Жолжазба: Қазақ этнографиясы – Зейнолла Сәнік жолымен
Бөлісу
30.09.20255076
2025 жылы қыркүйек айында еліміздің Солтүстік өңіріне «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік» атты арнайы экспедиция өтті. Тарихи-танымдық экспедицияны Қазақстан Жазушылар одағы мен Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры бірлесе отырып ұйымдастырды. E-history.kz порталы экспедиция жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегмановтың жолжазба күнделігін оқырмандар назарына ұсынамыз!
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы
Қазақстан Жазушылар одағы Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының демеушілігімен 2025 жылдың 10-22 қыркүйек күндері еліміздің Солтүстік өңіріне «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік» атты республикалық экспедиция жұмысын жалғастырды.
Құрамында белгілі этнографтар, мәдениеттанушы ғалымдар мен ақын-жазушылар бар экспедиция мүшелері 2025 жылдың 10 қыркүйек күні Астана қаласынан арнайы көлікпен солтүстік өңірге: Астана-Көкшетау; Қызылжар-Қостанай-Павлодар; Астана-Алматы бағытына қарай сапарға шықтық. Арқаның ақ жаңбыры төпелеп, құйып тұрса да көтеріңкі көңілмен Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына келдік. Көкшетау қаласының бас қақпасы тұсында экспедиция мүшелерін Ақмола облысы Тілдерді дамыту мен мәдениет басқармасының басшысы бастаған адамдар құрмет көрсетіп, жергілікті облыс өнерпаздары ән-жырымен қарсы алды. Қазақтың салт-дәстүрімен ағарған дәм, қымыз ұсынды. Экспедици мүшелері «Көкшетау» қонақүйіне орналастық.
11 қыркүйек күні экспедиция мүшелері Ақмола облысындағы алғашқы жұмысымызды тарихи өлкетану музейін аралаудан бастадық. Еліміз бойынша тікелей әдебиет пен өнерге арналған екі музей бар екен. Соның бірі - он мың экспонаты бар музейді аралап, көптеген жәдігерлер мен тарихы терең, ерекше сыр шертетін құнды дүниелермен таныстық. Солардың бірі - бес жүз жылдық тарихы бар, атақты Қанай би сусын ішкен саптаяқ пен Ақан Серінің Темірбек ұстаға жасатқан адалбақаны, аңызға айналған Біржан Сал, Ақан Сері, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп, Балуан Шолақтың ұстаған домбыралары көзге ыстық көрінеді екен.Түстен кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде ұйымдастырылған «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік» атты республикалық экспедиция мүшелерімен үлкен кездесу өтті.
Кездесуге университеттің басшылары, студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы, өлкетанушылар, этнографтар, жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиынды Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының көмекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Аманбай Сейтқасымов және Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облысы бойынша өкілі Ерболат Баят, студенттер сөз сөйледі.
Мен өз сөзімде экспедиция мүшелеріне арналған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтың қатысушыларға, жауапты іс-шараға сәттілік тілеген сәлемін жеткіздім. Сөз барысында Қазақстан Жазушылар одағының бүгінгі таңдағы ұстанымы, республикалық экспедицияның алға қойған мақсаты мен мұраты және этнограф-жазушы Зейнолла Сәніктің шығармашылық еңбегі жайлы халыққа жан-жақты түсіндіріп, «Зейнолла Сәнік атындағы мәдени қоры» дайындаған деректі фильмді көрсеттік.
Кеш барысында оқытушылар құрамы, студент-жастармен қызықты сұхбат болып, сұрақтарға жауап бердік. Сол күні кешке экспедиция мүшелеріне арнайы қонақасы берген Ақмола облысы Мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова ханымға арнайы екі мәселе қойдым. Жылда Ақтөбе облысында өтетін «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты әдеби форумдағы сияқты Ақмола облысында өтетін рухани іс-шарада осы өлкеде дүниеге келген Ақан сері, Біржал сал, Үкілі Ыбырай, Ілияс Есенберлин, Сәкен Жүнісов, Кәкімбек Салықов атындағы әдеби сыйлықтар тағайындалса, Қазақстан Жазушылар одағы мен Ақмола облысы әкімдігінің арасындағы бірлескен жоба бойынша қазақ халқының жүрегінен орын алған қайраткерлерге құрмет, аруағына тағзым болар еді.
