Данияр Ихсан: Міржақып мерейтойы – еңсесі түскен жұрттың рухын көтерді
Бөлісу
24.09.20256291
Торғай төрінде Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы ерекше аталып өтті. Қайраткердің мерейтойы қарсаңында қос еңбегі жарық көрген алаштанушы, жас жазушы Данияр Ихсанмен аз-кем сұқбаттасқан едік. Ол Алаш арыстарының мұрасын зерттеп жүрген жас буын өкілдерінің бірі ретінде мерейтойдың ғылыми-рухани маңызына айрықша тоқталды.
– Данияр мырза, жақында Торғай төрінде өткен Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына барып қайттыңыз, жалпы мерейтой қалай өтті?
– Негізінде 140 жылдық деген мерейтойға жатпайды. Бірақ 2022 жылы ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы Ақтүбек пен Торғайда кеңінен аталып өтілуге өңір халқы бар күш-жігерін салып, қызу дайындалып еді. Аманқарағай орманы өртенген соң ұзақ күткен ұлы той аяқ асты тарқап, Торғайдағы базарлы қуаныш су сепкендей басылып еді. «Өлгенде көрген бір төбелес» демекші, облыс статусынан айырылып, өркениет көшінен кері қалып, ажары қашып, базары тайқып, тамам ғана халқы қалған Торғайдағы ағайын жыл басынан бері Үкімет пен Парламентке, Қостанай облысы әкіміне қайта-қайта үндеу тастап ер Міржақыптың 140 жылдық тойын өтінішпенен рұқсат алып, өткізуге ниет етті. «Халық сұраса, хан түйесін сояды» дегендей, қарт Торғайдың табанды тұрғындары асар-үме көрсетіп, ең жасы 2002-ден 1965-жылғы туған азаматтар арасында қаржы жиып, бюджеттен бөлген той қаржысына қосымша көмек қылып, өткізген іс-шара емес пе бұл! Екі күнге созылған дүбірлі той жоғары деңгейде өтті. Торғай жұртшылығы алыс-жақыннан келген қонақтарға тікесінен тік тұрып қызмет қылды. Көпшілік қауым әуелі Бидайық ауылындағы кесенесіне зиярат етіп, реэкспозициядан кейін ашылған музейіне барды. Ауданға қарайтын әр ауыл азаматтары жағалай киіз үй тігіп, дәм ұсынды. Ал Торғай төрінде облысқа қарасты аудандар киіз үй құрып, қалашыққа айналыпты. Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция, ақындар айтысы, жыр-терме байқауы, ақындар мүшәйрасы, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Одан бөлек көкпар, аламан бәйге, марафон бәйге, қазақ күресі, т.б. ұлттық спорт түрлері де өтті. Қостанай қаласының қақ төрінде еңселі ескерткіші ашылды. «Сырт көз – сыншы» демей ме, киелі жерге алғаш табаны тигені бар, басқа өңірден ат ізін салып арнайы келгені бар, алған әсерлерін әлі талай айтар, жазар. Басқасын білмедім, жеке өз басым мерейтойда өшкенім жанып, өлгенім тіріліп, қисайғаным түзелгендей күй кештім.
– Иә, біз мерейтой деп атауға толық негіз бар деп есептейміз. Себебі, атаулы жыл барысында қайраткер мұрасын дәріптеуге әр өңірден игі іс-шаралар ұйымдастырылды. Оған халықтың ерекше ықыласы себеп болса керек-ті. Бұл мерейтойда Міржақыптың қай қыры бүгінгі тәуелсіз ел тұрғысынан ерекше ашылды деп ойлайсыз?
