Оразақ Смағұлов – ұлттық антропологияның көшбасшысы
Бөлісу
01.10.20255262
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде көрнекті ғалым, антрополог, қоғам қайраткері, академик Оразақ Смағұловтың 95 жылдығына арналған «ҒАСЫР. ТҰЛҒА. ҒЫЛЫМ» атты дөңгелек үстел мен көрме өтті.
Қазақтан шыққан тұңғыш антрополог ғалым, Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, 1963 жылы Мәскеу қаласында кандидаттық диссертация қорғаған, тарих ғылымдарының докторы (1984). ҰҒА корреспондент-мүшесі (1994) және академигі (2004), Болония ҒА корреспондент-мүшесі (Италия, 2005). Қазақстанда тұңғыш этностық антропология зертханасын Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ұйымдастырушы (1973), ҚР Орталық мемлекеттік мұражайының физикалық антропология зертханасының іргесін қалаушы (1986). Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты (1991), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (1998), 2010 жылы «Құрмет» ордені, Халықаралық Түркі академиясының «Алтын Жұлдыз» медалінің иегері (2019) Оразақ Смағұлов 95 жасқа толып отыр.
Іс-шараны ҚР Ұлттық музейі Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен, Түркі академиясымен және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесе ұйымдастырды. Дөңгелек үстел модераторы, Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғали Оразақ Смағұловтың ғылымдағы қажырлы еңбегіне жан-жақты тоқталып, ғалым ғұмырынамасына шолу жасады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Тынымбайұлы Қарин Оразақ Смағұловтың 95 жасқа толған мерейтойына арналған құттықтау хатында:
«Сіз таналы ғұмырыңыздың төл жерлеріңізді түгелдей бағаладыңыз. Халқымыздың шығу тегін зерделеп, тарихи жағдайын жаңғыртуға зор үлес қостыңыз. Теңдессіз еңбектер жазып, жұртымыздың жылнамасы тым тереңнен тамыр таратқанын ғылыми тұрғыда дәлелдедіңіз. Жарты ғасырдан астам уақыт зерттеу жүргізіп, жарыққа шығарған қазақ халқы және ата-тегі одонтологиясы ұлттық ғылымының аса құнды қазынасы саналады. Бүгінде ғажап еңбегіңіз лайықты бағаланып, еліміздің құрметіне бөленіп жүрсіз. Ғибратты ғұмырыңыз бен өз ісіңізге деген адалдығыңызды өскелең ұрпаққа әрдайым өнеге болары сөзсіз. Сізге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін, мемлекет кеңесші, құрметпен Ерлан Қарин», - деп ғалым еңбегіне аса құрметпен ілтипат білдіреді.
Сондай-ақ, ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау хат жолдап, онда:
«Құрметті Оразақ Смағұлова сізді 95 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мерейтой бір ғана ғалымның емес, бүкіл қазақ ғылымының ортақ қуанышы. Сіз отандық антропология ғылымының негізін қалап, оның қалыптасуына өлшеусіз үлес қостыңыз. Ғылыми жолыңыз табандылықтың, адалдықтың және ұлтқа қызмет етудің айқын көрінісі. Қазақ ғылымының тарихында сіздің есіміңіз әрқашан үлкен құрметпен аталады. Ғылымдағы ізденістеріңіз халқымыздың тарихи тамырын, этникалық болмысын, рухани келбетін терең танып-білуге жол ашты. Сіз өз еңбектеріңіз арқылы ұлттық тарихымызға жаңа деректер қосып қана қоймай, оны ғылыми негізде жүйелеп, әлемдік қауымдастыққа таныта білдіңіз. Сіздің зерттеулеріңіздің ішінде халқымыздың ұлы тұлғалардың бейнесін қайта жаңғырту жұмыстарының орны ерекше. Қызыңыз Айнагүл Оразаққызымен бірге жүргізген антропологиялық зерттеу нәтижесінде халқымыз алғаш рет Әйтеке бидің шынайы бейнесін көруге мүмкіндік алды. Бұл ұлттық тарихымызға қосылған ерекше үлес. Құрметті Оразақ Смағұлов, Сіз салған сара жол тек дербес еңбектеріңізбен ғана өлшенбейді. Ол жаңа буынға бағдар беріп, жас ғалымдардың қалыптасуына ықпал еткен үлкен мектеп. Халқымыздың игілігіне қызмет еткенерен еңбегіңіз әрдайым бағаланып, келер ұрпаққа өнеге болып қала бермек. Сізді мерейтойыңызбен тағы да құттықтаймын!», - делінген.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева мерейтой иесіне жолдаған құттықтауында:
«Өзіңізді қазақ ғылымы мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан терең білімді ғалым, қайраткер тұлға ретінде білеміз әрі құрметтейміз. Ғылыми ізденістеріңіз арқылы ұлттың, тарихымыздың тың беттерін ашып, халқымыздың мәдениеті мен тарихи санасын байытуға сіңірген еңбегіңіз елеулі. Ғылым мен мәдениетті ұштастыра отырып, халқымыздың рухани болмысын терең таныттыңыз. Қазақтан шыққан тұңғыш антрополог және еліміздегі антропологиялық мектебінің негізін қалаушы ретінде ғибратты ғұмыр жолыңыз жас ұрпаққа үлгі-өнеге, руханиятымыз үшін зор құндылық деп білемін. Алдағы уақытта да абыройыңмен сый-құрметке бөленіп, мерей-мәртебеңіз арта берсін. Мерейтойыңызбен құттықтай отырып, Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, әлеуетіңізге амандық пен бақ-береке тілеймін!», - деді.
ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР ҰҒА академигі Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҰҒА академигі Алтынбек Нұхұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Ерлан Батташұлы Сыдықов, Ұлттық биотехнология орталығының Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, PhD Мақсат Жабагин құттықтау сөз айтып, Оразақ Смағұловтың отандық ғылымның дамуына қосқан баға жетпес үлесін, тұлғалық болмысы мен табанды еңбегін айрықша атап өтті. ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР ҰҒА академигі Дархан Қыдырәлі құттықтау сөзінде:
«Әрқашан әділ сөйлейтін, жан дүниесінен адалдықтың лебі есіп тұратын Оразақ аға – Алаш оқымастыларының сарқыты сынды терең парасат иесі, сирек кездесетін интеллектуал тұлға, қайраткер, ғалымдардың қамқоршысы. Өзім де Ораза ағаның көп шарапатын көрдім. Соның ішінде Ұлттық Ғылым академиясына өтуімде де, белгілі бір ғылыми бағыттарды жалғастыруымда да Оразақ ағаның ұсынысы мен қолдауы үлкен рөл атқарды. Ораза ағаның қай еңбегін алып қарасақ та, ол – терең ғылыми ізденістің, тың тұжырымдардың, нақты дәлелдерге сүйенген нәтижелі еңбектің көрінісі. Мәселен, қызы Айнагүл Смағұлқызымен бірлесіп жазған «Қазақ халқы мен оның ата-тегіне орай антропологиялық очеркі» атты кітабы осыдан бес жыл бұрын Халықаралық Түрік академиясының қолдауымен бес тілде жарық көрді. Оған Мемлекет басшысы арнайы алғысөз жазған болатын. Бұл еңбектің ерекшелігі – бес мың жылдық, яғни елу ғасырлық тарихымызды жүйелеп, ата-бабаларымыздың шежіресін ғылыми тұрғыда саралап бергенінде», - деп ғалым еңбегін жоғары бағалады.
Дөңгелек үстел аясында ұйымдастырылған көрмеде Оразақ Смағұловтың ғылыми еңбектері, марапаттары, сирек кітаптары қойылды. Бұл жәдігерлер ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақстандық ғылым мен мәдениеттің айнасы бола отырып, келушілерге ғалымның өмір жолы, ғылыми ізденістері мен тұлғалық қырларын таныстыруға мүмкіндік берді.
Көрме жас ұрпаққа ғылым жолындағы табандылық пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісін ұсынып, сонымен қатар ұлттық ғылымның дамуына қосылған баға жетпес еңбектерді дәріптеуді мақсат етті.
Академик Оразақ Смағұлов сөз алып, өткен естеліктерге көз жүгіртіп, ғылым жолындағы алғашқы қадамдары мен оны қолдаған тұлғалар жайлы кеңінен тоқталды. Солардың бірі – қазақ ғылымының ұлы қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевпен кездесу оқиғасы екен. Бұл сәт Оразақ Смағұловтың ғылыми тағдырындағы бетбұрыс кезеңі болды. Ғалым Қаныш Сәтбаевпен кездесу сәтін баяндай отырып:
«Бір күні ұстазым Георгий Дебец шақырып жатыр деген хабар жетті. Барсам ол кісі айтады: «Оразақ, ҚазКСР Ғылым академиясының басшысы Қаныш Сәтбаев Мәскеуге келеді. Мәртебелі жиында сөз сөйлейді. Сен сол ағаңа жолығып, мәселеңді шешіп ал!». ... Қанекеңді іздеп жолға шықтым. ... Бардым. Жағдайды бастан-аяқ айтып шықтым. Мені мұқият тыңдап болып Қаныш аға «енді не керек?» деп өзіме сауал қойды. «Қазақстанда сүйек қорын жасауымыз қажет». «Түсіндім, бұдан басқа не керек?». «Сүйек қорын жасайтын экспедиция жасақтау қажет». Қанекең бас изеді. Маған бұрылып «дереу экспедицияға дайындал!» – деді. Осылайша, Қаныш Сәтбаевтың қолдауы жас ғалымның ғылым жолындағы алғашқы ірі қадамын айқындап, қазақ антропология ғылымының дербес сала ретінде қалыптасуына негіз болды.