Екінші айтқан мәселе, Алматы мен Астана қаласындағы қаламгерлерді бір реттік қаржылай қолдау сияқты, Ақмола облысында тұратын, Қазақстан Жазушылар одағына мүше ақын-жазушыларға жылына бір реттік қаржылай көмек берсеңіздер екен деген ұсынысымды Ақмола облысы Мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы Сәбитова мұқият тыңдап, бұл екі мәселе де оң шешімін табатынын айтты. Кеше Бұланды ауданына жолға шығып, Бурабайға, Абылай хан алаңына, Балуан Шолақтың, атақты ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің туған еліне бардық. Бұланды ауданының әкімі Ардақ Смайылов пен орынбасары Кенжебике Нығметжанқызының ұйымдастыруымен елдің ақсақалдары, зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, емін-еркін әңгімелесіп, экспедицияның мақсаты мен маңызын жан-жақты айтып, қойылған сұрақтарға жауап беріп, Зейнолла Сәнік атындағы мәдени қор туралы деректі фильмді көрсеттік. Әр кездесуден соң Зейнолла Сәніктің қазақ этнографиясы туралы жазған кітабын Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевқа, Бұланды ауданының әкімі Ардақ Смайылов пен Көкшетау мемлекеттік университетінің ректорына, кітапханасына сыйға тапсырдық. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының туған жерінде кездесу өтіп жатқан аудандық кітапханадан, аяқасты менің «Күреңбел» атты жыр кітабымды алдырып, әдебиет пен мәдениетті құрметтеген Бұланды ауданының әкімі Ардақ Смайыловтың қолқалауымен Хан Кененің кіндік қаны тамған қасиетті жерде ертеректе Кенесарыға арнаған толғауымды оқып беруімді өтінді.
Хан Кене жайлы жыр
Құйынға айналып жарысқан ұшқан құспенен,
Апталап,
айлап, бел шешiп ыстық iшпеген.
Баз кешiп барлық жер бетiндегi бақыттан,
Қарындас үшiн жиырма жыл аттан түспеген.
Далаң ғой мынау сағымы қырда ойнаған,
Жылына қанша батырдың тойын тойлаған.
Сен кеткен жаққа тiзiлiп ұшса тырналар,
Қазақтың соңғы ханы едi ғой деп ойланам.
Басқыншы ма едi ол, жұмсаған жатқа әскердi,
Намыстан мәңгi мекен ғып қалды-ау басқа елдi.
Ыстықкөл жаққа жол түскен кейбiр шақтарда,
Хан Кененi ойлап көзiме ыстық жас келдi.
Түсiмде кейде...
сарбаз боп ерiп кеткiм кеп,
Көзiмнiң жасын көл қылып үнсiз төктiм көп.
Ағыл да-тегiл жастығым су боп ояндым,
Жаныңа, сенiң, Наурызбай болып жеткiм кеп.
Ақ киiздегi ақ парыз қанмен өтелген...
Бүгiнде мiне...
құлдыққа елдiң етi өлген.
Қырық ғасырда қайта тумайтын Хан Кене ол,
Алашы үшiн жауына қылыш көтерген.
Басын кестi ол, бауырдың жауға бас ұрған,
Жай бiреу түгiл жақыннан сырын жасырған.
Аруағын сүйiп Абылайдайын атаның,
Ұлты үшiн мәңгi жалғыз қап қару асынған.
Әңгiме едi бұл дүрлiгiп халық,
бақ тыңдар,
Сан ғасырларға аңыз боп қанат қақтыңдар.
Ұлы ұлысқа қасiрет келген сол түнi,
Хан Кененi емес, Түрiктi сатты сатқындар.
Артында кектi,
жолбарыс тектi ұл қалып,
Шағылдар басқан бұйра да бұйра құм налып.
Шерлi жел желпiп қобыздың әнiн сыңсыған,
Дүние жалған қабағыменен тұр бағып.
Сыбырлап шалдар шертетiн бiр сыр балаға,
Айналды дала қаңғыбасы көп қалаға.
Парлатып жасты күңiрентiп құран оқыдық,
Белгiсiз мұңлық томпайған неше молаға.
Айтпайды әлi, әйтпесе, бұл ел бiледi,
Құптаса бiрi,
парықсыздауы күледi.
Әуезов сынды алыптар шектi азапты,
Кенесарыны сүйгенi үшiн жүрегi.
Айналып көктi жүргендей кекті жебе бiр,
Тербейдi менi көне бiр тарих, көне жыр.
