Көк түріктер дәуірінен қалған ғажайып мұралардың ең әйгілісі – Күлтегін мен Білге қағанның бітіктастары - Қарин
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин төл тарихымызға тікелей қатысы бар көне жәдігерлер қазіргі Қазақстан жерімен ғана шектелмейтінін, арғы бабаларымыздың қаншалықты кең аумақты ен жайлап, еркін билеп төстегенін көрсететін балбал тастарды алып құрлықтың барлық қиырынан көруге болатындығын тілге тиек етті, деп хабарлайды e-history.kz порталы. Ол бұл туралы Egemen Qazaqstan басылымында «Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің алтын бесігі» атты жарияланған мақаласында жазған.
«Кезінде тарихпен айналысып жүргенде осы балбалдарды өзім де зерттегенмін. Бастапқыда Орхоннан Дунайға дейінгі кең-байтақ алқаптағы көне ескерткіштерді зерттеуге ұмтылып, кейін уақыттың тарлығына байланысты Орхоннан Каспийге дейінгі аралықпен шектелуіме тура келді. Жинаған материалдарым «Ұлы даланың тас сақшылары» деген атаумен жарыққа шықты. Расымен, басынан аяғына дейін сан мың шақырымдық ұлан-ғайыр далада шашырай орналасқан балбалдар бір кезде бабаларымыз иелік еткен аумақтың шекара шебі іспетті көрінеді. Асқан шеберлікпен қашалған тас мүсіндер кейінгі ұрпаққа аманат еткен жерін қорғап, күзетіп тұрған батырлар сияқты әсер қалдырады. Сондай-ақ бүлінбей сақталған балбалдардың мұрты, қылыштары, құмыралары – бәрі бір-бірінен аумайды. Осының өзі қазір бірнеше мемлекетке қарайтын, кең-байтақ даланы мекен еткен халықтардың мәдениеті, дәстүрі мен наным-сенімі бірдей екенін, яғни біртұтас өркениетке тиесілі екенін көрсетеді» деп жазды Ерлан Қарин.
Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші мақаласынжа түркілердің ғажайып мұрасы - Күлтегін мен Білге қаған бітіктастары туралы жазып өтті. Бұл тарихи ескерткіштер адамзат тарихындағы теңдессіз жәдігерлер деп баға берді.
«Балбалдан бөлек, Көк түріктер дәуірінен қалған ғажайып мұралардың ең әйгілісі – Күлтегін мен Білге қағанның бітіктастары. Бұл ескерткіштер арғы бабаларымыздан барша адамзатқа мирас болып қалған теңдессіз жәдігерлер екені сөзсіз. Олардың қатарын жуырда тағы бір тамаша ескерткіш толықтырды, Құтлық қағанның бітіктасы табылды» - деді ол.
Ерлан Қариннің «Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің алтын бесігі» атты мақаласын мына жерден оқи аласыздар.