Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы (ІV бөлім)
28.06.2024 282

1745 жылы Қалдан Серен өлгеннен кейін Жұңғар хандығын алауыздық жайлап, ішкі тұрақсыздық меңдеді. Төрт жыл ішінде үш хан ауысып үлгерді. Бірін-бірі өлтіріп, береке кеткендіктен ақыр соңында қалмақ ақсүйектері мәнжүрден көмек сұрайтын мүшкіл хәлге душар болды. Жұңғар бекзадасының бірі, ойраттың хоит тайпасының көсемі Әмірсана мәнжүр қолтығына кіріп, өзін қолдауын өтінді. 


Қалмақ хандығының құлауы һәм ойрат тұтқынындағы екі қожа

Әмірсананың түп ниеті қалай да хандық билікке жету еді. 1754 жылдың жазында ол жөнелткен елші Бейжің барып, Чиәнлұң қолына Әмірсана аманатын тапсырды. Жұңғар нояны үшбу хатында шүршіттерге толық мойынсұнатындығын уәде етіп, жұңғар даласын бірлікке келтіруге жәрдем сұрады. Чиәнлұң ертеден батысты түбегейлі бағындырғысы келіп жүретін, күтпеген жерден көкейіндегісін тапқан бұл ұсыныс оған майдай жақты.

1755 жылы чиң империясы жұңғарларға ауыз салды. Ішкі бүлікте Әмірсанаға жақтасқан болып, жұңғардың жоралы ханы Дауашыға (Дабачи) соғыс ашты. Оң және сол қанатқа бөлініп шыққан екі қосын сәуір айында Жұңғарияға кірді. Буратал өзенінің аңғарында түйісіп, Ілеге бет түзеді. Үлкен қолдың алдыңғы легіндегі айбынды отрядты Әмірсананың өзі бастады.  Қаптаған шүршіт қолының қара нөсердей төніп келе жатқанын көріп, ойраттың ұсақ рулары егессіз берілді. Дауашы бейбіт келісімге келуге үміттеніп, әлденеше рет елші жібергенмен, онысынан қайран болмады. 

14 мамырда Әмірсана өзі бастаған шеп бұзушы жасағымен Текес өзені бойында қанды қырғын бастады. Ақыры Өртекес тауында Дауашы хан толық талқандалды. Үш жүздей әскерімен Шаты асуынан асып, Дауашы Шығыс Түркістанның күнгейіне, Үштұрпанға қашты. Мұнда Қожасты қара тұтып келді.

Қожас Дауашы тағайындаған Үштұрпанның қала бегі еді. Әміршісі алдына келгенде аянып қалмады. Қонағын құшақ жая қарсы алып, ас-суын беріп, асты-үстіне түсті. Бірақ бұл оның айласы болатын. Қожастың тәтті тіліне сеніп, қалмақ қоңтайшысы 8 шілдеде қапияда торға түсті. Үштұрпан ұлығы түнде қамсыз жатқан ханды тұтқиылдан тұтқындап, Текестегі Чиң ұлықтарына тапсырды. Жұңғар хандығы құлады.

Осы еңбегі үшін Қожас мәнжүр патшасынан уаң (хан) мансабын алды. Лауазымы өзі өлгеннен кейін тұқым-тұқиянына жалғасты. 

Қалмақ тұтқындығындағы екеу

Мәнжүр әскері Жұңғар хандығын құлатқанда Іледе тұтқында жүрген ақтаулық қожалар, Мұхаммедтің екі ұлы Бұрһан ал-дин мен Жаһан басына бостандық алды. Екеуі Іледе кепілде ұсталған Ахметтің немерелері (Әппақ қожаның шөберелері) болатын. Тәңіртаудың теріскейінде, ойрат ортасында туған қожалар қалмақтан азаттық алған бетте бірден Чиң патшасына бағыныштылығын білдірді. 

Інісі Жаһан Іледе қалып, Қалдан қонтайшы егін салдыруға күштеп көшіріп әкелген тараншыларға бас-көз болатын болды. Ал ағасы Бұрһан ал-дин мәнжүр ордасына барып, Чиәнлүң патшаға адалдығын білдіруді жөн санады. Ондағы ойы императорға жолығып, атаға тән бұрынғы бақ-дәулет пен мирасқа қайта ие болғысы келді. Ағайынды екеудің бірін көзден таса қылмай Іледе ұстау Чиң үкіметінің де ішкі есебі-тін. Олар бұдан бас тарта алмады. Бір кепілден босап, екінші ноқтаға басын сұқты. 

Ақсудан келген арзу хат

Үлкен қожа сапарға аттанғалы жатқан мезетте Ақсудан шұғыл хабар жетті. Хат Ақсу бегі Әбдіуақаптан (Дауашыны тұтқынға алып, Іле ұлығына әкеліп тапсырған Үштұрпан бегі Қожастың ағасы) келіп еді. Чиң әскерінің Іледегі қолбасшысы Бәнди адресатына жолданған хаттан Қашқар, Яркендтегі қаратаулықтардың көтеріліске әзірленіп жатқаны мәлім болды. Исхақиялықтардың көздегені Ақсу, Үштұрпан болғандықтан Әбдіуақап Бәндиден қол жіберіп, көмектесуін өтінді. Осыбір үмітті хатта тағы бір тілек бар-ды. Әбдіуақап бек тұтқыннан жаңа босаған Әппақ шөберелерінің оралғанын қалайтынын ілтипатпен жеткізді. 

