«Күн құдайы әлде ...»: тастағы таңбалар шын мәнінде кімнің қолтаңбасы?
11.10.2024 510

Зерттеушілер адамзат тарихындағы алғашқы жазу мәдениетін суретті жазу (петроглиф) және ой жазуы (идеографиялық жазу) деп бөледі. 


Қуаныштысы адамзат тарихындағы бұл екі жазу түрінің тым ерте кезеңдерге тән үлгілері осы күнге дейін аман-есен сақталып қалған. Әрі ондай жазба ескерткіштердің саны да аз емес. 

Мұндай алғашқы жазу түрлері қазақ даласында да сақталды. Әрі олар басында сөз еткен жазу мәдениетінің суретті жазу түріне жатады. Көптеген зерттеушілер жалпы алғашқы жазу мәдениетінің тарихи кезеңін мынадай жеті кезеңге бөліп қарастыруды құп көреді. 

Олар: 

неолит (б.з.д. VIII-IV мыңжылдық), 

ерте таптық (б.з.д. IV-I мыңжылдықтар), 

ежелгі (б.з.д. VIII ғ.-V ғ.),

ортағасырлық (VI-ХIV ғ.), 

ерте индустриялық (ХV-ХVIII ғ.),

индустриалды (ХVIII-ХХ ғ.) 

постиндустриалды (ХХI-XXIII ғ.) кезеңдерін қамтиды. 

Осы себепті ұзақ жылдар бойы көшпелі түркі мәдениетіндегі жазу мәдениетін зерттеушілер б.з.д. VIII-IV мыңжылдық аралығын қамтитын неолит дәуірінен бастап келді. Алайда кейінгі кездері бұл тұжырымға өзгеріс енгізіп жүрген ғалымдар да шығып жүр. Мәселен, түрколог-ғалым Талғат Молдабайдың айтуынша, көшпелі түркі мәдениетіне қатысты зерделенбей жатқан мәселелер әлі көп.

«Әрине бұл тарихи реттілік сақталуы тиіс. Себебі, бұл бір-бірімен жалғасып жатқан жеті әлемдік өркениет кезеңі болып есептеледі. Дегенмен әлемдік өркениеттерді зерттеудің әмбебаптық талдауымен қатар диахронды талдаулардың да жасалуы керек екенін ескеруіміз керек. Рас Әлемдік өркениеттердің тарихи кезеңдік ауысуымен, екінші жағынан жаһандық синхронды өркениеттердің қатар өмір сүруімен және өзара әрекеттесуімен анықталады. Алайда бұл тақырыпқа келгенде көшпелі түрік тарихында көшпелі және отырықшылық мәдениеттің болғанын ұмытпауымыз керек. Яғни әлем дамуындағы жазу мәдениетін синхронды кезеңіндегі отырықшылық пен көшпеліліктің диахронды әрекеттестігі деп тануымызға болады.Бұл ретте дала көшпелілері қауымдастығының қалыптасу кезеңінде көшпелілер өркениеті басым рөл атқарса, отырықшы өркениет бұл қауымдастықта әлдеқайда кейінірек көрініс тапқанын айта кеткен жөн», - дейді зерттеуші. 

Осылай деп атап өткен тарихшы қазақ даласындағы Көне түрік мәдениетінің неолит емес одан да ерте кезеңнен бері бар екендігін айтады. Айтуынша, дала көшпелілері өркениетінің институционализациясының кейбір жеке ерекшеліктерінің алғашқы белгілері неолит дәуірінен де бұрын дәлелдейтін петроглифтер табылып отыр. Бұл сол дәуірлердің өзінде көне түрік мемлекеттілігі болғанын көрсетеді. Әрі оны дәлелдейтін қала орындары мен ежелгі қоныстар да аз емес. 

