Әбдуақап Қара: Тілін білмейтін, Қазақстанмен байланысы жоқ шетел қазағынан пайда жоқ
Әбдуақап Қара: Тілін білмейтін, Қазақстанмен байланысы жоқ шетел қазағынан пайда жоқ
26.06.2025 1108

Белгілі тарихшы,  шоқайтанушы ғалым Әбдуақап Қара «Қазақстан тарихы» порталының «Тарихшымен сұхбат» ютуб-жобасына берген сұхбатында Қазақстанның диаспора саясаты, шетелдегі қазақтардың мәселесін  көтерді, - деп хабарлайды e-history.kz порталы. 


Тарихшының айтуынша, Қазақстанның диаспораға қатысты саясатын қайта қарау қажет. Себебі, ел үкіметінің бұған дейінгі диаспоралық саясаты тек көші-қон мәселелеріне, яғни қандастарды елге қайтаруға және оларға материалдық қолдау көрсетуге бағытталып келді. Енді бұдан былай шетелдегі қазақтарды мемлекеттің дамуына тарту үшін кешенді стратегия қажет болады.

«Қазақстанның диаспораға қатысты саясаты бүгінге дейін жанашырлық сипатында болып келді. Енді бұл бағыттағы саясатымыз ықпалдастыққа негізделуі тиіс. Яғни мемлекеттің диаспора саясаты жанашырлықтан гөрі стратегиялық мақсатқа бағытталуы керек. Шетелдегі қазақтарды мемлекет игілігіне пайдалу керек. Диаспора – бұл «жұмсақ күш» ретінде Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға қызмет ете алатын маңызды ресурс. Ол дегеніңіз шетел қазақтарын экономика, мәдениет және білім салаларына белсенді тарту деген сөз. Мысалы, Түркиядағы қазақ бизнесмендеріне жеңілдіктер ұсыну, ғалымдарға университеттерде істеуге мүмкіндік беру және жастарға арналған білім беру бағдарламаларын дамыту арқылы диаспораның Қазақстанмен байланысын арттыруға болады. Бұл тұрғыда Қытай мен Ресейдің диаспора саясатынан үлгі алу қажет. Бұл елдер өз диаспораларын мемлекеттік стратегияға тиімді пайдаланып, халықаралық ықпалын күшейтіп отыр. Бұл үшін ғалымдардың зерттеу жобаларына қолдау көрсетіп, диаспора мәселесін мемлекеттік деңгейде қолдау керек. Олай болмаса, алдағы оншақты жылдың ішінде Еуропа қазақтарына тілден айырылу қаупі төнеді», - дейді ғалым. 

Тарихшының айтуынша, Түркиядағы қазақ диаспорасының тарихы 1937 жылғы Шығыс Түркістаннан басталған ұлы көштен басталады. 1952 жылдан бастап Түркияда қазақ диаспорасы қалыптасып, кейіннен Еуропаға қоныс аударады. Бұл өз кезегінде тіл үйрену мәселесін қиындатып отыр. Германия, Франция сияқты елдерде қазақ балалары жергілікті тілдерде білім алып, қазақ тілін білмей өсуде. Бұған жол бермеу үшін мемлекеттік қолдаумен мәдени орталықтар ашу, тіл курстарын ұйымдастыру және жастарды Қазақстанға шақыру қажет.

Осылай деп атап өткен ол шетелдегі қазақ диаспорасының Қазақстанға тигізетін пайдасының аз болып отырғанына алаңдаушылық білдіреді. Оның пікірінше, бұл мәселенің түп-тамыры – Қазақстанның диаспораға қатысты нақты саясатының болмауында және шетелдегі қазақтардың атамекенмен байланысының әлсіздігінде жатыр. Осының салдарынан диаспораның атамекенмен байланысы және олардың Қазақстанға қосар үлесі әлі де әлсіз болып отыр. 

Айтуынша, ең үлкен кедергі тіл мәселесі және мәдени байланыстың жоқтығы. Қазіргі уақытта әсіресе Еуропадағы балалардың қазақ тілін білмей өсуі үлкен мәселе болып отыр. Мысалы, Германияда қазақ балалары неміс мектептерінде оқып, неміс, ағылшын сияқты тілдерде білім алады, ал қазақ тілін меңгеру мүмкіндігі шектеулі. Ол сондай-ақ сөз арасында Жапонияның тәжірибесін мысалға келтіреді. Жапон үкіметі демалыс күндері балаларға арналған мәдени орталықтар ашып, ұлттық мәдениет пен тілді насихаттайды. Ал Қазақстанда мұндай мемлекеттік қолдау жоқ, ал ерікті түрде ұйымдастырылған бастамалар қаржы тапшылығынан ұзаққа созылмайды. Мәселен, Еуропадағы қазақ құрылтайлары соңғы екі жылда қаржы тапшылығынан тоқтап қалған.

«Қазақтың тілін білмеген Қазақстанды танымаған шетел қазағынан қазаққа еш пайда жоқ. Сондықтан қазақ үкіметінің басты міндетінің бірі -  шетелде тұратын қазақ диаспорасын тілімен қамтамасыз етіп, ата жұртымен байланыстырып, өз елін, атамекенін танып білуіне жағдай жасау болу керек. Өз атамекенін танып білмеген адам қайтіп бұл жаққа пайдасын тигізеді», - дейді ол. 

Ғалым сонымен қатар Түркиядағы «Қазақ елі» журналының қаржылық қиындықтарын мысалға келтіреді. Ол елшілік пен Отандастар қорына осы мәселені шешу үшін қолдау көрсетуді ұсынған, бірақ нақты жауап болмағанын айтады. Оның пікірінше, мұндай мәдени жобаларға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлу қажет.

