» деген шығармасымен. Отызға жетпеген кезінде Әбіш ағамыз «Шыңырауды» жазды. «Шыңырау» қазақ прозасына үлкен жаңалық әкелген шығарма. Өзінің көрегенділігімен ерекше әсер еткен. Кейбір ойларды айту үшін жазушы бір кейіпкерлерді іздейді. Образдар іздейді. Еш нәрсе кездейсоқ болмайды. 

Мысалы, Шыңғыс Айтматовтың шығармасы бар ғой, тылдағы совет жауынгерінің әйелі басқа бір адамды сүйіп, сонымен қашып кететін, сол кездегі Кеңес заманында қалыптасқан идеология тұрғысынан қарағанда, ол бүкіл дүние жүзін фашизмнің иесінен босатқан совет жауынгерінің әйелі ғой. Автор не айтқысы келіп отыр? Адамның өзінің махаббатқа деген, сүйіспеншілікке деген әрқашан құқығы бар деген ой. Ең алдымен адамның адамшылығын айту керек. Адамдығын айт, адамның проблемаларын алдыңғы қатарға шығар.

Сөйтіп, қалыптасқан жаңағы үрдістерге өзі бағдар беріп отыратыны бар. Жақында бір деректі фильм түсірсек деп едім, Әбіш ағаның шығармасында  мәңгүрттік идеясы бар ғой, осы фильмнің төңірегінде қырғыз бауырларымыз «бұл біздің тақырыбымыз, Айтматов жазған. Мұны бізден бастаған» дейді екен. Ал қарап отырсаңыз, Әбіш ағамыз ол повесін алпыс жетінші жылы жазған екен. Сол кезде Маңғыстау облысының облыстық газетінде басылған.  

Кейін жариялылық заманы басталды. Қаламгерлер өздерінің айтар ойларын ашық айта бастады. Алаңдарда айта бастады. Ал анау заманда, мысалы, сол тоқырау заманы дейміз, соның ішінде жүріп әртүрлі айналымдар жасап оңай болған жоқ. Сөйтіп келдік. Қаламгерлерден азамат, елдікті талап еткен кездер болды. Міне, айтайын деп отырғаным сол. Мысалы, “Шыңыраудың” кейіпкері Еңсеп деген  қарапайым құдықшы ғой. Ол не істейді? Маңғыстау өңіріне атағы жайылған мықты құдықшы ретінде анау бай-шонжырлардың бәрі соған келеді, тапсырыс береді, «мынау деген құдықты сен қазып бересің» деп. Бірте-бірте атақ-даңқы жайылады. 

Құдықшылық Еңсепке ата-бабаларынан қалған мұра, кәсіпшілік. Құдықшылық деген де бір өнер. Қасиетті өнерлердің бірі. Дәл осы кезде Қарақалпақстаннан бір жас құдықшы келеді. Ол баяғы сол Еңсептің алғашқы кезеңдеріндегі сияқты, енді қарапайым адамдардың бәрі Еңсепке төлемін төлей алмағанда, соған баратын болады. Бірте-бірте жаңағы атақтың, беделдің  бәрі анаған ауып барады. Сонда бойындағы екінші Еңсеп: «бұл қалай сонда, сен Еңсеп емессің бе, бұның мысын басатын іс істемейсің бе» деп, ақыры «Маңғыстаудағы ең терең құдықты сен қазасың» деп кейіпкерді әзәзіл секілді неше түрлі тірліктерге жетелеп, Еңсеп сол ең терең құдықты қазамын деп жүріп жер астындағы сулар алып кетіп қаза табады. Сонда Әбіш ағамыздың: «Еңсеп қазған емес, Еңсеп өлген деп аталып кетті» деген бір қорытындысы бар. Мен бұны неге айтып отырмын?  