Шынтуайтында, Әбдіуақап бектің сағынышын суара жазған соңғы тілегінде құрметтен гөрі жеке мүддесі басым болатын. Қашқар, Яркендтте билікке ие болып отырған қаратаулықтар бері қол бастап келсе, ең алдымен нысанаға өзі ілігеді. Ол ағайынды екеудің ақсүйек тегі, діни беделі бұл қауіптен құтқарады деп болжады. Жеңіске жетпеген күннің өзінде, тізгінді Әппақ тұқымы алса, өзі істікке шаншылмай аман қалмақ. 

Тұтас Шығыс Түркістанның оңтүстігін екі үлкен алып қабырға тау – Тәңіртау мен Күнлүн қоршаған. Екі таудың ортасы – ұланғайыр Тарым ойпаты, ал ойпаттың дені – Такламакан шөлі. Сондықтан мұндағы тіршілік Тәңіртау мен Күнлүннің етегінде, ойпаттың таумен жиектескен жасыл алқабында. Ойпатты айнала, жасыл сілемде жеті үлкен шаһар бой көтерді. Олар күнгейден теріскейге қарай: Хотан, Яркенд, Жаңашәр (Иңисар), Қашқар, Үштұрпан, Кушар, Ақсу. Әбдіуақап әкімдік еткен Асу – Тарым ойпатының теріскейіндегі қала. Шығыс Түркістан оңтүстігінің Жетішәр немесе Алтышәр аталатын себебі осы қалалардың санына байланысты. Бұған кейіннен күншығыстағы Қарашәр мен Тұрфан да қосылды. 19 ғасыр ортасында құрылған Жетішәр мемлекеті (Әппақтың тұқымы Бұзырық хандығы яки Яқұпбек әмірлігі) осы жеті қаланың жиынтығынан туған ұғым. Жеті қаланың теріскейіндегі үшеуі, яғни Қашқарға дейінгі Кушар, Ақсу, Үштұрпан ақтаулықтар ықпал аймағы саналып, Қашқардан бастап оңтүстіктегі қалаларға (Қашқар, Жаңашәр, Яркенд, Хотан) қаратаулықтар үкім жүргізді. 

Қашқар ханы хазірет Юсуп жұңғар мен шүршіт қан майданда кескілесіп жатқанда-ақ қырғыздардан ат-көлік сатып алып, соғыс әзірлігін көре бастады. Жұңғардың туы жығылғанда бодандық ажырғысын қайтып кимеуге бекінді. Юсуп хан солтүстіктегі ажырап тұрған Үштұрпан, Ақсу жаққа көз тікті. Ақсу бегі Әбдіуақаптың Бәндиден көмек тілеп, әрі ағайынды Бұрһан мен Жаһанды аттай қалауының сыры осы еді. 

Үштұрпан шайқасы

Бұрһан ал-дин Ақсуға аттанғанда Әппақтың тұқымы келе жатыр деп қала халқы есігін айқара ашты. Бұқара Бұрһанды қошаметпен қарсы алды. Мұхаммедтің ұлы ел ықыласына бөленіп, көп қолпашына көңіл семіртіп жүрген мезетте Ақсуға елші келді. Бұл келген Абдолла мен Жиһан қожалардың үндеуін ала жеткен өкіл еді. Яркендтіктер ақтаулықтарды соғыссыз беріліп, аға-бауыр болып бас біріктіріп, кәпірлерге ғазауат соғысын жариялауға шақырыпты. Яркенд хандығының Ақсуға бірден жорық жасамауында бір себеп бар-ды. Шайқасқа шығар алдында Яркенд ханы Юсуп кенеттен көз жұмды. Әке орнына баласы Абдолла хан сайланды. Алайда іс жүзіндегі билік Юсуп ханның ең үлкен ағасы Жиһан қожаның уысына түсті. Яркендтіктер Ақсуды өз ықтиярымен соғыссыз қаратпақшы болды. 

Бұрхан ал-дин елшінің алып келген тілегін кері қайырды. Қашқар, Яркендті нақақ қан төкпей, өздерімен бір тудың астына жиналуға үндеді. Бір-біріне үндеу тастап, нақақ қан төкпеу, ғазауат соғысын ашу секілді жанды жерге тиерлік ұрандар алға шыққанымен, ешкім де ери қоймады, ере қоймады. Ақыры өзін үстем санап, ымыраға келе алмаған қос тарап Үштұрпан даласында соғысуға сап түзеді. 

Соғыс тәмамдалды. Қорғаныстағы ақтаулықтар «жауын» тойтарып, Абдолла мен Жиһан жасағы жеңілді. Қалдық күшін алып қаратаулықтар кері қайтты. Туғаннан тұтқын өмірде, мырза қамақта өскен Бұрһанды бұл жеңісі айрықша қанаттандырды. Сенімі ұлғайып, сөзі нықтала түсті. Қараша халық та оның есімін аңыздармен өріп, киелендірді. Жеңісінен шабыт алған Бұрһан бекініс позициясын өзгертіп, ырықты ұрысқа ойысты. Әскерін тәртіптеп, Үштұрпаннан Қашқарға аттанды. 