– Ең біріншіден, бұл мерейтой Торғай азаматтарының ауызбіршілігін, жауапкершілігін, ел мен ерге деген шынайы құрметін көрсетті. Міржақыптың тұла бойындағы асыл қасиеттер сөзбен емес, іспен көрініс тапқанын айтпай кетуге болмайды. Екіншіден, Гүлнар Міржақыпқызының және міржақыптанушылардың ерен еңбегі мен қайтпас қайсарлығының арқасында Алаш көсемінің тұлғалық келбеті жан жақты танылған. Міржақып Дулатұлын білмейтін, «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалын көрмеген адам кемде-кем. Ғылыми-тәжірибелік конференцияда да, ақындар айтысында да, ақындар мүшәйрасында да тұлғалық келбеті толыққанды ашылды. Торғай атырабында кіл мықтыдан кім мықтыны анықтаған балуандар сайысы мен шашасына шаң жұқпас жүйріктер дүбірі, ер жігіттің бел мен білек күші сыналатын ұлттық ойындардың өзінде шығармалар жинағы, тұлға туралы жазылған кітаптар тегін таратылды. Үшіншіден, менің ойымша, мерейтойдың басты мақсаты – осыдан үш жыл бұрын еңсесі түскен жұрттың рухын көтеру.
Міржақып Дулатұлының жиені Нұрлан Сатыбалдиев
– Мерейтойға алаштанушы, жазушы-ғалым Елдос Тоқтарбаймен бірге «Қазақ тарихынан» атты Міржақып Дулатұлының таңдамалы жинағын тарту еттіңіздер, жалпы кітаптың ерекшелігі мен жаңашылдығын атап өтесіз бе?
– Көп рақмет! Ұлы тойға тарту ретінде шыққан кітапқа демеушілік көрсеткен «Нұр Қазақстан» қажылық компаниясының басшысы Амангелді Еренғайыпұлына тағы да алғыс білдіреміз. Кітапқа М. Дулатұлының осы күнге дейін шыққан жинақтарын, әсіресе, соңғы шыққан алты томдығын негіз қылып алдық. Алты томдық жинақта толық берілмеген, қысқаша жазылған мақалаларды, өлеңдерді барынша толықтырдық. Ол кезде қазіргідей көп газет-журнал кітап түрінде шықпағанын, түпнұсқаларын табу, қарау қолжетімді болмағанын айтуымыз қажет. Сондай-ақ, «Қазақстан», «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Кедей сөзі», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас», «Ауыл», т.б. басылымдарда жарияланған, алайда жинақтарына енбеген, кейбір кирилл әліпбиіне түспеген бәрін емес, бірнеше көсемсөзін қосып, түсініктемесін жаздық. Бұл арада бір айта кетерлігі, Міржақып Дулатұлының бүркеншік есімдеріне байланысты мәселе. Біз алты томдық жинақта көрсетілген бүркеншік есімдерін басты назарда ұстауды жөн көрдік. Сол себепті ғалымдар атаған, алайда ол атаумен шыққан көсемсөздерді бұған дейінгі шыққан жинақтарына кірмеуі себепті қосылмады. Мәселен, «Үнемші», «Алагөз», «Қолғанат» әдеби атауларымен «Қызыл Қазақстан», «Еңбекші қазақ» басылымдарында мақалалары бар. Кітапқа алты томдық жинаққа енбеген шығармалардың түгелі қосылды, мерзімді басылымдар толық қамтылды деп айта алмаймыз. Сол себепті таңдамалы ретінде ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта Алаш арысының академиялық толық жинағы шығуы керек.
Алаштанушы, жазушы-ғалым Елдос Тоқтарбай
– Сонымен қоса сіздің «Мінез» атты қайраткер ғұмырнамасына арналған еңбегіңіз жарық көрді. Жаңа кітабыңызда Міржақыптың тұлғасын қай қырынан ашуға тырыстыңыз?
– Әуелі кітапқа демеушілік көрсеткен Әлемдік «Ұлы қазақ» бірлестігінің төрағасы, кәсіпкер, қоғам қайраткері Құсман Шалабаев ағамызға, шығарманың әдеби редакторы, алаштанушы-ғалым Елдос Тоқтарбай ағамыздың «ATA Creative Hub» баспасына және баспа ұжымына шексіз алғыс айтқым келеді.