Тарихшы өзінің «Қазақ жазуы мәдениетінің бастаулары» атты зерттеу кітабында  Палеолит пен қола дәуіріне тән  мынадай петроглифтер тізімін келтіреді: 

Моңғолия: Шивээт Хайрхан, Аршан хад, Билуут-Толгой, Бичигт Улаан Хад, Хойт-Цэнхэр, Бага-Ойгур, Чандаман, Чулуут, Яманы-ус;

Ресей: Бичикт-Бом, Қаракөл, Қалбақ-Таш, Қатун, Куйлю, Құрман-Таш, Құйус, Қызыл-Жар, Ұқоқ, Турочакск жазбалары (Таулы Алтай); Алаға, Алды-Мозаға, Бижикт-Хая, Бии-Хем, Мортұқ, Догээ-Баары, Ийме, Қара-Бұлұн, Қазырған қорғаны, кіші Баян-Көл, Мұғұр-Саркөл, Окуневск петроглифтері, Орта-Саркөл, Саамчыыр Ұжу, Сыын-Чурек, Устю-Мозага, Үстіңгі-Саркөл, Хая-Бажы, Хербис, Ээрбек I‒IV, Ямалық, Чайлаг-Хем, Шанчиг, Шөлде-Тей (Тыва); Онежск жазбалары (Карелия); Кызыл-Хая, Большая Боярск жазбалары, Қаратағ, Красный камень, Ленск петроглифтері, Сулекск және Шалоболинск жазбалары, Оглахтинская, Тепсей, Ұлазы, Хана-Шулуун (Краснояр өлкесі); Қарасұқ жазбалары, Оглахты, Подкамень, Сундуки, Усть-Тюба, Хызын Хыр (Хакасия); Бэшегтуу, Наушки, Цаған-Заба, Селенга, Субуктуй, Сулекск жазбалары, Шаман-гора, Харанхой (Забайкалье

өлкесі); Шишкинск жазбалары (Иркутск облысы); Новоромановск петроглифтері (Кемерово облысы); Белая, Билабан, Зенковск жазбалары, Змиев Камень, Ирбит, Исаковск жазбалары, Исеть, Караульный Камень, Маскальск I жазбалары, Соколий Камень, Уфа, Тағыл, Чусовая, Юрузан (Орал);

Қазақстан: Ақ-Бауыр, Арпаөзен, Баян-жүрек, Жайлау, Жайсан, Ешкі-өлмес, Қойбағар, Құлжабасы, Ой-Қаратау, Жетісу, Таңбалы, Теректі Әулие;

Қырғызстан: Саймалы-Таш, Сүлейман-Тоо;

Өзбекстан: Қарақиясай, Сармышсай;

Әзербайжан: Гобустан;

Түркия: Чатал-Хөюк.

Ғалымның айтуынша, бұл көне жазба ескерткіштері өзіне тән архетиптік ерекшеліктерімен ерекшеленеді. 

Олар: 

Қас таңбалар, діни-культтік, темпоральды-космонологиялық, дала көшпелілерінің мәдениетіне байланысты архитиптері (арба, қару-жарақ, құралдар және түрлі жануар бейнелері) және басқа да түрлі таңбалар мен суреттер.

Енді осы архетиптік ерекшеліктерге жеке-жеке топталып көрсек:

Қас таңбасы (крест)  - әлем ғалымдары бұл таңбаның көне таңбалар қатарына жатқызып, тарихын тәңірмен байланыстырады.

a) Орталық Моңғолия жерінен кездесетін қас таңба (свастика) нұсқалары;

b) Хорезм аймағында кездесетін қас таңбасы нұсқалары;

c) Дон бойынан табылған қас таңбасы нұсқалары;

d) Қаратау, Жалтыртас, Маңғыстау аймақтарынан табылған қас таңба.

 

Әлем халықтарының көп бөлігінде кездесетін бұл таңбаның бірнеше негізгі тірек нұсқасы бар:

• бүктемелі қас таңбасы (изломанный крест);

• сирақты қас таңбасы (крест с ногами);

• шырмаулы қас таңбасы (крест с вензелем);

• төрт тіректі қас таңбасы (четвероногий крест);

• өрмекші пішінді қас таңбасы (крест паука)

Діни жоралғыларға қатысты петроглифтер – дала көшпелілері өмір сүрген аумақта қашалған петроглифтер арасында сонау тас дәуірі мен қол дәуірінен бастап кешеге дейінгі кезеңдерде салынған діни рәсімдер мен тылсым күшке байланысты көптеген суреттер салынған. 

