Қарпық ақынның ұмыт болған жыры: Ахмет Байтұрсынұлы әулетінің шынайы тарихы

Бөлісу

14.10.2025 5263

Бұл мақалада ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әкесі Байтұрсын мен інісі Ақтас бастаған патшалық Ресей заманында Торғай өңірінде өмір сүрген бірнеше айтулы тұлғаның 1885 жылы жазаланып, Сібірге он бес жылға жер аударылған тарихи оқиға  тақырып етіп жазылған «Ақтас-Байтұрсын» жырының 1903 жылдан бері сақталған қолжазбасының сипаты ғылыми тұрғыда қарастырылады. Шығарма авторы – Қарпық Шолақұлы. Қарпық ақынның көптеген жоқтау жырлары сол кезеңде танымал болған. Кейін А. Байтұрсынұлы құрастырған «23 жоқтау» атты фольклорлық мұраға және ғалымның «Әдебиет танытқыш» атты теориялық кесек еңбегіне Қарпық ақынның шығармалары енген болатын. Алайда, Қ. Шолақұлының «Ақтас-Байтұрсын» жырының қолжазбасы қазірге дейін толық зерттелмеген. Бұл мақалада авторлар аталған шығарманы халық арасында сақталған нұсқаларымен және қолжазбалар қорында сақталған өзге нұсқаларымен салыстыра отырып, Ғабдолғали Балғымбаев сақтаған нұсқаның ерекшелігін зерделеп, жан-жақты таныстырады.


ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Торғай жерінде болған «Ақтас пен Байтұрсын оқиғасы» патшалық Ресейдің Қазақ даласын отарлау тарихынан сыр шертетін маңызды оқиғалардың бірі саналады. Қазақ даласындағы теңсіздікке қарсы бас көтерген үлкенді-кішілі қозғалыстардың барлығы күшпен басылып, жанышталып отырғаны белгілі. Ел аузында «Жыңғылды оқиғасы» деген атпен де тарихтан орын алған бұл істің алаштану, ахметтану ғылымдарында да алар орны ерекше. Себебі, еліне есе-теңдік талап етіп, қараша қауымына пана болуды ойлаған, аталмыш оқиғадағы басты адамдар Ақтас пен Байтұрсын – бірі Ұлт ұстазы Ахметтің әкесі, бірі әкесінің інісі еді. Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянын зерттеуде, әсіресе, ғалымның балалық шағы мен шыққан тегі, ата-баба әулеті, өскен ортасын зерттеген ғалымдар бұл оқиға туралы жиі жазып келеді. Ахметтанушы ғалымдардың еңбектеріне, ғалымның әр жылдары жинақталып баспадан  шыққан көптомдық жинақтарына негізделе отырып, Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде, ұлы ұстаздың ататек шежіресі қабырғаға ілінген. Алыс-жуықтан келген қонақтарға ғалымның арғы тегін таныстырғанда да музей-үй қызметкерлері бұл тарихи оқиға туралы біршама жүйелі баяндап береді. 