Бабаларымыздың дәстүрінен ажыратып, тілден ажыратып, мәдениетімізден ажыратып, алыстатты деп жариялылық заманда айта бастадық қой. Ал мына жазушыларымыздың шығармашылық алдындағы жауапкершілігін сезінгенін көреміз. Олар сол замандардың ішінде жүріп-ақ қоғамда қалыптасып жатқан әртүрлі құндылықтардың, теріс пиғылдардың адамның өзінің ата-салтына, дәстүріне деген ниетінің бұзылғандығынан бастау алғандығын айтып кеткен.

Біздің жазушыларымыз Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкеев, Төлен, Әбдіжәміл ағаларымыз алдын-ала болжап-біліп, соны өзінің кейіпкері арқылы, шығармалары арқылы бағасын беріп, сол заманның ішінде жүріп, өздерінің мынау шығармашылық, қаламгерлік парыздарын көтере білген. Міне, қазақ прозасында үлкен-үлкен жетістіктер болуы үшін жаңа қозғалыс керек. Әдебиетке, жалпы өркениетке жаңа қозғалыстар керек, барлығын жастардан күтеміз. Жаңалықтардың ашылмауы мүмкін емес.   

Автордың жаңа кітабы

Автор өзінің мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Адасқан ұлыңды жазғыра көрме, Жаратқан» атты кітабын ала келген екен. Проза мен драматургия топтастырылған кітаптың біреуін Бауыржан ағамыз қолымызға тигізді. Үйге келген соң кітаптағы бірінші тұрған шығарманы оқып шықтық. Адасқан ұлыңды жазғыра көрме, Жаратқан» – қазіргі ешкім ешкімді іздемейтін, керек қылмайтын, тек өз ындынын ғана ойлайтын  рухани дағдарыс пен жалғыздық проблемасы көрінетін шығарма екен. Өмірден түңілген, өткеніне өкінішпен қарайтын, өз ұлының тағдыры арқылы адамдық мәнін жоғалтқан әке – үш рет үйленіп, әр некеден баласы бар, бірақ ешқайсысымен байланысы үзілмегенімен, ешқайсысына жақын да бола алмаған адам. Көп рет «үй» құрғанымен, ешқашан «ошақ» орната алмаған. Бұл – махаббат пен отбасылық құндылықтың жоғалып, неке бұрынғыдай қасиетті ұғым емес, уақытша байланысқа айналғанының бір белгісіндей. 

Ұлының тағдыры – әкесінің рухи жалғасы іспетті. Ол да әкесінің жолын қайталаған: қайта-қайта үйленіп, түптің-түбінде бәрінен айрылған. Бірақ айырмашылығы – ол толық күйреп,өзіне үкім шығарған. Келіннің «ол сізге ұқсаудан қорықты» деуі – ұрпақтың әке қателігін қайталамауға тырысқанымен, соның көлеңкесінен бәрібір шыға алмауын білдіреді. Бұндағы Ауған соғысы деталі – кейіпкердің ішкі жарасын айқындайды. Соғыс оның тек тәнін емес, жанын да жаралаған. Сол жара жазылмай, өмір бойы жалғыздыққа, қатыгездікке, бейжайлыққа айналған ба деген де қисын ойладық. Ол өз ұлына да, әйелдеріне де, өмірге де толық ашылмаған адам. Бұл – іштен тынудың, сезімсіздіктің, өз жанын оқшаулаудың салдары. Кейіпкердің өзін-өзі өлтірмек болуы – рухани күйреудің шегі. Бірақ соңғы келіннің екіқабат екенін көрген сәтте – үміті қайта тіріліп, өзінен күш табады. Осы эпизодта автор «адамды қайта тірілтетін нәрсе – сенім мен үміт» деген ойды ұсынады.  