Нысанбай жырау жырлаған осы жорыққа,
Ағажан, сен де, көңiлiңдi ептеп бөле жүр,
Айналып көктi жүргендей кектi жебе бiр!
Иә, Алланың тағы бір ақ таңын мен осы өлкеде қарсы алдым. Алыстағы қазақ ауылы, сен, менің мәңгі жүрегімдесің!
Қазір қыркүйек айының ортасы...
Біздің оңтүстікте, Түркістан, Сауран жақта қазір жер беті түгел сарғайып, шөптер қурап, пісіп, топырақ шаңытып жатыр.
Ал, Көкшетау өңірінде бар дүние көкпеңбек... Көк те, жер де, көгілдір көлдер де көкпеңбек! Әдемі! Мынандай мөлдіреген сұлулыққа таң қалып, көңілімді қуаныш кернеді!
Қасиетті қазақ даласының солтүстігін тағы бір рет көлікпен жүріп, аралап бара жатқанымызға Аллаға шүкіршілік деймін. Бұдан кейін бұл өлкеге көремін бе, көрмеймін бе, келемін бе, келмеймін бе..? Бәрі бір Алланың қолында...
Болған жерлерімнің сұлулығын санама таспалап жазып алу үшін төңірегіме ынтыға қараймын. Табаным тиген жерлермен іштей қоштасып тұрамын. Кездескен адамдармен ғана емес, сол жермен де қоштасатын ежелгі әдетім ғой… Иә, нәсіп болса, қасымдағы адамдармен бірге Астанадан шыққан осы көлікпен Қостанайға дейін жүріп өтеміз. Ұзақ жол. Үш облысты аралап, Қостанайдан самолетке отырамыз. Бірнеше күн бізді рөлде алып жүрген Серік бауырымызбен сол жерде қоштасамыз. Серік Ақтөбенің қазағы. Жеке кәсіпкер, жылқы ұстайды екен. Ұзақ жолдарда әңгімелескенді, ән тыңдағанды жақсы көретінін айтады. Елдос Тоқтарбайдың ұсынысымен менің сөзіме жазылған әндерді көлігіне Бурабайдан бастап қойып, үнсіз, қызығып тыңдап келеді.. Арасында маған: «Мына әндердің бәрінің сөзін сіз жаздыңыз ба, аға?"-деп таңданып сұрап қояды. Сол сәттен бастап, ол маған басқаша, ерекше ілтипатпен қарай бастағанын сездім. Сұлулық тәңіріндей көркіңнен айналайын, қасиетті, Көкшетау, дәм-тұзыңа, ыстық ниетіңе құлдық!
Ақмола облысындағы кездесулерді Алматыдан келіп, үлкен жауапкершілікпен ұйымдастырған талантты этнограф ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облысындағы өкілі Ерболат Баятқа экспедиция мүшелері атынан өзімнің алғысымды айтамын.
Алдымызда Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары. Біздің экспедиция бүгін түсте Қызылжарға қарай сапарға шығады.
Алдымызда Мағжанның, Ғабит пен Сәбиттің елі алыстан мұнартып қол бұлғайды…
Солтүстік өңірдің өркениет ордасы
Экспедиция жұмысы 13 қыркүйек күні, Ақмола өңірінен Солтүстік Қазақстан облысына, Қызылжар қаласына қарай ойысты.
Құрамы этнографтар мен мәдениеттанушы ғалымдар, ақын-жазушылармен топтасқан экспедиция мүшелерін Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар қаласының шетіндегі «Ботай» ескерткіші жанында белгілі жазушы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының Солтүстік Қазақстан облысындағы өкілі, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, біздің ардақты ағамыз Жарасбай Сүлейменов пен Солтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрының директоры Спартак Рамазанов бастаған азаматтар үлкен құрмет көрсетіп, жергілікті өнерпаздар ән-жырын арнап, халқымыздың ежелгі салт-дәстүрімен, дәм-тұзымен қарсы алды.
