Бір неше күн бұрын Egemen Qazaqstan газетінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгердің «Ахмет Байтұрсынұлының Қазандағы суреті» атты мақаласы жарық көрді. Зерттеуші мақаласында ұлт ұстазының бұрын беймәлім болған тарихи суреті табылғанын сүйінші жаңалық ретінде жеткізді.
Бұл жаңалық Алаш арысының өмірбаянындағы ақтаңдақ беттерді толықтыра түсті. Бұған дейін Ахмет Байтұрсынұлының Қазан қаласында болғаны туралы дерек кездеспеген еді. Ал музей қорынан табылған сурет оның 1927 жылы татар зиялыларымен бірге араб жазуын реформалау ісіне қатысқанын дәлелдейді.
Қайырбек Кемеңгердің жазуынша, осы айдың басында Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен ғылыми іссапар барысында зерттеушілер «Татар әдебиеті тарихының музейінде» күтпеген олжаға жолыққан: «Сол экскурсия кезінде екінші қабатта шынының астында тұрған ескі суретке назарымыз ауды. “Араб жазуын реформалау конкурсына қатысушылар. Қазан, 1927” деген түсініктеме жазылған суреттің ортасында Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі көзімізге оттай басылды. Сурет ап-анық, бейнеленген адамдарын оп-оңай ажыратуға болады».
Бұл тарихи суреттің электрондық нұсқасы да Қазақстандық делегация қолына тиген. Зерттеуші мақаласында табылған жәдігердің маңызына былайша тоқталады:
«Біріншіден, бұл мұраны ұлт-азаттық Алаш қозғалысы рухани көсемінің, ақын, журналист, көсемсөзші, аудармашы, көрнекті ғалым Ахмет Байтұрсынұлының қазақ қауымына беймәлім суреті деп санауымызға негіз бар... Екіншіден, бұл құнды мұрағат материалы бізге көрнекті ғалымның Қазан қаласына 1927 жылдың күзінде жасаған іссапары туралы тың мағлұмат ұсынады».
Суретте Ахмет Байтұрсынұлы алғашқы қатарда, ортада отыр. Оның көзқарасынан терең ой мен заманның күрделі ахуалына алаңдаушылық аңғарылады.
Бұл сурет тек музей қорынан ғана емес, 2022 жылы Уфа қаласында жарық көрген «Мухаммед Идрисов – мастер шрифта» атты кітапта да жарияланған. Кітаптағы түсініктемеде: «Араб әліппесін реформалау бойынша конкурс қатысушылары мен жюриі. Қазан. 1927 жыл» деп көрсетілген. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлының есімі қысқа түрде «А.Байтурсин» деп берілген.
Сондай-ақ, Қайырбек Кемеңгер бұл сапардың Ахмет Байтұрсынұлының кейінгі ғылыми еңбектерімен байланысын да айқындайды. 1928 жылы Қызылордадан жарияланған «Ғалымжан Ибраһимов түркi-татар ойшысы, түркi-татар бiлгiрі, түркi-татар жазушысы» атты мақаласы Қазаннан қайтқаннан соң жазылғаны анық.
Ұлт ұстазының Қазандағы бейнесі беймәлім болып келген тарихи кезеңді айқындай түсіп, оның өмір жолын толықтыруда аса құнды табыс болып отыр.
Ахмет Байтұрсынұлының әрбір ізі – халқымыздың рухани тарихының алтын арқауы. Оның Қазан шаһарында түсірілген осы бір суреті қазақ зиялыларының түркі дүниесімен тығыз байланысының тағы бір дәлелі болып қала бермек.