Әмірсананың сағым арманы 

Шығыс Түркістанның оңтүстік бөлігінде соғыс қыза түскен уақытта солтүстік өлкеде мүлдем күтпеген оқиға жүз берді. Әмірсана әуелгі ойынан айнып, шүршітке қарсы көтеріліске шықты. Чиәнлұң Әмірсананы бүлікке бара қояды деп күтпеді. Сондықтан Іледе бес жүздей шерік, Үрімжіде аз жасақ қалдырып, қосынның негізгі бөлігі кері қайтқан. Бұл уақытта Баркөлден асып, Шығыс Түркістан шегінен шығып кеткен-ді. 

1755 жылы қыркүйекте Әмірсана шағын жасағымен қалқалардың батыс шекарасына жетті. Шекара күзеткен шүршіттерге шабуыл жасап, артынша Жұңғарияға кетіп қалды. Оның кеудесіне қонақтаған ой Жұңғар хандығының туын қайта желбіретіп, алапатын арттыру еді. Әмірсана әу бастан осыны көздеді. Дауашыны қолды еткеннен кейін Чиәнлүң ойрат билігін өзіме ұстатады деп дәмеленді. Алайда үміті селге кетіп, дәмесі адыра қалды. Чиәнлүң ішкі тартыста мұны жақтағанмен, Дауашының шаруасын шешкен соң, хандық таққа Әмірсананы отырғыза қоймады. Керісінше, ойраттың орталық билігін ыдыратып, билікті үш тайпаға үлестірді. Атап айтқанда, хошот, дербет, хоит билікке ие болып, шорос тұлдыр қалды. Әмірсанаға бар болғаны өзінің хоит тайпасының көсемдігі ғана тиді. Бұрын орталық бір ханға бағынған ойраттар енді бір-бірінен тәуелсіз, Чиәнлұңға тіке қарасты жеке тайпаларға айналды. Осылайша Әмірсананың Жұңғар хандығына қонтайшы болсам деген арманының күл-талқаны шықты.

Шорос – Жұңғар хандығын құрайтын төрт ойраттың іргелісі. Қалмақ ханы осы шоростан шығатын. Ойраттың хан сайлау жосынында шоростың ел билеуі сүйекпен біте қайнасқан ата салтқа айналған. Шоростың ханы үлкен хан саналып, қалған үшеуіне талассыз әмірлік ететін. Осының бәрін таразылап, оң-солын аудара қарап, ақтара тексергенде мәнжүр ордасы Әмірсанаға тек хоиттың ханы деген куәлік қағазын жіберді. Әмірсана бір-ақ күнде батырдан шүршітті бастап келіп, хандықтың ойранын шығарған сатқынға айналды. Осыдан барып сан соғып қалған Әмірсана батыс шекарадағы шүршіт шеріктерін түгел қырып салған. Оны іштегі ыза мен кек солай істетті. 

Әмірсананың көтерілісіне төрт ойраттың бәрі ниеттес бола қойған жоқ. Дауашының жақтастары Әмірсананың кек алуынан қаймықса, кейбір ақсүйек топтар мен сүйекті рулар оның шыққан тегін төмен санап, еруден бас тартты. Ал жақтас рулар мен ниеттес ақсүйектер Әмірсананы хан деп жариялады. Шүршіт әскерімен Әмірсана арасында бірнеше дүркін шайқас жүрді. 

1756 жылдың жазы, Чиң патшалығы үлкен қосыны таяған қарсаңда Әмірсана Қазақ жеріне өтіп кетті. Тамызда Абылай ханнан қашқынды қайтаруды талап етіп, қазақ қосыны мен шүршіт арасында қақтығыс туды. 

Алтышәрге талас: қаратаулықтарды тақтан тайдыру 

Бұрһан ал-дин қожа Ақсудан кейін Қашқарды да еш қиындықсыз алды. Қаланың тез берілерін өзі де ойламады. Әппақтың ұрқынан болғанымен, Бұрһан Іледе туған. Сондықтан Қашқар туралы түсінігі күңгірттеу-тін. Қашқардың атасы Әппақтың қазық қаққан, ишқияның от жаққан жері екенін білсе де, арада талай жыл өткендіктен халқының ықыласы ауа қоярына жіп таға алмаған. Енді міне, Қашқарға таяғанда ол басқа жағдайға куә болды. Қаратаулықтар ықпалына тұрғаны болмаса, қаладан ақтаулықтардың тамыры әлі де үзіле қоймапты. Бұрһан Қашқарға қарай бет алды дегеннен қашқарлықтар қаладан ұрланып шығып, бұған қосыла бастады. Бара-бара ашық-әшкере қарсылауға шыққандардың нөпірі көбейді. Қашқар ханы Абдолла қарашасының көңіл ауаны өзінен ауғанын ұқты. Қаланы тастап қашудан басқа жол жабылғанын аңғарды. Абдолла хандықты иен қалдырып, Яркендтке бас сауғалады. Ал хан қасында жүрген ақсүйектер бірден Бұрһан ал-дин қожаға ауып түсті. 

Абдолланың қашып келгені әрі Қашқар халқының одан бет бұрғаны Яркенд бегін уайымға шөктірді. Әп-сәтте қорқыныш, үрей, сенімсіздік, сатқындық секілді сезімдер бойын шарпып, тоңазып кетті. Іштей бұл да қашқысы келді. Абдолла секілді қорғансыз күйге түсуден қорықты. Ол немере інісінің хан екенін көлденең тартып, қала тізгінін толықтай тапсырып, өзі меккеге қажылыққа аттанып кету жоспарын құрды. Бірақ маңайындағы қолпаштаушы ақсүйектер райынан қайтарды. Сөйтіп, шегінерге жолы қалмаған Жиһан лажысыз ұрыс дайындығына шұғыл кірісті. Ауыл-қыстақтардан әскерге адам топтап, қосынын тәртіптеді.