«Шетелде тұратын қазақ диаспорасы ана тілінен ажырап қалмау үшін қолынан келгенін жасап жатыр. Еуропада, Түркияда көптеген мәдени орталықтар бар. Олардың барлығын да сол елде тұратын қазақ азаматтары құрған. Шамалары келгенше тіл үйретіп, оқытып, ұлттық дәстүрімізді дәріптеп жатады. Бірақ көп жағдайда қаржылық жағы қол байлау болып жатады. 

Мысалы үшін біздің Стамбұлдағы қазақ оқу ағарту және мәдениет орталығы бар. Оның бір журналы бар. Журнал «Қазақ елі» деп аталады. Қазақ, түрік тілінде қатар шығады. Басында тоқсандық журнал болады деп жоспарлаған еді.  Бірақ қаржы таба алмай жігіттер қиналып, жылда бір рет ары кетсе, екі рет шығарып отыр. Одан арғыға шамалары жоқ. Соны көп айтттым жүрген жерімде. Елшілікке де айтттым. «Отандастар» қорына жеткіздім, «тым болмаса осы журналды шығаруға қаржы тауып берсеңіздер» деп. «Әбеке, біз қоғамдық ұйымбыз, бізде ақша жоқ» дейді. Қазақстан мемлекетінде Стамбулдағы бір журнал шығаруда ақша жоқ деген енді ұяттау тірлік қой!», - дейді ол. 

Айтуынша, өзінің ертеңін ойлаған ел тілі мен дәстүрінен ақша аямау керек. 

«Испанияда «Сервантес үйі» деген бар. Немістердің «Гете үйі» бар. Сол секілді орыстардың «Орыс үйі», «Пушкин үйі» деген орталықтары жұмыс істеп тұр. Қытайда «Конфуций үйі» деп аталатын халықаралық жоба бар. Сол секілді біздің де әлемнің әр түкпірі болмаса да қазақ ұлты тұратын елдердің орталығында осындай бір-бір «Абай үйі» жұмыс істеп тұруы керек қой. 

Қазақстанда Түркияның Жүніс Әміре орталығы бар. Күні бүгінге дейін сол бауырлас түрік елінде «Абай үйі»  ашылған жоқ. «Абай үйі» туралы мәселені  2015 жылы Астанада өткен құрылтайда көтердім. Немістің «Гете үйі» сияқты әркім өзінің ұлы ақындарының атынан үй ашып, өзінің мәдениетін дәріптеп, тілін үйретіп жатыр. Біз неге «Абай үйін» ашпасқа деп. 

Өткен жылы осы жоба қолға алынатын болыпты деп естіп, қуанып қалдым. Абай үйін Қытайда, Германияда, Түркияда ашу керек. Сөйтіп қазақтың тілі мен мәдениетін сол жерде жергілікті қазаққа үйретіп, ұлттық тұрғыда жағдай жасап, тілін үйрету керек», - дейді тарихшы. 

Дегенмен тілдік жағынан қолдау мүлдем жоқ деуге болмайды. Әбдуақап Қараның айтуынша,  «Отандастар қорының» онлайн тіл курстары бар. Ондай курстар Түркияда, соның ішінде Стамбул қаласында жүргізіліп жатыр.  

«Біздің қоғамдық қорымыз соған дәнекер болып, Стамбулда ашты. Тіпті оған қазақ балалары ғана емес кейбір жергілікті түрік азаматтары келіп үйреніп жатыр. Ерікті түрде қатысып, тіл сындырып жатыр. Бірақ мұнда бір мәселе бар.

Жастар соған қатысады, алғашқы негізде тіл үйреніп шығады. Алайда тілдік орта яғни қазақша сөйлейтін орта болмағандықтан еңбегіміз зая кетіп жатыр деуге болады. Тіл курсына кірген балаларды ізін суытпай, артынша Қазақстанға әкелу керек.  Араласу керек. Тіл сөйлемесең тез ұмытылады.  Ортаға кіргізу керек. Өйткені Түркияда қазақша сөйлейтін адам аз. Оған мүмкіндік көп. Бірақ ол жасалмай отыр. Мысалы, Наурыз тойы болады. Тіл үйренген балаларды арнайы тізімге алып, сол Наурыз тойына шақырып, көрсетуге неге болмасқа. Мәселен, тілді жақсы үйренген бес баланы іріктеп, жүлде ретінде Қазақстанға, Наурыз тойына деп жолдама беруге болады. Немесе Балдәуренге апарамыз деп. Немесе басқаша бір жағдай жасап, араластырып жіберу керек қой.

Мысалы жақында Стамбұлдағы бас консулдық жақсы бір іс-шара өткізді. Стамбұлда Абай атында екі мектеп бар. Екеуі де түрік  мектебі. Ол жерде қазақ балалары да жоқ. Абай туралы мақала конкурсы болды. Оқушылар өте белсенді қатысты. Сол конкурстың жеңімпаздары ретінде екі мектентен сегіз баладан іріктеп, қасында екі мұғалім қосып, бас-аяғы жиырма адамды Шымкент, Түркістан, Яссауи бабамыздың басына апаратын төрт-бес күндік сапар ұйымдастырғалы отыр. Қазақстанды көреміз, елді көреміз деп оқушылар қуанып отыр. 

Міне, сондай шараларды көбейту керек. Мына онлайн курс арқылы тіл үйренген балаларды жеңімпаз ретінде Түркістанға, Астанаға апарамыз деп жігерлендіріп отыру керек. Оны басқалар да осылай қолдап, жалғастырып әкете берсе шетелдегі әрбір қазақ өз елінің патриоты болады. Тұрған елінің технологиясын, басқа жетістіктерін өзін еліне аударуға тырысады. Әзірше ондай болмай жатыр», - дейді ол.