Алты арқанға бір серкеш: қазақтың сауда кәсібі
04.07.2024 1874

Біздің бала кезімізде Шағантоғай сахарасында Шәуешектен «алты арқанға бір серкеш» айырбастайтын қазақ саудагері келіп жүрді. Ол кісі сауданы көбірек көктем кезінде жасайтын. Бұл адам кейін келе ауқаттанып байып кетті, сол жерден әйел алып, тұрақтап қалды. Бірақ оның атын жұрт «алты аркан» атап кетті. Нақты аты ел есінен шығып, сол катарда мен де білмеймін, бірақ «алты аркан» десе, білмейтін қазақ жоқ еді.


Қазақ табиғатынан көшпелі халық. Негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Сонымен қатар, егіншілік, балықшылық, аңшылық, орман шаруашылығы және сайда-саттық секілді кәсіптерді де қоса меңгерген. Бүгін біз қазақтың осы сауда-саттық кәсібі туралы сөз етіп көрмекпіз.

 Қазақтардың ішкі сауда қатынасы 

Зерттеушілердің айтуынша, халқымыздың ішкі сауда қатынасы көбінде халықтық сауданың байырғы дәстүрі бойынша жүргізіліп келген. Алайда белгілі бір заңдылықтар, ережелер қағидатын қатаң ұстанған. Яғни белден басу, арсыз пайда деген дүниелер қатаң бақыланған. Белгілі зерттеуші Зейнолла Сәніктің еңбектерінде қазақ халқының сауда кәсібінің ережелері Билер кеңесінің бақылауында болған. «Адамның ер-әйелдің, адам дене мүшелерінің бағасы қазақ Билер кеңесінің – «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және әз-Тәукенің «Жеті жарғысында» белгіленген баға (құн) бойынша атқарылып келген. Сонымен бірге еңбек бағасы, мал бағасы, ат айырбасы... әрі де халықтың байырғы сауда дәстүрі бойынша жұмыс жүргізген», – дейді зерттеуші.

 Сондай-ақ ол өзінің зерттеулерінде сауда-саттық түрін бірнеше түрге бөліп көрсетеді. Енді соған назар аударсақ: 

Алғашқы айырбас 

Адамзат тарихында алғашқы айырбас ымменен жүргізілген. Әркім өзіне қажетті нәрсені қолымен нұсқап көрсетіп, сосын өз қажетінен артық нәрсені ымдап, «мынаны аласың ба» яки «сен ананы берсең, мен мынаны берем» дегенді ишарамен ұғындырып барып саудаласқан. Ондағы айырбасқа түскен нәрселерге нарық-баға қойылмаған. Тек кажетсінуді ғана негіз еткен. «Менікі артық», «сенікі кем» дейтін көзқарас ол кезде пайда болмаған. 

Міне, бұл – ең алғашкы қауымдық қоғамның сауда айырбасы. Бұл дәуірді біздің ата-бабаларымыз да бастан кешкен. Соның сарқыншақтары кейінгі күнге дейін өмір сүрді. Айталық, біреудің сауын сиыры немесе бұт артар көлігі болмады делік, мұндай қолы қысқа жарлы жандар өз қолынан келген бірер сырмағын яки қамшысын бар өнерін салып отырып әдемілеп жасап, оны ауқатты адамның мырзасына немесе еркелеткен баласына «тарту» ретінде апарып «қалау» айтады, яғни сол өзінде жоқ сауын сиыр, бірер мініс көлік қалайды. Қазақ салты бойынша мұндай адамдар өз мырзасының немесе ерке баласының атын атап келген қалаудың меселін қайтармайды, қалағанын береді. «Мынаның құны мынауыңнан артық дегенді аузынан шығармайды, саудаласып та жатпайды. Қалағанын беріп қайтарады. Бұрынғы кезде қазақ арасында мұндай жағдай көп кездесетін. 