Үштұрпан мен Қашқарға күткеннен де оңай қол жеткізген Бұрһан кеңесшілерінің ақыл қосуымен көп кешікпей Яркендтке жорыққа шықты. Қашқар секілді емес, Яркендте едәуір қарсылыққа тап болды. Қала әзелден қаратаулықтар тұғыры еді. Сондықтан қала халқының өзі де шәрдің ақтаулықтар шылауына түспеуіне жанын салды. Екі мәрте атой салса да Бұрһан қала қақпасын бұзып кіре алмады. Қамал сыртында іркілді. Ақтаулық пен қаратаулықтар бекіністің іші-сыртында бірін-бірі ала алмай аңдысып жатқан мезгілде Ілеге ие болған Әмірсананың Бұрһан ал-динге аттандырған елшісі келіп жетті. Жұңғар ханы хатында ортақ одақ құрып, Чиң билігіне бірігіп қарсы тұруды ұсыныпты. Бұрһан ал-дин тараншыларға ие болып, Құлжада қалған інісі Жаһанның Әмірсана жағына шыққанын білді. 

Хатты оқып біткен бойда Бұрһан қожа Ақсудан бері  жанында бірге келе жатқан чиң қолбасшысы Торынтайды тұтқындады. Қас-қағым сәтте Бұрһан өте сәтті шешім шығарды. Бұл әрекетінің дұрыстығы кейінгі жағдаймен де расталды. Ең әуелі, Торынтайды елші көзінше тұтқындап, Әмірсанамен ойының үндестігін аңғартты. Екіншіден, Торынтайды  қамауға алса да, өлтіріп яки елшіге қосып айдатып жібермеуімен Чиң үкіметімен қатынасын тұйыққа тіремеді. Болашақ келіссөзге жол қалдырды. 

Бұрһан Абдолла мен Жиһан қожаларға хат жіберіп, тағы да шарпысып көрді. Әйткенмен екі жақ та бір-біріне мойынсұна алмады. «Маған илік» деген өктем пиғылдан төменшіктемеді. Яркендті қалай аларын білмей дағдарып тұрғанда сәтінде Бұрһанға қала ішінен белгісіз біреу келіп жолықты. Бұл әлдебір бектің құпия «сәлемін» ала келген хабаршы еді. Оның айтуымен қорған ішінің жайы ашыққа шықты. Қалада кәпірлерге қарсы ғазауат соғысы жарияланып, жеті жастан бастап жетпістегі қарияға дейін түгел жұмылдырылыпты. Құпия хабаршының Бұрһанға жеткізген маңызды ұсынысы: қалаға араға күн салып барып шабуылдаса, бекініс ішінен бектің де көтеріліс бастауға дайын екенін айтты. Бұрһан қожа терең ойланды. Беймәлім бектің шын ниеттес әлде шырғалаған әзәзіл екенін болжай алмай екіұдай күй кешті. Әралуан  сұраулардың тұтқынына айналып, дағдарды. Сөйтсе де бектің айтқанын істеуге бел буды. 

Бұл құпия хабаршыны жіберген адам Яркендтің қазылық істерін жүргізетін бегі еді. Жаны мұрнының ұшына келген Жиһан жан-жағынан сатқын, айналасынан опасыз іздеп, әркімнің соңына шам алып түскен. Табан астында өлімге бұйырыларынан қауіптеніп қазы бегінің Бұрһанға кісі жіберген беті екен бұл. 

Құпия хаттағы тілекке сай бір күн кешеуілдеп шабуылдаған Бұрһанға іштегі бас көтерген топтың көмегі тиіп, қала қақпасы ашылды. Яркенд әмірі отбасын алып, тауға қашты. Кейбір деректерге қарағанда Абдолла өзі және Жиһанның  бала-шағасын алып Әндіжан жаққа өтіп кеткен деседі. Ал ажалы жеткен Жиһан Бұрһан қолынан қаза тапты. Яркендті бағындыруымен Бұрһан ал-дин Тарым даласының тұтас билігіне қол жеткізіп, тізгін тағы да Әппақ қожа әулетіне ауды. Осыдан барып қаратаулықтардың басынан бақ тайып, базары тарқады. Кейбір дүдәмалдау дерек көздері Әндіжан өңірінде бертінге таяу екі жүздей қаратаулық өмір сүрді, бұл Абдолла мен Жиһаннан қалған ұрпақ деседі. Бұған кесіп айтар уәжіміз кем. Бірақ Бұрһанның Алтышәрді алуымен қаратаулықтардың билікттен шеттетіліп, тарих сахнасынан көмескіленгені рас-ты. 