Алғашқы күні экспедиция мүшелері Ботай Арт-галереясы мен облыстың тарихи-өлкетану және Абылайхан музейін, жуырда ашылған Мағжан музейін тамашаладық. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов жазушы Жарасбай Сүлейменов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов үшеуімізді арнайы қабылдады. Облыс әкімінің орынбасарына Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкеновтың аманат хаттарын тапсырдым. Кездесу барысында Қазақстан Жазушылар одағы мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімшілігі арасындағы келесі жылға қандай жобаларды іске асыруға болады деген сұрақтарды талқыладық.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтың хатында жазғандай, Ақтөбе облысында өтетін «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты әдеби форум сияқты Солтүстік Қазақстан облысында өтетін рухани іс-шарада осы өлкеде туған классиктер Мағжан, Ғабит, Сәбит Мұқанов т.б. осы өңірде дүниеге келген ақын- жазушылар атындағы әдеби сыйлықтар тағайындау және Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп үлкен арнайы жоба өткізу жайлы айтқан ұсынысын облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қолдап, өңір басшысымен ақылдасып, келесі жылға арнайы шешім шығаратындықтарын айтты. Жазушылар одағының Төрағасы көтерген екінші мәселе бойынша Алматыдағы қаламгерлерді бір реттік қаржылай қолдау сияқты, Солтүстік Қазақстан облысында тұратын, Қазақстан Жазушылар одағына мүше ақын-жазушыларға жылына бір реттік қаржылай көмек берсеңіздер екен деген ұсынысты, сондай - ақ «Қазақ әдебиеті» газетінің Қызылжар қосымшасын шығару жайлы ұсынысын да қолдайтынын айтты.
Экспедицияға қатысушылар Қызылжардағы Абай мен Пушкин ескерткішіне облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов бастаған зиялы қауыммен бірге гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Өткен жылдары Мағжан Жұмабаевтың мерейтойына байланысты ақынның туған жері Сарытомарда болған едім. Осы жолы сол Сарытомардан бастап, Сасықкөл жағасына, Бекеннің атақонысына дейін бардым.
Мағжанның атамекенінде болып, қазақтың кең даласында, Мағжанның ескерткішінің жанында естелікке суретке түстік. М.Жұмабаев ауданында аудан әкімінің орынбасары Азамат Шәріпов бастаған топ бізді қарсы алып, М.Жұмабаев атындағы мектептің директоры Ербол Жекеновтың ұйымдастыруымен өткен экспедиция мүшелерінің мектеп оқушылары мен ұжымының кездесуінде Қазақстан Жазушылар одағының Солтүстік Қазақстан облысындағы өкілі, белгілі жазушы Жарасбай Сүлейменов, аудандық оқу бөлімінің басшысы Талғат Қарабаев қатысты.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік - 90 жыл» атты республикалық экспедиция мүшелерінің студенттер мен оқу орнының басшылары, оқытушы-ғалымдар, профессорлар құрамымен, зиялы қауым өкілдерімен үлкен кездесуі болды. Мен өз сөзімде экспедиция мүшелеріне арналған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтың қатысушыларға, жауапты іс-шараға сәттілік тілеген сәлемін жеткіздім.
Қазақстан Жазушылар одағының бүгінгі таңдағы жұмысы, республикалық экспедицияның алға қойған мақсаты мен мұраты және этнограф-жазушы Зейнолла Сәніктің шығармашылық еңбегі жайлы жан-жақты түсіндіріп, «Зейнолла Сәнік атындағы мәдени қоры» дайындаған деректі фильмді халыққа көрсеттік. Осы оқу орнында этнограф-ғалым Зейнолла Сәніктің шығармашылық еңбегіне орай арнайы оқу кабинетін ашу мен Манаш Қозыбаев атындағы университет пен Қазақстан Жазушылар одағы өзара тығыз байланыс орнатып, меморандумға қол қойып, болашақта бірігіп жұмыс істеу жайлы айтқан ұсынысымды Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры Ербол Исақаев қолдайтынын айтты. Кездесу барысында университет ректоры мені «Академик Манаш Қозыбаев» медалімен марапаттады.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының Солтүстік Қазақстан облысындағы өкілі, жазушы Жарасбай Сүлейменов ағамыз экспедиция мүшелеріне арнайы қонақасы берді. Өңір басшысынан бастап құрмет көрсеткен, біздің экспедиция жұмысына қамқорлық жасаған үлкен-кішіге, барлық азаматтарға, татқан дәм-тұзға алғыс айтамыз.
Тобыл топырағындағы тағылымды тарих
Біздің экспедиция кеше, түс ауа Қостанай облысына аман- есен жетті.. Жұмыс жоспарымыз бойынша таңнан Ыбырай Алтынсарин мемориалдық кешеніне келдік. Сапарымыз әрі қарай Әулиекөл ауданына, этнографиялық бағытта, мұражайларды аралауға бағытталады.
Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында экспедиция мүшелерін 1919 жылы, 63 жасында өмірден өткен, қазақтың жоғын жоқтап, “Алаш еді ұранымыз…” -деп жырлаған халық ақыны Нұржан Наушабайұлының ескерткіші жанында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысындағы өкілінің орынбасары Абылай Мауданов, Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономика университетінің ректоры Рихсимбай Мамедов, Қостанай аудандық әкімшілік аппаратының басшысы Дархан Бөгетбаев, Владимиров ауылдық округі, «Нұржан» ауылының әкімі Әлия Жүнісова аудан өнерпаздары ән-жыр, дәм-тұзбен қарсы алды. Дәл сол күні қызметке тағайындалған Әлия Молдабайқызы Бекмағамбетованың бірінші жұмыс күні, алғашқы кездесуі бізбен болды. Қостанай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Әлия Молдабайқызы Бекмағанбетованың ресми қабылдауында болған экспедиция мүшелері жылы кездесу барысында жұмысына сәттілік тілеп, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қостанай облысы әкімшілігінің арасында рухани тығыз байланыс орнату мен одан әрі дамыту, бірлесіп жұмыс істеу жөніндегі Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтың ұсыныстарын жеткіздім.
Міржақып Дулатов атындағы инженерлік-экономика университетінің ректоры бастаған педагог-ғалымдар ұжымы мен студенттермен «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік - 90 жыл» атты республикалық экспедиция мүшелерінің үлкен кездесуі болды.
Әулиекөл ауданының әкімі Жансұлтан Тәукеновтың қабылдауында болып, Әулиекөл аудандық мәслихатының хатшысы Қойшыбаев Дәулет пен "AMANAT" партиясының хатшысы Қажиева Әсем, ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбетов Қабыл, әкім көмекшісі Көбеков Асқар, ел ағасы Тоқтарбай Қадамбаевпен, Әулиекөл мектебінің директоры Әміржанов Берікпен кездесу өткіздік. Әулиекөл ауданына ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің басына барып, тағзым еттік.
Осы өңірдегі зиялы қауым өкілдерімен болған кездесуде Қазақстан Жазушылар одағының бүгінгі таңдағы жұмысы, республикалық экспедицияның алға қойған мақсаты мен мұраты және этнограф-жазушы Зейнолла Сәніктің шығармашылық еңбегі жайлы жан-жақты түсіндіріп, «Зейнолла Сәнік атындағы мәдени қоры» дайындаған деректі фильмді халыққа көрсеттік.
Қостанай облысындағы сапар барысында «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Ақылбек Шаяхметпен кездесіп, дастарқаннан бірге дәм татып, есімі республикаға танымал ақын Серікбай Оспановтың үйіндегі шеберханасымен танысып, арнайы сұхбат алдық.
Алыста қалған, қазақ ауылдары, қимай да қимай мен сендердің тұстарыңнан өтіп барамын...
Ұзақ жолдар адамды сынайды. Экспедиция мүшелері - бірге жүрген аға-іні, бауырлар сол сынақтан аман-есен өттік.
Қош болыңдар, шалғайда жатқан қазақ ауылдары! Енді қайтіп бұл жерлерден өтемін бе, өтпеймін бе, белгісіз... Бір аллаға ғана аян. Алыста жатқандарыңмен маған етене жақынсыңдар. Бұл аймақта дүниеге келмесем де, осы өлкеде балалық шағым өтпесе де ақындық түйсік, ішкі бір ойым солтүстіктегі бүгінгі қазақ ауылдарының жағдайы мені бей-жай қалдырмайды… Әулиекөл ауданының «Новонижен» ауылы маңынан өткенде, ақын Абылай Маудановтың айтуынша, 2022 жылы 4 қыркүйек күні өртенген орманның, қап-қара болып, күйген қазақ даласының көрінісі көрер көзге ауыр екен. Қаңыраған ауылдар, тұрғындарсыз бос үйлер, үңірейген, үрейлі көріністер көңіліме кірбің түсіріп, жүрегімді ауыртты. Алыстағы қазақ ауылдары, мен, сендердің тұстарыңнан асығыс өтіп барамын. Егер қолым бос болса, ең болмаса үш-төрт күнге қалып шығармашылықпен айналысып, осы ауылдардың тарихын зерттеп, бұрын кімдер тұрды, енді неге қаңырап, бос қалды деген сұрақтарға жауап табар едім. Иә, бүгін түнде Астанадан бірге шыққан экспедиция мүшелерімен Қостанайда қоштастық.
