Қазақ мемлекеттілігінің тарихында саяси ой мен мәмілегерлік мәдениеттің биік үлгісін танытатын жазба деректер көп емес. Сол сирек те қымбат мұралардың бірі — қазақ хан-сұлтандары мен батырларының өз қолымен жазған хаттары. Бұл эпистолярлық ескерткіштер XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ билеушілерінің сыртқы саясаттағы ұстанымын, дипломатиялық тілді меңгеруін және ұлттық мемлекеттіліктің дамытуы мен нығаю жолындағы әріден келе жатқан даналық дәстүрін айқын көрсетеді.
Соңғы жылдары Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары осы бағыттағы зерттеулерді жаңа деңгейге көтеріп, бұрын ғылыми айналымға түспеген түпнұсқа хаттарды жариялап, арнайы ғылыми жобалар жариялап ғылыми жобалар ауқымында зерттеуді жалғастырып келеді. Сондай зерттеулер мен деректер жинағы «Абылай, Уәли және Бөкей хандардың мемлекеттік қызметінің зерттелмеген кезеңдері (сирек архивтік және фольклорлық деректер негізінде)» гранттық қаржыландыру жобасын жүзеге асыру аясында дайындалу үстінде.
Ұлттық эпистолярлық мұраның құндылығы
Қазақ хан-сұлтандарының, билері мен батырларының көрші елдермен жүргізген хат алмасуы – халқымыздың бай жазба дәстүрінің ажырамас бөлігі. Бұл хаттар тек ресми құжат емес, сол дәуірдің саяси көрінісі мен рухани мәдениетін паш ететін тарихи дерек.
Қазақ хан-сұлтандары мен батырларының өз қолымен жазған хаттарының елімізде сақталған нұсқалары тым көп емес. Олардың көп бөлігі Ресей, Қытай секілді көрші елдердің мұрағат қорларында сақталған. Соның ішінде Ресей архивтерінде сақталған нұсқалары ең көп. Олардың қатарында Омбы облыстық тарихи архиві (ИАОО), Ресей мемлекеттік тарихи архиві (РГИА), Ресей империясының сыртқы саясат архиві (АВПРИ) қатарлы архивтер бар.
Абылай ханның дипломатиялық көзқарасы
XVIII ғасырда қазақ қоғамы көрші империялар – Ресей мен Цин мемлекеттерінің ықпал аймағында өмір сүрді. Осындай күрделі жағдайда Абылай хан ұлттың тәуелсіз ұстанымын сақтап қалу үшін теңгерімді саясат жүргізді. Оның хаттарында көрші елдермен бейбіт мәміле орнату, ел тыныштығын сақтау, көрші елдермен арада қалыптасқан күрделі мәселелерді шешу және елшілік дәстүрді жаңғырту идеялары айқын көрінеді.
Абылай хаттарының тілі салиқалы, мазмұны нақты, ал дипломатиялық этикеті жоғары деңгейде. Ол хаттарында өз ойын тек ресми сипатта емес, терең саяси пайыммен жеткізе отырып, қазақ елінің ішкі бірлігі мен сыртқы дербестігін қорғауға ұмтылған. Осы тұрғыдан алғанда, Абылай хан хаттары қазақ дипломатиясының сөз арқылы билік жүргізу дәстүрінің классикалық үлгісі болып табылады.
Уәли ханның хаттары – мемлекеттік сабақтастықтың көрінісі
Абылайдың мұрагері Уәли ханның хаттары XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басындағы саяси жағдайды бейнелейді. Бұл кезеңде Ресей империясының отарлық саясаты күшейіп, қазақ даласындағы билік құрылымы өзгерістерге ұшыраған болатын. Уәли хан осындай жағдайда ел ішіндегі тұрақтылықты сақтап, көрші елдермен бейбіт байланыстарды жалғастыруға ұмтылды.