Кушарда құрылған қақпан 

Ілеге келген шүршіт әскерінің қарасы қалың еді. Ұзақ уақыт үнсіз қалуға болмайтынын болжаған ағайынды екі қожа 1756 жылы Ілеге елші аттандырып, Чиң патшалығына басыбайлы бағынышты екенін тағы да аңдатты. Елші тобына баяғыда Яркендте тұтқындаған қолбасшы Торынтайды қоса жіберді. Торынтайдың дін аман келуі Іледегі чиң ұлықтарының алаңын азайтты. Әсірсана «бүлігін» басуға міндеттенген Чиң әскерін Далданға генерал басқарып, Хадаха мен Жаухүй қос қанаттан демеген. Торынтайдың оралуымен дутұң орынбасары лауазымындағы Жаухүй қоластындағы моңғол сардарбегі Әминдауды зайсан-солаңымен қосып, Алтышәріге аттандырды. Бұлардың мойнына Бұрһан ал-дин мен Жаһанның бодандығын ресми қабылдап, шәр бектерін тағайындау жүктелді. Оған қоса ұйғырлардың жан саны есебін жүргізіп, алынатын алман-салық мөлшерін анықтау тапсырылды. Іленің шығысына егін егуге келетін тараншыларды желтоқсан айынан кешіктірмей ұйымдастыру да ұмыт қалмады.    

1756 жылдың қыркүйегінде Әминдау үш мыңдай жасағын бастап, Байынбұлақ жазығымен Кушарға жетті. Оның жанында Іледен ерген екі ұйғыр бегі: Әди мен Гадаймұт бар еді. Олар қалаға таяғанда Мырза Әди бек жақындарынан үш адамның қастандыққа ұшырағанынан хабар тапты. 

Әди бек – Кушарда аса беделді һәм ықпалы тұлға-тын. Ол «адалдығымен» Чиң үкіметінің айрықша сеніміне ие болды. Соның арқасында кейіннен Шығыс Түркістандағы Чиәнлұң тағайындаған жергілікті сегіз ханның біріне айналды. Тарих бетінен Кушар хандығының бетін ашты. Бұл хандық өңір ауқымында Құмыл мен Тұрпаннан соңғы ірі хандық саналды. Жұңғар басып алған мерзімде Әди өзге ірі ұйғыр феодалдары секілді Ілеге көшіріліп, сонда қоластындағы бұқарасына егін егуге жауапты болды. Жұңғар аударылғаннан кейін Чиң үкіметінің бодандығын қабылдап, Кушарға қайтып оралды. Әди қаратаулық сопы сойынан-ды. Сондықтан Жаһан Алтышәр хандығының туын тіккенде бұл оның сапына қосылмады. Чиң үкіметіне адалдығын тағы бір мәрте әйгілеп, 13 жасар ұлы Османды ертіп, Ілеге кетті. Іледен Әминдауға еріп келген беті осы болатын. 

Отбасының өлтірілгенін көрген Әди бір сұмдықтың болғанын бірден білді. Кушарда оған қарсы келіп, бетіне тіке қарайтындай пенде жоқ-тын. Әди мен Гадаймұт бұл сұмдықты Бұрһан мен Жаһан қожалар істегенін, қала солар  қолына өткенін ұқты. 

Әминдаудың осы келгенінде жанында солаң және қалмақтан жасақталған үш мыңдай жасағы бар еді. Мұздай қаруланған қалың қолды көрген Кушар бегі қамал қақпасын тарс бекітіп, ашудан үзілді-кесілді бас тартты. Қала тізгіні бұл кезде жұңғар қонтайшысы Дауашыны алдап соққан Үштұрпан бегі Қожастың үлкен ұлы Құдайбердінің қолында екен. Құдайберді Әминдауға уәжін айтып ақталды: 

– Біз қалмақтан көп теперіш көрдік. Үрейіміз әлі сейілмеген. Қалаға қалмақ жасақтары кірсе, ел қорқып, бұқара дүрлігеді, тыныштықтан айырыламыз. Халық босып кетпеу үшін жұңғар қосыны кіргенін қаламаймыз, – деді. 

Әминдау Құдайбердінің айтқанына иланды. Төменшіктеп, қолын кеудесіне қойып, биязы үнмен, бипаздап сөйлеген елшінің сөзінен ешқандай бөтендік байқалмады. Әминдау қалмақ қосынын кері қайтарып, тек солаңдардан құралған жүздей шерігімен жеке-дара қалаға кірді. Әди мен Гадаймұттың Әминдауға еруге жүрегі дауаламады. Қалаға кірмей, қосынмен кері Ілеге қайтты. 

Жаухүй Әминдаудың Кушарға жүз сардарымен енгенін екінші айда, яғни 1756 жылдың қазанында естіді. Іледегі қолбасшы генералдар болған жайды баяндап, Чиәнлұң патшаға хабар берді. Ағайынды екі қожаның түп ниеті күмәнді екенін айтып, қатаң пәрмен беруін күтті. Бірақ императордың есіл-дерті Әірсана болғандықтан Бұрһан ал-дин мен Жаһан қожаларға соншалықты назар аудара қоймады. Әуелі Әмірсананың көзі жойылса, ол екеуінің шаруасы қашпас деген бейқам сыңай танытты. Дәл осы самарқау пиғыл ағайынды қожаларға ес жиып, еңсе тіктеуге мұрсат берді. Сахара төсінде тағы киіктей жортып, бірде олай, бірде бұлай жылыстап қашып, сарсаңға салған Әмірсана әлегімен де Бұрһан мен Жаһан уақыт ұтты. 