Бұл кітапты жазар алдын жанрын ғылыми эссе немесе тарихи-танымдық еңбек болады деп жоспарлағанмын. Бір-екі тақырыбын жазғаннан кейін өзім сабақ беретін оқушыларға, алаш тақырыбынан алыс жақын достарыма оқытып көрдім. Ішінде дерегі бар, ақпараты мол еңбек болды. Алайда қатты қызығып, беріле оқыды деп айта алмаймын. Содан мұның жанрын ауыстыру керек деп түйдім. Осылай, өткен ғасырдың тарихын, ұлы тұлғаларымыздың өмір жолын танып, білсін деген ниетпен жасөспірімдерге арнап жазылған деректі повесіміз жазылды. Негізгі аудитория жастар болғандықтан, есім сойы ұмыт қалған, көп айтыла бермейтін зиялыларды таныстыру, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Алаш қозғалысын, Совет үкіметі кезіндегі хал-ахуалды түсіндіру қажет болды. Барынша академиялық, ғылыми тілмен емес, жеңіл, ұғынықты түрде жазуға тырыстым.
Деректі шығарма бүгінгі оқу-ағарту саласындағы жалпыұлттық «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына негізделді. Адал азаматтың анық үлгісі Алаш қайраткерлері екенін дәлелдейді. Тәуелсіздік, отаншылдық, бірлік, ынтымақ, әділдік, жауапкершілік, заң, тәртіп, еңбекқорлық, кәсіби біліктілік, жасампаздық, жаңашылдық – бәрі де Міржақыптың бойынан, іс-әрекетінен, сөйлеген сөзінен, жазған шығармаларынан көрініс табады. Әлихан Бөкейхан «ұлтқа қызмет қылу білімнен емес, мінезден» деп айтқан сөзін негіз қылдым. Жас ұрпақтың Міржақыптай мінезді, пайдалы, адал азамат болуын тілеймін.
Алаш идеясы кер заманда инерциялы түрде жалғасқаны Гүлнар Міржақыпқызы, Қайым Мұхамедхан, Бейсенбай Кенжебай, Батырбек Бірімжан, Марат Әбсемет, Томохико Уяма, Қайсар Әлім, т.б. арқылы берілді. Соның ішінде Алаш арысының өмірі мен шығармашылығы туралы алғаш жазғандардың бірі Қайым Мұхамедханның бейнесі таңдалды. Гүлнар апа Қайымға жазған хатында: «әкем Міржақып туралы осы тұста кім қалам тартар екен деген ойлар көптен мені мазалап, ішімнен, тек өзіңді қалап жүруші едім, бұл жөнінде қателеспеппін. Жазамын деген талабыңа нұр жаусын, шын жүректен қабыл алдым, іске сәт», – деген болатын. Міржақып пен Қайымның рухани, шығармашылық үндестігі, байланысы тарихи, көркемдік тұрғыда құрылды.
– Тамаша, алдағы уақытта Міржақып тақырыбын зерттеудегі жұмысыңызды жалғастыру ойыңызда бар ма?
– Әрине, менің алаштанудағы маманданған салам – ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті және баспасөзі, түркістандық қаламгерлер және мұғажырға кеткен (эмиграция) қалам қайраткерлері, шетелде оқыған алғашқы ел жастарының өмірі, әдеби-публицистикалық һәм мемуарлық-эпистолярлық мұрасы. Менің алаштану бағытындағы алғашқы еңбегім агроном, публицист Ғазымбек Бірімжанның өмірі мен шығармашылығына арналды. Ал енді осы Ғазымбек – Міржақыптың төл шәкірті, тәрбиесінде болған бауыры. Алдағы уақытта екі тұлға арасындағы аға-іні, ұстаз-шәкірт арасындағы байланысын жазғым келеді. Сонымен қатар Алаш зиялыларының Ташкент кезеңі туралы да жазу ойда бар. Алаштанушы-ғалым Елдос Тоқтарбай ағамыз бастаған жас алаштанушылар Міржақып Дулатұлының тұлғалық энциклопедиясын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Айтпақшы, Торғайдағы ұлы тойда міржақыптануда өмірін арнаған Марат Әбсемет, Қайсар Әлім, Гүлбану Сәрсекеева, Нағашыбай Аралұлы, т.б. осындай азаматтардың қатарында біздің де азды-көпті еңбегімізді елеп, тұлпар мінгізіп, шапан жауып, құрмет көрсетті. Осы ретте тойды ұйымдастырушылар алқасына ырзашылық айтып, осы қолдау қошеметті маған берілген «аванс» деп қабылдап, алдағы уақытта сенімдерінен шығып, үміттерін ақтауға бар ынта-шынтамызбен іс қылатынымыз анық. Сол күнге жеткізсін!