Елдос Тоқтарбай Абылай Мауданмен бірге Торғайға, Міржақып Дулатұлының тойына кетті. Мобилограф Әлібек Икрам таңғы рейспен Алматыға ұшып кетті. Жасы сексеннен асқан астаналық, зиялы қаламгер Үзбен Құрманбай ағамыздың ұстамдылығына іштей риза болдым.
"Қостанай" қонақүйінің алдында жүргізушіміз Серікпен қоштастық. Ол Әулиекөл арқылы Астанаға қарай жалғыз өзі жол тартты. "Осы жерден Астанаға дейін 750 шақырым жол",-деді бізбен қоштасарда Серік. Жолың болсын, Астанаға аман жет, бауырым!
Өзінің айтуынша поэзиямды құрметтеп, өлеңдерімді жатқа оқитын, түркістандық жерлесім, бүгінгі таңда Міржақып Дулатов атындағы инженерлік-экономика университетінің ректоры Рихсимбай Мамедов бауырым өз көлігімен әуежайға шығарып салады. Сонымен Астанаға ұшамыз. Таңғы сағат: 06:00-де көлікпен Павлодарға қарай жолға шығамыз. Алдымызда тарихы терең Кереку өңірі. Павлодар облысына жаңа құраммен баратын болдық. Қасымда "Зейнолла Сәнік атындағы" мәдениет қорының Астана қаласындағы өкілі, жас қаламгер Мирас Мұқаш бар.
Ертіс жағасындағы есті күндер
Павлодар қаласында біздің экспедиция мүшелерін белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облысындағы өкілі Серік Елікбай мен Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан бастаған өлкетанушы-этнограф жазушы Рашид Бектеміров, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақындар Сайлау Байбосын, Дәурен - Сал Бақытқажы және өлкетанушылар мен зиялы қауым өкілдері, мобилограф Дәрия Ертай қарындасымыз күтіп алды. Сол күні, түстен кейін Павлодар облысының әкімі Асайын Қуандықұлы Байханов экспедиция мүшелерін арнайы қабылдап, сұрақ-жауап ретінде, еркін форматта кездесу өтті.
Мен өз сөзімде облыс әкімі Асайын Қуандықұлына Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтың «Қазақ әдебиеті» газетінің осы облыс бойынша «Ертіс-Баян» өңіріндегі қосымшасын шығару жөніндегі ұсынысы мен Павлодар облысында өтетін рухани іс-шарада былтырдан беріліп келе жатқан, осы өлкеде туған классиктер мен ақын-жазушылар атындағы алты әдеби сыйлықтардың санын он екіге жеткізу және Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп үлкен арнайы жоба өткізу жайлы ұсынысын айттым.
Терең білімді, жан-жақты, парасатты өңір басшысы бізздің төрағаның айтқан ұсыныстарын қолдап, міндетті түрде іске асыру керек екені туралы өз ойын айтып, біздің көзімізше көмекшілеріне тапсырма берді.
Туған күніме сәйкес келген кездесу барысында Асайын Қуандықұлы құттықтап, ізгі тілегін білдіріп, ілтипатпен естелікке қазақтың үш биі бейнеленген сыйлық - картинаны естелікке ұсынды.
Павлодар қаласынан 200 шақырымдай жүріп, Екібастұз арқылы ұлы ғұлама, философ, этнограф-ақын, фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің басына келіп, зиярат еттік. Әулиенің бабамыздың асыл рухына құран бағыштадық.
Бұл жерде экспедиция мүшелерін Баянауыл ауданы әкімінің орынбасарлары Қиянатолла Талипов пен Альмира Дисюпова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі жазушы Жұмағали Қоғабай бастаған азаматтар қарсы алып, қазақ этнографиясының негізін салған данышпан ақынның музейін аралап, естелікке суретке түстік.
Ұлы ғұламаның музейінің жанында сырттан келушілер, туристер үшін қонақүй, ас ішетін дәмхана комплексі салынған. Арнайы салынған конференция залында аудан тұрғындарымен, ел ағаларымен кездесіп, сапарымыздың мақсаты жайлы, Зейнолла Сәнік атындағы мәдени қоры туралы мәліметтермен жан-жақты таныстырдық.