Бұл тас бетіндегі суреттердің ішінде құрбандық шалу, тәу ету (сыйыну), о дүниеге аттандыру сияқты жоралғылар мен діни-мистикалық таңбалар, құдайдың құдыретін бейнелейтін таңбалар, жануар мен адам кейіптерінің бірігуі арқылы жасалған ерекше бейнелер бар. 

Зерттеуші бұл бейнелерді де бірнеше түрге бөліп көрсеткен: 

Адорация кейіпіндегі бейнелер (Тәңірге қол жайып тілек тілеу)

Бұл санаттағы ескерткіштерге Чулуут, Хар-Салаа (Моңғолия), Чатал Хөюк (Түркия), Қаракөл, Қалбақ-Таш (Таулы Алтай); Бижикт-Хая (Тыва), Боярск және Ленск жазбалары (Краснояр өлкесі), Подкамень (Хакасия), Новоромановск петроглифтері (Кемеровск), Харитани I (Солтүстік Кавказ), Баянжүрек, Арпа-Өзен, Ой-Жайлау, Қарасай, Қаратау петроглифтері (Қазақстан) жатады. 

Қасиетті адам және аң бейнелері

Бұл санаттағы ескерткіштер Моңғолия (Чулуут, Хар-Салаа), Тыва (Окуневск петроглифтері)Таулы Алтай (Қалбақташ, Қаракөл, Бешөзек); Қазақстан (Тамғалы,Құлжабасы, Қаратау, Баянжүрек, Қойбағар, Ақбауыр) және Түркия (Чатал-Хөюк) елінен табылып отыр. 

Көбею, ұрықтану сюжетіндегі бейнелер – көне кезеңдегі тас бетіндегі ана құдай бейнелерінің басты ерекшелігі оның туу мен көбею символы ретінде аналық жатыры мен омырауының ерекше үлкен етіп көрсетілген. Осы бейнедегі тас дәуіріндегі ана құдай мүсіндері де әлемнің әр түкпірінде бар.

«Ерте кезеңдегі халықтарда ұрықтану Тәңірінің адамға, соның ішінде анаға берілген ерекше қасиеті ретінде бағаланады. Сол себепті алғашқы қоғамда әйел рөлі алға шықты, билеушілер әйел болды. Яғни, аналық ру (матриархат) жүйесі құрылды. Тіптен құдайларын да әйел кейпінде жасаған.  Палеолиттік кезеңде кең таралған матриархат жүйесі осы кезеңнің соңында өз үстемдігін жоя бастады. Біздің ойымызша, көне түрік танымындағы «Ұмай ана» бейнесі де дәл осы палеолиттік кезеңде қалыптасса керек. Кейіннен матриархат жүйенің әлсіреуімен бірге өз орнын «Тәңірі» құдайға босатса керек. Көне түрік танымындағы ана, бала және ошақтың қорғаушысы Ұмай ана танымы жер анамен, аймен, өмір ағашы сияқты ана құдай бейнелерімен тығыз байланысты. Күлтегін мәтінінде «...Әкем қаған өлгенде кіші інім Күлтегін жеті жаста еді... Ұмай текті анам қаншайымның қолдауымен, қорғауымен (құтымен) інім Күлтегін ер атанды» десе, Тұй-ұқұқ мәтінінде (2-ескерткіш) «Осы жерге дейін келгендер қиналғанын айтты, бірақ қиналғанын білдірмеді. Тәңірі Ұмай, қасиетті Қара жер мен су бізді қолдады» деп Ұмай

ана бейнесін ашуға көмектеседі», - делінген зерттеушінің  еңбегінде. 