«Ақтас-Байтұрсын» оқиғасы

«Ақтас-Байтұрсын» оқиғасының зерттеушілерді өзіне тартқаны сондай, Ахмет Байтұрсынұлының замандастарынан бастап, бүгінгі жас ізденушілерге дейін бұл оқиғаны айналып өткені сирек. Атай кетелік, заңғар жазушы, әдебиеттанушы ғалым М. Әуезов Ахметтің өмір жолына қысқаша шолу жасап, оның отбасылық трагедиясы мен балалық шақтағы ортасы туралы кеңірек тоқталып, аталған оқиғаны да тілге тиек етеді [1] Академик Рабиға Сыздық Ахметтің балалық шағын сипаттай отырып, әкесінің патша әкімшілігімен жанжалының тарихи мәнін айқындайды [2]. Тарихшы ғалым М.Қойгелдиев Ахметтің балалық шағын саяси сана тұрғысынан талдайды және әкесінің айдалуының себептерін архив құжаттарына сүйеніп түсіндіреді [3]. Белгілі әдебиет зерттеушісі С.Қирабаев бұл оқиғаны Ахметтің көзқарасы мен қайраткерлік мінезінің қалыптасу себебі ретінде талдайды [4]. Ахметтанушы ғалы Ө. Әбдиманұлының еңбегінде 1885 жылғы «Яковлев ісі» және сол оқиғаның Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси бағытына тигізген ықпалы туралы жан-жақты сипаттама берілген [5]. А. Байтұрсынұлы ақталғаннан кейін әр жылдары шыққан көптомдықтарында бұл оқиғаның тарихи мәні және болашақ ұлы ғалымға болған әсері сөз болады. «1885 жылы Торғай уезінің бастығы Яковлевті соққыға жыққан Байтұрсын мен оның інісі Ақтас Сібірге 15 жылға жер аударылады. Бұл оқиға жас Ахметтің өмір жолына зор әсер етеді» [6]. Ғалым А. Қыраубаева бас болып құрастырған ғылыми жинақта авторлар Байтұрсын әулетінің тағдыры мен сол оқиғаға байланысты патша үкіметінің жер аудару саясатын архив деректерімен келтіреді. Архив сілтемесі: ҚР ОМА, ф.374, т.1, іс 56. [7]. Белгілі ахметтанушы ғалым Р. Имаханбеттің «Ахмет – Алаш ардақтысы», «Ғасыр саңлағы» еңбектерінде де бұл тақырып біршама жүйелі тарқатылып,талданған [8]. Машқанова Н. «Байтұрсын мен Ақтас» (1885-ші жылғы оқиға туралы мұрағат деректері) мақаласында аталған оқиғаға қатысты өтініш, арыздарды түпнұсқадан аударып, кеңірек тоқталып, көптегенмәлімет ұсынады [9]. 

Аталған оқиға туралы кейінгі зерттеушілердің бірі Батырлан Сағынтаевтың мақаласынанүзінді келтіргенді жөн көрдік. Себебі, Б. Сағынтаев өзі Ахмет өскен өлкенің азаматы және ол зерттеулерінде біршама жаңаша деректер көрсетіп жүр. Мақаламызға арқау болған «Ақтас пен Байтұрсын оқиғасының» барысы мынадай:

Байтұрсын Шошақұлы 1885 жылы 12 қазанда Жыңғылды бекеті жанындағы Жаркешу өткелінде Торғай уезінің басшысы, полковник Яковлевтің басын жарып, осы оқиғаға байланысты Тосын болысының №3 ауылынан тоғыз адам тұтқынға алынып, жауапкершілікке тартылған. Олар: ағайынды  Байтұрсын, Сабалақ (кейбір деректерде Данияр – Ә. Ахмет), Ерғазы, Ақтас Шошақұлдары, Кәйдек Танабайұлы, Темірше Кәйдекұлы, Ыбырай Байтөтұлы, Қорғанбек Жантасұлы, Бажақан Тілеушеұлы. Өткел басында полковник Яковлев соққыға жығылып, есінен танып қалған кезінде  урядниктердің бірі мылтық атуға рұқсат беріп, жоғарыда аталған тоғыз адамның төртеуі (Кәйдек, Темірше, Қорғанбек, Бажақан) жараланады. Мұның ішінде Кәйдек пен Бажақанның жарасы ауыр болғандықтан тұтқынға алынбай, өз ауылдарында қалдырылған. 1886 жылы 6 маусым күні сот болып, Шошақ әулетінің үш арысы Ақтас, Байтұрсын, Сабалақ он бес жылға Сібірге жер аударылады. Қалғандары да әр түрлі мерзімге жазаға кесілген. Сабалақ сол айдаудан оралмай Сібірде қаза тапқан. Елде қалған Ерғазы да ағаларының ісімен жүріп өмірден өткен. Тағы бір ерекше атап өтетін жай, айдауға кеткен Ақтастың соңынан жұбайының бірге еріп баруы. Ел ішінде Ақтастың Сібірге еріп барған жамағатының аты Үбіжан деп айтылса, енді бір деректерде Алтынай Нұрым қызы деп те айтылады. Біздің зерделеуімізше Ақтаспен Сібірге бірге барған Үбіжан болса керек. Себебі архив деректерінде Торғай әскери губернаторына Георгий Степанович Герасимовскийдің Үбіжанның атынан жазған шағым хаттары сақталған. Азабы мол, ауыр жолға шыдамаған Үбіжанда Сібір жерінде өмірден өткен. Ағайынды Ақтас пен Байтұрсын Шошақұлдары он бес жылдық мерзімді жазасын өтеп, 1902 жылы туған елге қайта оралады [10]. Сондай-ақ, Абдуллин Ә. «Жыр жоқтау деректері» (Ақын Қарпық Шошақұлы шығармаларындағы А. Байтұрсынұлына қатысты кейбір мағлұматтар) [11] және «Қарпық ақын» атты мақаласында аталған оқиғаның арғы-бергі тарихын біршама кең толғап жеткізеді. Алайда, автор ақынның әкесін Шолақ емес Шошақ деп беріп қателік жіберген. Байтұрсынның әкесі Шошақ пен Қарпықтың әкесі Шолақтың атында ауыс-күйіс жағдайы жүз берген. Екеуі де ата жағынан жақын, туыс адамдар болғандықтан, екі тұлғаның есімдеріндегі ұқсастықтан да жаңылыс жіберсе керек. 

Зерттеуімізге өзек болып отырған, қазақ тарихының ащы бір беті, Арқадағы Алаш арыстарының, Торғайда туған бірегей ғалым Ахмет Байтұрсынұлының балалық шағында көкірегіне өшпес жара салып, ерте есейткен ауыр оқиғаның жайы осылай. «Ақтас-Байтұрсын» оқиғасы жайында мұрағаттық қорлар, ауызша деректер және кейінгі зерттеушілердің еңбектері жеткілікті. Дегенмен, аталмыш тарихи дүрбелеңнің барысы жазылған, қазақ тіліндегі  қолжазбалар жоқтың қасы. Кезінде ел ішіндегі ақын, жыршылар бұл туралы сан мәрте жырлағанымен, уақыттың өтуі және Кеңес заманында Алаш тарихына тіке қатысты жазба деректердің шектелуіне байланысты бүгінге толық жетпеген. Қостанай, Торғай жеріндегі құймақұлақ ақсақалдар бұл оқиға туралы әлі де шежіре шерте алады. Ал, Ақтастың немересі, өзін Ахметтің ұрпағымын деп санайтын, Амандық Шәймерденов ақсақал жарық дүниеден қайтқанша осы бір қилы тағдырдың бастауы болған трагедия туралы жиі айтып, сұхбаттар беріп жүрді. Енді біз сол оқиғаның барысы біршама екжей-текжейлі баяндалған Шолақұлы Қарпық ақынның «Ақтас пен Байтұрсын» атты өлеңінің қолжазбасын ғылыми тұрғыда сипаттайтын боламыз. 

Шолақұлы Қарпық ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасы

Қарпық Шолақұлы 1857 жылы қазіргі Торғай өңіріндегі Ақкөл аталатын мекенде дүниеге келген. Ол арғын тайпасының Үмбетей руына жатады және көрнекті қоғам және мәдениет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлымен жерлес әрі рулас болып келеді. Ескіше сауатты болған Қарпық ауыл балаларына арнап мектеп ашып, халықты ағарту ісіне үлес қосқан. Кеңес өкіметі алғаш орнай бастаған тұста ол жергілікті серіктестіктің ұйымдастырушыларының бірі ретінде де танылған. Ақын 1920 жылы туған жері – Торғайда дүниеден өткен.