Шығарманың жазылу тәсілі автордың өзі басында кинохикаят деп атап өткендей киносценарийге келеді, оқиғалар кадр секілді ауысып отырады. Бұл тәсіл бүгінгі адамның үзік-үзік санасына лайықталғандай, естеліктер мен шындықтың араласуы түрінде беріп отырады. Тілі «Жындыкөбелектей емес, өте қарапайым, кей жерде орысша ойлап-сөйлейтін адам жазған сияқты көрінді. Ұлын жоғалтып барып қана өмірдің шындығын түсінетін әке туралы оқып отырып, автордың «Жындыкөбелегін» еске алдық. Екеуі ұқсас негізі. Тек әрқайсысы өзгеше жазылған.  

Залдан қойылған сұрақ: 

- Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романын алып қарайық. Негізгі кейіпкер саналатын хан Әбілқайырдың болмысы жаңа сіз айтқандай «екіұдай» ұғым деген сияқты қайшылықты тұлға, оны Тұрсынбек Кәкішев басқаша айтатын. Енді біз осы жиырма үшінші жылдан бастап қазақтың тарихын қайта қарап, қайта жазу деген үрдісті қолға алдық, мемлекет басшысынан бастап үлкен процесс жүріп жатыр. Біздің Әбіш Кекілбаевтың прозадағы ең бір ерекше қолтаңбасы оның шығармаларындағы деректердің тарихпен сәйкес келуінде. Біздің ұлт қайраткерлерінің тұлғасын дұрыс қалыптастыру процесіне қатысты үлкен жұмыстар жүріп жатыр ма? Сіздің үлесіңіз қандай? 

- Қазір өздеріңіз білесіздер, үлкен мемлекеттік комиссия құрылған. Тарихтағы әр түрлі кезеңдерді беру керек. Мысалы, Алаш саяси қайраткерлері бар. Оның алдындағы кезең бар, солардың барлығын зерттеп, қазір үлкен-үлкен шығармалар дайындалуда. Оны Мемлекеттік кеңесшіміз Ерлан Қарин басқарады. Кеңестің төңірегінде  қазақтың белді-белді ғалымдары шоғырланған. Олардың барлығы біздің тарихымызға байланысты кезең-кезеңді біледі. Өздеріңіз білесіз, сақ заманы, түркілер заманы, Алтын орда, одан бері сала-салаға бөлінеді. Әбден зерттеліп, біртұтас энциклопедиялық дүниелер дегі шығарылып жатыр. 

***

Жазушы, драматург Е.Аманшаев Абайдан жаңалық ашу қазір  мүмкін емес деген пікірге қатысты көзқарасын білдірді. Бұған қатысты Асқар Сүлейменовтің сөзін мысалға алды.  Әлем әдебиетінің ықпалы, жазушылардың бір-біріне шығармашылық әсері жайында да ой толғады.

Осы жерде айта кетейік, «Қазақ прозасындағы кеңістік пен кейіпкер әлемі» деген тақырып бұдан гөрі ауқымдырақ болатын шығар, өзгеше ойлар айтылатын шығар деп күткеніміз рас. Дегенмен, қазақ жазушыларының кей шығармаларын қайта еске түсірген, кей шығарманың мәніне үңілген әңгіме болды деген ойдамыз. 

Бұл негізі өте жақсы жоба, осындай жобаны қолға алған бастамашы-ұйымдастырушы Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының басшылығына рахмет. Жобаның мәні ашыла түсуі үшін алдағы уақытта Алматыдағы немесе басқа өңірлерде тұрып та әдебиетке тер төккен белгілі қаламгерлермен жүздессек жақсы болар еді деген ұсыныс бар. Мысалы, Ғаббас Қабышұлы, Тынымбай Нұрмағамбетов, Бексұлтан Нұржекеев, Кәдірбек Сегізбаев, Мейірхан Ақдәулетұлы, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Светқали Нұржан, Тұрсынжан Шапай, Әмірхан Меңдеке  сияқты жазушылардың әңгімесін тыңдау бөлек әсерлі болар еді. 

Фотосуреттер Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалы басшылығынан алынды.

Дереккөз: Әдебиет порталы

Бөлісу