Жаһан қожадан «Батыр ханға» айналу 

Бұрһан ал-дин есімі Алтышәр атырабына тегіс таралып жатқан уақытта теріскей өлкеге Чиң патшалығының қалың қолы қайта оралды. Әмірсана Абылайды ықтап, қазақ даласын паналады. Бұрхан ал-диннің інісі Жаһан қожа Ілені тастап, тараншылардан құралған қосынмен оңтүстікті бетке алды. 

Басына бостандық тиген екеудің ағасына қарағанда інісі Жаһан қожа анағұрлым жүректі әрі шешімтал болып шықты. Ол ағасының «әліптің артын бағайық» деген кеңесіне құлақ асып, мойын бұрмады. Шүршіт пен қалмақтың қырқысып жатқан оңтайлы сәтінде орда тігіп, орнығып алуды көздеді. Бұл уақыттан ұзап кетсе, қайтып табан тіреу қиындап, алтын кезеңнен айырылып қалам ба деп асықты. Жаһан қожа мейлінше шапшаң және батыл шешімдерге барды. Өзіне бақталас әрі қауіп төндіретін шағатай ұлысы хандарының тұқымдары мен елге айтқанын өткізетін жергілікті қожаларды астыртын өлтірді. Артынша жеке хандық құрылғанын жар шашып, өзін «Батыр хан» деп жариялады. 

Хандық құрылғаннан кейін Жаһан қожа күшін нықтауға кірісті. Әуелгі кезекте сенімді шаһар бектерін тағайындауға ден қойды. Айтқанынан шықпайтын көнбіс адамдарды сұрыптады. Кейбір «тісі батпайтын» жуандарына айлаға барды.  Ол, әсіресе, Ақсу, Үштұрпан бектерінен қаймықты. Бұрыннан тамырын жайған, жергілікті өңірде қапысыз төреге айналған ағайынды Қожас пен Әбдіуақаптан секемденді. Мүлдем тұлдыр қалдыруға именіп, Үштұрпан бегі Қожасты Хотан шәрін басқаруға тағайындады. Ақсудың әкімі Әбдіуақапты Яркенд қаласының тізгінін ұстауға алдырды. Сөйтіп ағалы-інілі екеуін де теріскейден оңтүстікке «жер аударды». Ал Қожастың бір ұлы Мұзафар Үштұрпанға, екінші ұлы Әбсаттар Ақсуға бек болды. Шындап келгенде, Қожастың өзі де Хотанға бек болып жарытпады. Көзден бір елі таса қылмау үшін Жаһан оны өзінің қасында ұстады. Ағайынды екеу: Қожас пен Әбдіуақап Жаһанға бағынбауға, шақырғанда бармауға жүрексінді. Себебі Батыр хан өзінен жалтарып, шүршіттер құшағына құлаған бектерді жөніне қалдырмады. Кушар бегі Әди мен Бай кентінің бегі Гадаймұт Жаһан қожадан іргесін аулақ салып, Чиң генералына берілген болатын. Жаһан бұл екеуінен билігін тартып алды. Олар Ілені ықтап кетті. Бірақ Жаһанның мұндай қатал мінезі мен қатты шеңгелі бірқатар бектердің одан теріс айналуына әкелді. Олар қоңсы қырғыздармен жақындаса бастады. 

Әкесі Қожас Батыр ханның «тұтқынындағы» бекке айналғандықтан Әминдау Кушарға келгенде Құдайбердінің қаланың қақпасын тарс жауып алып, чиң әскеріне айла жасауының бір жөні осындай шарасыздықтан еді. 

1757 жылы наурызға жеткенде Жаһан қожа алдында тұрған көлденең күштерді толық тазалап, билігін толық қамтамасыз етті. Бұрынғы иелігіне қоса Қарашәрден оңтүстікке қарайғы Тарым ойпатының батыс алабы да оған бағынды.   

Құдайбердінің тұтқынды қашыруы

Теріскей тарапта Әмірсананы ұстай алмаған мәнжүр әскері күз мезгілінде біртіндеп шегінді. Бір бөлігі шығысқа қарай жүрдек жүріп, Баркөл барып тоқтады. Іледе бес жүз шақты әскермен қосты күзетіп Жаухүй қалды. Негізгі қосынның үлкен бөлігі қалқалардың бүлігін басуға Ұластайға қарай суыт аттанды. Тәңіртаудың теріскей бетінде чиң әскері жоқ есебінде болды. Қараша айында Чиәнлүң жарлығымен шорос қонтайжысы болып тағайындалған Қалдан Доржы және хоит қонтайжысы Баяр көтеріліс жасауға келісті. Жаухүй бес жүзден аса шерігімен Іледен шығысқа қарай шегініп, Шиху, Үрімжі қатарлы бірнеше қалаларда жұңғармен дүркін-дүркін шайқасты. Ақыры өлмелі хәлде келер жылы, яғни 1757 жылдың ақпанында Баркөлге тұяқ іліктірді. 

Әмірсана қайтадан Жұңғарияға оралды. Чиң ордасы солтүстік Тәңіртау алабына бақылауын жоғалтты. Ілені тастап, жұңғардан «жеңіле қашқан» шүршіттің жайын Жаһан да жіті бақылап отырды. Ол Чиң патшалығы Шығыс Түркістанда бүдан былай табан тіреп тұра алмайды деп топшылады. Ендігәрі шүршітпен маймөңкелесіп, қабағына қарап, ығына жығылып, кіріптарлықпен сөйлесуді қажетсіз деп шешті. Содан барып қолында көзірге ұстап отырған Әминдау оған кересіз болып қалды.  