Қарпық Шолақұлының ұрпақтары да ел ісіне белсене араласқан беделді тұлғалар ретінде белгілі. Оның балалары Имамғали мен Қазгелді өз дәуірінің қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан. Имамғали Қарпықұлы алғашқы еңбек жолын ауылдық мектеп мұғалімі ретінде бастап, кейін Алашорда әскерінің құрамында жасақ басшысы болған. Сондай-ақ Уақытша үкімет тұсында Торғай уездік атқару комитетінің мүшелігіне сайланған. Ал Қазгелді Қарпықұлы ақындығымен және әншілік қабілетімен елге танылған. 1922–1926 жылдар аралығындағы «Торғай ісіне» байланысты ол Жүсіпбек Аймауытовпен бірге жауапкершілікке тартылған тұлғалардың қатарында болған. Қазгелдінің ұлы Әбіл Қазгелдіұлы 1933 жылы «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, тек 1989 жылы ғана толық ақталған.

Қарпық Шолақұлының есімі халық арасына оның «Жыңғылды оқиғасына» байланысты шығарған және Байтұрсын мен Ақтасқа арналған өлеңдері арқылы кеңінен тараған. Ақынның Ақтас пен Байтұрсын айдаудан елге оралған сәтінде шығарған марқайыс толғауы Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде жарияланған. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы құрастырған «23 жоқтау» жинағына Қарпық ақынның бірнеше жоқтау өлеңдері енгізілген.

Кеңестік идеология үстемдік құрған кезеңде Қарпық Шолақұлының шығармашылық мұрасы назардан тыс қалып, ғылыми айналымға енгізілмеді. Тек Ахмет Байтұрсынұлының есімі ақталғаннан кейін ғана Қарпықтың поэзиялық мұрасына қатысты зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады. Қазіргі уақытта ақынның бірқатар өлеңдері мен толғаулары Тұрмағамбет Ізтілеуов пен Ғабдолғали Балғымбаев жинаған қолжазба қорларында сақтаулы тұр. Мақалада Ғ. Балғымбаев нұсқасына кеңірек тоқталамыз. 

Шолақұлы Қарпық ақынның «Ақтас пен Байтұрсын» атты өлеңінің ел арасында таралған нұсқалары 

Шолақұлы Қарпық ақынның «Ақтас пен Байтұрсын» атты өлеңінің қолжазбасыАлматыдағы «Ғылым ордасы» РМКОрталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар қорында сақталған, 384 қолжазба №4 дәптер. Орталық ғылыми кітапхана қорында бұдан басқа Қарпық ақынның өлеңдерінің Т. Ізтілеу нұсқасы және А. В. Васильев жинақтаған нұсқасы сақталған. Ал, біздің мақаламызға арқау болып отырған нұсқа– Балғымбаев нұсқасы. Қолжазба қорларынан сырт, халық арасында сақталған нұсқалар туралы Б. Сағынтаев мынандай деректер келтіреді: Аталған толғаудың толық нұсқасы Ертай қажы Балахметтің «Үш Алаш» кітабында (440-441 б) жарық көрген еді. Мерзімді баспасөз беттерінде үзінділері жарияланып жүретін «Ақтас-Байтұрсын» атты толғаудың біршама көлемді нұсқасы да осы кітапта жарияланды. Аймағамбет Спанұлының қолжазбасынан алынған бұл өлеңдер өлкентанушы Ибрагим Ағытаев арқылы құрастырушыар қолына тиіп, «Торғай ақындарының антологиясының» 1-ші томында да баспа бетін көрді. [10].Осыған қарағанда, «Ақтас-Байтұрсын» оқиғасының да, оқиғаны тақырып ете отырып Қарпық ақын айтқан толғаудың да бірнеше нұсқасы бар болып отыр. 1. Халық арасында сақталған үзінді нұсқалар: А.Байтұрсынұлы ақталған жылдары алғашқы болып Қарпық ақынның үзінді өлеңдерін Ахметхан Әбіқаев арқылы жеткізген нұсқасы бойынща Әмірхан Абдуллин «Торғай таңы» газетінде жариялаған (Торғай таңы. 1996, 26 мамыр) және бір нұсқасыСерікбай Оспановтың «Ахмет өскен ақындық орта» кітабында жарық көрген. 2.  Ертай қажы Балахмет жинағына енгізген Аймағамбет Спанұлының қолжазба нұсқасы. Бұл  нұсқа да Торғай өңірінде сақталып, бертінгі жылдары баспасөзде жарияланған. 3. Б. Сағынтаев жариялаған Васильев нұсқасы (машинкада терілген). 4. Т. Ізтілеу нұсқасы (бұл деректерде айтылады, бірақ қолға түспеді). 5. Балғымбаев нұсқасы.Мұны тұңғыш рет осы мақала арқылы ғылыми қауымға таныстырып отырмыз. 