Астана қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 гимназиясының ұстаздары
– Мерейтой барысында жастардың Міржақып мұрасына деген қызығушылығы мен ықыласы байқалды ма?
– Сөз басында айтқанымдай осы той болады дегеннен бері Жангелдин ауданының әр жылғы қыз-жігіттері қаражат жинай бастады. Соның ішінде біздің қатарластар да бар. 160 жылдық тарихы бар Ыбырай Алтынсары атындағы мектептің 2016 жылғы түлектері (1998 жылғылар) аудандық «Міржақып оқуларына» демеуші болды. Атамыздың өмірі мен шығармашылығын дәріптеп, насихаттап жүрген оқушыларға аз да болса қолдау көрсетілді. Одан бөлек, «ATA Creative Hub» баспасы үш бірдей кітап шығарып, тарту етті. Оның екеуін әлгінде айтып өттік. Ал үшіншісі – Жангелдин ауданының 1977 жылғы тумаларының қолдауымен шыққан «Ұлтты оятқан ұлы сөз. Міржақып Дулатұлының нақыл сөздері». Осы үш кітаптың үшеуі де тойда халыққа тегін таратылды. Әлі де осы кітапты сұрап жатқандар баршылық.
– Міржақып мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізудің ең тиімді жолы қандай деп ойлайсыз?
– Міржақып мұрасын, жалпы Алаш мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізудің ең тиімді жолы, трендтегі заманауи әдіс-тәсіл – әлеуметтік желілер мен экранизация, иллюстрация. Қазіргі қоғамда ғаламтордың да, фильмнің де, иллюстрациялық постерлердің де әсері күшті екенін жоққа шығара алмаймыз. Мектеп оқушылары, студенттер және ел жастарының «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі үлкен экранға шыққан кезде жаппай баруы осы сөзімізге дәлел бола алады. Енді сол жастар мен жасөспірімдер Міржақып Дулатұлы және Алаш зиялылары туралы тереңірек білгісі келіп, ізденген кезде, әлбетте тарихи кітаптарды ақтарары сөзсіз. Сол сұранысты да ұмытпауымыз керек. Әрі бүгінгі ұрпақтың алдындағы буын (Совет кезеңінде туғандар және 1991-2010 ж.) Алаш қайраткерін толық таныды деп айта алмаймыз.
– Міржақып Дулатұлының бір сөзімен бүгінгі қоғамды қалай сипаттар едіңіз?
–Бұл сауалыңызға сөзі өміршең ұлт ұраншысының мына бір сөзімен жауап берейін: «ұйымдаспаған халық, ұрандаспаған топ мақсатына жете алмайды, көрінгенге жем болады, кез келгенге құл болады». Осы сөздің ішінде көп ой жасырылған. Ұлт болудың мұратын түсінсек, мәңгілік мемлекет болып қалғымыз келсе, әр қазақтың баласы осы тағылымды сөздің ғибратын түсінуі керек.
– Бізбен аз-кем сұқбаттасқаныңыз үшін зор алғыс білдіреміз! Шығармашылық жолыңызға толассыз табыс тілейміз!