Уәли ханның хаттары мазмұны жағынан бай, тілі көркем әрі нақты дипломатиялық стильде жазылған. Хаттарда исламдық сәлемдесу формулалары мен түркілік ресми құрылым үйлесім тапқан. Бұл қазақтың жазба дипломатиясында шығыстық үлгі мен ұлттық дәстүрдің бірлікте дамығанын дәлелдейді.
Бөкей ханның хаттары: жаңа саяси шындықтағы қазақ дипломатиясы
Қазақ хан-сұлтандары мен батырларының хаттары топтамасындағы Бөкей Барақұлының хаттары XIX ғасыр басындағы қазақ қоғамының жаңа саяси ақуалын көрсетеді. Ресей империясының ықпалы күшейген тұста Ішкі Ордада билік құрған Бөкей ханның хаттары аталған дәуірдегі қазақ билеушілерінің келбетін жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді.
Біздің қолымыздағы Бөкей ханның хаттары император Александр I мен Сібір әскери корпусының қолбасшыларына жолданған. Бұл құжаттарда Бөкей ханның ел ішіндегі басқару мәселелерімен қатар, қазақ қоғамындағы жаңа әкімшілік жүйеге бейімделу үдерістері де көрініс тапқан. Бөкей хан дипломатиясы арқылы қазақ билеушілерінің заманауи саяси өзгерістерге бейімделе отырып, ұлттық бірегейлікті сақтап қалуға тырысқаны байқалады
Ғылыми жоба және зерттеушілер тобы
Жоғарыда атап кеткен «Абылай, Уәли және Бөкей хандардың мемлекеттік қызметінің зерттелмеген кезеңдері (сирек архивтік және фольклорлық деректер негізінде)» гранттық қаржыландыру жобасына ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Зиябек Қабылдинов, т.ғ.к., Жанымхан Ошан жетекшілік етіп келеді. Жобаны орындаушылар қатарында Ержан Торайғыров, Елдос Сауырқан, Марыс Қадылбек, Акмарал Бейсембаева, Витали Сирик және басқа да мамандар бар. Аталған ғалымдардың еңбегі нәтижесінде архив деректерін анықтау, елге жеткізу, сыныптау, жүйелеу, мәтіндерді түпнұсқадан транскрипциялап, аудармасын жасау, мәтінтанулық зерттеу жасау, хаттағы сақталған мәселелерге ғылыми түсініктемелер мен ескертпелер жазу жұмыстары жасалып жатыр. Жобаны жүзеге асырудың соңғы нәтижесінде қазақ дипломатиясының жазба дәстүрін тек мазмұндық жағынан емес, филологиялық және деректанулық тұрғыдан зерттеуге арналған жаңа деректер жинағы ғылыми қауымға ұсынылатын болады.
Қазақ дипломатиясының жаңа ғылыми үлгісі
Абылай, Уәли және Бөкей хандардың ескі қазақ жазба тіл-жазуында жазған хаттары – қазақ дипломатиясының ішкі мазмұны мен сыртқы көрінісін тұтас танытатын ерекше тарихи феномен. Бұл құжаттар қазақ мемлекеттілігінің дамуындағы саяси ойдың кемелдігін, сыртқы қатынастардағы мәмілегерлік дәстүрдің жүйелі сипатын айқындайды. Олардың мазмұны мен тілі қазақ билеушілерінің халықаралық қатынастарды тек әскери немесе экономикалық мүдде тұрғысынан емес, мәдени және өркениеттік деңгейде меңгергендігін дәлелдейді.
Бұл хаттар арқылы біз қазақ дипломатиясының «жаңа ғылыми үлгісін» танимыз. Біріншіден, олар қазақ хандарының өзара және көрші елдермен тең құқықты субъект ретінде қатынас орнатуға ұмтылғанын көрсетеді. Абылай мен Уәлидің Қытай және Ресей империяларымен хат алмасуында қазақ елін «бодан» немесе «бағынышты» тарап ретінде емес, жеке саяси ерік-жігері бар дербес мемлекет ретінде сипаттап көрсете білуі айқын көрінеді. Мұндай ұстаным қазақ мемлекеттілігінің халықаралық деңгейдегі беделін қалыптастыруға бағытталған прагматикалық, сонымен қатар идеологиялық сипаттағы қадам еді.