Аталған нұсқалардың ішндегі ең көлемдісі Балғымбаев нұсқасы мен Спанұлының қолжазба нұсқасы деуге болады. Аталған екі нұсқаны салыстыра зерттеу маңызды. 

Шолақұлы Қарпық ақынның «Ақтас пен Байтұрсын» атты өлеңінің қолжазбасының сипаттамасы 

Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар қорында сақталған, 384 қолжазба, №4 дәптерге жазылған жәдігер мұраның көлемі он бес беттен тұрады.Дәптердің сыртында мынандай анықтамалар берілген:

«Үшбұу қағаз өлең тиістілі оладүр Мұхамадияр Балғымбай баласына, 1903 жыл, марттың бесінде; Қарбық (түпнұсқа бойынша) ақынның өлеңі; Ақтас, Байтұрсын туралы жазылған (қадім жазуымен); В г.Оренбур Его благороди газетному начальнику Габдульгалею Балгимбаеву» деген орысша сөйлем де бар. Соған қарағанда Балғымбаевтың жинағандарынан деп анық болжауғаболады. Қадім жазуында «Мұхамадияр Балғымбай баласы», ал орысша анықтамада «Габдулгалел Балгимбаев» деп екі түрлі жазылуының сырын зерттеуші Б. Сағынтаев түсіндіріп берді: Мұхамадияр мен Ғабдолғали екеуі ағайынды кісілер. Мұхамедияр ағасы, ол молда болған адам. Ыбырай мектебінде дін сабағынан берген. Ғабдолғали жас кезінде мектепте, газетте, қартайған шағында ғылым академиясында қызмет атқарған. Ыбырай жайлы естеліктер жазып қалдырған. Мұхамедияр қолжабаны біреуден көшіріп немесе ауызша айтқанынан жазып алған, Ғабдолғали  кітапхана қорына немесе экспедиция ұжымына тапсырған болуы мүмкін. 

Қарпық Шолақұлының «Ақтас-Байтұрсын» жырының қолжазбасының беттерінен

Қолжазба ескіше емлемен (қадім) жазылған. Өлең алтыншы бетке дейін он бір буынды қара өлең ұйқасымен келіп, алтыншы беттен кейін екінші толғауға ауысқанда жеті-сегіз буынды үлгіде өрбиді. Қолжазбаның ең соңғы бетінде толғауың қорытындысы негізінде жазылған өлеңдер қайта он бір буынға ауысады. Жолсыз, сарғыш ақ түсті  қағазға жазылған. Жазушының немесе көшірушінің қолтаңбасы біршама көркем болғанымен, сүйкектете тез жазғандықтан, қаріптерді танып оқуда қиындықтар туындайды. 

Он бес беттік қолжазбадағы өлеңнің бір бетін үзінді ретінде келтірейік:

 

Кел, Қарпық, қалам ұстап көңіл көтер, 

Шын, жалған дүнияның бәрі бекер.

