Атауын Қонаевтың өзі қойған: Қайрат футбол клубының тарихы

Бөлісу

03.10.2025 5841

Қазақстанның ең танымал және табысты футбол клубтарының бірі – «Қайрат» футбол клубы. 70 жылдан астам тарихы бар бұл клуб бүгінде еліміздің спорттық өміріне үлкен үлес қосып келе жатқан шаңырақ. 


Қазақстан футболының мақтанышы 

«Қайрат» футбол клубының тарихы 1954 жылға барып тіреледі. Сол жылы клуб «Локомотив Алматы» деген атпен құрылды. Құрушысы – Кеңес Одағы футболының дамуына үлес қосқан танымал тұлға, «Спартак» Мәскеу клубын құрушылардың бірі Николай Старостин еді. Ол «Динамо Алматы» клубының негізінде «Локомотив» деп аталатын жаңа клуб құрғысы келді. 1955 жылы клубтың атауы «Урожай» деп өзгертілді. 
1956 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жарлығымен ел аумағында республикалық спорт қоғамы құрылады. ҚазКСР Министрлер Кеңесінің «Урожай» ерікті спорт қоғамын республикадағы колхозшылардың ерікті спорт қоғамына қосу туралы қаулы шығады. 

Тарихи құжатта 
«Постановление Совета министров КазССР от 01 июня 1956 г. за №299 – об объединении добровольного спортивного общества «Урожай» с республиканскими спортивными обществами колхозников.
Председатель СовМина КазССР – Д.Кунаев» делінген.


Бұл өз кезегінде ел спортының дамуына жаңаша жол ашты. Ұзамай министрлік «Урожай» атауын өзгерту туралы шешім қабылдайды. Республикадағы ерікті спорт қоғамдары кеңесінің кезектен тыс пленумын ұйымдастырып жаңа атау мәселесі қаралады. Ұсынылған нұсқалар арасында «Егінші», «Тұлпар», «Өнім», «Алтын дән», «Дала бүркіті» және «Жастар» секілді атаулар болды. Алайда, Министрлір кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Қонаевтың ұсынысы бойынша, клубқа «Қайрат» деген атау берілді. Расы керек, ел аумағында республикалық спорт қоғамы құрылуы Қазақстанның спорттық инфрақұрылымын дамытуға жол ашты. «Қайрат» клубы аз уақыттың ішінде Кеңес Одағының жоғарғы лигасына өтіп, қазақ жеріндегі жалғыз өкіл ретінде танылды. Ол «Ұлттық команда» деген атаққа ие болды. 

Тарихи жетістіктері

1959 жылы КСРО Футбол федерациясы жоғары лигадағы клубтар санын 12-ден 22-ге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Бұл шешім «Қайратқа» 1960 жылы КСРО чемпионатының жоғары лигасында дебют жасауға мүмкіндік берді. 1960-1991 жылдар аралығында клуб жоғары және бірінші лигаларда ойнады. 1986 жылы жоғары лигада 7-орынға ие болып, Кеңес Одағы кезеңіндегі ең үздік нәтижесін көрсетті. 1963 жылы КСРО кубогының жартылай финалына жетіп, ойыншылары КСРО спорт шебері атағына ие болды.

Халықаралық аренада да «Қайрат» біршама жетістіктерге жетті. 1971 жылы Бухарестің «Рапид» клубын жеңіп, Халықаралық теміржолшылар кубогын иеленді. 1988 жылы КСРО Федерация кубогында жеңімпаз атанды, бірақ сол маусымнан кейін жоғары лигадан шығып, 1989-1991 жылдары бірінші лигада ойнады.

Тәуелсіз Қазақстан кезеңі

1992 жылы тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы маусымда «Қайрат» чемпион атанып, Қазақстан кубогын жеңіп алды. Алайда 1993 жылы негізгі ойыншылардың жан-жаққа кетуіне байланысты клуб 11-орынмен маусымды аяқтады, 1994 жылы да осы нәтижені қайталады. 1997 жылы қайта жанданып, чемпионатта үшінші орынға және екінші рет Қазақстан кубогына қол жеткізді. 2002 жылы «Қайрат» Қазақстан клубтары арасында алғашқылардың бірі болып УЕФА кубогына қатысты, бірақ жеңіске қол жеткізе алмады.  2013 жылы «Қайрат» сегіз жылдан кейін қола медальға қол жеткізді. 2015-2019 жылдары клуб бес маусым қатарынан чемпионатта екінші орын алды. 2015 жылы Еуропа лигасында топтық кезеңге дейін жетті. 2016 жылы «Қайрат» алғаш рет Қазақстан суперкубогын жеңіп алды. 2024 жылы ел біріншілігінде 47 ұпай еншілеген «Қайрат» футбол командасы Қазақстанның төрт дүркін чемпионы атанды. 2025 жылы Алматылық «Қайрат» футбол командасы алғаш рет УЕФА чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Үстіміздегі жылдың тамызында  Шотландияның премьер-лигасын 55 рет жеңген клуб «Селтик» құрамасын пенальти сериясында ұтып, команданың тарих бетін түзеді.  Көпшілік тағатсыздана күткен матчта жерлестеріміз ерекше ойын өрнегін көрсетті. Әсіресе қақпашы Темірлан Анарбеков жарады. 21 жастағы ойыншы жеңісті жұлып берді десек болар. 

