Мәдени серуен: «Тәуелсіздік жолында» көрмесі
14.06.2016 1808
Зуқа батыр заманының тұрмыс-шаруашылығын көрсететін құрал-жабдықтар, ыдыс-аяқтар түрлері, қолөнер бұйымдары, түрме заттары, қару-жарақтар, батыр портреттері, ол туралы романдар қойылған

Халық батыры, күрескер Зуқа Сәбитұлының туғанына 150 жыл толуына орай Астана қаласындағы ҚР Әскери-тарихи музейінде «Тәуелсіздік жолында» атты көрме салтанатты түрде ашылды. 

Көрмеге қажы әрі батыр ұрпақтары, шетелдік қонақтар мен қаланың интеллигенциясы өкілдері, атап айтқанда Дүниежүзі ақзақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, Әскери-тарихи музейдің директоры Перизат Ақселеуқызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, т.б. қатысты. 

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев шетелдегі, отандағы, әсіресе Шыңжаң қазақтары үшін Зуқа батырдың орны айрық екеніне тоқталды. Ұлттық бірлікті сақтаушы, қорғаушы ретінде күрескер тұлғаның қызметі, жанқиярлық батырлық ерліктері ұрпақ жадында сақталатынын жеткізді. 

Астана қаласында үш ай бойы есігі ашық тұратын Зуқа батыр жәдігерлерінің көрмесінде көптеген құнды мұралар қойылған. Соның ішінде ерекше көзге түсетіні – батыр үйінде тұтынған тұскиіз. «Атадан балаға мирас болып сақталған мұра түгелдей қолмен тігілген. Қазақ қолөнерінің классикалық үлгісі деп тануымызға болады. 200 жылдай уақыт бойы сақталған. Зуқаның бөркі де көрменің ең басты жәдігерлерінің бірі», – деп түсіндірді көрмені ұйымдастырушы Бейсен Ахметұлы. 

Батыр өмірін зерттеуші ғалым Бақытбек Бәмішұлының айтуынша, бөрікті 1991 жылы Сәтей Нұртазаұлы Ыстамбұлға зайыбы Бұлғын екеуі қыдырып барғанда Зуқа батырдың келіні, Сауат қажының бәйбішесі Сәнияхан апамыз берген екен. Бөріктің бүйірінде оқ тиген тесік бар. Қазір ол бөрік Сәтей Амангелдінің үйінде сақтаулы. 

Батырдың әкесі Сәбит молданың әйгілі діни оқу орындары Самарқанд пен Бұхарда білім алғаны жайында деректер бар. «XVIII ғасырдың кейінгі жартысы мен XIX ғасырда қазақ хан-сұлтандарының және дәулетті адамдарының балалары Бұхара, Самарқанд, Қазан қалаларына барып діни медреселерде оқыған. Қазақ арасынан молдалар жетіліп шыққан. Қазақ халқы жиі қоныстанған жерлерде медреселер ашылған», – деп жазады Жәди Шәұлы.  Шығыс өркениетінің орталықтары болып саналатын Бұхар мен Самарқанд жоғарғы оқу орындарын тәмәмдап, Қазан қаласында діни сауатын жетілдіріп, елге оралғанда Сәбит дамолла жан-жақты білімдар, ғұлама ғалым, тәжірбиелі ұстаз болып қалыптасумен қатар жәдиттік бағытты ұстанған қоғамдық қайраткер де болып үлгерген. 

Зуқа батыр – тағдырлы тұлға. Оның өмір  сүрген уақыты, мекені патшалықтар қысқан тар кезеңге тұспа-тұс келді, Ресей мен Қытай үкіметтерінің ортасынан жол тауып, ұлтын мен дінін сақтауға және жерін қорғауға ұмтылған оның іс-әрекеті бейне бір жалғыз қалған көкжалдай болды. Қазақтың белгілі қайраткері Хасан Оралтай: «Өліні қорлау, жансыз денені көрсетіп жұртшылықты жасқандыру қытай әкімшілігінің баяғыдан келе жатқан жауыздық саясаты… 1928 жылы Зуқа қажының басын алып, Сарысүмбенің Қаракөпірінің түстік жақ оң босағасына ілу… сол жауыздықтың бір мысалы. Бұл – қытайдың қазіргі әкімшілігі де мойындап, «ол бұрынғы заман озбырлығы» деп сипаттап жүрген тарихи шындық», – деп жазды «Елім-айлап өткен өмір» кітабында. Суретте – Зуқа батырдың басы салынған қоржын. 
«Қоржын – Алматыда Зуқа батырдың немересі Шәдетұлы Арыстанның үйінде сақтаулы. Сарсүмбе қаласындағы Қара көпірге 13 күн ілінген батыр басын ел-жұрттың тақауырымен баласы Солтаншәріпке қайтарып береді. Басты осы қоржынға салып әкелген екен. Ел Батырдың басын қайтарған киелі қоржын деп, басты ұлы денесіне қосқаннан кейін, қиып, таратып алған. Мынау сол қоржыннан қалған екі бүйірі. Қоржын тоқыма текеметтен жасалған», – деп әңгімеледі бізге Бақытбек Бәмішұлы. 
Сонымен бірге батырды ақтық сапарға жөнелту кезінде орындалған ғұрып, содан бір белгі болып қалған шымылдық та көрме төрінен орын алған. 

Батыр ұрпақтарының тағдыры да бөлек бір сөрені қамтыған. Сұлтаншәріп Зуқаұлының Шығыс Тұркістан қазақтарының көсемі болған Қалибек Хакіммен бірге көшті бастап, Тибет арқылы Үндістанның Кашмир өлкесіне, кейін Түркия еліне жеткізген қажырлы еңбегі, отбасының тарихи фотосуреттері сақталған. Түркия асып, содан Алмания жеріне тұрақтаған ұрпақтарының ішінен Арыстан Шәдетұлы – Зуқа қажының немересі. Елімізге «Қара жорға» биін әкеліп, таныстырған қоғам қайраткері Арыстан ата қазір Алматы облысында тұрады. Өз қаржысына Зуқа қажы мешітін салдырған.

Зуқа батырдың төрт ұлының арасында өскен Сапура есімді қызының аяулы тағдырын конференция барысында белгілі жазушы Жәди Шәұлы баяндап берді. Алаш әскерінің Зайсан бөліміне қызмет еткен Аспандияр есімді сарбаз Зуқа ауылын паналап, қызы Сапураны ұнатады. Алайда Сапура қыздың айттырған жері бар, өзіне салса барғысы жоқ. Бұл тығырықтан қалай шығу керек? Дана Зуқа батыр жігітті шақырып, «қолыңнан келсе жолымнан ал, мен қызымды ұзатамын, сол кезде өзіңді көрсет. Бұдан кейін көзіме түсуші болмаңдар» деп қатаң шарт қояды. Содан не керек, Аспандияр қайта шекарадан бері өтіп, Зайсанға жеткенде большевиктер ұстап алып, бірден өлтіреді. Сапура мұңлық дүниеге сәби әкелерде кенеттен үзіліп сала береді. Зуқа батырдың ұрпақтары негізі Қазақстаннан тысқары аймақтарда Түркияда, Еуропа елдеріндетұрады. 

Көрмеге сонымен қатар Зуқа батыр заманының тұрмысын, шаруашылығын көрсететін құрал-жабдықтар, ыдыс-аяқтар түрлері, қолөнер бұйымдары, түрме заттары, қару-жарақтар, Зуқа батырға арналған портреттер, жазушылар шығармалары, кітаптары қойылған. Көрме үш ай бойы жұмыс істейді. 

Заңғар Кәрімхан