Пайда жоқ һеш болжаусыз уайымнан, 

Қайғысы ағалардың айтса кетер.

 

Дүнияда ойламаңыз өлмеймін деп,

Бір нағыз дұшман сөзін жөндеймін деп.

Болса да қанша дұшман серпілмеді,

Орынсыз қиянатқа көнбеймін деп.

 

Сыйа ма осал туса мұнша талап,

Қамады орыс-қазақ екі тарап.

Хұкімін он болыстың оязнайы, 

Бір өзін жүруші еді мыңға балап. 

 

Аузында Жыңғылдының даяр келіп, 

Табыңыз, Ақтас қайда дейді дорах (дурак).

Ісімді көңілге алған етемін деп,

Жүргізбей он екі орыс алды қамап.

Сен неге отырыс малды бермейсің деп,

Бес атты Байтұрсынды оңашалап.   

Мылықтан үш аршын жер қашықтығы, 

Сақтады саламатпен Құдай қалап. 

Бар шығар шілтендердің назарында,

Жүр екен алдындағы аруақ жанап. 

Яклов ғаскер жинап келсе дағы, 

Бір сапар қайтып еді басы қанап.

 

Ісі жоқ бізде аяп қылдырмаған, 

Сонда да келген жолын тындырмаған. 

Жығылған басы қанап үш салдатқа, 

«Қашалық, жүре көр!» деп былдырлаған. 

 

Бізде жоқ атқылауға мылтық аспап,

Шара жоқ кез келтірді Тәңірі бастап. 

Салдырлап оязнайы жөнелген соң,

Жүгірді екі салдат атын тастап. 

 

Иллофа, осылай ма өкім деген, 

Кісі емес, біз үйреніп закон білген. 

Ұялып өз жолынан қайтып кетті,

Шыққан соң бұйрық алмай хұкімгерден.

 

Ретпен осылайшақайтып кетті, 

Сонда да көп өтірік айтып кетті.

Осындай бір тентектен іс көрдім деп,

Жоғарғы хұкімдерге мағлұм етті[12].

Қолда бар жазба материалдар мен баспасөзде жарияланған нұсқалардың арасындағы айырмашылықтарға көз жүгіртер болса, жоғарыда аталып өткен бес жазба нұсқаның ішіндегі ең кемелді әрі мазмұны көп нұсқа деп, біздің зерттеу түйініміз болып отырған – Балғымбаев нұсқасын айтуға болады. Бет сандары, өлеңдердің бүлінбей біршама толық сақталған нұсқасы деп қарап Ертай қажы Балахмет жинағына енгізген  Аймағамбет Спанұлының қолжазба нұсқасымен салыстырып көргенімізде Балғымбаев нұсқасының толықтығына көз жеткізуге болады. Оқырманға көрсетіліп отырған бір беттегі 40 тармақтың өзінен көптеген айырмашылықтар байқалады. Екі нұсқадағы тармақ, ұйқас, буын, бунақ, тіпті сөздердегі айырмашылық, тіптен екінші нұсқадағы кей тармақтың кемдігі осыны көрсетіп отыр. Оның үстіне Аймағамбет Спанұлының қолжазбасынан бүгінгі жазуға түсірушілер де қадім жазуын оқудан қателіктер жібергені байқалады. Екеуі екі ақынның көшіріп жырлауынан да айырмашылықтар туындады деген күннің өзінде де, түпнұсқадағы кейбір сөздердің қате оқылғаны айқын көрінеді. Дегенмен, бұған дейін баспасөзде жарияланып үлгірген нұсқаға еңбек сіңірушіледің адал да ақниетпен істеген жұмыстарына алғыс айтуға татиды. Себебі, ғылымда ұмыт болып бара жатқан тарихи оқиғаны және ол туралы жарты ғұмырын арнап жыр жазған Қарпық ақынның мұрасын алғашқы болып ресми баспасөзде оқырманға жеткізген аға буынға кейінгі буын зерттеушілерінің қатары ретінде біз құрмет білдіреміз. 