Тарихи матч

2025 жылдың 30 қыркүйегі. Қазақстандық футболдың тарихындағы ең маңызды сәттердің бірі болды. «Қайрат» клубы Испанияның аты атақты «Реал Мадрид» командасымен кездесу өткізді. Алматыдағы Орталық стадионда өткен ойында «Қайрат» клубы 5:0 есебімен жеңіліді. Бұл матч «Қайрат» үшін алғашқы рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде ойнау болғанымен, нәтижесі ел күткендей емес, сәтсіз аяқталды. Дегенмен, бұл кездесу қазақстандық жанкүйерлерге үлкен қуаныш сыйлады. Ұұлттық мақтаныш сезімдерін оятты.  

Клуб құрамындағы белгілі тұлғалар

«Қайрат» көптеген талантты ойыншыларды тәрбиелеп, әлемдік деңгейге шығарды. 

Кеңес дәуіріндегі жұлдыздар: Евстафий Пехлеваниди, Вахид Масудов, Антон Шох, Сергей Волгин, Сергей Ледовских және Құрбан Бердіев (кейіннен әйгілі жаттықтырушы). Олар 1980-жылдардағы жетістіктердің негізін қалады.Қазіргі заманғы белгілі тұлғалар арасында 17 жастағы Достан Сатпаев – ерекше орын алады. Ол «Реал» матчында жарқырап ойнап, Англияның «Челси» клубымен келісімге қол қойды (2026 жылдан бастап ойнайды). Оны «Барселонаның» Ламин Ямальына теңестіреді.

Қонаев және қазақ спорты

Дінмұхамед Қонаевтың «Қайрат» клубына әсері тек атау таңдаумен шектелмеді. Ол Қазақ КСР-нің басшысы ретінде спорт инфрақұрылымын дамытуға, соның ішінде Алматыдағы Орталық стадионның құрылысы мен жастар спортын қолдауға елеулі үлес қосты. Қонаевтың қолдауымен «Қайрат» Кеңес Одағының Жоғарғы лигасында тұрақты өнер көрсетіп, қазақ жастарына футболда жол ашты. Оның спортқа деген көзқарасы клубтың ұлттық символ ретінде қалыптасуына ықпал етті.

Қонаев Қазақстанды басқарған 25 жылда спортты жаппай дамытуға ерекше мән берді. Оның қолдауымен республиканың әр өңірінде спорттық инфрақұрылымдар салынып, жастардың дене шынықтырумен айналысуына жағдай жасалды. Қазақ өнерпаздары мен спортшыларын қолдауы арқасында қазақ мәдениеті мен спорты КСРО-ның барлық республикаларына танылды. 

Қонаев дәуірінде Қазақстанның спортшылары Олимпиада ойындарында, КСРО чемпионаттарында жоғары нәтижелер көрсетті, бұл республиканың беделін көтерді.Әсіресе, Қонаевтың қолдауымен ұлттық спорт түрлері – күрес, ат үстінде ойындар (көкпар, қыз қуу) – жаңғырып, халықаралық деңгейге шықты. Ол спорттың білім беру жүйесіндегі рөлін жоғары бағалап, мектептерде және жоғары оқу орындарында спорт секцияларын көбейтуді тапсырды. Нәтижесінде, 1970–1980 жылдары Қазақстанда спортпен айналысатын жастар саны екі есе өсті. 
Қонаевтың бастамасымен Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының ғимараты салынғандай, спорттық зерттеулерге де мемлекеттік қолдау көрсетілді, бұл спортшылардың жаттығу әдістерін жақсартуға септігін тигізді. 

Қазақ футболының дамуына қосқан үлесі

Футбол – Қазақстандағы ең танымал спорт түрі, және Қонаев дәуірінде оның дамуы қарқын алды. Қазақ футболының басты басқарушы органы – Қазақстан Футбол Федерациясы (ҚФФ) 1992 жылы құрылғанымен, оның негізі 1960–1980 жылдары қаланды. Қонаевтың қолдауымен Алматыда «Қайрат» футбол клубы КСРО чемпионатының жоғарғы лигасына шықты – бұл Қазақстанның жалғыз өкілі болатын. 
«Қайрат» командасы 1970–1980 жылдары КСРО кубогында жүлделі орындар иеленіп, қазақ футболшыларын – мысалы, әйгілі ойыншыларды – бүкіл Одаққа танытты.

Қонаев футболды жастарды тәрбиелеудің құралы ретінде көріп, республикалық чемпионаттарды қолдады. Оның бастамасымен футбол мектептері ашылып, жаттықтырушыларды дайындауға мемлекеттік қаражат бөлінді. 
1970 жылдары Қазақстанның футбол құрамасы КСРО ішіндегі республикалық турнирлерде жоғары орындар алды, бұл қазақ жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырды. 

Сондай-ақ, Қонаевтың қолдауымен футбол стадиондары салынып, халықаралық матчтар өткізуге жағдай жасалды. Бұл дәуірде қазақ футболының негізі қаланды, ал тәуелсіздік алған соң «Тобыл» клубының Еурокубоктағы жетістігі сол кезеңдегі жемістің жалғасы болды.  Қонаевтың бастамасымен Алматыда (сол кездегі астанада) бірнеше ірі спорттық нысандар салынды, олар бүгінгі күні де қолданыста. Оның қолдауымен 1950–1980 жылдары республиканың әр қаласында спорт кешендері, стадиондар мен спорт сарайлары бой көтерді. 
1950-1960 жылдары Алматы Орталық стадион салынды. Стадион 30 000 адамға арналған.
 

Бөлісу