Ана құдай бейнелері мен сюжетті бейнелер көне түріктер өмір сүрген аумақтарда да жиі кездеседі. Қазақ даласынан табылған Баянжүрек, Арпа-Өзен, Ой-Жайлау, Қарасай ескерткіштері де осы сюжетке негізделген. 

Әлем бейнесі, уақыт белгілері және космогондық сюжеттерге қатысты суреттер мен символдар - адамзат өмір бойы айналасын түсінуге, онымен қарым-қатынас жасауға тырысқан. Осыны түсіну үшін адамдар өте ерте заманнан бері уақыт пен әлем құрылымын ұғуға ұмтылды. Өз дүниетанымдары негізінде уақытты белгілейтін белгілер, нышандар, бейнелер ойлап тапқан. 

Көшпелі түркілер де дәл сол сияқты әлемнің құрылымын да өзіндік символдар мен таңбалармен бейнелеуге тырысқан. Көшпелілер өмір сүрген аумақтағы петроглифтерде көбінесе тұяқты жануарлар бейнеленеді. Сонымен қатар, балық пен жылан бейнелері де кездесіп қалады. 

Антропоморфты бейнелер – Көшпелі түркілер тас бетіне адам пішініндегі ерекше бейнелер арқылы антропоморфтандырылған сюжеттер арқылы жеткізуге тырысқан. Оның ең қарапайым мысалы Қазақстандағы Таңбалы тас петроглифтеріндегі күн басты адам бейнесі. Осы сияқты бейнелер көшпелілер өмір сүрген Еуразия құрлығының көптеген бөлігінде кездеседі. Бұл бейнелер негізінен киелі саналған орындарда кездеседі.

Бұл дәуірге тән ескеткіштер: 

Чулуут, Хар-Салаа (Моңғолия), Чатал Хөюк (Түркия), Қаракөл, Қалбақ-Таш (Таулы Алтай); Бижикт-Хая (Тыва), Боярск және Ленск жазбалары (Краснояр өлкесі), Подкамень (Хакасия), Новоромановск петроглифтері (Кемеровск), Харитани I (Солтүстік Кавказ), Баянжүрек, Арпа-Өзен, Ой-Жайлау, Қарасай, Қаратау петроглифтері (Қазақстан). 

Қасиетті адам және аң бейнелері бар ескерткіштер: 

Чулуут, Хар-Салаа (Моңғолия), Окуневск петроглифтері (Тыва), Қалбақташ, Қаракөл, Бешөзек (Таулы Алтай); Тамғалы, Құлжабасы, Қаратау, Баянжүрек, Қойбағар, Ақбауыр (Қазақстан), Чатал-Хөюк (Түркия).

Арба және түрлі қару жарақты жауынгер бейнелері бар  петроглифтер кездеседі. 

Түрлі жануар бейнелері - дала петроглифтерінде төрт түліктің, киелі жануарлар (тотемдік ұғымдар) көп бейнеленген. 

«Дала көшпелілері табиғатпен етене араласқандықтан, ондағы тіршілік иелеріне ерекше мән берген. Олардың негізгі қасиеттерін ерте танып, ерекше бағалаған. Мысалы, батырлықтың символы ретінде: қасқыр (бөрі), арыстан, жолбарыс, аю, қабан сияқты аңдарды таныса; ақыл, қулық, айла символы ретінде: түлкі, тасбақа; ал бейбітшілік пен татулықтың символы ретінде: қой, қарлығаш, көбелек, аққу; ал соғыс символы ретінде: өгіз, жылан, қыран, жылқы бейнелерін қолданған екен. Сол секілді көшпелілер танымындағы бұғы, көк бөрі, өгіз сияқты киелі жануарлар қаншама!

Бөрі танымы көне түріктер заманында ерекше алға шықты. Күлтегін жазбаларында Білге қағанның аузынан «түрік қағанының әскері бөрі сияқты еді, ал жауларының әскері қой сияқты еді...» деген теңеу қолданылады. Бөрі басты байрақ мемлекеттің символы ретінде қолданылды», - деп  көрсетілген ғалымның зерттеулерінде.