Ертеңіне Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік - 90 жыл» атты республикалық экспедиция мүшелерінің студенттер мен оқу орнының басшылары, оқытушы-ғалымдар, профессорлар құрамымен, зиялы қауым өкілдерімен үлкен кездесуі болды.
Мен өз сөзімде экспедиция мүшелеріне арналған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып, Қазақстан Жазушылар одағының бүгінгі күнгі ұстанымдарын, ондағы жасалып жатқан жобалар жайлы әңгімеледім. Бұл кездесуге Жұмағали Қоғабай, Рашид Бектемиров, Ғалымбек Жұматов, Ғабит Сапаров, Шолпан Байғалы атты зиялы қауым өкілдері мен орыс басылымдарынан ұзақ жыл «Звезда Прииртышья» газетін басқарған жазушы-журналист Ю.Поминов, ақын О.Григорьева, журналист-жазушы А.Вервекин, ақын Ю.Мостовой, К.Лунин, Л.Бевз және кітапхананың «Истоки» атты әдеби-музыкалық клубы, Павел Васильев атындағы музейдің қызметкері Т.Васильева қатысты. Жиын қазақ және орыс тілдерінде өтті.
Осы өңірдегі тағы бір зиялы қауым өкілдерімен болған кездесуде Қазақстан Жазушылар одағының бүгінгі таңдағы атқарып отырған қызметі, республикалық экспедицияның алға қойған мақсаты мен мұраты және этнограф-жазушы Зейнолла Сәніктің шығармашылық еңбегі жайлы жан-жақты түсіндіріп, «Зейнолла Сәнік атындағы мәдени қоры» дайындаған деректі фильмді халыққа көрсеттік. Барлық кездесу барысында Зейнолла Сәнік пен Жанат Зейноллақызының «Қазақ этнографиясы» атты кітабын сыйладық. Биыл көктемде сонау Өзбекстанда, Бұхара облысында дүниеге келген Жасрасхан Мырзамұратов деген жас ақын мені арнайы іздеп келіп: «Аға, мен елге, Қазақстанға қоныс аудардым, Екібастұз қаласына»,- деген еді. Сол жас ақын аяқасты хабарласып, туған күніммен құттықтаған сәтте қуанып қалдым. Ертеңіне Павлодарда өтетін кездесуге шақырып, жергілікті ақын-жазушылармен таныстырып, жас ақынды өз орталарына, әдеби ортаға тартуларын өтініп сұрадым.
Сонымен Қазақстан Жазушылар одағы Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының демеушілігімен 2025 жылдың 10-22 қыркүйек күндері еліміздің солтүстік өңіріне аттанған «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік» атты республикалық экспедиция мүшелері 2025 жылдың 10 қыркүйек күні Астана қаласынан арнайы көлікпен солтүстік өңірге: Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарын, аудандарын аралап, жоба аясында ұлттық құндылықтарды жан-жақты зерттеу, дәріптеу, насихаттау мақсатындағы жұмысын сәтті аяқтады. Экспедиция мүшелері өңірлердегі тарихи орындарды аралап, жергілікті этнографтар мен өлкетанушылардың еңбектерімен танысып, жұмыстарын жан-жақты насихаттады. Осы экспедиция барысында, он үш күнде төрт облыс орталықтары мен аудан, ауылдарын қоса есептегенде 7 мың шақырымнан аса жолды жүріп өттім. Иә, Аллаға, жаратқан Иеме мың қайтара шүкіршілік айтамын. Күздің алғашқы айында, ауа райы жайлы, әдемі кезде Қазақстанның солтүстік өңірін жеңіл көлікпен кесіп өттік. Аудан, ауылдарды аралап, көңіліміз толқыды. Кейде қуандым. Кейде құлазыдым. Орталықтан шалғай, жердің шетінде жатқан ағайынға кеудесі жылы Алматының лебін бірде сөзбен, бірде жырмен жеткізуге тырыстық. Ісімізге ел куә.
Экспедиция жұмысының негізгі бағыттары бойынша көмек көрсетіп, қолдау жасаған өңір басшылары мен облыс, аудан әкімшіліктеріне, зиялы қауым өкілдеріне, сыйлас азаматтар мен жаңа танысқан достарымызға, Павлодар облысының әкіміне, талантты жазушы Серік Елікбайға өзімнің ағалық алғысымды айтамын! Ел іргесі берік, тыныштық болсын деген тілек айтамын!