«Батыр хан» Әминдауды өлтіруге бұйрық берді. Құдайберді бек екі оттың ортасында қалғандай күй кешті. Қолындағы сардарбегін өлтірсе, алдағы күн шүршіт қайта қарымтаға шықса, «жазалы» болмақ. Ал бұйрықты орындамай тірі қалдырса, Жаһан қожаның кәріне ілікпек. Тіпті, өшіккен хан әкесін өлтіруге баруы мүмкін. Арыстаннан құтылып, жолбарысқа тұтылу табан астында тұрды. Кушар хәкімі дағдарып, амал іздеп әуреге түсті. Сөйтіп ақыры өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын бір әдіске баруға бел буды.

1757 жылы наурызда Құдайберді бек тұтқындағы Әминдауға астыртын «төңкеріс» ұйымдастырып, қашуға «тапсырма» берді. Қашып құтылмаса, өлім құшатынын тұтқын да қапысыз түйсінді. Қала бегінің жасырын көмегіне сүйеніп, Әминдау түнде астыртын бүлік шығарды. Отыздай қарауыл жасағын жайратып, қамалдан сытылып шықты. Бірақ ат-көлігі жоқ қашқындар жаяу-жалпылап ұзаққа бара қоюы неғайбыл-ды. Құдайберді болған жайды баяндап, дереу «Батыр ханға» кісі аттандырды. Жаһан қожаның үш жүздей қуғыншы әскері қашқандар ізіне түсті. Әминдау бәрібір құтыла алмады. Жаһан ханның суыт жүрісті әрі көлікті жасағы жаяу қашақтарды қуып жетіп, түгелдей көзін жойды. Әминдау жүз шерігімен өлім құшты. 

Әминдаудың көзі құрығанын Жаухүй сәуір айында естіді. Бірақ императордың пәрмені негізгі күшті Әмірсананы ұстауға бағыттау болғандықтан суырылып шығып, оңтүсікке жорық бастай алмады. Тек бармағын тістеп, ішінен Әмірсананың қолға түсуін тіледі. Қол бастап Жаһанға аттанатын күн туғанын аңсады. 

Чиң императоры ағайынды екеудің көтерілісін соншалықты қаперіне алмады. Чиәнлұңның «ұйқысын» қашырған Әмірсана еді. Уақыт ұзаған сайын көтеріліс ауқымының ұлғаюынан мазасызданды. Төрт ойраттың түгел бас біріктіруінен сескенді. Шашыранды жұңғардың қайта тіл табысып, сөнуге сәл қалған қоламтаның шыт жаңа маздауынан қорықты. Бұл алаңдармен бірге император Әмірсананың Ресеймен тамыр болуынан үрейленді. Бұның қасында терістігі Тәңіртау, оңтүстігі Күнлүн, батысы Үндіқұс, шығысы Чиңхайдың иен даласымен шектесіп, айнала «қоршаудың» ортасында қалған Алтышәр хандығы оның қабағына титтей де кірбің түсірген жоқ. Уақытын күткен кезекті мәселе ретінде қарады.  

Әмірсана өлімі

1757 жылы маусымда чиң әскері үшінші рет Ілеге кірді. Әмірсана қыран құстан қашқан даланың қызыл түлкісіндей бұлаңға басты. Шүршіт қолбасшысы өкшелеп келіп, енді қармадым дегенде тағы да қазақ жеріне асып кетті. Ескі «досы» Абылайды барып паналады. Чиң әскері қатал келіп, алмай қайтпайтын адуын мінез танытқаннан кейін Абылай қажетсіз ұрыстан елін арашалап, Әмірсананы Сібірге қашырып жіберді. 1757 жылы қыркүйекте Әмірсана Ресей жерінде шешек тиіп, көз жұмды. Жауының өлгеніне сенбей, сүйегін сұрап Чиң тарапы жыл бойы Ресеймен келіссөзге барса да, мүрде шүршіттерге берілмеді. Сонымен көзі жойылғанына иланған Чиәнлұң да Әмірсананы ұмытты. Чиң мемлекетінің бас ауруына айналған жұңғар мәселесі түбегейлі шешілді.

Кушар шайқасы

Әмірсананың індеттен көз жұмуы чиң әскерінің назарын оңтүстікке аударды. Жаһан қожаны тез әлсіретіп, бірден жуасыту үшін шүршіт ордасының көзі оның ағасы Бұрһан ал-динге түсті. Қалай болғанда да сексеуілді сексеуілге ұрып сындыру ең тиімді әдіс-тін. Оның үстіне Бұрһан қожа әу бастан өзінің икемге көнгіш, көнбістігін танытты. Жуас болмысы мен «ләппай тақсыр» мінезі, қарсыласу пиғылының жоқтығы – бәрі оның лайықты таңдау екенін паш етті. 

Ақпанда Ярхашан, Ханиңа, Баркөл отрядының жасауылбасы Әйлұңы, тұрпандық Имин қожа және басқа да қажетті адамдарды сайлап, оңтүстікке аттандырды. Бұл топқа өз өтінішімен 100 адамдық жасақ шығарып, құмылдық Юсуп бек те қосылды. Бұрынғы Кушар бегі Әди, Гадаймұт, Сатыбалды секілді Жаһанмен арасы суық ақсүйектер де өз ынтасымен сапқа бірікті. Сонымен 41 лауазымды бек бастаған 8000 адамдық қосын Тұрпаннан батысты бетке алып, сәуірдің ортасында Қарашәріге келді. Бұның ішінде 450 солаңнан тұратын шеп бұзушы отряд, 400 адамдық мұсылман отряды, 800 адамдық  қалмақ отряды секілді жеке ұлттардан құралған жасақтар да болды.  