Дөңгелек үстел барысында ғалымның тұлғасын және ғылыми мұрасына арналған көлемді баяндамалар да жасалды. Заң ғылымдарының кандидаты, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия Жобалау кеңсесінің басшысы Сабыр Ахметжанұлы Қасымов «Оразақ Смағұлов – өз халқы мен ғылымға адал қызмет етудің үлгісі», Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов «Академик О. Смағұловтың өмірі мен ғылыми қызметінің кейбір қырлары», Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, биология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Рахметқажы Іскендірұлы Берсімбай «Оразақ Смағұлов – отандық антропология ғылымының патишаһы», тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Болат Ешмұхамбетович Көмеков «Тарих ғылымдарының абызы», тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Меруерт Хуатқызы Әбусейітова «Академик О. Смағұловтың қазақ халқының антропологиялық зерттеулері тарихына қосқан үлесі», Археология институты филиалының директоры (Астана), тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев «Академик О. Смағұловпен кездесулер», тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Жақсен Қожахметұлы Таймағанбетов «Ол ғылымға адал… (академик О. Смағұловтың мерейтойына)», «ҚазАрхеология» директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жұман Егінбайұлы Смайылов «Оразақ Смағұловпен біздің ынтымақтастығымыз (Жошы хан, Алаша хан, Қобыланды батыр)» Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айгүл Жаркен «Академик Оразақ Смағұлов: кеше және бүгін» тақырыбында жасалған баяндамаларда академик Оразақ Смағұловтың ғылыми мұрасы көпқырлы қырынан сараланып, оның антропология ғылымындағы қайталанбас еңбектері кешенді түрде бағаланды. Ғалымның жүргізген пәнаралық зерттеулері ұлт тарихының түпкі тамырын танудағы жаңа ғылыми бағыттардың қалыптасуына ықпал еткені атап өтілді. Сонымен қатар баяндамашылар Оразақ Смағұловтың еңбектері қазақ халқының этногенезін, тарихи-мәдени сабақтастығын және антропологиялық ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда жүйелеуде іргелі мәнге ие екенін баяндады. Ғалымның ұлттық ғылымдағы орны оның тек теориялық ізденістерінде ғана емес, сонымен қатар нақты деректер мен дәлелдерге сүйене отырып жасаған тың тұжырымдарында көрініс тапқаны баса айтылды. Бұл еңбектер жас ұрпақ үшін ғылыми адалдықтың, отансүйгіштіктің және зерттеушілік табандылықтың үлгісі ретінде қарастырылды. Баяндамалардың жалпы мазмұны Оразақ Смағұловтың тұлғалық және кәсіби болмысын кешенді сипаттап, оның мұрасы Қазақстандағы антропология ғылымының ғана емес, жалпы гуманитарлық білімнің дамуындағы ерекше белес екендігін ғылыми тұрғыдан айшықтап көрсетті.
Іс-шараға тарихшылар, археологтар, антропологтар, этнологтар, ғылыми қор өкілдері, музей қызметкерлері, гуманитарлық ЖОО оқытушылары мен студенттері, қоғамдық және мемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысты. Іс-шара соңында ғалым Оразақ Смағұловтың Отан алдындағы айрықша еңбегі, мемлекетке сіңірген зор қызметі, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен ғылымына қосқан өлшеусіз үлесі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ұсыну керектігін баса назарға ала отырып, ғалымның антропологиялық ғылыми мектебін арғарай дамытып, ғалымның мол тәжірибесін жас ғалымдарға пайдаланып, ғалым мектебін дәстүрлі түрде жалғасыру керегі айтылды. Іс-шара аясында сөз алған Оразақ Смағұлов зор құрметпен жас ұрпаққа алғыс білдіріп, 70 жылдық ғылым саласындағы еңбегін, өткен тарих бағдарын айшықтап, жас ұрпаққа антпрология ғылымының мән-маңызын терең жеткізді.
Оразақ Смағұловтың 95 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік іс-шара қазақ ғылымы үшін үлкен маңызға ие болды. Жиын барысында көрнекті ғалымның антропология ғылымындағы қайталанбас еңбектері, Қазақстан тарихын жаңа қырынан зерделеудегі әдіснамалық ізденістері, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті айқындауға қосқан үлесі жан-жақты қарастырылды. Бұл мерейтойлық жиын тек өткенді еске алу ғана емес, сонымен бірге қазақ ғылымының болашағына бағдар жасайтын, жаңа зерттеулерге серпін беретін маңызды ғылыми алаңға айналды. Академиктің өмір жолы мен еңбектері жас зерттеушілер үшін үлгі-өнеге болып қала беретіні сөзсіз.