Сөзімізді жинақтай бастар болсақ, Орталық ғылыми кітапханада сақталған ақын Қарпық Шолақұлының «Ақтас-Байтұрсын» шығармасының Балғымбаев жеткізген нұсқасының ғылыми құны өте жоғары. Оның бұған дейін ешбір баспасөзде толыққанды жарияланбауы, өзге нұсқаларға қарағанда жалпы тармақ, шумақ сандарының көптігі аталған нұсқаның артықшылығы саналады. Қолымыздағы нұсқаны өзге нұсқалармен мұқият салыстырып, ондағы айырмашылықтарды жіліктеп көрсету бір мақала аясына сыймайтын жұмыс. Сондықтан, Балғымбаев нұсқасын түпнұсқадан қайта көшіріп, ғылыми, әдеби ортаға ұсынып, оқырманға жариялау өзекті деп қараймыз. Ахметтануда, Алаш тарихын жете зерттеуде қолжазба мұралардың атқарар рөлі зор. Осыдан 123 жыл бұрын жазылған бұл мұраның түркітану, алаштану, мәтінтану, әдебиеттану және тұлғатану (ахметтану) ғылымдары үшін алар орны да ерекше. Еліне қорған, жұртына ықтасын болған Байтұрсын мен Ақтас атты ағайындылардың жазалы болып, он бес жыл жат жерге сүргінге айдалып, он жеті жылға жуық ғұмырын ауыр азапта өткізіп, ауылына жеткенге дейін осы бір рухты ерлерді жырлаудан тайсалмаған ақын Қарпық Шолақұлының мұраларын жинақтап, ұрпаққа аманаттау – парызымыз. 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Әуезов, М. Қазақ әдебиетінің тарихы жөнінде. – Алматы: Ғылым, 1957. – 57-б.

2. Сыздық, Р. Ахмет Байтұрсынұлы – ғалым, ағартушы, қайраткер. // Қазақ әдебиеті, №5, 1995. – 3–4-бб.

3. Қойгелдиев, М. Алаш қозғалысы. – Алматы: Алаш, 2008. – 47–48-бб.

4. Қирабаев, С. Ахмет Байтұрсынов тағылымы. – Алматы: Білім, 1998. – 8–9-бб.

5. Әбдиманұлы, Ө. Алаштың рухани көсемі. – Алматы: Санат, 2017. – 19–21-бб.

6. Ахмет Байтұрсынұлы. Шығармалар жинағы. Бірінші том. – Алматы: «Ел-шежіре» баспасы, ҚР БҒМ Тілкомитеті, 2013. – 10–12-бб.

7. Ахмет Байтұрсынұлы: ғылыми жинақ / Ред. А.Қыраубаева. – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2003. – 25–26-бб.

8. Имаханбет Р. Ғасыр саңлағы: Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеу. – Алматы: Арыс баспасы, 2013. – 320 б.

9. Машқанова Н. Байтұрсын мен Ақтас (1885-ші жылғы оқиға туралы мұрағат деректері) // Жұлдыз №10, Б. 200-203, 1990.

10. Сағынтаев Б. «Ақтас - Байтұрсын» (басы)//  «Біздің Торғай» газеті (№37, 13.09.2022) . 

11. Абдуллин Ә. Жыр жоқтау деректері (Ақын Қарпық Шошақұлы  шығармаларындағы А.Байтұрсынұлына қатысты кейбір мағлұматтар) // Сұхбат, 1-15 маусым 1991.

12. Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар қоры, 384 қолжазба, №4 дәптер, 1-б. 

Ахмет Әділет

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, түркітану мамандығы 2-курс докторанты (PhD)

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМКҚ, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері 

Біләлова Дәмелі

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, түркітану мамандығы 2-курс докторанты  (PhD)

Бөлісу