Имин қожа арнайы істер өкілі болып белгіленді. Имин бек Тұрпан хандығының болашақ ханы еді. Чиәнлұң патша өзі бекіткен сегіз хандықтың ішінде екінші аталатыны осы Тұрпан хандығы. Құмыл мен Тұрпан хандықтарының ізашар билеушілері Ұбайдолла мен Имин Чиң үкіметіне ерте беріліп, «адалдығын» танытқандықтан оларға ваң (хан) лауазымы ұсынылды. Бұл қатарға үшінші хан болып Әди бек те қосылды. Бұлардың бәрі ағайынды қожа көтерілісін жаншып, Алтышәр хандығын құлатудағы «еңбегімен» сүйкімі артты. Сол үшін әрқайсысы жеке өз отауларында «хандық» құрды. 

1758 жылы 7 маусымда Ярхашан қол бастап, Кушарды қоршады. Жаһан хан Әбдікәрім бекке сенім артып, қаланы берілмей қорғауды тапсырды. Шайқас басталмай тұрып Чиң қолбасшысының орынбасары Шұндана кушарлықтарға берілуді талап етті. Шұндананың бұл ұсынысынан соң қала бегі Яркендтегі Жаһан ханның мақұлдауынсыз шеше алмайтынын айтып, жазбаша хат пен 5 күн мерзім сұрады. Бұған келіскен Ярхашан хатты тапсыруға үш кісісін: бұрын Қарашәрдің бегі болған қаратаулық Тоқтыны, Маиыңды мен хатшы Гуәнжуды жіберді. Әбдікәрім тарапы да бір адамын шығарды. Екі жақ хат алысып-берісіп жатқанда бекініс ішінен жиырма шақты әскер шығып, үш адамды барымталап алып кетті. Ярхашан дереу қалаға шабуылдауды бұйырды.  

Кушар қамалының қабырғалары топырақтан қаланғанымен өте берік болып шықты. Үш-төрт сағат атқыласа да Чиң қосынындағы ескі зеңбіректер қамал қабырғасын қирата алмады. Кушар бекінісінің қорғанысына мұсылман әскерінен бөлек, баяғыда Бұрһан ал-дин тұтқындған Торынтайдан қалған сегіз жүздей қалмақ атты жасағы қатысты. Ши мылтықпен жасанған мергендер тобы болды. Екі күнге созылған тоқтаусыз атыстан ешкім де күш алып кете алмады. 

Бекіністе әскер мен қарапайым бұқараны қосқанда 10 000-ның үстінде адам бар еді. Ярхашан қоластындағы сарбаздарға қаланы айнала қоршауды бұйырды. Ол бекіністегілердің төзімін таусып көрмекші болды. Сондай-ақ қолбасшы тағы бір қулыққа барды. 

18 мамыр күні кушар әскерін шырғалап, қаладан шығару үшін құмылдық Юсуп қожа басқарған үш жүздей ұйғыр әскерлерге киімдерін ауыстыртып, Жаһан қожа жіберген қосымша күш ретінде Ақсу бағытындағы күре жолдан келуді бұйырды. Сөйтіп олар қалаға таяй бергенде алдынан шүршіт әскерлерін қарсы шығарды. Өзді-өзі соғысқан көрініс жасап, қала ішіне бекінгендерді алдап шығару көздеді. Алда-жалда қаладан лап қойып жасақ шығатын болса, жасырынып жатқан әскерлер тұс-тұстан шабуылдауға дайын тұрды. Бірақ бұл бақай қулыққа кушарлықтар алданбады. Ярхашан текке арамтер болды. 

Маусым айының басында Әбдікәрімнің інісі Әбдіхалық қосын бастап көмекке келді. Кушардың шығысындағы Томлықта Шұндана, Әйлұңы, Дактаналар жолын кесіп, кері қайтарды. Жаһан қожа мыңдық мергендер жасағымен Ұштұрпаннан суыт келе жетті. Ол кері шегінген Әбдіхалықпен ұшырасып, бірігіп жоспар құрады. 15 маусымда түнімен жүріп, таң ата Кушарға кірмекші болады. Ярхашан көмек қосындарының таяғанынан хабар тауып, қарауылды күшейтіп, жол торыды. 16 маусымда Әйлұңы Кушардың күнгей бетінде бір көмек қосынымен шайқасты. Шұндана, Дактана бекіністің батысында Жаһан бастаған жасақты шегіндірді. Жаһан қожа жараланып, қорғаушылардың көмегімен қалаға кіреді. 

Мадышың арық қазып, қалаға су жіберуді ұсынды. Ярхашан бұл әдісті құптап, қоластындағы сарбаздарға күні-түні тынбай арық қаздырды. Түнде лаулаған оттың жарығынан чиң әскерінің «ұрлығын» біліп қойған кушарлықтар тұтқиылдан арыққа су жіберіп, чиң әскерін өзін суға тұншықтырды. Ярхашанның амалы тағы да іске аспай қалды. Екі жақ тағы да итжығыс түсті. 

 (жалғасы бар)