Зат айырбасы 

Адамзат қоғамы дамып, кейін келе нарықты, яғни өлшемді айырбас дәрежесіне көтерілді. Онын өлшемі мынадай, мысалы, біреу сойысқа қажеті түсіп, басқа біреуден бір қой қарыз алса, уағдалы кезінде оған қойындай қой қайтарады. Біреу біреуден он шыны астық, ягни бидай алса, сол өзі қарыз алған шынымен уақыты толғанда он шыны астық қайтарады. Мұны да халық арасында парықтайды, егер қарыз алушы шынымен алғанда «сипама шыны» өлшемімен, яғни шынының бетімен бірдей мөлшерде алса, сол «сипама шыны» мөлшерімен қайтарады. Егер «үйме шыны», яғни «сипамадан» көбірек «үйме» болып келсе, сол «үйме шыны» өлшемімен қайтарады. Демек, қандай ыдыспен қарыз алса, сондай ыдыспен қайтару – қазақтың ежелден келе жаткан айырбас өлшемі, әрі көп дау тудырмайтын, біршама ақылға үйлесімді халықтық айырбас өлшемі. Дәл осы сияқты ағаш, темір материалдар және басқа тұтыну бұйымдары мен өндіріс құрал-жабдықтары бәрі дерлік осы өлшем, осы тәртіп бойынша айырбасқа түскен. Тіпті базарларда, калашықтарда жүргізілген айырбас кезінде де көп жағдайда мұндай заттар ақшаға сындырылмай, «затқа-зат айырбасы» деп аталатын жүйесі бойынша жүргізіліп келген. 

Қыр қазағы арасында «бақалшы» немесе «мәліш саудагер» көшпелі саудагерлер болды. Олар ауыл адамдарының күнделікті тұрмысына қажетті айна-тарақ, қасық, қалақ, пышақ, бәкі сияқты ұсақ-түйек дүниелерді қоржынға теңдеп жүріп, ауыл аралап, сауда жасайды. Бұған ауыл адамдары қолында бар жүн-жұрқа, тері-терсек, елтірі, түбіт сияқты заттарын беріп «затқа-зат айырбасы» тәртібі бойынша саудаласып, айырбас жасайды. Мұндайда көбінде бақалшы саудагерлер пайда алады. Осыдан барып қазақ арасында байыған саудагердің талайын көрдік. Қоянды жәрмеңкесінің негізін қалаған атақты көпес Ботов, Шәуешектегі атақты қызыл үйді салдырған Рамазан Шаншиев, т.б. бәрі де – осылай байығандар. 

Біздің бала кезімізде Шағантоғай сахарасында Шәуешектен «алты арқанға бір серкеш» айырбастайтын қазақ саудагері келіп жүрді. Ол кісі сауданы көбірек көктем кезінде жасайтын. Бұл адам кейін келе ауқаттанып байып кетті, сол жерден әйел алып, тұрақтап қалды. Бірақ оның атын жұрт «алты арқан» атап кетті. Нақты аты ел есінен шығып, сол қатарда мен де білмеймін, бірақ «алты арқан» десе, білмейтін қазақ жоқ еді. 

Мал айырбасы

Қазақ билер кеңесінің шешімі бойынша 1885 жылғы Қарамола заңында бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» негізінде мынадай шешім белгіленген:

Маңдайалды түйе - 3 ат немесе 30 қой; 

Орташа түйе - 3 бесті; 

Дөнен атан 2 бесті, бір тай;

Құнан атан- 2 бесті; 

Тайлақ - құлынды бие, 12 қозы;

Бота - бір бесті; 

Бәйге ат - орташа бір түйеден бес түйеге дейін;

Жорға ат - құлынды биеден төрт түйеге дейін; 

Жақсы ат - құлынды биеден бір түйеге дейін; 

Айғыр - құлынды биеден сегіз бестіге дейін; 

Бие: құлындысы 10 қой, құлынсызы - 10 тоқты;

Ат - тоғыз қой:

 Бесті - 7-8 қойға дейін; 

Дөнен - 5-6 қойға дейін; 

Құнан - 4-5 қойға дейін; 

Тай - 3-4 қойға дейін; 

Кұлын - 2 қойға дейін; 

Атан өгіз - 12 қойға дейін;

Бесті яки дөнен өгіз - 4-8 қойға дейін; 

Тайынша - 2 қой.