Екіншіден, бұл дипломатиялық мәтіндер қазақтың дәстүрлі мәдени коды мен Шығыс саяси этикасының үйлесімін көрсетеді. Хаттардың құрылымы мен стилінде түркі-ислам өркениетіне тән ізет пен иерархиялық сыпайылық сақталғанымен, мазмұнында қазақ билеушілеріне тән еркіндік, турашылдық және елдік мүддені бірінші орынға қою ұстанымы басым. Бұл синтез қазақ дипломатиясының өзіндік өрнегін қалыптастырды яғни «шығыстық үлгі» шеңберінде қалмай, оны ұлттық саяси дүниетаныммен толықтырған жаңа типтегі мәмілегерлік мәдениет пайда болды.
Үшіншіден, Абылай, Уәли және Бөкей хандардың дипломатиялық тілі сол дәуірдің саяси коммуникация мәдениетін ғылыми тұрғыдан зерделеуге мүмкіндік береді. Бұл тіл тек аудармашылық тұрғыдан емес, концептуалды деңгейде зерттеуді қажет ететін ерекше қабат. Хаттарда қолданылған терминдер мен дипломатиялық формулалар (мысалы, тату көршілік, сенім, келісім, амандық тілеу) қазақ қоғамында қалыптасқан бейбітшілік пен мәмілеге негізделген саясаттың көрінісі.
Қазіргі ғылым тұрғысынан қарағанда, бұл хаттар қазақ дипломатиясының тек тарихи емес, ғылыми үлгісін айқындайды. Себебі олар мемлекетаралық қатынастардағы этикалық нормалар мен саяси коммуникацияны үйлестіре алған. Қазақ хандарының дипломатиялық тәжірибесі — халықаралық қатынастар теориясындағы «мәдени дипломатия» ұғымына жақын, яғни саяси келісімдерді мәдени және моральдық құндылықтармен ұштастыра алу қабілетімен ерекшеленеді.
Сондықтан Қазақ хандардың мұралары қазіргі заманғы дипломатиялық зерттеулерде тек тарихи дерек ретінде емес, саяси мәдениеттің ұлттық моделін сипаттайтын дербес ғылыми феномен ретінде қарастырылуы қажет. Бұл хаттар қазақ қоғамының өзіндік саяси философиясы болғанын және оның қазіргі заманғы халықаралық қатынастар мен мемлекеттілік идеясына тікелей сабақтасып жатқанын дәлелдейді.
Қорытындылай келе, айтулы жоба аясында зерттелген Абылай, Уәли және Бөкей хандардың хаттары XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ дипломатиясының жаңа кезеңін айқындайтын рухани және тарихи мұра. Олар қазақ мемлекетінің сыртқы саясаттағы дербестігін сақтауға, елдің саяси беделін арттыруға бағытталған ұлттық дипломатиялық үлгінің бастауында тұр. Бүгінгі таңда бұл құжаттарды зерттеу — тек өткенді тану емес, сонымен бірге қазіргі Қазақстанның сыртқы саясат мәдениетін терең түсінудің де кілті. Қазақ дипломатиясының тарихын қайта зерделеу арқылы біз ұлттық мемлекеттілік дәстүрінің сабақтастығын, мәдени-рухани негіздерінің беріктігін айқындай аламыз.
Хандардың жазбаша мұрасы — тарих ғылымы үшін ғана емес, ұлттық сана мен тарихи жадты жаңғыртудың да өзекті тетігі. Бұл хаттар қазақтың елшілдік өнері мен мемлекет басқарудағы білігі мен даналығының айғағы болып қала береді.
Жанымхан Ошан, т.ғ.к.,
Елдос Сауырқан, PhD докторант