Қазақ арасында болып жататын мал айырбас саудасы, міне, осылайша, қой өлшемі бойынша жүргізіліп келген. Қалған қалыңмал, айып салу, құнға жығылу (кісі өлімі болғанда) немесе дос болу, түсел түсу, т.б. алыс-беріс кезінде осы өлшем бойынша жұмыс жүргізілген. Мысалы, қалыңмал алу кезінде белгіленетін «бас жақсы» - 90 байтал, «орта жақсы» 60 байтал, «аяқ жақсы» - 40 байтал. Міне, осы баға бойынша жүргізіледі. 

Құн төлейтін кездегі айыптың бас тоғыз (түйе бастатқан), орта тоғыз (ат бастатқан), аяқ тоғыз (дөнен өгіз бастатқан), сондай-ақ ең ауыры – тоқал тоғызға дейін, міне, осы мал өлшемі бойынша атқарылып келген. 

Адам құны 

Қазақ арасында жанжал туып, оның зардабынан адам өлімі келіп шықса, оған айыпкер жақ құн төлеу тәртібі жүргізіліп келген. Құн даугер мен айыпкердің кеңесі бойынша халық билері жағынан кесім жасалады. Кесім бойынша құнға мал төленеді. Қазақта «ердің кұны екі елу» деген тұрақты сөз тіркесі бар, мұның өзі «ердің құны жүз жылқы» деген сөз. Ал төре мен қожаның құны - үш ердің құнымен барабар деп белгіленген қазақ заңында. Бұған кісі өлтірген жақ төлеуге тиісті айып-анжыны қосқанда құн төлеу көп жағдайда сол кісі өлтірген жақты біржола ойсыратып, қара жерге отырғызып кететін жағдайлар тудыратын. «Құн төлегендей құлдырады» деген сөз содан қалған.

Сонымен бірге адамның дене мүшелері зақымданса, онын да өзіндік құны-бағасы болған. Мысалы, ер-азаматтың көзін шығарып жіберсе, ол адамның жарым басы есептеліп, бір азаматтың жарты құнын төлетіп алынған. Әйелдің құны да ердің жарты құнымен барабар. Адамның басқа мүшелерінің де өзіндік кұны болған. 

Енбек құны 

Бұрынғы заманда құл құнсыз деп есептелген. Сондықтан оның еңбегі де иесі үшін құнсыз еңбек болып есептелген. Кейін келе жалшылар тек киімі мен тамағы үшін жалданатын дәрежеге келді. Таяу замандағы біз шетін – жалшының бір айы – бір көрген жалдамалы енбектің кұны серкеш және жаздық киімі мен қыстық киімі байға парыз болды. Одан кейін тағы да бір адым ілгерілеп жалданған жігіттің бір айы бір жуан қойға бағаланып жүрді. Жалпы, қазақ арасында енбек құны қой немесе серкешпен өлшенудін сыртында егін көтерткен, үй салуды көтерткен сияқты көтерме еңбектердің де өзіндік өлшемі болды. 

Осылай деп жазған зерттеуші сөзіне дәлел ретінде өз көзімен көрген жайтты сөз еткен.

«Өз көзімізбен көрген Басбай Шолақұлы жалшыларының айлық еңбегіне «қой-серкеш», яғни бір қой, бір серкеш беретін. Оған қоса жалшының жаздық, қыстық киімі мен тамағы Басекеңе есеп болатын. Сол себепті жалшылар Басекеңнің малын бағуға көп ұмтылатын. Өйткені Басекең жалшыларын «біздің қосшылар» деп атап, өзімен тең санайтын. Еңбегі сіңгендеріне әке орнында құдаласып, әйел алып беретін», – деп көрсетілген зерттеуші Зейнолла Сәніктің еңбектерінде. 

Деректер Зейнолла Сәніктің  «Қазақ этнографиясы» еңбегінен алынды. 7 том.  – Алматы: Ан Арыс баспасы, 2017 жыл.